Алаштың КИНОиндустриясы
Кино бағын асырар бұрынғыдай ән қайда?..
Ежелден белгілі қағидаларға жүгінсек, музыканың кинодағы міндеті – сюжетке сай аура, ауан қалыптастыру.
Әр жанрдың өз стилі бар.
Арғы-бергі кино тарихына үңілсек, көптеген музыканттардың атақты фильмдерге саундтрек ретінде жазылған композициялары арқылы танымал болғанын байқаймыз. Тіпті балаларымыз күнделікті көз айырмай қарайтын шетелдік мультфильмдер мен жантүршіктірерлік триллерлер де құлақты жарардай, улаған-шулаған әуенімен жүйкемізді ширықтырып жатады. Музыкадағы тура құлағыңның түбіне тау құлағандай әсер ететін оқыс дыбыс алдағы көріністе қорқынышты бір жағдайдың болатынын аңғартса, төбелес, атыс-шабыс фильмдердегі адуынды, екпінді әуен басты кейіпкердің жеңіп, қарсыластарының жеңіліс табатынына меңзейді. Ал мелодрамалардағы баяу, жұмсақ, жылы әуен көңіл пернесін мейлінше дөп басып, көрермен сезімін сан-саққа жетелейді.
Басқа-басқа, бұл тұрғыдан алғанда, үнді кинолары ерекше өтімді. Мәселен, «Диско бишісі», «Биле, биле» фильмдеріндегі тартымды сюжетпен шебер үйлескен ойнақы, назды әуен, онымен астаса кеткен мағыналы әрі мұңлы мәтін картинаның көрерменге әсерін әлденеше есе арттырып тұрған жоқ па?! Тіпті көп жағдайда үнді фильмдерінің басты артықшылығы – ондағы ән мен бидің құдіретінде болып келеді. Қарасаң, көзің тояды, тыңдасаң, құлағыңның құрышы қанады. Бұған кино кадрларының бағасын арттырып тұрған тамаша табиғат көріністерін қосыңыз. Былайынша, актерлердің де, сценарийдің де алып бара жатқан түгі жоқ. Ал кино көрерменге ұнайды.
Жалпы, әлемге танымал кинорежиссерлердің әрқайсысының музыканы таңдауы, ықыласы әртүрлі. Көзіқарақты көрермен фильмдегі алғашқы әнді естіген бойда-ақ бұл кімнің жұмысы екендігін бірден түсінеді. Кино мамандарының пікірінше, фильмге музыка таңдау тұрғысынан алғанда, Тарантино, Кустурица тәрізді режиссерлердің шеберлігі ерекше. Сол себепті де олардың фильмдерінің саундтректері айрықша болып келеді. Оларды былай қоя тұрып, өзімізге етене жақын және таныс кеңестік дәуір киноларын алып қарайық. Мысалы, «Қорықпа, мен сенімен біргемін» фильміндегі Полад Бюль-Бюль оглы, «Қызметтестер хикаясындағы» Алиса Фрейндлих пен Андрей Мягков, «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен» картинасындағы Алла Пугачева, Сергей Никитин, Андрей Мягков пен Валентина Талызина орындаған әндер қандай еді!..
Өнерде шекара жоқ. Әлемдік кинематографқа тән бұл жайттан қазақ киносы да сырт қалған жоқ. Яғни фильмнің жекелеген кадрларына ортақ сипат беріп, белгілі бір көріністің әсерін музыка арқылы арттыруды қазақ кино шеберлері де ұмыт қалдырмады. Бұл ретте, әрине, «Қыз Жібектің» орны да, салмағы да бөлек. Мұндағы «Аққу» күйі мен «Гәкку» әні «Қыз Жібектің» лейтмотиві іспетті. Бұдан бөлек, сондағы «Ақылбайдың әні», «Шегенің әні» фильмнің сюжетіне шебер үйлескені соншалық, картинаның мән-маңызын еселеп арттыра түскен. Тіпті Сұлтан Қожықовтың теңдессіз туындысы «Қыз Жібектің» деңгейін көтеріп, бағасын асырып тұрған бір фактор – фильмнің композиторы Нұрғиса Тілендиевтің музыканы үйлестіріп қоя білген шеберлігінде жатыр ма деп те ойлайсың. Сол сияқты Шәкен Аймановтың «Тақиялы періштесіндегі» – «Мама», Шәріп Бейсенбаевтың «Гауһартасындағы» – «Гауһартас», Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожасындағы» – «Пионерлер әні», Серік Жармұхамедовтің «Өтелмеген парызындағы» – «Әдемі қыз», Амангелді Тәжібаевтың «Ақырғы аманатындағы» – «Сәби болғым келеді», Мұрат Омаровтың «Доланасындағы» – «Көк орамал», Едіге Болысбаевтың «Шаңырағындағы» «Дайдидау» әндерінің де аталған фильмдердің көрермен көңілінде мәңгілікке сақталып қалуына, сонымен бірге қазақ киносының алтын қорына енуіне өзіндік ықпал-үлесі болғаны даусыз.
Енді осы арада мынандай мәселе туады: кейінгі жылдары түсірілген қазақ киноларының қайсысында сюжеттің мәнін ашардай, әсерін арттырардай ән-әуен таңдауға мән берілді?.. Киноның бағасын аспандатқан немесе керісінше, әнді танымал еткен қандай фильм бар? Осы орайдағы бір шындық – кейінгі кезде біздің режиссерлеріміздің дені түсіретін фильмдерінің сценарийін де, музыкасын да өзі жазуды әдетке айналдырған сыңайлы. Бұрынғыдай білікті автормен, талантты композитормен бірлесіп жұмыс істеу, жан-жақты ойласу үрдісі қалып бара жатыр. Әйтпесе, жыл сайын қаншама дүние түсіріліп жатыр. Солай бола тұра, көрерменнің көзін тойдырып, жүрегінің қылын тап басардай, соның ішінде өзіміз жоғарыда сөз еткен талапқа жауап бере алатындай дүние еске түспей отыр. Мүмкін, бар шығар. Бірақ ерекше есте қалмауына қарағанда айдарынан жел есіп, топ жарып тұрғаны шамалы-ау... Меніңше, бұл – ойлануға тұрарлық нәрсе.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ
Асылхан мен «Сұңқардың» достығы суреттеледі
Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» картинасында басты рөлді сомдаған Асылхан Төлепов жаңа киноға түсуде. Ол бұған дейін «Ғашық жүрек-2» фильмі арқылы танылған режиссер Жасұлан Пошановтың адам мен жылқының арасындағы жақындықты суреттейтін «Сұңқар» киносында жылқының досы болып ойнайды. «Ер қанаты – тұлпар» дейтін қазақтың ерлері үшін жылқы малынан жақыны жоқ.
Tengrinews.kz. сайтының тілшісіне берген сұхбатында режиссер көпсериялы фильмінің түсірілімі осыдан он күн бұрын басталғанын, тамыз айының аяғына дейін түсіріп бітетінін айтқан. «Адассаң, атыңа сен» деген мәтел өмірдің өзінен алынған. Сол сынды Сұңқар атты тұлпары бас кейіпкердің әманда қасынан табылып, қиыншылықтардан құтқарады.
«Бұл тақырып біздің менталитетімізге жақын. Оқиға желісінде тәлім-тәрбиемізге қатысты оғаш нәрселер жоқ. Бұған дейін де адам мен жылқының арасындағы достық туралы бірқатар фильмдер түсірілген. Біз де өзімізше суреттегіміз келді», – деді режиссер өз сөзінде.
Фильмдегі басты кейіпкер Біржанның рөлін сомдайтын Асылханға атқа мінуде, түрлі трюктерді жасауда бұған дейінгі түскен «Жаужүрек мың бала» киносындағы жинаған тәжірибесі көп көмектесіпті. Ол осы картинада Бауыржан Қаптағаев, Ерлан Біләл, Ержан Жарылқасынов, Асхат Үрпеков сынды тәжірибелі актерлермен бірге жұмыс жасайды.
Режиссердің айтысына қарағанда, түсірілімде негізгі қиындықтар жануарлармен жұмыс істеуде туындап жатқан көрінеді.
Кино түсірушілер түсіру алаңына тұқымы әртүрлі 400-ге жуық жылқы малын жинаған екен. Жылқы жануарының тектілігін танытатын фильмді көрермендер күз айларының бірінде «Қазақстан» ұлттық арнасынан көре алады. Бұл кино режиссер Ақан Сатаевтың «Sataifilm» кинокомпаниясының өндірісінде түсіріліп жатқанын айта кеткеніміз жөн.
20 жылдағы үздік үш кино қайсы?
Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта бірқатар фильмдер түсіріліп, көрерменге жол тартты. Оның ішінде кәсіби режиссерлердің толымды туындылары да, әуесқой режиссерлердің ортаңқол дүниелері де бар. Талғамға талас жоқ. Кәсіби тұрғыда деңгейі төмен дүниелер халық арасында кеңінен тарап жатты. Ал осы фильм нағыз өнер туындысы болады деп күткен картиналар көңілден шықпаған кездер де болды. Біз осы орайда «Тәуелсіздік жылдарында түсірілген фильмдердің ішінен өзіңізге ұнаған үш картинаны атасаңыз? Олардың өзге кинолардан қандай артықшылығы бар?» деген сауалды ортаға салып едік.
Нұрлан ҚАБДАЙ, журналист:
– Тәуелсіздік жылдарында жарық көрген кинолардың ішіндегі шоқтығы биігі ең әуелі – «Біржан сал». Кейіпкерлердің мінез-кейпіне, іс-әрекетіне орай актерлер аса сәтті таңдалған. Сол замандағы қазақ өмірі, дәстүрі, тілі, сөйлеу мәнері жақсы берілген, сценарийі мен режиссурасы жеріне жеткен фильм.
Содан соң «Батыр баян» фильмі. Кино жасаудың заманауи мүмкіндіктеріне әлі де қол жете қоймаған, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары түсірілген дүние. Сөйте тұра, көркемдігі аса жоғары. Рухтық мазмұны терең. Әрі бас кейіпкердің шеберлігі, сол киноны көрген қазақ баласын қазақтың батыры тап Баяндай боларына сендірді.
Үшіншісі – «Жаужүрек мың бала». Балалар мен жасөспірімдерге арналған патриоттық фильм түсіру қазақ режиссерінің де қолынан келерін дәлелдеген алғашқы фильм.
Бақыт ТУШАЕВ, актер:
– Көңілімнен шықты демей-ақ қояйын. Салыстырмалы түрде айтсам, кәсіби тұрғыдан деңгейі жоғары фильмдер деп Рүстем Әбдіраштың «Құрақ көрпесін», Ақан Сатаевтың «Рэкетирін», Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмдерін айтар едім. Бұлардың ерекшелігі сол, киноның талаптары орындалған. Біз киноға ең бірінші өнер деп қарауымыз керек. Мен атаған фильмдер өнер деп айтуға келеді.
Ауыт МҰҚИБЕКҰЛЫ, ақын:
– Үш фильм деп айта алмаймын. Өзімді қатты толқытқан «Жаужүрек мың бала» болды. Менің көңілімді толқытып, әсерге бөлеген ерекшелігі киноның қанық ұлттық бояуы. «Жаужүрек мың бала» прокатқа шығысымен ұлттық рухта толқу пайда болды. Қазақ жастары өзін қайта бір тани бастады. Демек, ұлттық нақыш салтанат құрған жерде өнер мәңгілік болмақ!
Жандос БАЙДІЛДӘ, журналист:
– Тәуелсіздік алғалы бері бірнеше кино түсірілді. Соның ішінде іліп аларлығы шамалы ғана. Мәселен, ұлтымыздың ең беткеұстары саналатын Абай туралы фильм қайта түсіруді қажет етеді. Еркін Рақышевтің фильмдерінің сапасы қаншалықты екендігін халық біледі.
Бізде жекелеген режиссерлеріміздің жақсы түсірілген фильмдері бар. Сол қатарға жас та болса, біраз іс тындырып жүрген Рүстем Әбдіраш пен Ақан Сатаевты қосуға болады. Сатаев қазақ фильмдеріне жаңашылдық алып келсе, Рүстем Әбдіраш дәстүрді бұзбай, халықтың көңілінен шығатын фильмдер түсіріп жүр. Жеке өз басыма үш фильмнің қатарына «Сталинге сыйлық» (Р.Әбдірәш), «Адасқандар» (А.Сатаев) және «Біржан сал» (Д.Жолжақсынов) ұнайды.
Саламат ОМАШ, тележурналист:
– Көңілімнен шыққан үш фильмнің артықшылығы мына кемшіліктерден көрінер. «Мен өзіме қызық фильмді ғана түсіремін», – депті Жанна Исабаева деген кісі. Оған қызық «Қарой», «Теряя невинность в Алматы» деген киноларды қарап отырып қаның қараяды. Әдепсіз, анайы, ұлттық тәрбиеге қарсы түсірілген фильмдер. Түсіріп қана қоймай, бүкіл халыққа жария етіп, кинотеатрлардан көрсетеді. Бұл – барып тұрған бассыздық.
Нағима Есқалиева немере сүйетін жаста бозбаланың артынан жүгіріп жүр. Мен бұл жерде «Қайрат чемпион» деген киноны айтып отырмын. Мейрамбектің арқасында Баян ханым жақсы табысқа жетті. Есентаеваның «Ғашық жүрегі» халықтың көңілінен шықты. Бірақ оның киносы тіпті өнер туындысынан да алшақ, коммерциялық бағытта түсірілген. Ал көңілден шыққан үш туындыны атасақ:
1.«Жаужүрек мың бала» патриоттық рухты көтереді.
2.«Шал» – нағыз өнер туындысы.
3.«Біржан салдан» қазақтың иісі аңқып тұрады.
Қарлыға ИБРАГИМОВА, журналист:
– Менің жеке пікірім: тарихи кинолардан «Жаужүрек мың бала» жақсы фильмдердің қатарында. Сценарийіндегі бірді-екілі кемшіліктерді айтпағанда, отаншылдықты дәріптейтін, рухымызды тіктейтін фильм. Бірақ «Жаужүрек мың баланың» да олқы тұстары көп. Ол туралы кезінде БАҚ-та айтылды да. Фильмнің жарнамасын жасағанда журналистер асыра мақтап жіберген сияқтымыз. Патриоттық туынды болған соң жақсы жарнама идеологиямыз үшін де қажет болды. Сондықтан «Мың баланың» даңқынан дақпырты асып кетті.
Талғат Теменовтің «Менің күнәлі періштем» фильмін бүгінгі заманның шындығын, жастардың бейнесін көрсеткен сәтті картина деуге болады. Махаббат туралы мелодрамаларды Теменовтің жақсы түсіретінін бәрібір мойындауымыз керек. Бұл фильмді өз басым «Махаббат станциясынан» кейінгі экрандағы махаббат тақырыбындағы сәтті туынды санаймын. Ермек Тұрсыновтың «Шал» кинокартинасы қазақ кинематографиясындағы соны, жаңа туынды дер едім. Тұрсыновтың көзқарасын, ой-пікірін қанша сынасақ та, ол – жаңашыл адам. Қазақ кинематографиясында қолтаңбасы қалатын екі адам болса, соның бірі – Тұрсынов.
Дегенмен бұл аталған фильмдердің барлығы бір рет қана көретін туынды сияқты. Өйткені экранда қанша рет қайталап берсе де, қайта көруге құлық жоқ. «Жаужүрек мың баланы» да ұлттық идеология, патриотизм үшін ғана атын дабырайтып мақтағандай көрінеміз. Қазақтың бүгінгі өсіп келе жатқан жастары үшін бұл фильмге «шаң жуытқымыз» келмейді...
Мен үшін кино ғажайып сиқыр сияқты...
Белгілі актриса, тележүргізуші, мұның сыртында қазақ кино өнеріндегі ең сұлу актрисалардың бірі Гүлнара Досматова «Бандыны қуған Хамит» фильміндегі Әйгерім рөлін өзінің өнердегі төлқұжаты санайды және осы өнерге келуіне себепкер болған Абдолла Қарсақбаевты «кинодағы өкіл әкем» деп есептейді.
Гүлнара ДОСМАТОВА, актриса, тележүргізуші:
Айтса-айтқандай-ақ, Абдолла аға жалғыз Гүлнараның ғана емес, бүгінде кеңінен танымал болған Нұржұман Ықтымбаев, Досхан Жолжақсынов, Болат Қалымбетов, Нұрлан Санжар, қырғызстандық белгілі актер Әшірбек Шоқыбаев сынды көптеген таланттардың жұлдызын жақты. Гүлнара Досматова сол фильмде Әйгерім қызды кейіптеу арқылы 12 жасында-ақ болашағын кино өнерімен байланыстырып үлгерді. Осы фильмнің түсірілуі барысындағы қызықты жайттарды Досхан Жолжақсынов: «Ол Гүлнардың 7 сыныпта оқитын кезі болатын. Құшақтап, өзіме қарай тартсам, ұялып, жылайтын. Әбекең былай шығарып алып: «Сен өзі еркексің бе? Қыссай былай... Үйретпейсің бе? Мен экранда екеуіңнің сезіміңді көрсетуім керек қой» деп қайрап-қайрап қоятын», – деп еске алса, Гүлнараның өзі: «Менің кейіпкерімнің қалай күліп, қалай секіруі керектігін көрсете отырып, Абдолла ағаның өзі құдды 12 жастағы қызға айналып кеткендей болатын. Қазіргідей емес, ол кезде жасөспірім қыздың үлкен жігітке сезімін көрсетуі «жабық тақырып» саналатын. Бірақ Абдолла аға өз дегенінде тұрды. Оның үстіне, Әйгерімде әдеттегідей бұрым болған жоқ, шашы жайылған, тек екі шетінің бірнеше жерінен ғана өрілген болды. Мұның өзі де батыл шешім еді, өйткені қазақ қыздары олай жүрмеген ғой. Алайда Абдолла аға өз кейіпкерінің әдеттегіден тыс, ерекше болғанын қалады. Сөйтіп, мен алғашқы махаббат сезімін ең бірінші рет өмірде емес, кинода бастан кешірдім», – дейді ағынан жарылып.
Жалпы, «Бандыны қуған Хамитке» дейін «киноға түсем», «актриса болам» деген нәрсе Гүлнараның ойына кіріп-шықты ма десеңізші! Қатарлас құрбы-құрдастарымен бірге жазғы демалыс лагерінде алаңсыз демалып жатқан. Бастапқыда Әйгерім рөліне 20 жастағы қызды іздестірген Абдолла аға Гүлнараны көреді де, оны бірден осы бейнеге сәйкес деп тауып, рөлді сеніп тапсырады. Фильм Шонжыда түсірілгендіктен, Гүлнараның сабақты біраз уақыт сондағы мектепте оқуына тура келеді де, тек кино біткен соң ғана өз мектебіне оралады. Бұл жайтты Гүлнара: «Киноға түсуіме байланысты мектепке мені сабақтан босату туралы хаттар жиі келетін. Ал сабақтан кейін мені арнайы көлікпен алып кететін. Әрине, сыныптастарымның ішінде қызғанғандары да болған шығар. Мұғалімдерімнің өзі екі түрлі пікірде болды. Кейбірі жетістігіме қуанып, қолдау көрсетсе, екіншілері, керісінше, «одан да сабағыңды оқымайсың ба?!» деп, жақтырмайтын. Бірақ осының бәріне қарамастан, мектепті Алтын медальға бітірдім», – деп әңгімелейді. Ал ата-анасы жасөспірім қыздарының үлкен өнердегі алғашқы жетістіктеріне, әрине, жүрегі жарыла қуанады. Тіпті бірінші түскен фильміне еңбекақысын алған кезде анасы: «Қызым, сені киноға түсіргендері үшін осы ақшаны олардың өздеріне төлейтін едім ғой!» – деген көрінеді. «Бір қызығы, – дейді Гүлнара, – өз әкем мен кинодағы әкемнің есімдері бірдей. Содан да болар, Абдолла ағамен тез тіл табысып кеттік. Кейбір түсірілімдерге кешкі сағат 6-да алып кетіп, үйге таңғы сағат 6-да бір-ақ әкеліп тастайтын. Әрине, мұндай жұмыс кестесін анам ұната қойған жоқ. Бірақ мен жұмысымды да қимай, сабақты да ойлап, жақсы оқуға тырысатынмын. Әйтеуір ата-анам болашақтағы кәсібімнің осы болатынын сезгендіктен де, бәріне түсіністікпен қарады».
Осылайша кино өмірінің мәніне, мағынасына айналған Гүлнара оған біржола бет бұрады. Өзінің сөзіне жүгінсек, өмірін киносыз елестете алмайтын ол фильм түсіріліп біткен бойда көңілсіздене бастайды. Сөйтіп, келесі фильмге түскенше асығады. Себебі кино ол үшін ғажайып бір сиқыр сияқты. Түскен үстіне түсе бергісі келеді. Ал, шындығында, «Бандыны қуған Хамиттен» кейін қаншама фильмге қатысты, қаншама бейнені сомдады! «Өнердегі басты рөлім әлі алда шығар» деп үміттенетін талантты актриса, жалпы, драматизм жағынан алғанда, бәрібір Әйгерім рөлін жоғары қояды. «Әйгерім – мен үшін шоқтығы биік кейіпкер, өнердегі алғашқы баспалдағым. Тұңғыш тәжірибе, түсірілу алаңының иісі, әртістік өмірдің, әртістік кәсіптің қыр-сырымен танысу, бәрі содан басталды» деп біледі...
Құралай ҚОҢЫР
Бетті дайындаған Өркениет бөлімі