Алаштың КИНОиндустриясы
Актрисалар ана тілін ардақтай алып жүр ме?
Қазақ киносының ұлттық бет-бейнесін режиссердің азаматтық көзқарасы мен, актерлік бітім-болмыс танытады десек, ондағы әйел образдары сол ұлттық бояуды қоюлата түседі. Қазақ киносында да өзіндік қазақы келбетімен көрермен көңілінің төрінен орын алып жүрген әртістер жетерлік. Кинодағы қыздарға деген көрермен махаббатының ерекше үдеген тұсы Меруерт Өтекешованың «Қыз Жібегінен» басталады, бұл эстафетаны Жанна Қуанышованың Салтанаты («Гауһартастағы») асқақтатса, Гүлнар Досматованың –Айкерімі («Бандыны қуған Хамиттегі») ажарландыра түсті. Ибалығына – ұяңдығы, сымбатына сұлулығы сай қазақ арулары осылайша қазақ киносындағы әйел образдарын қарапайым халыққа әдемі жеткізіп жүр. Буын алмасуды уақыт заңдылығы десек, ол заңдылық бұларға да қатысты. Кешегі Өтекешова, Қуанышова, Досматованың биігін бүгін Аянат Есмагамбетова, Аша Матай, Әсел Сағатова секілді сіңлілері жалғастырып жүр.
Меруерт –«Қыз Жібек»
ҚазССР еңбек сіңірген әртісі (1982), КСРО кинематографистер одағының мүшесі (1972), танымал қазақ актрисаларының бірі Меруерт Өтекешова «Қыз Жібек» фильміндегі Жібектің рөліне 10-сыныпта оқып жүрген кезінде түсті. «Қыз Жібек» – тек мәңгілік махабатты емес, сондай-ақ патриоттық сезімді ұлықтап, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын кеңінен қамтыған фильм. Содан болар, басқа картиналармен салыстырғанда өміршең болды. Тіпті халықтың сүйіспеншілігінен әлі де танған жоқ. Оның үстіне, «Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры ойдан шығарылмаған, шынайы өмірде болғандығымен де қызықты. Демек, халықтың аңыз-әпсанадан бұрын, тарихи оқиғаны бағалайтыны байқалады. Сонымен бірге, бұл картинаға Сұлтан Қожықов режиссерлік етіп, Ғабит Мүсірепов сценарийін жазып, Нұрғиса Тілендиев пен Қадыр Мырза Әлі ағаларымыздың атсалысуы киноны классикаға айналдырды.
Салтанат – Жанна
Қазақ кино өнерінің алтын тірегіне айналған «Гауһартас» фильмі 1975 жылы жарыққа шықты. «Гауһартас» киносы танымалдылығы жағынан күллі Кеңес Одағы бойынша «Қыз Жібек» фильмінен кейінгі екінші орында болды. Жазушы драматург Дулат Исабековтің сценарийі бойынша түсірілген фильм бірден көрермендердің жүрегін жаулап алды.
Басты кейіпкер Салтанат келіннің бейнесін сомдаған Жанна Қуанышова нағыз қазақ келінінің бейнесін көрсете білді. Жаны сұлулық пен нәзіктік атаулысына құштар көнбіс мінезділігінің арқасында ол талай көрерменнің жүрегіне жол тартты. Режиссер Шәріп Бейсембаев Салтанат келіннің бейнесін сомдайтын актриса іздеу мақсатында үлкен кинобайқау ұйымдастырады. Іріктеуге бағын сынау мақсатымен 10-сынып оқушысы Жанна Қуанышова келеді. Сол шақта жас актриса Болат Мансұровтың «Махаббат туралы өсиет» фильміне түсіп үлгерген. Кинобайқаудан өткен ол бірден басты рөлге бекітіледі. Өтінішті табан астына қалдырмаған Жанна Қуанышова қазақ келінінің бейнесін тамаша сомдап береді.
Айкерім – Гүлнара
1979 жылы түсірілген сюжеті шым-шытырық та күрделі, оқиғалары ХХ ғасырдың 20-жылдары өтетін фильм сценарийіне С.Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» шығармасы негіз болған. Г.Досматова киноға 12 жасынан бастап түсті. Оның алғашқы рөлі Абдулла Қарсақбаевтың «Бандыны қуған Хамит» фильміндегі жас Айкерімнің рөлі болатын (1979). Сәтті және көрермен көңілінен шыққан осы фильмнен кейін Досматоваға көп ұсыныс түсті. 1982 жылы дикторлыққа шақырылып, актриса телевидениеде көп жұмыс істеді. 1985 жылдан бастап «Қазақфильм» киностудиясында қызмет етеді. 30 жылдық еңбек жолында 20-дан астам сериалдар мен фильмдерге түсті. «Человический фактор» фильміндегі рөлі үшін 1985 жылы бүкілодақтық «Үздік әйел рөлі» деген номинацияны жеңіп алады. Г.Досматова 2000 жылы «Жыл актрисасы» деп танылды.
«Кинода тіл болмайды, өнер ортақ» десек те, жеке адам үшін туған тіл, ортақ Отан, ұлт деген ұлы ұғымдар құнды. Осы үдемен қарайтын болсақ, кейбір беткеұстар әртіс қыздардың айтулы дейтін кемшілігі де осы мемлекеттік тіл мәселесін меңгере алмай жүргенімен өкіндіреді. Фильмдегі жібектей Салтанат – Жанна, жүзінен нұры төгілген Айкерім – Гүлнара, бүгінгі киноның жұлдыздары Аянат пен Әсел ана тілін әспеттеу мәселесінде ұлтына үлгі бола алмай жүр. Ұлттың төлқұжаты іспеттес өнерде, сол ұлттың тілі де жасампаздығымен, жаңашылдығымен, қасиеттілігімен ұлық тұрса дейсің. Ендеше, бұл мәселеде кинодағы қазақ аруларына айтылар сын да орынды, қойылар талап та негізді. Осы аталған актрисаларды халықпен жақындастырған да қазақ киносының классикалық туындыларына айналған жоғарыдағы фильмдер болатын. Яғни ұлтына қызмет етуді басты мақсат тұтқан режиссерлердің актрисаларға артқан ауыр жүгі де осы менталитетке тән мінезді көрсету еді. Қазақ қызына тән табиғилық, ибалылық пен ұяңдық Салтанат арқылы қазақ келінінің үлгілік формасын ұсынса, Айкерім арқылы қазақ қыздарын батылдыққа бағыттаған. Бұл актрисалар ұлтына шынайы өмірдегі ана тіліне шорқақ өнер адамдары есебінде емес, жоғарыда аталған фильмдердегі қарапайым қазақ қызының бейнелері арқылы аяулы. Ендеше, «ұлт үшін қажет осындай құндылықтарды қазақтың ару қыздары сезінсе екен, үлкен өнерге аяқ басқысы келетін көптеген қазақ қыздарына барлық мәдени мәселеде үлгі болса екен» деген тілек бар.
«Алаш айнасы» мен «kinostan.kz» порталының бірлескен жобасы
Біздің прокатқа өзбекстандық фильм шығады
Afisha.uz
Өзбекстанда түсірілген «Бақыт сағымы» («Миражи счастья»/«Бахт сароблари») фильмі тамыз айының 9-ында қазақстандық прокатқа шығады. Жоба авторлары фильмді қазақстандық нарыққа шығарып қана қоймай, ресейлік ірі кабельді арнаға сатып та үлгеріпті.
«Бақыт сағымы» фильмі 100 мың долларлық бюджетке ие. Қазақстан деңгейінде аз көрінетін бұл сома өзбекстандық мамандар үшін айтарлықтай қаражат болса керек. Фильмде «екінші әйел» мәселесі көтеріледі.
Дәулет Әбдіғапаров Иван Поддубный рөлінде
Әбдіғапаровтың жеке мұрағатынан
Танымал қазақстандық актер Дәулет Әбдіғапаров ресейлік режиссер Глеб Орловтың «Поддубный» деген жұмыс атауы бар фильміне түсті. Дәулет туындыда Қара Ахмет паша атты түрік балуанын ойнайды.
Фильмнің түсірілім жұмыстары Қырымда жүрген, ал прокатқа 2013 жылдың көктемінде шығады деп жоспарланып отыр. Никита Михалковтың «ТриТэ» компаниясы қолға алған жобада басты рөлге, яғни Поддубный бейнесін экранға шығаруға актер Михаил Пореченков ие болды. «Бұған дейін Пореченковпен бірге істес болып көрмеп едім. Түсірілім алаңында онымен жұмыс істеген қызықты болды. Поддубныйдың рөлін шығару үшін ол бір жыл бойы салмақ жинап, арнайы мамандардың қарауында дайындалған екен. Михаилдан бір бас биік актер қажет болған соң, мені бірден бекітті», – дейді Әбдіғапаров. Актер түсірілім жұмыстарының сегіз күн бойы жүргенін айтты.
«Джентльмены удачи» фильмі жалғасуда
«Кун-до» тобының жеке қауымдастығы
Игорь Цай басқаратын сахналық төбелестің «Кун-до» қазақстандық мектебі танымал кеңестік «Джентельмены удачи» комедиясының экшн-сахналарын қоюмен айналысып жатыр. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлайды.
«Кун-до делегациясы Санкт-Петербургтен оралды. Ол жақта фильмнің бірнеше экшн-сахналарын қойдық. Жақын арада қайта оралып, жұмысты жалғастыратын боламыз», – деп хабарлады топ актерлері.
«Джентельмены удачи» фильмінің ремейкін режиссер Тимур Бекмамбетовтің компаниясы түсіріп жатыр. Қазір жобаға Сергей Безруков, Гоша Куценко және Антон Богданов секілді актерлердің қатысатыны белгілі болды.
Таймас образы жаныма жақын
«Жаужүрек мың бала» фильмінде Таймас рөлін сомдаған жас актер Аян Өтепбергеннің де өмір мен кинодағы досы Асылхан Төлепов сияқты халықтың ықыласына бөленгені белгілі. Біз Аянды әңгімеге тартып, фильмдегі қиындықтары мен қызықтарын сұраған едік.
Аян Өтепберген, актер:
– Аян, қай жақтың түлегісіз?
– Алматы қаласында дүниеге келгенмін. Жанұямда бес жан: ата-анам, әпкем, мен және қарындасым. Ата-анамның өнерге еш қатысы жоқ. Анамның анда-санда қалам тербетіп, өлең жазатыны бар. «Әу демейтін қазақ жоқ» дегендей, әкем ара-тұра домбыра шертіп, ән салып қояды. Өтепберген әулетінде өнер жолын таңдаған жалғыз адам ғана бар. Ол–мен. Тегіміз бірдей болмаса, белгілі актер Меңтай Өтепбергенмен, белгілі режиссер Серік Өтепбергенмен арамызда еш туыстық қарым-қатынас жоқ.
– Өнер жолына түсуіңізге ата-анаңыз қалай қарады?
– Ата-анам жол сілтеп, маған бағыт-бағдар берді. Олардың айтуынша, адам өмірінде өзі үш рет таңдау жасайды. Бірінші – мамандық, екінші –жар, үшінші достар таңдаған кезде. Сондықтан да олар тарапынан қарсылық болған емес. Себебі менің өнерге деген ерекше ықыласымды көріп, біліп жүрді.
– Қалай ойлайсыз, егер өнер жолын таңдамасаңыз, қазір кім болар едіңіз?
– Өзім техникаға жақынмын. Актер болмасам, бәлкім, электроэнергетика, автомобиль саласын таңдап кетер ме едім.
– Кейіпкеріңіз Таймастың бейнесінен өзіңізге не алдыңыз?
– Таймастың жақсы қасиетінің бірі – ол тез шешім қабылдайды. Ал жағымсыз тұсы – өте қызуқанды адам. Мен де негізі өмірде қызуқандымын. Көркем шығарма болғандықтан, Таймас бойынан көреалмаушылық, бақталастық қасиеттерді көруге болады. Бірақ та Таймас өзіме қатты ұнайды.
– Бәлкім, ол сіздің кинодағы алғашқы рөліңіз болғандықтан болар...
– «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, Таймас өзіме ерекше ыстық. Таймас образы да жаныма жақын. Бұл – менің фильмдегі дебюттік рөлім.
– Ал Таймас бойындағы қызғаныш, бәсекелестік қасиеттер жайлы ойыңыз қалай?
– Пенде болғаннан кейін, әрине, мұндай қасиеттер әркімде болады. Тек ол игі мақсатта болу керек сияқты. Адамзаттың бәсекеге түсіп, бір-біріне зиян келтірмегені жөн.
– Түсірілім кезінде қандай да бір қиындықтарға тап болдыңыз ба?
– Ештеңе оңайлықпен келмейді. Түсірілім жұмыстарының қызығы да, шыжығы да мол болды. Қатты қиналғаным – басымды ауыртып алып, саусағымды шығарып алған кез ғана. Сол тұста ғана физикалық жағынан қиын болды.
– Ал қандай қызықты оқиғалар болды?
– Небір қызықтар өтті ғой. Сартай өлген тұста барлық жігіттер жиналып: «Жігіттер, не істейміз? Төменге түсіп, жоңғарларды торуылдап, Сартайды іздейміз», – дейтін сәт бар. Сол кезді түсірген болатынбыз. Дубль жүріп, менің монологім кетіп жатыр. Бір кезде есіме бір қызықты жайт түсіп кетіп, мен күліп жібердім. Ақан аға: «Жігіттер, жиналыңдар. Ал кеттік!» – деп бастап кетеді. Мен болсам, айтып келе жатып, еріксіз қайта күліп жіберемін. Менің күлгенімді көрген өзгелер де күле береді. Ішегіміз түйілгенше әбден күліп, әйтеуір, сол дубльді түсірдік. Күні кеше ғана Асылхан екеуміз кастингтерді іздеп жүріп қатысып, «Қазақфильм» табалдырығын талай тоздырған едік. Бағымыз жанып, екеуміз де тарихи кинодан көрініп отырмыз. Бастан өткен күндерді, түсірілім барысын ерекше сағынышпен еске аламын. Бүгін, міне, жүздеген адамның еңбегінің арқасында «Жаужүрек мың бала» киносы көгілдір экраннан көрсетіліп, оның DVD нұсқасы жарыққа шықты. Тіпті, «өңім бе, әлде түсім бе» деп, сенер-сенбесіңді білмейсің.
– Өзіңіз фильмді қанша мәрте тамашаладыңыз?
– Өтірік айтпасам, 15 рет көрдім.
– Өз рөліңізге көңіліңіз толды ма?
– Кейде маған фильмдегі Таймас мен емес болып көрінеді. Өзімді экраннан көре алмаймын. «Мен емес» деген сияқты ойлар да жоқ емес.
– Әлеуметтік желілердегі парақшаларды өзіңіз жүргізесіз бе?
– Иә, Facebook, Twitter, Вконтакте желілеріндегі парақшаларымды өзім жүргіземін. Тек, мен «Мой мир» желісінде жоқпын. Ол жақта менің атымнан парақшалар болса, ол – менің атымнан ашылған жалған парақшалар.
– Келген хаттарға жауап қатасыз ба?
– Кейде адамды кемсітіп, шамына тиетін хаттар келеді. «Сіз актерсіз бе?», «Киноға түскенсің бе?» деген сияқты сұрақтарды қоятын жандар өз сауалдарының жауабын біле тұра, сұрап жатады. Ал негізі, көбіне өз ой-пікірлерін, игі тілектерін білдіретін хаттар келеді. Оларға ризашылығымды айтып, жауап беремін.
Ғазиза ҰЗАҚ
Cарбаз өмірінің қызығы жайлы сериал түсірілді
Әскер десек, әдетте әлімжеттік еске түседі. Бірақ әскери өмір келеңсіздіктерден ғана тұрмайды. Ол – әрбір Отан қорғаушының өміріндегі ерлік пен достыққа толы жауапты сынақ, ал жауынгерлік – құрметті мамандық. Қыркүйекте республикалық телеарналардың бірінен көрсетілетін «Десант» сериалы көрермендерге қоғамға қажетті мамандықтың артықшылықтарын насихаттайды.
16 сериядан тұратын картина – «MG Рroduction» кинокомпаниясының өнімі. Жоба идеясының авторы Данияр Күмісбаев болса, фильм режиссері – белгілі сценарист, актер Ержан Рүстембеков. «Телесериал – ауыр да құрметті мамандықты таңдаған өжет адамдар туралы. Кейіпкерлердің әрқайсысы өз мінезі-болмыстарымен ерекшеленеді. Бірақ оларды тұтастыратын нәрсе бар, ол – әскери мамандыққа деген сүйіспеншілік. Фильмдегі адамдар күрделі де шешімі қиын жағдайларға тап болады, бірақ қай кезде де адами қағидаларын сақтауға тырысады», – дейді жоба авторлары. Көпсериялы фильмнің басты рөлдерінде Олжас Жақыпбеков, Ұлан Болатбеков, Мерей Маханов, Жалын Тілеуберген сияқты жас актерлер ойнайды. Бұл фильм сахналық декорациямен түсірілген телехикая емес, ол толықметражды көркем фильм әдісімен жасалды, яғни барлық оқиғасы шынайыланған түсірілімдерден тұрады: әскери жаттығу, атыс, жарылыс, төбелес, тағысын тағы. Түсіру алаңы – Қапшағай қаласындағы ҚР Қарулы күштері Аэроұтқыр әскерлердің 35-гвардиялық десанттық шабуылдаушы бригадасының базасы. Басты рөлдерге таңдалғандар әскери өмірден бейхабар актерлер болғандықтан, олар мұнда алдымен алғашқы дайындықтан өтті. Телесериалдағы Талғат рөлін сомдаған актер, «V-Alem» тобының әншісі Жалын Тілеуберген фильмге қалай келгені жайлы былай әңгімелейді:
– Досыммен бірге кастингке қатысқанмын. Ол бейнесынаққа қатысса, мен фотосынаққа қатыстым. Екі-үш күннен кейін маған «MG Рroduction»-нан адамдар хабарласып, бейнесынаққа қатысуымды сұрады. Сөйтіп, рөлге қабылдандым. Түсіру алаңында нағыз әскерде жүргендей болдық. Алдымен дайындықтан өттік, бізді үйдің бесінші қабатындай болатын биіктіктен лақтырып жіберді. Бұл біз үшін жауапты да қызықты сабақ болды. Кейін әскери полигонда оқ аттық, 25 метрлік биіктіктен секірдік.
Мұнда шегінуге жол жоқ еді. Түсіру тобы ұйқыдан сағат 05.00-де тұрып, керек жағдайдың бәрін даярлап қояды. Қару-жарақ пен бүкіл камера дайын тұрған кезде біз берілген тапсырманы қалай да орындауымыз ғана керек болды. Әуелгіде біртіндеп мылтық атуға шақырған кезде дыбысынан қорыққаным рас. Атылған сайын селк етіп отырдым. Бірақ қаруды өз қолыма алғаннан кейін батылдық пайда болды, үйренісіп кеттім. Ержан Рүстембеков – өз ісінің маманы. Әрқайсымызбен санасып, түсіністікпен жұмыс істедік.
Болатбек МҰХТАРОВ
Бетті дайындаған Шолпан ҚАРАЕВА, sholpp@mail.ru