Алаштың КИНОиндустриясы

Алаштың КИНОиндустриясы

Голливудтың таңдаулылары табысты нұсқаға айнала алмады
«Қара киімділер–3» фильмінің қазақша нұсқасының сәтсіз табысынан кейін қазақстандық прокатшылар Голливуд блокбастерлерінің мемлекеттік тілде сөйлеген нұсқасына көрермен неге аз жиналды деген сауалға жауап іздей бастады. Олардың ойынша, шетелдік фильмдердің дубляжы енді бір төрт-бес жылдан соң ғана табыс әкелетін болады. «Мәдениет туралы» Заңның елге келген фильмдердің бәрінің қазақ тіліндегі аудармасы болуы керек екенін міндеттейтін бабы бар болса да, отандық кинотеатр иелері тек кіріс кіргізер жағын ғана ойлап, заң міндеттеген бұл жауапкершілікті елер де емес.
Disney  студиясының арнайы дистри­бью­­тер­лерінің қазақстандық прокатқа 2011 жы­лы шығарған алғашқы фильмі «Кө­ліктер–2» мультфильмі болды.  Атал­мыш фильмнің  төрт ай жасалған дубля­жы­на 15 млн теңге жұм­салса да, одан түс­кен табыс осы сала ма­мандарының көңілін көн­шітпеген сияқ­ты. Олардың ұсынған мә­лі­метінше, Қы­зыл­ордада мульт­фильм­нің қазақ тіліндегі нұс­қасын халықтың 54 па­йызы көрсе, Көк­шетауда – 46, Қа­ра­ғандыда – 26, Шым­кентте –21, Ал­маты, Аты­рау, Қос­та­най, Тал­ды­қор­ғанда – 15 па­йыздан сәл ғана жоғары, Ас­тана мен Ақ­төбеде – 11, қалған қа­ла­ларда 1 және 8 па­йыз ара­лығында та­машалапты. Тек Тараз қа­ла­сында ғана бұл фильм көрер­мен­дерінің үлес салмағы 100 па­йызды құ­раған. Нәтижесінде түскен табыс 15 млн тең­геге әзер жеткен. Түскен табыстың жартысын отан­дық кинотеатрлар өзіне қал­дыратынын ескерсек, дубляж про­кат­шыларының үміті ақталмағанын көресіз. 
Одан кейінгі дубляжбен шыққан «Қара киім­ділер–3» фильміне 20 млн теңге жұм­салыпты. Одан бөлек, 9 млн теңге оның жар­намасына кеткен. Оны «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры бөлген. Алғашқы төрт күндік көрсетілімде бұл киноны бар бол­ғаны 1,5 мың адам ғана тамашалаған. Осы­­лайша ол қазақстандық ки­но­театр­ларға 1 274 020 тең­ге ғана түсірсе, оның орыс тіліндегі нұс­қасы  94 695 713 теңге жинаған.
Дис­­три­бьюторлық компанияның бас ди­ректоры Вадим Голенконың айтуынша, 16 млн халықтың орташа есеппен алғанда 70 мыңы ғана кинотеатрларға барады екен. Ор­таша жас салмағы 22-ні құрайды. Ди­рек­тор­дың пікірінше, ешқандай Гол­ли­вуд­тың да, орыстардың да шедевр дүниелері ере­сек адамдарды үй дива­нында отырып, үй теле­дидарын тамашалау «бақытынан айыру» құдіретіне ие емес.
Тағы бір мәселе, дубляж студияларына қа­тысты. Ресейде, мысалы, фильм дубляж­да­­ры өткен ғасырдың  30-жылдарынан бері қолға алынған. Көптеген әртіс 20-30 жыл­дан бері сол салада еңбек етеді. Тіпті ко­ме­дия жанрындағы, анимациялық, көркем фильм­дердің аудармасына тікелей маман­дан­ған әртістер көп. Сондықтан да көрші ел­де дубляж саласындағы бәсе­ке­лес­­тік өте жоғары. 
Біз­дегі дубляж мәселесіндегі алғашқы қа­­дам­дар аса табысты болмаса да, ілге­рі­лей бас­тағанына мамандар қуанышты. «Ең ма­ңыз­дысы – бұл жобаның іске аса бас­та­ғаны. Бұл Қазақстанда да осы жобаның іс­ке аса­тынын көрсетті. Рас, алғашқы нұс­қалар шы­ғын­ды болды. Кәсіби тұрғыдағы сұ­ранысқа ие нұсқа үшін бізге әлі де болса са­палы ау­дар­машылар мен талантты ак­тер­лер, ре­жис­сер­лерді дайындау қажет», – дейді дубляж ма­мандары.
Ал өзіміздің кейбір кино сыншылары: «Қа­зақстанға аударма фильмдердің керегі жоқ. Одан да сол Голливудтың шедеврлерін ау­­дарған ақшаны отандық киноин­дус­трия­ны дамытуға жұмсаған жөн. Қазір өзіміздің отан­дық ұлттық өндірісті дамытып алмай тұ­рып, әркімнің дүниесін үзіп, жұ­лып кө­рер­менді шатастырудың еш қажеті жоқ. Балалар он­сыз да сол «Өрмекші адам», «Батыл жү­рек», «Көліктер-2» се­кіл­ді фильмдердің орыс ті­ліндегі нұсқаларын кө­ріп алады. Ақы­ры үш тұғырлы тіл дейді екенбіз. Ен­де­ше, жастар өзгенің дүниелерін сол білетін тіл­дерінде-ақ көріп алсын. Бізге қазір керегі – тек өзіміздің төл өнім­де­рімізге, қазақ ки­но­ларына көңіл бөлу ғана. Ау­дарма нұс­қа­лар одан кейін ғана қо­сым­ша шаруа есе­бінде жүрсе де бо­лады», – дейді.


«Еуразия» іріктеу қорытындысын жариялады

2012 жылы 17-22 қыркүйек аралығында VIII халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне қатысатын фильмдер іріктелді. Іріктеу тобының хабарлауынша, биыл байқауға қатысуға әлемнің 33 елінен 149 толықметражды фильм түсіпті.
 Халықаралық «Еуразия» кино­фес­тивалі қазылар алқасының төр­аға­сы міндетін «Троя» (Troy), «По­сей­дон» (Poseidon), «Мінсіз дауыл» (The Per­fect Storm) және Оскар сыйлығының ал­ты аталымын ұтып алған «Қайық» (Das Boot) фильмдерін түсірген неміс режиссері, продюсер әрі сценарист, актер Вольфганг Петерсен атқармақ. «Киностан» порталының  мәліметінше, байқау кезінде қазақ ре­жис­серлері түсірген 16 жаңа фильм де көрер­менге ұсынылады. Кинофестиваль шы­мыл­дығы Әмір Қарақұловтың «Виртуалды махаббат» драмасымен ашылады. «Ерекше оқиға» бағдарламасы аясында «Аңыздар кі­табы: жұмбақ орман» атты қазақстандық ал­ғашқы анимациялық фантастикалық ертегі көр­сетіледі. Берлин және Пусан кинофес­ти­валь­дарында жүлде алған фильмдер де кө­рерменге жол тартады.

Фестиваль бағдарламаларына қатысатын кинотуындылардың барлығы 2011 жылдың қыр­күйек айынан кейін түсірілген. Кино­фес­ти­вальдің іріктеу комиссиясының мүшесі, кинотанушы Гүлнәр Әбікееваның айтуынша, кон­курстық шығармалардың үшеуі – Еуро­па­дан, үшеуі – Азиядан, екеуі – ТМД-дан, төр­теуі – Орталық Азиядан. Олар – Даниядан То­мас Винтербергтің «Аңшылық» («Охота», 2012ж.), Франция-Польша-Германиядан Мал­гожата Шумовсканың – «Сырыңды ашып айту» («Откровения», 2011 ж.), Гре­киядан Йоргос Гикаппеппастың «Балалар қа­ласы» («Город детей», 2011 ж.), Оңтүстік Ко­реядан Джун Джейханның «Понсан та­зысы» («Понсанская гончая», 2011 ж.), Үн­діс­таннан Бижудың «Аспан түсі» («Цвет не­ба», 2012 ж.), Түркиядан Учкан Алперннің «Мәң­гіліктің шегі жоқ» («Будущее длится веч­ность», 2011 ж.), Ресейден Алексей Миз­геревтің «Конвой» (2012 ж.), Украинадан Олег Филипенконың «Графоманның тарихы» («История графомана», 2012 ж.), Ресей-Тә­жік­станнан Фарход Абдуллаевтың «Келісім пре­зумпциясы» («Презумпция согласия», 2011 ж.), Өзбекстаннан Аюб Шахобид­ди­нов­тың «Паризод» (2012 ж.) және Қазақ­стан­нан Дәріжан Өмірбаевтың «Студент» (2012 ж.), Данияр Саламаттың «Кішкентай» (2012ж.) фильмдері.

Қазіргі кезде Алматыда өтетін VIII ха­лық­­ара­лық «Еуразия» кинофестивалінің «Қар­­қынды дамып келе жатқан қазақ ки­но­­сы» бағ­дарламасына енген 12 фильм­нің тізімі жа­рияланды. Бағдарламаға Т.Қар­­сақ­баевтың «Ма­хаббат әткеншегі» («Ка­чели любви», 2012 ж.), Е.Сейтімовтің «Қа­жетті заттар фа­культеті» («Факультет нужных ве­щей», 2012 ж.), Г.Мірғалиевтің «Кәусар» (2011 ж.), Е.Рүстембековтің «Ана жүрегі» («Серд­це ма­тери», 2011 ж.), Ж. Же­­ті­руов­тың «Аққыз» (2011 ж.), Э.Гиль­ман­ның  «Сүт, қаймақ, ірім­шік» ( «Молоко, сме­­тана, тво­рог», 2012 ж.), М.На­рым­бе­товтің «Қа­ра шаңырақ» («Бра­тья», 2011 ж.), А.Ай­туа­ровтың «Елім-ай» (2011 ж.), Т.Те­ме­нов­тің «Менің күнәлі пе­ріш­тем» («Мой греш­ный ангел», 2011 ж.), Д.Ма­набайдың «Ло­терея» (2012 ж.), Ә.Сү­леева мен Ә.Рай­баевтың «Жеңіс қылышы» («Меч по­бе­ды», 2012 ж.), А.Алдамжаровтың «Асан» (2012 ж.) фильмі енді.


Ашаршылық жайлы жаңа фильм
Қалила Омаров ашаршылық туралы жаңа деректі фильм түсіріп, Қазақстан тарихындағы зор нәубеттің біріне Батыстың назарын аудартқысы келеді.


Қалила Омаровтың қазақ кино өнеріне қосқан үлесі ретінде ашаршылық туралы және қазақтың саяси қайраткерлері жайлы түсірген «Нәубеті» мен бірнеше деректі фильмін атауға болады. «Көркем фильмді түсіру барысында режиссер ойдан шығарған, қиялынан туған жайттарды көркемдеп жеткізе алады. Ал деректі фильмде шындықты жеткізу жолында түрлі кедергілерге кез боласың, кейіпкерлердің айтқысы келмейтін немесе айта алмайтын тұстары болады. Кез келген қазақ – философ. Жалпы, мен кино түсіргенде ұлы адамдардың бойынан қарапайымдықты іздеймін, қарапайым адамның бойынан ұлылықты іздеймін», – дейді режиссер «Азаттық» радиосына берген сұхбатында. Лондонда тұратын қазақ кәсіпкері Шыңғыс Құлжановтың қазақты қырғынға ұшыратқан өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық нәубетін терең зерттеген картина түсіріп, оны шетелдік көрерменнің назарына ұсыну идеясы мен демеушілік жасауы Қалила Омаровтың ашаршылық тақырыбына қайта оралуына себепкер болыпты. «Өткен тарихты жай ғана «қазағым, қазағым» деген жалаң сөзбен емес, түрлі көзқарастар, түрлі жүйелердің тоғысында, деректілігі өз алдына, жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттеп, жасау керек. Осы ретте Еуропа ғалымдарымен, басқа да зерттеушілермен ақылдасып, пікірлесіп жатырмыз», – дейді режиссер


Әбенов деректі фильм түсірмек

«Аллажар» фильмінің авторы Қалдыбай Әбенов 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасы жайында деректі фильм түсіруді армандап жүргенін айтады. Оның айтуынша, фильмнің сценарийі де дайын.


– Шаңырақ оқиғасы 2006 жылдың 14 шіл­десінде болды. Сол кезден бастап қа­зақтың әлеу­меттік жағдайы т.б. мәселелері туралы фильм түсіру жайында ойлас­тыр­ғанмын. Сценарийі 2006-2007 жылдары Шаңырақтың сотында болған деректі ма­териал бойынша жазылып, қазір қолымда да­й­ын тұр, – дейді Қалдыбай Әбенов.
Режиссердің фильмді бастап кетуіне қа­зірге қаражат жағы мен белгілі бір дәрежедегі тыйымдар кедергі екен. Бірақ режиссер болашақта қазақ көрерменіне өткен тарихтың ақиқаты ретінде жаңа бір деректі туынды ұсынатынына сенімді.


«Үшінші – артықты» көре алмайтын болдық
Ted [Третий лишний] комедиясы Қазақстанда прокаттан алып тасталды, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі. Аталмыш фильмнің тұсаукесерін қазақстандықтар тамыз айында күткен еді. Бірақ тамыз басталысымен барлық отандық киносайттағы жарнамалар жоғалып кетті де, фильм кестеде сол күйі пайда болмады.
«Меломанның» ресми өкілі Андрей Мануйлов өз Twitter парақшасында мәлім­дегендей, бұл фильмнің Қазақ­стан­дағы прокатына ешкім тыйым сал­маған. Оның айтуынша, «Тэд­тің» про­кат­тан алып тасталуына соңғы екі ай бойы елі­мізге Universal Pictures фильм­де­рін алып келмей жатқан делдал себепші болып отыр.
Сет Мак Фарлейннің ал­ғашқы көркем фильмі көрермендердің ыстық ықы­ла­сына бөленіп, әзілді сүйер ки­но­мандардың кө­ңілінен шы­ғуда. Оның кассалық жиыны да күннен-күнге рекордтық көр­сет­кішке жа­қындап келеді. Комедияда басты рөл­дер­де Мила Кунис пен Марк Уолберг ойнайды.


Періштедей таза, Сүлеймендей әділ...

Бәрімізді өнерге баулыды
... Әкеміз бүкіл өмірін театрға арнады. Ол кісі бә­рімізді  өнерге бейімдеді. Сөйтіп, балаларының бәрін му­зыка мектептеріне беріп, біздің музыка маманы болып шығуымызды қатты қалады. Сіңлім Салиха екеу­міз пианино бойынша мамандандық. Әсіресе Балым, Мәриям деген сіңлілерім әкеміздің бұл үмітін ерек­ше ақтады. Балым Мәскеудегі ағайынды Гне­синдер институтының скрипка бөлімін бітірді. Қазір Құр­манғазы атындағы Алматы  консерваториясында профессор. Ал Мәриям болса осы консерваторияны скрипка сыныбы бойынша үздік бітіріп, бүгінде П.И.Чайковский атындағы музыка колледжінде ұстаз­дық етуде. Салиха сіңлім Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебінде фортепья­но­дан сабақ берді.
Мен ғылым жолын қудым. 1967 жылы «Салыстыр­ма­лы грамматикадан» диссертация қорғадым.  Әкем марқұм сол күні диссертациялық мәжіліске қатысып, кан­дидаттық дәреже алғаныма қатты қуанды. Әкем­нің өнердегі жолын қазір менің қызым Әсел жал­ғастырып жатыр. Ол – опера және балет театрының би­шісі. Бала күнімізде әкеміздің қойылымдарына ба­рып жүрсек, қазір Әселдің қойылымдарына ба­рамыз. Анамыз Хадишаның музыкалық қабілеті өте күш­ті еді.  Театрға әйел әртістер жетіспей жатқан шақ­та әкеміздің ықпалымен анам театрда 12 жылдай, яғ­ни 1939 жылға дейін актрисалық қызмет те ат­қарған.

Көптеген тұлғалармен араласты
Әкем сахнада әртүрлі образдарды сомдады. Со­лар­дың ішінде М.Әуезовтің «Еңлік–Кебе­гін­дегі» Ес­пембет рөлі керемет шықты. Билер со­тында Еспембет «Екі­нің бірі, екінің бірі» деп ай­қайлағанда Ғ.Мү­сірепов: «Мынадай шағын де­неден зор дауыс шығып, бүкіл театрдың қа­бырғаларын сілкіледі. Қандай күш, қандай талант!» – деген екен.
Әкем өз ғұмырында 200-ге тарта рөлде ой­на­ды. «Қо­зы Көрпеш – Баян сұлуда» әкеміздің Баянды ұзат­пай, «көшемін, көшемін», «су, су» деп айқайлайтын тұсы бар. Біз сол қойылымды көріп отырып: «Папамыз қандай қатал еді!» – деп ойлайтынбыз. Ш.Айманов «Ме­нің сүйікті дә­рігерім» деген фильмін түсірді. Сон­да әке­мізге: «Сіз дәрігердің досын ойнаңыз», – депті. «Аты кім болады» десе: «Ой, Сераға, басқа ат­тың ке­регі жоқ, осылай Серке болып жүре бе­ріңізші», – деген екен. Міне, осы рөлдері ерекше ес­те қалды.
Әкем көптеген тұлғалармен араласты. Со­лар­­дың ішін­де Ғ.Мүсіреповпен әкемнің ара­сын­­дағы достығы көз алдымызда. 1957 жылы қу­­ғын-сүргіннен боса­тыл­ған жазушылардың от­­­басылары Алматыға қарай кө­ше бастады. Сон­да Бейімбет Майлиннің жанұясы кө­шіп кел­ді. Ойын-сауық кештерінде әкем Б.Май­линнің «Мұсылмандық белгісі» атты өлеңін оқитын еді. Кейін Биағаңның «Мырқымбайын» да жұрт­шы­лық­қа жария етті. Әкем оларды еш­қа­шан ұмытқан жоқ. Бейімбетті ұмытпаған әкемді Ға­бит аға қатты сый­лап өтті. Тіпті Бейімбет аға­ның балалары да әкеме ри­зашылығын білдіріп, алтын сағат сыйлады.
Достыққа таптырмайтын аға...
Менің тұңғыш ұлым туғанда әкем Мұхаңа те­лефон шал­ды. Сол күндерде ол кісі Лениндік сый­лық алып жат­­қан. Біріншіден, Мұхаңды құт­тық­тамақшы, екін­ші­ден, немересіне Мұхтар есімін беруге рұқсат сұра­мақ­шы. Телефонды Ва­лентина Николаевна алды. «Мұхаң бар ма екен» деп сұраған әкеме ол кісі: «Бар, бар, ке­ліңіз!» – дейді. Содан әкем дереу жазушының үйі­не барып, лауреат болуымен құттықтап, со­нымен бір­ге: «Сіз сыйлық алған күні менің тұң­ғыш немерем де дүние есігін ашты. Соған өзі­ңіздің атыңызды қой­сам, рұқсат па?» – деп сұ­райды. «Рұқсат, рұқсат... Құр­дас, бәлі, сенен мен немді аяймын?!» – деп Мұхаң да мейірлене жауап береді.
Әкем Ғабитты ағаны қатты сыйлайтын. Ғабең­нің аға­сы қайтыс болған екен, бір күні анама: «Бүгін Ға­бит­ті көңіл шайға шақырамыз», – деді. Ға­бең Ғазиза апай екеуі келді. Біз қатты қуан­дық. Ғабит ағаны ерек­ше қадірлейтінін осылай біл­діргенін сездік. 1979 жы­лы Ғабеңнің 3-кі­табы шықты. Соны папам сатып алып, Ғабеңе ба­рып: «Мына кітапқа маған қолтаңба жа­зып бер­ші», – деп өтініпті. Сол кітап қазір үлкен үй­де, үлкен шаңырақта сақтаулы тұр. Ғабең әкеме бер­ген қолтаңбасында: «Ардақты аға! Аса да­рынды сах­на қайраткері! Барлық тіршілігімен, өнер өне­ге­сімен, бұйымы ортақ ұстаз, пе­ріш­те­дей таза, Сү­лей­мен­дей әділ, достыққа, қадірлестікке таптырмайтын аға Серекеңе барлық адал жан-жүрегіммен ұсынушы – Ғабит Мүсірепов», – деп жазған екен.
Әкем қайтыс болғаннан кейін министрліктің қау­лы­сымен ол кісінің өзі тұрған үйіне ескерт­кіш-тақта ор­натылды, қабірінің басына ескерт­кіш тұрғызылды. Алматыдан көрнекті көше берілді. Әкем қайтыс болғаннан кейін үш кітап шықты. Біріншісі – 1982 жылы «Актер және азамат».  Кейінірек, 1993 жылы әкемнің өзінің жазған-сызғандары «Өнер» бас­па­сынан «Шеберлік мектебі» деген атпен кітап болып жа­рық көрді. Үшіншісі – 115 жылдығына орай «Ше­берлік шыңы» деген атпен жарияланды. Осы ізгілікті іс­тердің бәрі әкемнің өзіне, өнеріне деген халықтың ыс­тық ықыласы деп білеміз.
Әңгімелескен Сандуғаш ТҮСЕН, ҚазҰУ студенті

Бетті дайындаған – Шолпан ҚАРАЕВА, sholpp@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста