Алаштың КИНОиндустриясы
«Алтын Орда» – үлкен жетістікке жеткен ұлы империя осы шындықты «Орда» фильмінің неге мойындағысы келмеді?
Ресейлік режиссер Андрей Прошкиннің «Орда» фильмі тұсауы кесіле сала Қазақстанға да жетіп үлгерді. XIV ғасырдағы Моңғол империясының күйрер тұсындағы ахуал мен православ дінінің ізгілігін көрсетуді мақсат еткісі келген фильмнің төңірегінде дау-дамай көп. Өз халқының наным-сенімін ұлықтау жолында өзге бір наным-сенімдегі халықтардың өткен тарихын кемсіту ешқандай өнердің жүгін көтере алмайтыны – заңдылық.
Киноның ұлттың төлқұжаты екендігін ескеретін киногерлер мен зиялы қауым, тарихшылар өмірге келген жаңа туындының осы үдедегі салмағы мен саясатын саралап та үлгерді. Фильмнің режиссері Андрей Прошкин бір сұхбатында: «Біз бұл фильмді түсіру барысында тарихи деректерді мұқият зерттеуді өзімізге мақсат тұтқан жоқпыз. Мен барлық сыншыларыма «шыншыл болғанша, кішкене фантазияға жақын болыңдар» дер едім. Біз тарихи картинаны емес, аңызды түсірдік», – дейді. Режиссер осылай десе де, фильмнің басынан аяғына дейінгі негізгі өзегі көрерменін аңызға емес, өзінен өзгені кем санау, өзгені қор санау принципін алдыға шығарғанын ғана растайды. Кім қалай десе де, бізге қазақтың белгілі тарихшысы Зардыхан Қинаятұлының «Еуразия даласында үш үлкен көшпенді держава болды. Бірі – Аттиланың империясы, екіншісі – батыс-түрік империясы, үшіншісі – моңғол империясы. Үшеуі де – үлкен жетістікке жеткен ұлы империялар. Бұлар – көшпенді халықтың туындысы. Көшпенділер ешкімге ұқсамайтын өзіндік озық мәдениет үлгісін жасады» деген негізді тарихи тұжырымы ұлық. Өзін көшпенділердің ұрпағы санайтын көкірегі ояу ұлттың өзінің киелі тарихын кез келген режиссерсымақтың қияли-аңызымен қорламауын ол фильмнің өз кинотеатрларында көрсетілмеуін талап ету – ел азаматына сын...
Біраз тарихшылар мен киногерлерге хабарласып, аталмыш фильм төңірегіндегі пікірін, көзқарасын сұраған едік. Көпшілігі фильмді көрмегендіктерін айтып, бас тартты. Бізге үн қосып, «Орда» фильмі төңірегіндегі ойын қағазға түсірген Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Бүркіт Аяған болды. Ғалымның пікірі де тарихқа бізді біртабан жақындата түсті.
Бүркіт АЯҒАН, «ОРДА» фильмі туралы бірер сөз:
– Жақында «Православная энциклопедия» студиясының ұсынуымен ресейлік режиссер Александр Прошкин мен сценарист Юрий Арабов түсірген «Орда» фильмі жұртшылық назарын елең еткізді. Алтын Орда туралы бұл фильмде Жәнібек хан тұсындағы (1342-1357 ж.ж.) тарихи фактілер бұрмаланған, ордалықтардың тұрмыс-тіршілігі өте жұпыны, тұрпайы, бүгінгі ұрпақтың санасына кері әсерін тигізеді, өте дарақы фильм және т.б. осы сияқты пікірлер ұлттық БАҚ пен телеарналарда қаптап кетті.
Қош, солай дейік. Бірақ «жау шапқаннан кейін қылышыңды қалай сермесең де» пайдасы шамалы. Сондықтан осы фильмнің өн бойындағы эпизодтардан ордалықтар үшін жағымды жақтарын көре білгеніміз дұрыс шығар. Әрине, фильмнің жалпы сюжеті ешбір қазаққа ұнамайды, шыны керек, маған да ұнаған жоқ. Бір кездері алтын мен күміске оранған Алтын Орданың ақсүйектерін тым жабайы көрсетіп жатқаны – ерсілеу. Өйткені фильмді түсірушілердің айтуынша, бұл «тұрмыстық» фильм (житийный), негізгі фабуласы Мәскеу шіркеуінің митрополиті Алексийдің Тайдулла ханшаны емдеу үшін Алтын Ордаға сапары және оның өз еркімен құрбандық жолына түсуіне құрылған. Оның сол әрекеті арқылы өзара қырқысулар мен қантөгістерді тоқтатуға шақырады.
Мен бұл фильмнен сондай бір үлкен ауытқушылықты да көргенім жоқ. Мысалы, Өзбек ханнан кейінгі жылдары Алтын Орда хандарының таққа таласқаны рас, тіпті олар жеке билік үшін туғаны мен бауырын өлтіруге барды. Фильмде Жәнібек ханды баласы Бердібектің өлтіруі – тарихи факт. Ол 1357-1359 жылдары билік құрған. Ордада осыдан кейінгі жиырма жылдай таққа талас тыйылмағаны белгілі. Тарихи деректерде Бердібектің сарай төңірегіндегілердің қолшоқпарына айналғаны, екі жыл билік құрып, ақыры бүкіл Бату хан ұрпағын, өзінің екі ұлын қоса құртып жібергені жазылған. Қазақ шежіресінде «Нар мойыны Бердібекте кесілді» деп осынау қайғылы кезеңді айтады, биліктің дағдарысын мойыны үзілген түйеге теңейді. Осылайша Бату ханның ұрпақтары арасындағы сабақтастық үзіледі. Менің ойымша, фильмнің негізгі сюжеті – осы. Ал оқиғалар желісі Алтын Орда тарихының 1340-1370 жылдар аралығын қамтиды.
Әрине, төл тарихымыздағы Жәнібек хан әділдікті ту еткен. Оны қазақ хандығындағы Жәнібек ханмен (ХV ғ. басы – 1470 ж.) шатастырмау керек. Өйткені «Орда» фильміне негіз болып отырғаны – алтынордалық Жәнібек хан. Ол билік құрған жылдары Орданың ішкі-сыртқы жағдайын нығайтуға тырысқан, жер аумағын кеңейтуге ұмтылған. Сондай-ақ көршілес орыс князьдіктерін бағындырған. Олардың бәрі Орданың рұқсатымен ғана жүріп тұрған («Ярлык на княжение»), фильмнің осындай жағымды жақтары бар.
Фильмдегі басты кейіпкер Өзбек ханның толып жатқан әйелінің бірі Тайдулла, оның образы да ашылған деп ойлаймын, өз дегенін істейтін қатыгез әйел болғанмен, Ордадағы билікті сақтап қалудың түрлі амалдарын жасауға тырысады. Бірақ тарихта оның көз ауруын орыс діндары толық емдеп шығады, ал фильмде керісінше көрсетіледі, бұл енді – тарихты бұрмалау.
Тайдулла (кейбір деректерде Тай-Дуглы, Тәйтафли) ханша туралы мынадай қызықты мәліметтер кездеседі. Соның бірінде «...алғашында орыс князьдары өздерінің саяси мұраттарына жетуіне дәнекер боларлық бір қызының хан жағында болуын мәртебе санаған. Осындай бір орыс қызы Сарайда Тайтулла есімді әйелдің қасында болады. Ол ішкі саяси сырды жеткізіп тұрған. Міне, осы қыздың араласуымен өтірік ауырып, дәруіш Алексейді үшкірту сылтауымен шақыртуы да мүмкін» делінген.
Шыңғыс хан шежіресін жазған Өтеміс қажының деректерінде Тайдулла ұнатқан бектерін өзіне жақын тартқаны, тіпті Сарай тағына Қызыр ханды отырғызғаны, алтындатылған арнайы некелесу үйін тіктіріп, онымен басқосуды көздегені, бірақ Қызыр найман бегі Құтлұғ-Бұғаның кеңесімен «кезінде Өзбек пен Жәнібекке бағынышты болған әйелден» бас тартуға мәжбүр болғаны, бұдан кейін Тайдулланың Қызырға деген қарым-қатынасы қатты өзгеріп, жауласқаны, Сарай маңындағы осындай өзара тартыстың ақыры Тайдулла мен Базаршының өлімімен аяқталғаны, сөйтіп, Қызыр ханның екінші рет хан тағына отырып, бір жарым жылдай билік құрғаны, алайда оның өз баласы Буруттың қолынан қаза тапқаны, көп кешікпей оның да өлтірілгені, осыдан кейін Ордада дүрбелең кезеңнің басталғаны, Сарай қаласының күйреуі, Орда елінің Қырымға қарай босып кеткені жақсы баяндалған. Сондай-ақ Тайдулланың азапты өлімі туралы «ханшаны жабық шанаға отырғызып, жан-жағынан қатты бекітіп, шанаға асау айғырды байлап, босатып жіберген» деп жазылған.
Менің ойымша, қайта ресейлік режиссердің бұл фильмін қазақтар көруі керек. Себебі біздің түсінігіміз бойынша, ордалықтар орыс тілділерден мәдениеті, тілі жағынан жоғары тұрған сияқты. Фильмнің дыбысталуы да түркі-қыпшақ тіліне жақын, кейіпкерлер бізге түсінікті тілде сөйлейді.
Осы фильм туралы айтылғанда алдағы уақытта әлі талай рет еуропалық және ресейлік режиссерлер өздерін асыра дәріптеп, түркітілдес халықтардың беделін түсіруге негізделген көптеген фильмдерді шығаруы мүмкін. Соларды біз қалыпты жағдайда көруге дайын болуымыз керек. Жалпы, шетелдік фильмдерде бұрмаланған тарихи оқиғалар болса, олардың ара-жігін ашып көрсету бізге үлкен міндеттер жүктейді және біздің одан әрі шыңдала түсуімізді қажет етеді.
Бізде ақсүйек тобындағы адамдардың өмірін біржақты тамаша қылып көрсету басымдау. Жалпы, жаугершілік заманда салтанатты тұрмыс-тіршілік көп болмаған. Мысалы, осы фильмдегі уақытты алайықшы, тарихтағы «ұлы бүлік» немесе «дүрбелең» кезең, сондықтан шайқас, қантөгістің болуы – заңды.
Әрине, «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» демекші, ресейлік режиссердің қалауымен түсірілген бұл фильмде біз үшін ешқандай идея жоқ. Бірақ әлем назарын Қазақстанға аудартқан ағылшындардың «Борат» фильмі сияқты, ресейліктердің «Орда» фильмі де жұртшылықты елең еткізді. Өзбек хан мен Жәнібек хан тұсындағы ордалықтарды басқа қырынан танытты. Ал қазақтар ортағасырлық тарихымызды қайта ақтарып, шындықты іздеуге кірісті, басқаша айтсақ, бұл фильм төл тарихына қатысы бар түркітілдес (оның ішінде қыпшақ) халықтардың барлығына қозғау салды деп ойлаймын.
«Бастау» таланттарға жол ашпақ
23-27 қазан аралығында Алматыда студенттер фильмдерінің II халықаралық кинофестивалі өтеді. Аталған шара дүниежүзінің жас кинематографистері арасындағы мәдени және халықаралық ықпалдастықты арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
«Бастауға» елімізде өтіп жүрген басқа да ірілі-ұсақты фестивальдерге бәсекелес ретінде қарауға болмайды. Өйткені оның мақсаты – жастарды ойлауға үйрету, шығармашылық тұрғыда тәжірибе алмасып, өзара пайдалы байланыстар орнату. «Бұл фестиваль – біздікі емес, солардікі, біз тек оларға жұмыс істейміз», – дейді «Танарис Продакшн» кинокомпаниясының директоры, «Бастаудың» ұйымдастырушысы Сергей Әзімов. – Жастар үшін бұл – үлкен тәжірибе алаңы».
«Бастаудың» I фестивалі аясында Киномектептер ассоциациясы құрылғаны белгілі. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арыстанбек Мұқамедиұлының айтуынша, бұл ассоциацияның басты міндеті – әлемдік деңгейдегі өнер шеберлерінің білімі мен білігін студенттерді кәсіптік даярлау ісіне пайдалану. Мәселен, қазіргі уақытта ВГИК-те – 16, Стамбул киноуниверситетінде төрт қазақстандық тәжірибеден өтті, ал төрт адам Нью-Йорк киноакадемиясында шеберлігін шыңдап жүр. Біздегі мастер-кластарды Алексей Учитель, Али Хамраев, Армен Джигарханян сияқты мамандар өткізеді. Және киномектеп қызметі мұнымен шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта қазақстандық студенттерді халықаралық конкурстарға кеңінен қатыстыру көзделуде. Өйткені шығармашылыққа жаңа қадам басқандардың фестивальдері жиі өтіп жүргенімен, қазақстандық студенттердің жұмыстары оларға көп ұсыныла қоймайтын.
Кино тұрғысынан айтқанда, Жүргенов академиясының бұл сала мамандарын даярлайтын жалғыз оқу орны еместігі де қуантады. Яғни Астанадағы өнер институтында кино факультеті бар, сол сияқты Алматыдағы «Тұран» университетінде де кино және телевизия факультеті жұмыс істейді. Аталған жоғары оқу орындарының ұжымдары алдағы уақытта «Бастауды» бірігіп өткізу туралы келісімге келді. Қалай дегенмен де, жас таланттарды танытуға бізде қазір толықтай мүмкіндік бар деуге болады.
Конкурстық жұмыстарды іріктеу комиссиясының төрағасы Әсия Байғожинаның пікіріне жүгінсек, байқауға қатысуға тілек білдіргендер өте көп болған. Негізінен, өз елімізден, сондай-ақ Франция, Иран, Белоруссиядан да бірталай жұмыстар ұсынылған, ВГИК студенттерінің де конкурсқа қатысуға деген талабы зор. Сонымен қатар, ұсынылған жұмыстардың тақырыбы да мейлінше тосын. Мәселен, 19-дың ар жақ, бер жағындағы жастардың өз фильмдерін «Жалғыздық», «Екеуара жалғыздық», «Бесік жыры» деп атауы ұйымдастырушыларды айтарлықтай қызықтырып отыр. Жалпы алғанда, қатысуға өтініш білдіргендердің 80 %-ын – көркем,18 %-ын – деректі, 2%-ын анимациялық картиналар құрап отыр.
Құралай ҚОҢЫР
Кәріске ұқсайтындығым «Көк тарландарына» түсуге кедергі бола жаздады...
Дәл осы күндері әр кеш сайын «Қазақстан» ұлттық арнасында «Көк тарландары» атты телехикая жүріп жатыр. Әскерге жаңадан барған жас сарбаздардың өмірін көрсететін туындының көрермендері аз емес. Сол фильмде көптен өзінің қыңырлау мінезімен, қыздарға өтімділігімен ерекшеленетін бір кейіпкер бар. Ол – Талғат Ниязов атты сарбаз. Әр серияда әйтеуір бір «бұзықтық» жасап, жанындағы жолдастарына да «жұмыс» тауып беріп, не өзі жазаға ұшырап жүретін осы кейіпкерді жас актер Жалын Тілеубергенов сомдайтынын білдік. Таяуда онымен сұхбаттасудың да сәті түсті.
– Жалын, жаңылыспасақ, бұл сіздің дебьютіңіз болар. Киноға қалай тап болдыңыз?
– Телехикаяға түскен жігіттердің барлығы дерлік Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлегі боламыз. Актерлік мамандыққа түскен соң, кино бола ма, әйтеуір қандай да бір мүмкіндікке құлақты түрік қойып жүру керекпіз ғой. Содан электронды поштама жаңадан сериал түсірілгелі жатқаны жайлы хабарлама келді. Айтарлықтай «осы менің түсетін кином» деген сенім болмаса да, іріктеуге бардық.
– Сізге «ә» дегеннен осы Талғаттың рөлін ұсынды ма?
– Бірден Талғаттың рөлін берді. Мінез-құлқы жағынан келтіріп тұрмын, өздері де қызығып тұр, бірақ түрге келгенде «қазақтың баласына ұқсамайсың, кәріс секілдісің» деп әбден ойланды. Тіпті «мейлі кәріске ұқсасам, Құдайдың берген түрі ғой, не істей аламын» деген ойға көніп те қойдым. Сонда да күнде түсіру алаңына барып, менің орныма өздерін байқап жүрген әртістерді бақыладым. Әркім келген сайын аздап қорқыныш пайда болады. Әйтеуір ақырында мені алды.
– Шашпен қоштасу қиын болған жоқ па?
– Басында «киноға түссек болды» деген жалындаған сезім кеудемізге сыймай, алды-артымызды ойлауға мұрша бермеген ғой. Ал шындығында, рөлге қабылданып, бірінші түсірілім күні бітіп, екінші күнінде «ал, қане, шаштарыңды аламыз» дегенде... ең бір қиын кез сол болды мен үшін. Ес білгелі шашымды тақырлатып алдырған емес едім. Және сондай бір махаббатпен қарайтын жерім шашым еді. Дұрыс жуылмай қалса, көңіл-күйім түсіп қалатын. Алайда амал жоқ, камераны қосты-дағы, зыр еткізіп шашты сыпырып тастағанда, шынымды айтсам, көзіме жас келіп қалды.
– Мәселен, сіз өзіңіз әскер қатарында болмаған шығарсыз? Алайда осы сериалға түсу барысында сәл де болса әскер дегеннің не екенін сезіне алдыңыз ба? Және әскерден ел шошынатындай әлдене байқадыңыз ба?
– Жүз пайыз болмаса да, сәл де болса әскердің исін сезіндім, әрине. Себебі казармада жаттық. Іргеміздегі Қапшағайда болғанның өзінде бізде тіпті Алматыға келіп кететін уақыт та артылмады. Түсіру жұмысы таң алакеуімнен көз ілінгенге дейін жалғасты. Әлгінде сіз сұрағандай, сұмдық жағдайлар жоқ секілді. Біз бір ай ішінде әскер қатарындағы сарбаздармен достасып, сырласып кеттік. Сондықтан жайлап: «Сендерді ұра ма, қинай ма, дедовщина бар ма?» – деп сұрадық, өзімізге де қызық болды өйткені. «Жоқ, бізді ешкім ұрмайды, тек әрине, Әскери жарғы деген бар. Сол бойынша кімде-кім оған қайшы іс жасаса, ротаны бірнеше айналдырып жүгіртуі мүмкін, бірақ әлімжеттік, ұрып-соғу, ақша талап ету жоқ», – деді. Өзіміз де байқаған жоқпыз.
– Сериалға түскендердің дені, байқауымызша, әскер көрмеген жігіттер секілді. Қолға қару ұстау дегеннің өзі оңай емес. Алайда ең қиынға соққан қандай іс болды?
– Бұл сериал Қапшағай қаласындағы №35 десанттық гвардиялық шабуылдаушылар бригадасында өтті. Аэроұтқыр әскерлері деп аталады. Оның басты ерекшелігі – парашют қой. Сондықтан бізге ең қиын соққаны – бес қабатты үйдің биіктігіндей жерден секіру болды. Қызық болғанда, біз түгіл, сол жерде әскерге жаңадан барған жігіттердің өзі әлі секірмеген болып шықты. Бұл жағынан келгенде біз қайта олардан қиын сынға түстік десек болады, себебі олар бір жыл көлемінде меңгеруге тиіс жаттығуларды біз небары бір-ақ айда қағып алуға тиіспіз. Уақыт тығыз, бізге «жігіттер, ертең мылтық атамыз» немесе «ертең парашюттен секіреміз» дейді, болды. Рөлге тағайындалдың ба, бітті, ешкім сенен «қолыңнан келе ме» деп сұрап жатпайды. Актер мамандығының қиындығы да осында болса керек. Күнде күтпеген жағдай болып жатты.
– Шын парашютпен секірдіңіздер ме?
– Ашығын айтайын, бізді шын парашютпен секірткен жоқ, одан аласалау арнайы биіктіктен секірдік. Басында оңай секілді көрінді, «өй, несі бар, секіреміз» дестік, жігіттік намысқа басып. Алайда жеме-жемге келгенде қорқа бастадық. «Ал, секір» деген кезде қызық жағдайда қалады екенсің. Секірейін десең, қорқасың, ал секірмейін десең, камералар түсіруге оқталып, сені ғана тосып тұр. Техника мен шығармашылық топтың уақытын алу ыңғайсыз. Елдің бәрі саған қарап тұр, өзің киноның кейіпкерісің кәдімгі. Негізі, әскердегі әр күніміз сынақ болды. Бұрын ешқашан мылтық ұстап көрмеппін өз басым. Қасыңдағы адам атып қалған кезде қанша жерден өзіңді-өзің алдын ала дайындадым дегенмен, дүрс ете қалған дауыстан селк ете түсесің. Қару біреудің қолында болған кезде қорқады екенсің, тек өзің қолыңа қару алып, оқтап жатқан кезде барып бойыңда батылдық пайда болады екен.
– Сериалдың саундтрегін құрамында өзіңіз ән айтатын «V Alem» тобы орындапты. Арнайы тапсырыс берді ме сіздерге?
– Ол – негізі, сол әскерде жүргенде туған ән. Ешкім алдын ала «осылай жазыңдар» деп тапсырыс берген жоқ. Бәріміз кешке басымыз қосылғанда бір мезгіл гитарамен ән салатынбыз. Сондай кездің бірінде кинодағы басты кейіпкерлердің бірі Нариманды сомдайтын Олжас Жақыпбек жаңа ән келгенін айтты. Сөзін сол жерде бізге көмекші болған Ербол Игісінов деген прапорщик болды, сол шығарды. Бас продюсер Ернар Мәліков студияда жаздырып, солайша ойда-жоқта туған ән фильмге саундтрек болды да шыға келді.
– Жалын, сіз фильмде аздап қулығы бар, бірбеткей, қыздарға өтімді жігітті сомдайсыз. Ал сол бейне шынайы өмірдегі өз мінезіңізге қаншалық жақын, болмаса қайбір қыры тіпті өзіңізге ұқсамайды дер едіңіз? «Өзіңіз қандай адамсыз?» деген сұрақ туындайды...
– Өзім үйдің еркесімін, шыны керек. Өзімнен үлкен әпкем мен ағам бір нәрсе айтса, олар соны орындайды. Тек мен ғана әйтеуір «неге?» деп өзімше қарсы шығып тұратынмын. Әкем мен шешем «мынауың кіп-кішкентай болып, басынан сөз асырмайды ғой» деп әрі кейіп, әрі сүйсініп отыратын. Өздері еркелетіп өсірді ғой енді. Кейіпкеріммен ұқсас жерім сол, яғни бірбеткейлігім шығар. Бірақ бес-алты қызды соңымнан жүгіртетін қызқұмар емеспін.
– Жалпы, өздеріңіз түскен сериалдың жүгін өздеріңіз сезіндіңіздер ме?
– Әрине, негізі, бұл сериалды түсірудегі басты мақсат – қазір ел арасында әскер десе, бір түрлі бәле көргендей тыжырынып, балаларын лажы болса әскерге жібергісі келмейтін көзқарасты жою. Әскер болған соң, әрине, қатаң тәртіп салтанат құрып, ана сүті аузынан кетпеген балаларды ер жігіт болуға тәрбиелейді ғой. Сондықтан соны дұрыс түсініп, «ойбай, онда анау бопты, мынау бопты» деп шошынудың қажеті жоқ. Әскер керек, себебі қазір шыны керек, жігіттер нәзіктеніп, Отан түгіл, өзінің қызын да қорғай алмайтын боп барады...
Мәриям ЖАГОРҚЫЗЫ
Бетті дайындаған – Шолпан ҚАРАЕВА, sholpp@mail.ru