Алаштың КИНОиндустриясы

Алаштың КИНОиндустриясы

Кино мен  көрермен арасына алтын көпір қашан салынады?
Продюсер – ақша – сценарий режиссер – өндіріс – прокат! Бүгінгі киноөндірістің ұста­нымы осы бағытты алдыға шығарды. Бұл – нарық жағдайындағы кез келген мемлекеттің кино саласына қатысты көзқарасы. Еліміздегі 65 кинотеатр, 200 кинозал (оның 71-і сандық форматта) бүгінгі таңда, ілдалдалап болса да, бұл саланың дамуы мен сыртқы нарықтағы ел беделін бекіту жолында қызмет етуде.
Бүгінгі біздің киноөндіріс Ресейдің немесе алып Американың, болмаса қазақ­стандық кинонарықтың тө­рінен бүгінгі таңда ойып тұрып орын ала бастаған Түркия мен Оңтүстік Кореяның өнімдерімен текетіресте оларды шаң қаптырмаса да, қарайып тұрарлық қау­қарға ие. Алайда әлі де болса кинопрокат жүйесінің жолға қойылуы киномамандарының мойнына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Бүгін елде қарқынды жұмыс істеп жатқан «Мело­ман» жүйесі десек те, қазақ киносының барлығын «Меломанның» сөрелерінен табамыз деу қиын. Яғни жылына 30-ға тарта фильм түсіріледі десек, олардың көрермен мен өндірушінің жолын жалғар алтын көпірге зәру екендігі – күн тәртібіндегі мәселе. Отандық режиссерлердің өнімдері республиканың шалғай өңірлеріне жетпей, шектеулі кеңістікте ғана қалып, шау тартуы да осындай себептерді көлденеңдетеді.
Елдегі кинозалдардың тапшылығы да бүгінгі отандық кинолар прокатының көркеюіне тежеу. Шалғай жердегі Кеңес өкіметінен қалған бірді-екілі кинотеатр­лардың іші тұрмақ, сыртқы көрінісінің өзі аяныш тудырады. Демек, кинопрокат – әлі де бол­са кеңкөлемді қол­дау­ды қажет ететін сала. Отан­дық кино­өн­ді­рісті дамыту сөз бол­ған сәтте алдыға суы­рылып шығатын мә­селе де – осы. Біз бұл тақырыпқа алда­ғы уақытта оралып, арнайы маман­дар­дың ой-пікірлерін ортаға салатын бола­мыз. Бұл мәселеде қарапайым көрер­меннің де айтар пікірі алуан.
Нұрлан ЖАНАЙ, блоггер:
– Қазақстандық кинопрокатқа көңілім толмайды. Соңғы шығып жатқан ки­нолардың шығыны көп болса да, өз-өзін ақтамай жатыр. Бұл кино сапасының тө­мендігін білдіреді. Қазақтілді kinostan.kz сайтындағы ең көп күтілген «Транс­фор­мерлер» мен «Гарри Потер» сияқты фильмдерге өтірік болса да қазақ жастары құмар екен. Кино – идео­логия, ұлттың, елдің бет-бейнесі. Сондық­тан режиссерден бастап сценарий авторлары, актерлер –бәрі жауапкершілікті түсінуі керек. Youtube-та жүрген қазақ­стандық фильмдер – «Анаша», «Келін», «Рэкетир» т.б. Аттары да біртүрлі. Мына фильмдерді көрген шетел аза­маттары бізге не демейді? Сондықтан фильм түсіргенде тәрбиелік маңызын алдыңғы орынға қою керек. «Жаужүрек мың бала» сияқты фильм­дер көбейе берсін.

Ернар БЕКЕНОВ, Kinostan.kz жобасының жетекшісі:
– Қазақстан фильмдері әзірге кино­театрға шығумен ғана шектеліп жатыр. Отандық прокатта рекорд жасаған – «Жаужүрек мың бала» фильмі, ал басқа көптің талқысына түскен картиналар әзірше өз шығындарын ақтай алған жоқ. Голли­вудта, мысалы, фильмнің орташа бюджеті 20 млн долларды құраса, маркетингке тағы 10 млн шамасында шығын кетеді. Яғни олар жарнамаға ақша аямайды. Фильмді насихаттауда жарнаманың  маңызды рөл атқаратындығын атап өту қажет. Бізде, керісінше, біріншіден, бюд­жетті жариялаудан қорқады. Екіншіден, бюджетті түсірілім барысында қысқартып тастайды. Бұл жерде фильмнің маркетингі туралы да айту қиын. Мысалы, жарнаманың бір түрі – интернет. Қазір жұрттың бәрі интернетті пайдала­нады. Ал фильм жасаушылар осы мүмкін­дікті тиімді пайдалана алмай отыр. Көп шығынсыз-ақ интернет арқылы үлкен жетістікке жеткізуге болады.

Қазақстандық фильмдер кейде ешбір жарнамасыз прокатқа шығып кетіп жатады.Мұндай құбылыс әсіресе тәуелсіз киноға тән. Енді біреулер те­­леарналардағы ролик­термен шектеледі. Адамды кинотеатрға шақыратындай құралдарды тиімді пайдала білу керек.

Бағдар мен бағам
Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан кинотеатрларына 262 фильм шықса, соның 3 пайызы ғана қазақ киносы болған, 73 пайызы – Американың, 24 пайызы Ресейдің киносы болатын. Фильмдердің аздығының әсерінен қазақ киносы көрермендерінің саны да азайып кеткен. Сандық көрсет­кішпен айтатын болсақ, қазақ киносына сатылған билет саны 300 мыңға да жет­пейтін болған. Мысалы, 2010 жылдың аяғына таман Қазақстанда – 7,5 млн, 2009 жылы – 7 млн, 2008 жылы 6 млн 400 мың билет сатылды делік. Соның 170-200 мыңға жуы­­ғы ғана – қазақ киносына барған адам­­дар. Қазақ киносының сандық үлес салмағының қандай екенін осыдан-ақ көруге болады. Сол кезде киномамандар тарапынан «бүгінгі таңда Қазақстандағы кино өндірісі шетелдік киноның прокаттық базасы деңгейінде ғана өмір сүріп жатыр» деген пікір ашық айтылды. Осы мәселелердің бәрін ашық талқыға салған «Қазақфильм» киностудиясы кино саласына шұғыл түрде бетбұрыс жасауға көшті. Олардың бірінші бағдары техникалық модернизацияға арналса, екінші бағдарламасы ұлттық фильмдердің саны мен сапасы жөнінде болды. Екі бағ­дар­лама да араға жыл салып өз жемісін бере баста­ғандай. Қазақ киносының еліміздің прокат жүйесіндегі сандық үлесі қазір 8 пайызға жетті. Демек, өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге көбейді.

Шолпан ҚАРАЕВА


«Ғаламтордағы махаббатты» тамашалайтын күн жақын
Отандық фильмдердің қатары тағы да бір романтикалық кинотуындымен толықты. Көрерменге жол тартқан жаңа туынды «Ғаламтордағы махаббат» деп аталады. Бұл — осы уақытқа дейін «Разлучница», «Голубиный звонарь» және «Жылама» атты авторлық кинотуындыларымен танылған белгілі талантты режиссер Әмір Қарақұловтың алғашқы жанрлық жобасы.


Айта кететін жайт, бұл кинотуынды биыл қыркүйек айында өткен VIII халықаралық «Еуразия» кино­фестивалін ашу мәртебесіне ие болған еді. Көп күттірген драма шынайы және виртуалды өмірдегі жастық жалын, сұлулық пен сүйіспеншілікке арналған. Фильм сюжеті бойынша тәкаппар бой­жеткен өзінің ебедейсіз қызметтесін көзге ілмейді , ал жігіт болса қызды әр көрген сайын есі кетіп, сөйлеуден қала­ды. Сондай-ақ осы сұлудың ықыласынан қызметі жо­ғары тағы бір адам дәмелі, бірақ басшысының да көңілін қабыл алмаған бойжеткен шынайы өмірден қашып, ғаламтордағы жігітке ғашық болады. Бірақ ол жігіт қызға бет-жүзін көрсетуден қашады. Шартты әлемде , әрине, бәрі де бек мүмкін. Кейін келеңсіз жағдайға тап болған кезде ғана өмірдегі және ғалам­тордағы осы екеудің бір адам екенін ұғады.
Заманауи қала өмірінде жедел өрбитін оқиға махаббат азабының сезіммен ас­тасуын, оның жолы шытырман екенін баян­дайды. Пешенелеріне түбінде қосылу жазылған қос ғашық нағыз махаббат майданында жеңіске жету үшін оттан, судан өтеді, түрлі айла-тәсілдерге де жү­гінеді.
Басты рөлді Қазақстан мен Ресей кино жұлдызы Бибігүл Сүйіншалина («Громовы. «Дом надежды», «Астана — менің махаббатым», «Пираньи», «Жан жүрегім – Астана» т.б.) және ресейлік киножұлдыз Артур Смольянинов («Жа­ра», «9-рота», «Мой парень – ангел», «Самара» т.б.) сомдаса, Қазақстан жа­ғынан Т.Теменовтің «Махаббат бекеті» фильміне түсіп, кейін осы салада актерлік пен қоюшы суретшілік қызметті қатар атқарып жүрген Бөпеш Жандаев және Төлепберген Байсақалов т.б. белгілі актерлер фильмнің сәтті шығуына орасан  үлес қосты. Әрине, кинодағы жолы әбден төселген режиссер үшін актер таңдау мәселесі еш қиындық туғыз­байтыны сөзсіз.
Фильм объектісі ретінде Астана қаласына таңдау түсуі — кездейсоқтық емес. Өйткені жаңадан бой көтеріп келе жатқан жас қала жастықтың, жасам­паздықтың, махаббаттың символы іспеттес.
Сонымен, VIII халықаралық кино­фес­тивальдың шымылдығын ашу мәртебесіне ие болған Әмір Қарақұловтың шынайы да таза махаббатқа құрылған фильмін бір деммен тамашалап шықтым. Фильм структурасында мін жоқ. Әдемі басталады, оқиға орнымен дами отырып, шарықтау шегіне де жетеді. Шешімі де өте сәтті, яғни кез келген көрерменнің жан қалауы – «хэппи эндпен» аяқталады: қос ғашық барлық кедергіден өте отырып, бақытына қол жеткізеді.
 Шынайы өмір мен виртуалды өмірді қатар беріп, кәсіби түрде бейнелеуін бүгінгі отандық кинематографиядағы жа­ңа бір серпіліс деуге болады. Фильм кейіпкерлерінің ойыны мен қимылында, диалогтерінде жалғандық байқалмайды, керісінше, көрерменді сендіреді.
Қоюшы оператор да фильм стилис­тикасын, динамикасын сақтаған.
Фильмнің көркемдік шешімін, деко­рацияны, картинадағы кейіпкерлер­дің виртуалды өмірдегі киім киісін, сөйлеу мәнерін дәл беруі – фильмді сәтті туынды ретінде мойындатудың алғышарты. Ға­ламтор мен бүгінгі күн элементтерін алма-кезек беріп отыратын монтаждық өрім де өзін-өзі толық ақтайды. Әлемдік кино тәжірибесінде аса таңсық болмаса да, мұны қазақ киносының тың ізденісі, ше­берлік үлгі алуы деп қабылдау ләзім.
 Бір сөзбен айтқанда, «Ғаламтордағы махаббат» фильмінің айтар ойы айқын. Мейлі ол шынайы, мейлі ол виртуалды өмір болсын, «махаббатта шек болмас» деген сөздің растығын тағы да бір дә­лелдей түскендей. Туынды таяу болашақта кинотеатрлардан көрерменге жол тартпақ.
Мерей МАТАЙ


«Базарбаевтар» телехикаясының жаңа маусымы
«Базарбаевтар» отбасылық телехикаясының келесі маусымы басталды. Балалы да базарлы шаңырақ туралы фильмнің бұл маусымында оқиға желісі ширай түседі. Телехикая­­да ойнайтын актерлер құрамында өзгеріс бар. Осы кезге дейін ерке қыздың рөлін сомдаған Гүлнәр Селбаеваны енді әнші Салтанат Бақаева алмастырып отыр. Жуырда «31» арна журналистерді жаңа маусымның ерекшеліктерімен таныстырды.
Сериалдың жаңа маусымы қарашаның 21-інде басталады. Барлығы – 20 серия. Жоба авторлары көрермендер тарапынан қолдау болса, фильмді одан әрі жалғас­тырмақ. Қазақы әулеттің қадір-қасиетін насихаттайтын телехикаяның қоюшы режиссері – ресейлік шебер Стас Булов. Бас продюсер Нұрлан Қоянбаевтың айтуынша, түсірілім өтетін шаңырақты өзі безендірген. Актерлерді таңдаған да өзі. Бұл маусымда тағылым да, қазақы қалжың да көп болады. Басты жаңалық – ерке қыз рөлінде жаңа әртіс. Одан бөлек хикаяда Бекжан Тұрыс, Райхан Қалиолдина, Дастан Қалдыбаев, Нұрдәулет Шертім, Аида Жантілеуова, Әлихан Байсұлтанов, Нұрлан Қоянбаев, Нұржан Тұтов, Күнсұлу Тұрғынбекқызы, Бақыт Әліпбаева сияқты әртістер ойнайды.
Нұрлан Қоянбаев:
– Актерлер құрамын ауыстырып, толықтырдық. Гүлнәр Селбаева жеке жұмыстарына байланысты жаңа маусымға түсе алмады. Оның орнына кастинг арқылы әнші Салтанат Бақаеваны алдық. Салтанат түсірілім тобының мүшелерімен тез және оңай тіл табысып кетті. Кәсіби актриса болғандықтан, оның сахнадағы тәжірибесі мол. 
Еске сала кетейік, биылғы көктемде экранға шыққан «Базарбаевтар» телехи­каясының бірінші маусымы көрермен­дердің ыстық ықыласына бөленген еді. TNS Gallup Media компания­сының мәліметі бойынша, оның қазақ тіліндегі телебағдарламалар рейтингісіндегі орны біршама жоғары болды.
Назерке НЫСАНБАЕВА


Қазақ киносы Америкаға «Қыр гүлдерін» ұсынады
Қарашаның 14-інен бері АҚШ-та қазақ киносының фестивалі өтіп жатыр. «Қазақфильм» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі мамандарының хабарлауынша, «Қыр гүлдері» деген атауға ие болған фестиваль қарашаның 18-іне дейін жалғасады.
Қазақфильм киностудиясы қызмет­керлерінің айтуынша, фестивальды ұйым­дастырудағы басты себеп – Америка мен Қазақстан арасындағы мәдениетті жақындастырып, ынтымақтастықты нығайту. Қазақ киносы бес күн бойы Бостон мен Вашингтонның үлкен экран­дарынан көрсетіліп, шетелдік киносүйер қауымның жүрегін жауламақ. Ұйымдас­тырушылардың сөзіне сенсек, бұл жолы көрермен назарына ұсынылатын фильм­дер америкалықтардың Қазақстанның қазіргі заманғы мәдениетін жаңа қырынан тануына септігін тигізеді. Шараның өтуіне Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі  атса­лысып отыр. Кинофестивальдың бағдар­ламасына: «Подарок Сталину», «Келін», «Письма к ангелу», «Рывок», «Се­кер» және «Аққыз» фильмдері кірді. Аталған картиналарды режиссер Ермек Шынарбаев ұсынады. Ал кинокөр­сетілімдер Goethe Institut, Freer Gallery of Art, Kennan Institute пен Museum of Fine Arts залдарында өтіп жатыр. Киногерлердің мәлімдеуінше, көрсетілімнің басым бөлігі тегін болғанымен, кейбір кинокартина­лардың билеттері 4 доллардан 11 долларға дейін сатылады.
Естеріңізге сала кетейік, қазақ киносының фестивалі биыл тамыз айының басында Лос-Анджелесте де өткен болатын.


Қазақстан-Беларусь киноиндустриясының ынтымағы нығайды
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан мен Беларусь мемлекеттері киноиндустрия саласында ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізді.
Өткен аптаның соңында «Беларусь­фильм» ұлттық киностудиясының бас директоры Олег Игоревич пен Қазақстан­дағы Беларусь Республикасы елшілігінің бірінші хатшысы Вадим Сверчков Мәде­ниет комитетінің төрағасы Тілеуғали Қыш­қашбаев пен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның басқарушы директоры Ілияс Ахметпен кездесті. Кездесу барысында Орталық Азия аймағында жетекші орынға ие Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы мен Шығыс Еуропадағы ірі кино­өндіруші кәсіпорын болып табылатын «Беларусьфильм» ұлттық киностудиясымен өзара байланыс орнату мен мәдени ынты­мақтастықты дамыту мәселелері талқы­ланды. Мамандардың айтуынша, кездесуге келген белоруссиялық әріптестер қазақ кинематографиясының қарқынды дамуын тілге тиек ете отырып, кино саласына арналған ұлттық заңнамамен, сондай-ақ мемлекеттік қолдау көрсету жолдарымен танысуға қызығушылықтарын білдірді.


«Аңшы бала» – DVD нұсқада
Жуырда «Аңшы бала» фильмі «Меломан» дүкендер желісіне DVD нұсқада сатылымға түсті. Картинаның режиссерлері – Ерлан Нұрмахамбетов пен Бекарыс Елубай.


Фильмнің тұсаукесері биыл тамыздың 30-ы күні өткен еді. «Жазғы демалысын құмда түйе бағатын аңшы атасының жанында өткізген қала баласы Қамбар туралы фильм көрерменнің ыстық ықылас-ілтипатына бөленіп, журналистер тарапынан жоғарғы бағаға ие болды», – деп мақтанады фильмді түсірген топ. Естеріңізге сала кетейік, «Аңшы бала» фильмі 2012 жылы наурыз айында Голливудта өткен International Family Film Festival кинофестивалінде «Шетелдік ең үздік драма» номинациясы бойынша бас бәйгені жеңіп алды. Сондай-ақ Анапа қаласында қыркүйек айында өткен XXI «Киношок – 2012» кинофестивалінің «Киномалышок» байқауында үздік деп танылды. Ал фильмнің режиссері Ерлан Нұрмұхамбетов «Нөсер алдында» картинасы үшін VII халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің бас жүлдесіне ие болды.
Айта кетер жайт, «Меломан» дүкендер желісінің сөрелерінде «Қазақфильмнің» деректі туындысы Astana team-ның да DVD нұсқасы сатылымға түсті. Бұл фильм Қазақстанның жоғары титулды велошабандозы Александр Винокуровтың балалық шағы мен жастық шағы жайлы, Astana велокомандасының құрылуы мен жалпы спорт жайлы әңгімесінің желісімен түсірілген.
Мамандардың айтуынша, «Қазақ­фильм» соңғы екі жылда 15 фильмнің DVD нұсқасын сатылымға шығарып үлгеріпті. Олардың қатарында 2010 жылы жарыққа шыққан «Ирония любви», «Кто вы, господин Ка?», «Сказ о розовом зайце»; 2011 жылғы «Жерұйық», «Рывок», «Супер Баха», «Мой грешный ангел», «Девушка-ветер», «Ликвидатор», «Небо моего детства» және 2012 жылы түсірілген «Качели любви», «Нежданная любовь», «Ради будущего», «Жаужүрек мың бала» фильмдері бар. Сондай-ақ «Қыз Жібек» фильмінің де DVD таспасы сатылымда.
Сандуғаш ӘЛІМЖАНОВА


Көне көлік киноға түспек
Тараздық Сенбек Қалхамбетов көптен бері ескі техникаларды жөндеумен айналысады. Жуырда Алматыда өткен XV халықаралық «Автобөлшектер. Авто-шоу – 2012» көрмесіне қатысып қайтты. Қанжығасы майланды. Оның көрмеге қойған көліктерінің көбі – Ұлы Отан соғысына дейінгі дүниелер. 
 Көп жылдан бері гаражда тұрған көне көлікке жаңаша сипат беріп жөндеу оңай емес, әрине. Ескіні жамап-жасқап көрермен назарына ұсыну үшін оны жөндеуге 10 жыл уақытын сарп етіпті. Көрмеге арнайы әкелген ГАЗ-М-1, ГАЗ-М-21И, ГАЗ-М-21Р үш көлігі зауыттан жаңа шыққандай жұтынып тұр. Бірақ көпшілік бұл көліктердің әр деталі үшін қаншама еңбек пен тер төгілгенін білмеуі мүмкін. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін шығарылған көліктердің бүгінге дейін жетіп, күркілдемей жүріп тұрғанының өзі қызық көрінуі мүмкін, әрине. Бұл көліктерді шығаратын зауыттың жұмысы тоқтағаннан кейін оның бөлшектерін шығаратын кәсіпорындардың да келмеске кеткені белгілі. Кейбір қажетті бөлшектерін интернет арқылы ресейлік мамандарға тапсырыс беріп жүріп әзер тапқанын айтады. Үкімет мүшелері мінетін, кезінде жанып тұрған мода болған ГАЗ-М-21И көлігі шебердің қолына бөлшек күйінде түсіпті. 1959 жылы шығарылған көлікті құрау да оңайға түспепті. Оны жаңғыртуға алты жыл уақытын сарп еткен. Сыртқы қорабын қолдан жасауға тура келген. Ал 1965 жылы шығарылған ГАЗ-М-21Р көлігін де қайта құрастырған. Өте сирек кездесетін түспен боялған көліктің бояуын табу да табанынан тоздырса керек. Соншама жыл тер төккен еңбектің де өтеуі бар, әрине. Енді соншама еңбектеніп, қаншама қаржы шығарған көліктері қайтарымын бере бастапты. Сенбектің ретрокөліктеріне «Қазақфильм» құда түсіп жатса керек. Бағзы заманғы киноларға түсіру үшін киностудия ретрокөліктерді жалға алмақ. Енді болашақта бұл көлікті сіздер отандық кинолардан көріп қалуларыңыз ғажап емес.
Гүлжан КӨШЕРОВА

Бетті дайындаған Шолпан ҚАРАЕВА, sholpp@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста