Алаштың КИНОиндустриясы

Алаштың КИНОиндустриясы

Қазақстандық телехикаяны түріктер түсіруде
«Қазақстан» телерадио­корпорациясы 3 ТА PICTURES компаниясымен бірлесе отырып, өзінің жаңа маусымында көрерменге «Әке борышы» атты отбасылық жаңа телехикаяны ұсынатын болады.
16 сериялы телехикаяны түсіру жұ­мыс­­тары жақында басталып та кетті. Бұл жоба­ның басты ерекшелігі – оның негізгі шы­ғар­­машылық тобына түркиялық ма­ман­дардың тартылып отырғандығы. Яғни операторлар, компьютерлік графика ма­мандары, дыбыс режиссерлері Түркиядан шақырылған, мысалы, туындының сце­нарий авторы Нүреддин Өзел болса, режиссері – Дэвкан Финдык.
Қазақ көрерменіне жақсы таныс  «Фат­магүл», «Дениз», «Эзель» сияқты басқа да жобаларды жүзеге асырып, кеңінен таныл­ған білікті киногерлер бүгінде қызу жұмыс үстінде. Сонымен қатар телехикаяға     М.Әуе­зов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының және Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртістері де таңдап алынды. Фильмнің сюжеті Сағат Жылкелдиевтің кейіптеуіндегі басты қаһарман Досым­бектің отбасы төңірегінде өрбиді. «Әке борышы» жобасына сондай-ақ Құман Тастанбеков, Тұрсын Құралиев, Гүлжамал Қазақбаева, Гүлшат Тұтова, Мақсат Сәби­тов, Әсет Иманғалиев, Гүлшарат Жұбаева, Дархан Сүлейменов сынды басқа да актерлер қатысқан. 
Сериал қазақ тілінде түсіріледі және алдағы күзде экранға шығады деп күтілуде. Премьерадан кейін түсіруші топ фильмді субтитрлермен және дубляжбен шығаруға уәде етуде. 45 минуттан 16 бөлімге негіз­делген телехикая отбасы құндылықтары жайын баяндамақ. Бір жанұяда орын ал­ған жайттар төңірегінде өрбитін теле­хикая мазмұны ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынасқа негізделген. Мұнда қарапайым мысалда­ры­мен – жақсылық пен жамандық, әділдік пен арамдық, шындық пен өтірік, сүйіспеншілік сезімі мен қатыгездік сынды өмірдің шынайы көріністері арқылы әкенің балаларына деген махаббаты, ең бастысы, балалары алдындағы әке борышы және оны өтеудің оңайға соқпайтындығы көрініс табады. Жаңа жобаға саундтрек ретінде Мұхтар Шахановтың «Әке туралы жыр» өлеңіне жазылған Нұрғиса Тілен­диевтің әні алынды.
Жаңа телесериалдың басты костюмері – «Сымбат» сән үйінің арт-директоры, белгілі дизайнер Балнұр Асанова. Дизай­нердің айтуынша, сериал кейіпкерлері киетін костюмдер ұлттық калоритті паш етуі тиіс. «Бұл жоба телекөрермендердің көңілін аулау үшін ғана емес, бүгінгі қа­зақстан­дықтардың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін көрсету мақсатында да шығарылып отыр. Сол себепті де барлық кейіпкердің үстінде «Сымбат» сән үйінің киім­дері болады. Ол – әр кездерде сын­шылардан өзінің ерекше бағасын алған коллекциялық киім-кешектер», – дейді Балнұр Асанова.
Фильмдегі оқиғалар әр кезеңдерді, соның ішінде өткен ғасырдың 70-жыл­дарын да қамтиды. «Қазақстан» РТРК басқарма төрайымы Нұржан Мұхамед­жанованың сөзіне жүгінсек, халқымыз үшін қастерлі саналатын отбасы тәрбиесі мәселесіне, оның ішінде, әке мен бала қарым-қатынасына арналған жаңа сериал алдағы қараша айында көрсетіледі.

Шығармашылық топ пікірі


Алмагүл ТІЛЕУХАНОВА, 3 ТА PICTURES компаниясының бас продюсері:
– Жобаның техникалық жағын жүзеге асыруға түркиялық мамандар қатысады. Олардың сериал түсірудегі тәжірибесі бізге көмек болары сөзсіз. Түрік елі мамандарының тәжірибесі арқылы өз халқымыздың ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрін, бүгінгі тұрмыс-тіршілігін көрсетуді мақсат еттік. Телехикаяның сюжеті өте әсерлі, қызықты эпизодтармен қатар, күрделі тұстары да жоқ емес.


Мақсат СӘБИТОВ, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері:
– Бақытыма орай, бұл телехикаяда Серік есімді жағымды рөлді ойнаймын. Сценарий бойынша анама жақынырақпын, ал әкем – аздап қатыгездеу адам. Мені де, сүйген қызымды да жақтырмайды. Үйленіп, бір баламыз болады. Сүйіктімнің рөлінде – Гүлшарат Жұбаева, анамның рөлінде Гүлшат Тұтова ойнайды.


Гүлшат ТҰТОВА, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы:
– Мен бұл телехикаяда Жазира есімді әйелдің рөлінде ойнаймын. Жазира өмірден шындықты, әділдікті іздейді. Ол байлыққа, дәулетке қызықпайды. «Әйелдің қырық жаны бар» дейтін болсақ, сол қасиеттердің бәрі бұл әйелдің бойынан табылады. Сценарий шытырман оқиғаларға толы. Онда қарбалас уақыт, байлыққа талас, қақтығыс пен өлім – бәрі көрініс тапқан. Мұндай сюжеттер көрерменді жалықтыра қоймасы анық. 


Дархан СҮЛЕЙМЕНОВ, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері:
– Лейла деген сұлудың ғашығы Шүкір есімді жігіттің рөлі маған бұйырды. Бұл да – телехикаядағы жағымды кейіпкерлердің бірі.


Гүлшарат ЖҰБАЕВА, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы:
– Шынымды айтсам, өз табиғатыма жақындау осындай рөлді күтіп жүр едім. Кастинг арқылы өттім. Енді бар күш-жігерімді салып, кейіпкерімді өз биігінде көрсетуге тырысатын боламын. Түрік кино шеберлерінің жұмыс істеу бағыты, кино түсіру техникасы, әрине, біздікінен бөлектеу. Бұл тәжірибе алмасып, шеберлікті шыңдай түсуге мол мүмкіндік болмақ.


Ең көп сұранысқа ие киножұлдыздар

Әлия Телебарысова  2012 жылы түсірілген «Жаужүрек мың бала» және «Жас Ұлан» фильмдерінде басты рөлді сомдаған,  Қазақстан мен Ресей кинома­мандары бірігіп түсірген «Балкон» филь­мінде де бас кейіпкердің рөліне түскен. Сондай-ақ «Сыныптастар» атты жаңа телесериал мен 2011 жылы түсірілген «Ағайынды-2» сериалына түсті.


Қарлығаш Мұхамеджанова 2011 жылы Егор Кончаловскийдің  «А»-ға қайтып оралу» фильмінде және «Ликвидатор», «Семь майских дней» фильмінде басты рөлдерді сомдады. 2012 жылы «Жан-жүрегім – Астана» атты киноальманахта, сонымен қатар «Весь мир у наших ног» атты фильмге түсті.


Бибігүл Сүйіншалина  2012 жылы «Жан-жүрегім – Астана» атты киноаль­манахта, «Виртуалды махаббат» атты фильмде басты рөлді сомдаған. Сон­дай-ақ Ресейде түсірілген «Пираньи» және «Земский доктор» атты телесериал­дарға түскен.


Гүлнар Досматова екі жылда бес бірдей ірі фильмге түскенімен, ешбірінде басты рөлді сомдамаған. Мәселен, 2011 жылы «А»-ға қайтып оралу» фильмінде және «Ликвидатор» фильмдерінде, 2012 жылы «Жан-жүрегім – Астана» атты киноальманахта және «Ағайынды-2» телесериал­дарын­да ойнайды. Сондай-ақ «Книга Легенд. Таинственный лес» атты фильмде  де ойнаған.


Әсел Сағатова «Подружки» атты телесериалда басты рөлге түсіп, «Студент» и «Охота за призраком» атты фильмдерде шеберлігін көрсетті.


Берік Айтжанов  2011жылы «А»-ға қай­тып оралу» және «Ликвидатор» филь­м­дерінде, сондай-ақ «Ағайын­ды-2» телесериалына түсті. 2012 «Жау­жү­рек мың балада»  Әбілхайыр ханның рөлін сомдайды. Қазір «Балкон» және «Книга» атты фильмдер­ге түсіп жатыр.


Тө­леп­берген Байсақалов  «Супер Баха» филь­мі­нен кейін 2011 жылы ол  «Снай­пер-2. Тунгус» және «Солнечные дни» фильм­дерінде көрермен наза­ры­на ілікті. 2012 жылы «Алматыда пәк­тік­тен айырылу» атты фильмде басты рөл­ге түсті.


Санжар Мәдиев жас актер екі жыл ішінде жеті мәрте режис­сер­лердің таңдауына іліккен.


Азамат Әші­мов сұраныс жағы­нан Сан­жар Мә­диев­­пен тең болғаны­мен, басты рөл­дер­ді сомдау жағынан қалыс қалады. 


Дәулет Әбдіғапаров  оның да екі жыл ішін­дегі жетістігі – жеті кейіпкер рөлін сомдауы.


Әртіске бақ та, бап та керек

Нұрлан ӘЛІМЖАН, актер, әнші:
Актер, әнші Нұрлан Әлімжанның кинодағы баспалдағы «Менің балалық шағымның аспаны» фильмінен басталды.  Ел Президентінің балалық шағын сомдау жас актерге үлкен жауапкершілік пен алғашқы актерлік мектебіндегі үлкен сынақ болғандай. Бірден киноның қайнаған қазанына түсіп, одан үздік көрсеткішпен көрерменге қарай жол тарту – кез келген әртістің маңдайын бұйыра бермейтін бақ. Бұл мақсат үдесінде Нұрлан Әлімжанның айы оңынан туғаны анық. 

Актер еңбегі көрермен бағасынан көрінеді
– Режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспаны» фильмінің жалғасы «Көшбасшының жолы» деген атаумен түсірілуде. Мен Елбасының бозбала шағын сомдаймын. Киноның жұмыстарымен таяуда Еуропадан оралдық. Эстония, Латвия, Белоруссия, Финляндия сынды елдермен танысып қайттық. Енді қарашаға дейін осында – Теміртауда боламыз. Бірнеше серияға жүк болатын бұл фильм бізге үлкен жауапкершілік артып отыр. Алғашқы нұсқасы, меніңше, жылы қабылданған сияқты. Енді оған талғампаз көрерменнің патша көңілі өз бағасын бере жатар деген ойдамын. Бұйыртқаны болады. Мен қандай рөлді алсам да, оған үлкен жауапкершілікпен келуге, үлкен ізденісте бастауға тырысамын. Алғашқы «Менің балалық шағымның аспаны» фильмін Елбасының өзі көріп, жоғары бағасын берді. Ол кісіге қатты ұнаған сияқты.
Мықты актердің ой-өрісі де кең болуға тиіс
– Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында марқұм Жайлау Жаба­ғин, Амангелді Сембин, Айдос Бекте­міров, Жанат Хаджиев сияқты марқасқа ағаларымнан дәріс алдым. 2003 жылы оқуымды бітірмей жатып мені Ғ.Мүсі­репов атындағы жасөспірімдер теат­ры­на «Қыз Жібек пен Төлеген» қо­йы­лы­мына басты рөлге – Төлегенді сомдауға шақырды. Сол театрда мен алты жыл қызмет еттім. Содан соң өз өтінішіммен сол театрдан рұқсат сұрап жұмыстан шықтым. Мені кино мен эстрада көбірек өзіне тартып кетті. Бала кезімде Митхун Чакробортиге, комис­сар Катаниге көп еліктеп, өзімізше солардай болуды армандайтынмын, шыны керек. Сол кездерде болса керек, анамнан «Менен жақсы актер шыға ма?» деп сұрай береді екенмін. Сонда анам «Сенен жақсы актер ақылды бол­саң ғана шығады. Мықты актер болғың келсе, алдымен ой-өрісіңді дамыт» деп жауап қайтара­тын.
Жүйрікті жүгіртіп жаратса, бізді өнер сахнасында пісіріп жаратады
– Қазақ «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дейді. Мен адамға актер болу үшін бақ та, бап та керек дер едім. Кинолар­дың сы­нынан өтіп жатқаным бағымның жанғаны болар. Өйткені менен де әдемі, менен де талантты, менен де бабы келіскен актер­лер бар. Бірақ режиссер­лер мені таңдап алды. Ол – бірінші, Алланың бұйрығы мен бақтың жанғаны. Енді сол жанған бақты ұстап тұру деген бар. Бір киномен тоқтап қалуға да болады. Ал­ғаш­қы киноға бағым жанып іліксем, қалған киноларға бабым келіс­кен соң іліккен шығармын. Жүйрікті жүгіртіп жаратса, бізді өнер сахнасында пісіріп жаратады.  Үнемі кітап оқу, спорт­пен айналысу, өне­ріңді шыңдау, қарайып қалмау – актер ұс­та­нар қағида. Қарапа­йым спортты алайын, егер мен түсіру алаңында жүгіре алмай жатсам, ентігіп атқа міне алмай жатсам, жекпе-жек көр­сете алмай жат­сам, ешкім мені киноға шақырмас еді.


«Еуразия» күнделігінен
Қыркүйектің 17-22-сі аралы­ғы­на жоспарланып отырған «Еу­ра­зия» кинофестивалін режиссер Әмір Қарақұловтың «Виртуалды махаббат» фильмі ашады деп жоспарлануда. «Ерекше көзқа­рас» бағдарламасында қа­зақ­стан­дық режиссер Ахат Ибраев­тың «Аңыз кітап: құпия орман» филь­мі де көрсетілмек.


«Санжар мен Қайсардың» қызықтары
Қазақ киносы жақын арада тағы бір жаңа туындымен толықпақ. «Санжар мен Қайсар» атты 12 бөлімге негізделген комедиялық фильм осы күзде эфирден көрсетіледі деген үміт зор.


Әр бөлімі жаңа бір оқиғаны баяндайтын фильм түрлі аңыздар­дың желісіне қызығушылық таныт­қан ағалы-інілі екі баланың басы­нан кешкен оқиғаларын баян­дай­ды. Басты кейіпкерлер 400 үміткердің арасынан таңдалып алынған. Санжар (Абылай Жұмабай) – ақыл­ды, салмақты, ал Қайсар (Нұрдәулет Есболған) – бұзақы, сотқар бала. Балалардың әпкесі – креативті студент қыздың рөлін Аружан Жазылбекова, бақсы әжесінің рөлін Ғазиза Әбдінәбиева, химик-биолог әкесін Жанат Тінбаев, ал шешесін Баян Қожанбаева ойнайды.
«Қазақстан», «Балапан» телеар­наларына осы идеяны ұсынған жоба авторы – режиссер Ахат Ыбыраев балаларға арналған бұл фильмнің тек бастама екенін атап өтті.


«Кеш келген махаббат» фильмі – DVD нұсқада
Сәбит Құрманбековтің «Кеш келген махаббат» фильмі DVD нұсқада жарық көрді. Нұржұман Ықтымбаев, Болат Қалымбетов, Наталья Орын­баса­рова, Жерар Депардье түскен жеңіл лирикалық ме­лод­раманы енді көрермен «Меломан» сауда желісінің бар­лық дүкенінен таба алады. Қатар­ластардың әдемі әзілі мен қызықты оқиғаларына куә болуға  ниетті көрерменге жаңа мүмкіндік ашылғандай.

Бетті дайындаған Шолпан ҚАРАЕВА, sholpp@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста