Алаш телевизиясының ардақтысы – 60 жаста

Алаш телевизиясының ардақтысы – 60 жаста

Қазақ телевизиясының қайраткері, ұлт журналис­ти­касының ұлықпаны Нұртілеу Иманғалиұлы бүгінде асқаралы 60 жас­қа толып отыр. Әрбір жаса­ған хабары арқылы патша көңіл көрерменді өзіне еріксіз баурап алатын қасие­тімен ерекшеленетін Нұртілеу Иманғалиұлын танымайтын адам кемде-кем. Қызметін қатардағы қарапайым журналист болып бастап, бүгінде тұлға деңгейіне көтерілген оның жүріп өткен шығарма­шылық жолы да өзгешелеу. Иә, қоғамға танымал азамат­тың атақ-абыройы да жоқ емес: Өнер акаде­мия­сының құрметті профессоры, Алматы облысы Ақсу ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Бауыржан Момышұлы атындағы медальдың иегері, Қазақстан Журналис­тер одағы мен «Алтын Жұл­дыз» сыйлығының лау­реаты. Тіпті Үкімет Кеңсесінде, Президент Әкімшілігінде жауапты қызмет атқарды. Осыншама марапаттың иесі болса да, табиғатынан таймайтын тұлғаны қазақ қоғамы көзәйнектің үстінен қадала қарап, қарымды пікірін қадап айтатын қарапайым азамат деп біледі, жақсы көреді.

Телеарнадан жүзі жарқ ете қалса, өзін ас­пан­дағы жұлдыз сезінетін буынмен бірге өскеннен бе, ол кісінің мұндай жа­ғым­сыз қасиеттен жұрдай екенін көріп таңғалғаным бар. Бірде Нұртілеу ағамен сұхбат­тасу үшін шаңырағына барудың сәті түс­ті. Ауласында күлімдеп қарсы алған ағамыз кәнігі бағбандар құсап қолындағы шөп қиятын құрылғысымен ауласын ретке келтіріп жүр екен. Көпқабатты үйдің ауласына ерекше көңіл бөліп жүргеніне таңданғаны­мызда, өзінің сүйікті көп кәсібінің бірі еке­нін айтқан еді. Нұртілеу Иман­ғалиұ­лы­ның «Қазақстан» телерадиокорпора­ция­сының басшылығы­на келуі де, кетуі де үлкен әңгіме болды. Алып-қашпа әңгімелер де айтылмай қал­мады. Білетіндер ол кісіні бірбеткей, ермінезді нағыз азамат дейді. Екеуара сұх­батта «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген бар ғой. Сіздің қызметтен кетуіңіз сол қақпақты өзіңіз де ашпай, өзгеге де аштырмай қоюыңыздан емес пе?» деген сұра­ғыма байыппен ғана: «Қыз­меттен кеткеніме өз басым диагноз қойып айта алмаймын. Себебі сен айтқан­дай болуы да кәдік. Қазіргі қоғамға ақ қар­ға­ның керегі жоқ. Мен сол ақ қарға болуым мүмкін. Дәл сол себептен кеттім десем, дәлелсіз айтылған пікір болып шығады. Мөл­шері солай болуы ықтимал деген ішкі ой­ла­р­ымның бар екені рас. «Бермесең – жүр­мей­сің, алмасаң – отыр­май­сың» деген прин­циптің бар екені рас. Бірақ менің аузым­ның «қан» болма­ғанын көп­шілік бі­ле­ді», – деп кесіп айтты. Шын мә­нін­де, көзі қа­рақ­ты кө­рер­мен ұлтының бай-қуатты болуына тілекші болып жүретін ұлы­ның кір­шіксіз екенін біледі.
«Көкпар», «Алтыбақан» бағдарламалары­мен таныл­ған азаматтың «Қолтаңбасы» да қол­дау тапты. Күйіп тұрған проблеманы күнде­лікті «Бетпе-бетте» талқылайтын. Ұлт­қа қа­жет­ті «Діңгекті» шығарды, қоғам­дағы қарын аштырар келеңсіздік­терді «Көр­ші­лер­де» ашуға тырысып, мәселенің иін қан­ды­ра­ды. Алпысты алқымдаса да осын­дай шығар­машылық әлеуеті еріксіз сүй­сін­діреді.
Саналы ғұмырының 35 жылын телеви­зия­ға арнап, өзіндік мектеп қалыптастырған дарынды әріптес-ағамыздың азаматтық бет-бейнесі туралы қоян-қолтық араласқан аға-інілерінің, доста­ры­ның пікірін білген едік.
Тұрсынбек Кәкішев, филология ғылымының докторы, профессор:
«Қазақ журналистикасындағы жастар Нұртілеуді үлгі етсе деймін»
– Бұрындары теледидарға соншалықты үңілмейтін едім. Кейінгі бір ай көлемінде ауырып, үйде жатып қалдым. Қазіргі жолдасым осы көк жәшік қана болып тұр. Байқағаным, телевизия саласындағылар бірсарынға түсіп алған сияқты. Бірін-бірі қайталаудан жалықпайды. Қандай қатал билік болса да, цензура болса да кәсіби білік­тілігі жоғары журналист ебін тауып, діттеген мақсатына қол жеткізе алады деп есептеймін. Міне, осындай өзінің ісіне адал, білікті журналист деп мен Нұртілеуді айтар едім.
Нұртілеу Иманғалиұлы екеуміз бір-бірімізді ол қазақ телевизиясына келген жылдардан бастап жақсы танимыз. Досқа адал, үлкенді шын құрметтей білетін жігіт ретінде білемін. Нұртілеу інімді эфирге шыға сала өзін жұлдыз, данышпан санайтын жастарға үлгі боларлық тұлға деп есептеймін. Көрермен алдында әдемі болуға тырысып, не айтып қойғандарын өздері түсін­бейтін­дерді көріп жүрміз ғой. Ол – жасан­дылықтан ада азамат. Нақты дәлел айтар болсам, оның сонау кеңестік кезеңде жаса­ған хабарлары мен Тәуел­сіздік жылдарында эфирге шығарған бағдарлама­ларында өзге­ше­лік жоқ. Қоғамдағы күйіп тұрған проб­лемаларды ретімен көтеретін хабар­лар жасай біледі. Табиғатынан ауыт­қы­майды. Мүмкін сондықтан да шығар, оның әр­бір бағдарламасы шы­найылыққа тұнып тұрады. Теледидарда қалай бірбеткей, тікмінезді болып көрінсе, өмірде де сондай жан. Нағыз ер-азаматқа тән осындай қа­сиет­тер өзіне жарасып-ақ тұрады. Зиялы адам қай жерде де біркелкі мінезімен ерекшеленеді ғой. Талай рет дастарқандас та болдық. Ол – өзінің ісіне, досына, отбасына адал азамат. Тәуел­сіздіктің алғашқы жыл­дарында болған дағда­рыс бүкіл жүйе­ге өз әсерін тигізді ғой. Телеарналар да жұ­мысшыларына жа­ла­қы төлей алмаған ке­зеңдер бол­ған. Міне, осындай шақта өзінің кәсі­біне адалдығын айқын аңғартты. Ол қай салада болсын өзін көрсете алатынына сенімді­мін. Бірақ ол өзінің ақ адал көңілі қалаған журналистиканы таңда­ды. Қазақ телеви­зия­сы­ның отымен кіріп, күлі­мен шыққан азамат­тың бірі Нұртілеу Иман­ғалиұлы десем артық айтқаным емес. Ол қарапайым жур­налистен бастап, өзінің табан еті, маңдай терімен басшы­лыққа де­йін жетті. Билікке де қол жеткізді. Бірақ оның табиғаты осы телевизиямен бай­ла­ныс­ты. Сондықтан да шы­ғар, көрер­менін сағы­нып, көк жәшік арқы­лы хал­қымен қай­та қауышты. Журналисти­каның сұхбат, пі­кір­талас жанрын жандырып жіберетінін мен ғана емес, миллиондаған кө­рер­мен де мо­йындайтын шығар. Осының бәрі оның өз маман­дығының қас шебері еке­нін біл­дірсе керек.
Саналы ғұмырының жартысынан көбін қазақ телевизиясына арнаған талантты інім бүгінде 60 жасқа толып отыр. Ме­ніңше, оның ұлт журналистикасына әлі де берері мол. Өйткені ол – қазыналы адам. Жастар өзіне осы Нұртілеу сияқты азаматтарды үлгі етсе деймін.
Жүрсін Ерман, ақын, Халықаралық «Алаш», М.Мақатаев атындағы сыйлықтардың иегері:
«Сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеу Нұртілеуге айтылғандай...»
– Абылай ханға «Мен сені алғаш көр­генде Түркістанда жүр едің, Үйсін Төле би­дің түйесін баққан құл едің» деп Бұқар жырауша айтқанда... 1982 жылы Жоғарғы партия мектебін бітіріп, қазақ телевизиясы­ның жастар редакциясына бас редактор болып бардым. Нұртілеу сол редакция­да редактор болып жүр екен. Рафаэль Жұма­баев, Құсман Игісінов, Надежда Белканова, Фатима Бегембаева деген аға-апалары оны барып кел, шауып келге жұмсап жүреді екен. Өйткені өзі елгезек, жұмысына пысық бала болғандықтан да шығар, мүйізі қара­ғайдай ұстаздары жауапты жұмыс­тарға жұм­сайтын. Мен бастық болып бар­ғаннан кейін біраз бауырыма тарттым. Менің мінезіме келмейтін кейбір жұмыстарды ат­қар­ғанда толықтырып қасымда бірге жүр­ді. Өйткені мен тұйықтау болсам, оның адам­дармен тез тіл табысып, кез келген шар­уаға білек сыбанып кірісіп кететін қа­сиеті бар. Осылай бір-бірімізге ерекше жа­қын болып кеттік. Содан бері 30 жыл уақыт өтіпті. Ке­йін мен әдебиет редакциясына бас ре­дак­тор­лыққа ауысқанымда жастар редак­ция­сының бас­шылығына ұсынып кеттім. Көптеген хабарды бірге жасадық. «Көк­пар», «Алтыбақан», «Жү­рек­тен қоз­ға­йық» деген хабарлар­дың түпкі идея жа­ғын­да мен тұрғаным­мен, оның орындау­шысы, ха­барды көркем­деп шығарып көрер­менге ұсы­нушы Нұр­тілеу болды. Менің табиғатым сал­мақты хабар­ларға жақын болса, ол, қазіргі тілмен айт­қан­да, «мода­ға» ай­налған ток-шоуларға, мінез көрсе­тетін бағдарла­маларға жақын болды. Жаса­ған хабарларына қарап, Нұртілеу­дің қандай азамат екенін аңғаруға болады. Мұны миллион­да­ған көрермен де жақ­сы біледі. Жалпы, теле­жүргізу­шілер қан­ша сыпайы, әдемі болуға тырысса да, қалың көпшіліктен, кө­рер­мен­нен ештеңе жасыра алмайды. Нұр­тілеу – өзін осындай өткір хабарларымен көр­сете білген азамат. Таныс­ты­ғымыздың ал­ғаш­қы жыл­дарында мен оған бастық болсам, ке­йін­нен ол маған басшы болған ке­зеңдер­ді бірге өт­кердік. «Қа­зақстан» телерадиокорпорациясына бас­шы­лыққа келгенінде мені көмекке шақы­рып, ор­ынбасары етті, кейін корпо­ра­цияға қарас­ты Қазақ радиосының директоры болдым. Бұл – біз­дің кәсібімізге қа­тысты достығы­мыз­дан туған ойлар.
Біз жай әріптес қана емес, сонымен қатар дос, бауыр болып кеткенбіз. Отбасымызбен, бала-шағамызбен араласамыз. Оның үш қызы да біз­дің үйімізде өсті десем болады. Отбасылық тойларда, кішігірім қуаныштарда бірге жүреміз. Менің шаңы­рағымда той болса, білек сыбана кірі­сіп, асаба да болып кетеді. Қазақта жігіттерге қатысты «сегіз қырлы, бір сырлы» деген әдемі теңеу бар ғой... Осы теңеу дәл осы Нұртілеуге айтылғандай. Себебі ол табиғи қағілездігінің ар­қа­сында журналис­ти­ка­дағы биіктерді бағын­дыр­ды. Спортқа да икемді. Бокспен тұрақты түрде айналыс­қан. Міне, жасы алпысты алқым­даса да әлі күнге дейін волейбол ойнайды. Бильярд ойынының қас шебері. Нұртілеудің әкесі Иман­ғали – Жетісуға аты мәлім ақын бол­ған кісі. Тек­ті­лігі шығар, Нұртілеудің де өлең шығаратыны бар. Екеуміз өлеңмен хат жазысып тұрамыз. Домбыра шертіп, ән салға­нының өзі – бір төбе. Жур­на­лис­тиканың өзі сан салалы ғой... Нұртілеу – соның телевизия саласына жаратылған жігіт. 35 жылдық еңбегін халық бағалайды деп ойлаймын. Іні дегенге келе қоймас, арамыз бір-ақ жас қой. Досым, әріптесім Нұртілеу Иманғалиұлы туралы осындай пікірдемін.

Марат Тоқашбаев, «Президент және халық» газетінің бас редакторы, публицист:
«Нұртілеу – азаматтық тұлғасымен өмірдің қат-қабат қиыншылықтарын жеңе білген азамат»
– Нұртілеуді оқуды бітіріп, алғаш теле­визияға келген сәтінен бастап білемін. Ол сол кезде қазақ көрерменіне аса танымал болған «Көкпар» сияқ­ты бағдарлама­лар­ды жасады. Кейінгі буын оны тележүргізуші ретінде ғана таниды. Нұртілеу жас кезінде репортаж жасаудағы ерекшелігімен де көз­ге түскен болатын. Болған оқиғаны дер кезінде талдап, көрерменге ұсынудан алдына жан сал­майтын. Қоғамға керекті пі­кір айта алатын адамды тауып сөйлеттіру­дің өзі үлкен ізденісті қажет етеді ғой. Нұр­тілеу – осының бәрін жасап, телеви­зия­ның барлық саласында өзін-өзі көрсеткен азамат.
Нұртілеу 90-жылдардың соңы мен 2000-жыл­дардың басында қиын бір ке­зең­дерді өткерді. Жұ­мыссыз қалған кездерінде жолдасы Саламат қайтыс болды. Сондай бір өмірдің қат-қабат қи­ын­шылық­тарында мойымай, азаматтық тұлға­сымен, ерекше қабілетімен бәрін жеңіп шықты. Көпшілдігінің белгісі шығар, спортпен де тұрақты түрде айналысады. Командалық спорт түрлерінен волейбол, бекзадалық ойын түрі бильярдпен әуес­тенеді. Осындай қасиеттерін көпшілік жақсы біл­генімен, Нұртілеудің ақындық қасиеті бар еке­нін екінің бірі біле бермейді. Өте айшықты, об­раз­ды өлеңдері көп. Егер де тележурналистиканы емес, поэзияның соқпақтарына түскенде, қазақ­тың маңдайалды, ақиық ақындарының қата­ры­нан табылатын еді деп сеніммен айта аламын. Бірақ оның бо­йында телевизияға тартатын таби­ға­ты атой­лап тұрады. Өлеңді өзімен-өзі сырлас­қан­да, жаны жабырқағанда жазады. Кере­мет ақын­дық қабілеті бола тұра, ол өлең­дерін көпші­лікке көрсе­те бермейді.
Ерекше қабілетінің арқасында Үкіметте, Елба­сының баспасөз қызметінде қызметтер атқарды. Осы жұмыстардан кейін телеви­зия­ға қайта орал­ғанында оның шабысы екі еселене түсті. Екінші демі ашылып, үл­кен қызметтерге дейін өсті. Теле­радиокор­по­рациясының басшылығына келгенде оның бойындағы шығармашылық қуатты жақсы білетін мен көп нәрсеге үміттендім. Жаңаша сүр­леу салатынына сендім. Жасыратын несі бар, Нұр­ті­леудің еркін қимыл­да­уына мүм­кіндік берілмеді. Телевизияда бір-екі жылда өзгеріс жасау – мүмкін емес шаруа. Нұрті­леу бұл қызметте азғана уақыт отырды. Қа­заққа керек дүние жасауына уа­қыт тап­шы болды. Жалпы, көпе-көрінеу әң­гімелер жаны таза, арлы азаматтың атына кір келтіреді. Осын­дай келеңсіздіктердің бә­рін парасатымен, интел­лектуалдық қасие­ті­мен жеңіп шыққанының өзі – үлкен ерлік.
Нұртілеудің айтқан сөзінде тұратынды­ғы, салмақты ой-пкірлері оны өзінің ортасынан ерек­шелеп тұрады. 60 жылдық мерейтойы қарсаңын­да оған мықты денсау­лық, үлкен табыстар тілеймін. Оның ішкі әлеуетіне, проблемаларды көре білу өнері­не тәнтімін. Сондықтан оның тележур­налис­ти­кадағы жұлдызды сәттері әлі алда деп есептеймін.

Махат Садық, Қазақ радиосының директоры:
«Ол – ең бақытты журналист»
– Нұртілеу ағамыз – ең бақытты журналист. Өзінің жастайынан армандаған жұмыстарының барлығын атқара білді. Әр адам үшін сүйікті ісімен халықтың қошеме­тіне бөлену – үлкен арман, үлкен жетістік. Бұған екінің бірі қол жеткізе алмайды. Міне, осы жағынан алғанда, ол кісіні арманы орындалған, бақытты әрі жастарға үлгі болуға лайықты деп есептеймін.
Ол кісінің қазақ телевизиясына сіңірген ең­бегі орасан. Телеарнадағы жұмысын қа­тар­дағы журналист болудан бастап, үлкен кор­порация басшылы­ғына дейінгі жолды өзі­нің таза еңбегімен жүріп өткен санаулы абы­ройлы азаматтардың бірі де бірегейі деп білемін. Адам 50 жасқа дейін өзіне ала­ды да, 50-ден асқаннан кейін жемісін бере­ді екен. Нұртілеу аға қазір жас жігіттер мен қыз­дарға өзінің көп жылдар бойы жи­нақ­та­ған тәжірибесін салып білгенін үй­ре­тіп жүр ғой. Ағамыздың берері әлі де көп деп ес­еп­теймін. Сондықтан 60 жасына құтты бол­сын айтып, Нұртілеу ағамызға мықты ден­саулық, шығармашылық табыстар тілеймін.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста