АЛАШ СӨЗІ
Бізге не қалды?
Тұрар Рысқұлов (1894-1938)
«Өкімет өкілдері өздерінің орыстарын қорғауды, оларды жақсылап тамақтандыруды, жақсылап киіндіруді, өз үйлерін бөтен біреудің жібек матасымен және басқа да қымбат бұйымдармен безендіруді ғана білді. Ал біздерге, мұсылмандарға не істеді? Тамақтандырды ма? Жоқ! Киіндірді ме? Жоқ! Егер киіндірсе, кедейлер жалаңаяқ жүрер ме еді?! Біздің үйімізде не қалды? Жыртық көрпе ғана қалды. Басқа түк те қалған жоқ!»
(Тұрар Рысқұловтың «Төңкеріс және Түркістанның жергілікті халқы» кітабынан)
Алаштың біртуар азаматы, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов Түркістан Республикасының шынайы саяси-мемлекеттік егемендігі жолындағы саяси күрескері болды. Қазан төңкерісінен кейін Әулиеатада уездік Совдепті басқарды. Бұл істе ерекше көзге түсіп, көп кешікпей ол Түркістан Советтік Социалистік Автономиялық Республикасының өкімет құрамына енді. Мұнда ол РКП (б) Мұсылман бюросын басқарды, ТурЦИК председателінің орынбасары, одан кейін председателі болды.
1920 жылы мамыр айында Лениннің қабылдауында болғаннан кейін Мәскеуде қалып, ұлттар мәселесі жөніндегі Халық комиссары, Сталиннің орынбасары болып тағайындалды.
Рысқұлов 1922 жылдың күзінде Түркістан Республикасына Совнарком председателі болып қайта оралды.
1926 жылдан бастап РСФСР Халықкомкеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалып, осы қызметті 1937 жылдың мамыр айына дейін, яғни жала жабылып, жазықсыз жапа шеккенге дейін атқарды.