Алаштың КИНОиндустриясы
Шығыны аз фильм немесе Жақсы деген немене, жаман деген немене?..
Кино десе, қазір, шыны керек, көз алдымызға сықырлаған көп ақша елестейді. Алдымен шығын, яғни кино жасау үшін қанша ақша керектігін ойлаймыз, сосын отыра қалып одан түскен пайданы есептейміз. Біреу өліп-тіріліп кино түсіріп, енді ол жайлы әсерін білейін деп аузына қарай берсе болғаны, елдің ең бірінші сұрағы – «Бұл фильмнің бюджеті қандай?» болады. Өтірік деңізші? Бұрын ғой, адамдар киноның тек бергі жағындағы романтика, тәтті қиял, әдемі өмірмен қанағаттанатын. Ал қазір керісінше... көрерменге кино емес, оның арғы жағы қызық. Әгәрәки, режиссердің аузынан айтарлықтай қомақты қаржы туралы сөз шықса, демек, ол мықты кино, біздіңше. Алайда, расымен, солай ма?
Шығыны аз фильм...
дегенді естуіңіз бар ма? Көргеніңіз ше? Әрине, естіп те, көріп те жүрсіз. Бірақ қазақшалағанға қарап, «ол не өзі?» деп түсінбей тұрған шығарсыз? «Малобюджетный фильм», яғни жалпақ тілмен айтқанда, бұл – «арық сөйлеп, семіз шыққан» кинолар ғой. Олай болса, осыған қандай мысал келтіруге болады? Расында, аз шығын жұмсап та, әлемді аузына қаратқан, тіпті кино өнерінің классикасына айналған туындылар бар ма өзі? Әлде бәрібір кино деген – қаржы, яғни шығыны көбейген сайын, ол да көріктене, көркемдене бере ме? Қазір қит етсе, «кассалы фильм» деп шыға келеміз. Осы «кассалы» деп отырғанымыз жақсы кино дегеннің баламасы бола ала ма? Әлде ол міндетті түрде барынша көп шығын жұмсап, атақты актерлерді көндіріп, брендтердің бәсекесі қайнап жатқан дүние ме?
Саясат Қабдрахманов, журналист:
– Егер киноны жеке адамдар өз қаржысына, hәм өз ләззатына түсірсе, және онысы байқауда бағаланса, жақсы кино деген – сол. Сондай-ақ кино жасаушының өз қаржысына коммерциялық фильм түсіріп, онысы прокатта жақсы табысқа ие болса да жақсы кино деп айта аламыз. Мейлі, мемлекеттің қаржысына түсіріліп, мемлекеттік идеологияға қызмет қылса да жақсы фильм. Ал енді мемлекеттің қаржысына режиссердің өз қиялымен, ләззатымен түсіріліп, онысы байқауда және прокатта табысқа жетсе және ол мемлекеттік идеологияға қызмет қылса – шедевр! Ал біздің отандық туындыларға осы өлшем тұрғысынан сараптама жасап көрейікші. Идеологиясы жақсы болғанымен, бір көруден аспайтын «Жау жүрек мың бала», мемлекеттің ақшасына өз идеясын тықпалаған «Келін», сапасы сын көтермейтін «Жаралы жүрек» – қайсысын алсақ та, біз жоғарыда айтқан талаптың тырнағына да татымайды. Біздің режиссерлердің көбінің баспасөзге берген сұхбаттарын сараптай келе, бәріне ортақ «халық түсінбесе қойсын, әлемдік қауымдастық мойындайды» деген бір мүдде көрем. Сондықтан мен үшін қазақ киносының шедеврі иесі өлген, кейінгісі уақытын күтіп жатыр.
Елзат Ескендір:
– Жалпы, аз ғана шығын жұмсаса да, жақсы туынды жасауға болады, тіпті нағыз фильм деген сол дер едім. Әлемдік кинематографияда бұған мыңдаған мысалдар табылады, бірақ мен бір ғана есімді ерекше атап өткім келеді. Ол – ресейлік кинорежиссер Андрей Звягинцев. Бұл бір өзі «Возвращение» (2003), «Изгнание» (2007), «Елена» (2011) сынды бір емес, бірнеше шедеврдің авторы. Шедевр дейтінім – аталған фильмдердің бәрі де әлемдік А класты фестивалінің жүлдегерлері. Негізі, әлемдік кинематографияда нағыз мықты туынды мен жай дүниені ажыратып беретін бір нәрсе болса, ол – осы «А» класты кинофестивальдер. Ал оған «Канн», «Венеция», «Берлин» кинофестивальдері жатады. Айтайын дегенім, А.Звягинцев үшін актер есімі бренд болуы аса маңызды емес. Ол, ең бастысы – актердің зор талантқа ие әрі көпке танылмаған бет-бейне болуына баса назар аударады. Себебі, шын мәнінде, танымал емес, керісінше, әлі ешкім тани қоймаған актер ғана көрерменді сендірудің үлгісі бола алады. Назар аударатын ендігі дүние – режиссер өзінің алғашқы туындысы «Возвращение» фильмін бар-жоғы 400 000 долларға ғана түсіріпті. Бұл – кино өндірісі үшін ең төменгі бюджет. Ал сол фильм «Золотой лев» жүлдесін иеленген соң әлемнің 76 еліне сатылды. Тіпті отандық өнімдерінен басқа дүниелерді қабылдай бермейтін Қытай мен Иран елі де туындыны өз экрандарына шығарған. Ал түсірген табыс 8 000 000 доллар. Яғни киноға кеткен шығыннан 20 есе үлкен табыс!
Қорыта айтқанда, әлемдік фестивальдің берген бағасы фильмнің әлемдік экранға шығуына тікелей жол ашады. Сондықтан қазақ көрермені әлемдік кинофестивальдер жайында сауаттануы тиіс. Әйтпесе, біз өз бойымыздағы фобиядан ешқашан арыла алмаймыз.
«Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім...»
Қарапайым айтсақ, қай заманда болсын, сауда заңы біреу ғана – арзан алып, қымбат сату немесе аз жұмсап, көп табыс табу. Ал бүгінгідей нарық заманында ішкен ас, киер киіміміз ғана емес, бәрі-бәрі ақшамен келетін болғандықтан, одан көрер киномыз да қалыс қалмасы анық. Бұл жағынан алғанда, біз ұтылыс жағында екенімізді ашып айтуымыз – шарт. Олай дейтінім, бізде импорттың дәурені жүріп тұрғаны өтірік емес: шетелден үздіксіз фильмдерді тасып жатырмыз, тасып жатырмыз, әсіресе кәріс пен түріктің кинематографиясын асырап отырған қазақтар шығар. Ал «келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім...» деп ақын Сара айтпақшы, экспортқа келгенде... Экспорт түгіл, біз өзімізді фильмдермен қамтамасыз ете алмай жатыр емеспіз бе? Соның бір себебі осы қаржыда, дәлірек айтсақ, біз бар ақшаны дұрыс меңгере алмай, 10 тіпті 100 кино түсіруге болатын ақшаға бір ғана фильм түсіріп, онда да ол сол кеткен шығынына арзымай жатқаны – ащы да болса шындық. Себебі біз кинематография ғана емес, жалпы, сауданың қарапайым ғана, жоғарыда айтқандай, заңдылығын, яғни неғұрлым аз жұмсап, көбірек пайда табуды түсіне алмай жүргендейміз. Саудагерге бір қой беріп, бір айна алатын кезден өттік пе десек?.. Кинематографияда... Қысқасы, қазақтың арық сөйлеп, семіз шығу заңдылығын меңгерсек етті, яғни шағын шығынды фильм өндірісін дамытсақ. Бәлкім, қазір бір есім айтсақ, «өй» дерсіз, бірақ Еркін Рақыш құрлы жоқпыз ба, өте аз шығарып, еселеп қайтарып алған? Мәселе тап сондай сападағы дүние жасауда емес, тап сол кісінің «аз қаржыға фильм түсіруге болатын» тәжірибесін ескеруде.
Тоқсан сөздің түйіні...
Қазір қиялы жеткенге әлемді төңкеріп тастауға болатын заман. Себебі камералардың жетілгені соншалық, тіпті кино түсіруге болатын да фотоаппараттар шығып үлгерді. Бірақ екінші бір жағы да бар, кино деген «қолға камераны алдың да, түсіре салдың, бітті» емес қой? Мәселе, сценарий, реквизит, нағыз образға сәйкес актер табу, жарық, монтаж тағысын тағы, қысқасы, киноның бар кілтипаны да ұйымдастыра білуде жатыр емес пе? Жалпақ тілмен айтқанда, ұн, су, тұз – осы үшеуі қамырдың негізі, алайда ол қамырдан бауырсақ жасай ма, жоқ нан пісіре ме, әлде торт па, бәліш пе, болмаса илей алмай, қамырды ары тартып, бері тартып, ақыры жуындыға тастай ма, аспазына байланысты ғой.
«Олардың» махаббатын күзде көреміз
Биылғы жылы күзде әуесқой режиссер Сәкен Жолдастың «Он и она» романтикалық комедиясы жарық көрмек. Фильмнің түсіру тобы монтаждау, дыбыстау жұмыстарының барлығын бітіргеннен кейін қыркүйек, қазан айларының бірінде тұсауын кесеміз деп жоспарлап отыр.
Сәкен Жолдас – бұған дейін әлеуметтік роликтер түсірумен танылған режиссер. Бұл фильм – оның киноөнеріне жасаған алғашқы қадамы. Ол тырнақалды туындысында қазіргі заманғы қаладағы махаббат оқиғасын суреттейді. Сюжетте қарапайым күн кешіп жатқан алматылық студент армандаған қызына мүлдем ұқсамайтын сұлуға ғашық болып қалады. Сол арқылы бүгінгі жастардың өмірге деген көзқарасын, психологиясын суреттеуді алдына мақсат етіп қойған. Тәуелсіздік жылдарында бұған дейін де бірқатар комедиялық фильмдер түсірілген. Бірақ олардың көбісі көрермен тарапынан жоғары бағалана алмады. «Олардың» арасындағы махаббат қай деңгейде түсіріледі, көрерменге шынайы күлкі сыйлай ала ма?» деген сұрақтардың жауабын қоңыр күзде алатын боламыз.
Заңғар ШЕГЕБАЙ
«А-ға» оралу» DVD нұсқада жарық көрді
«А-ға» оралу» – Қазақстандық киноөнерде 3D форматында экранға шыққан тұңғыш кинокартина. Еліміздің кинотеатрларында табысты жүрген бұл фильм жақын күндері DVD басылыммен жарық көрді.
Егор Кончаловкий түсірген бұл фильмнің премьерасы 2011 жылдың күзінде, 7-нші «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің ашылуында өткен еді. Арада екі жылдай уақыт өтсе де, бұл фильмді қазақстандық көрермендер толық көріп үлгерді деп айта алмаймыз.
Кинода деректі фильм түсіру үшін Алматыдан Ауғанстанға жол тартқан Ресей және Қазақстанның телевизия қызметкерлерінің бастан кешкен оқиғасы суреттеледі. Картинада жауынгер-интернационалист, Ауғанстан майданындағы ұрыс кезінде аяғынан айырылған Марат Аюмов журналистерді қорғау мақсатында олармен бірге жүреді. Жүргізушінің қателігінен түсіру тобы басқа жерге барып, қарапайым жұмыс сапары қауіпті оқиғаға айналады. Осындай қарапайым сюжет арқылы өріс алатын фильмді ел көрермендері алдағы уақытта DVD нұсқасында көре алады. DVD басылымда кинотуындының өзінен бөлек, «Фильм туралы фильм» де бар. Лицензиялық дискіні арнаулы дүкендер желісінен сатып алуға болады.
Кеше бала ең...
«Бір тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ» – бұл өмірдің заңы. Яғни, ата-ана, бауыр, дос-жаран, кіммен болсаң, өмірдің белгілі бір кезеңін бірге өткізгенімізбен, әйтеуір бір ажырауға тура келеді. Кейде тіпті сол айырылысу мәңгілік көз жазып қалуға да соқтыруы ғажап емес. Сол секілді бір көрініп, жоқ болған кино кейіпкерлері де бар. Алайда оның сол бір жылт еткен бейнесінің өзі көрермен көз алдында мәңгілік шоқ болып басылып, әрдайым «сол бейне қайда жүр өзі?» деген сауал тудырады.
«Жасай берсін, Жұмағұл!» немесе бейкүнә Дәулет қайда?
Жұмағұлдың жайлаудағы үйін жалғыз күзетіп қалған кіп-кішкентай Дәулет бейнесі бір сәттік эпизод болса да, көрермен санасында мәңгілік қалып қойғаны анық. «Баукеспе» Сұлтан мен Қожа оңаша отауда сайрандап, әлі әліпті таяқ деп танымайтын Дәулеттің қолынан тиын-тебенге етін жеп, қымызын ішіп, қала берді, әкесінің елтірісін олжа қылып кетуші еді ғой. Сол Дәулет шын өмірде кім? Қазір қайда?
Юнус ШАМСУЕВ, спортшыларды емдейтін дәрігер, «Менің атым Қожадағы» Дәулет:
– Дәулетті ойнағанда мен жеті жаста едім. Тым кішкентай болған соң ба, сол бір жұлдызды сәттердің дәмін аса сезіне қойған жоқпын. «Менің атым Қожадан» соң тағы бірнеше киноға шақырды. Бірақ ата-анам киноға түсуіме үзілді-кесілді қарсы болды. Сондықтан менің тағдырыма киноның ықпалы болған жоқ.
Мектеп бітірген соң Алматы медицина институтына түскен болатынмын. Қазір шетелде арнайы мамандандырылған дәрігермін. Қазақстанға жылына екі-үш рет келіп тұрамын. «Менің атым Қожадағы» «балалардан» тек Нұрлан Санжармен ғана хабарласып тұрамын.
Қасқырды қызғыштай қорыған қос кейіпкер
Әдетте біздің санамызда қасқыр – жауыз. Жыртқыш атаулыдан, тіпті арыстан мен жолбарысты да қолға үйретуге болады, бірақ түбі орманға қарап ұлып тұратын жалғыз қасқыр болса керек... М.Әуезовтің «Көксерегінде» біз оған шын көз жеткіздік. Бөлтірігінен асырап, айырылмас досқа айналғандай көрінген Көксеректің Құрмашты талап тастағаны есіңізде болар? Сол фильмде ойнаған кішкентай актер Қамбар Уәлиевтің санасындағы сол шошыну үлкейген кезінде де қалып қойса керек. «Көксеректен» түскен жарадан жанын арашалай алмаған күйі қайран Қамбар Уәлиев дүниеден өтті де кетті. Ал осыған қарама-қайшы құбылысты, яғни араларына тап болған бейкүнә бөлтіріктің қыр соңына түсіп жүріп, ақыры өлтіріп тынғанын біз режиссер Т.Теменовтің «Адамдар арасындағы» бөлтірігінде тамашаладық. Сондағы бөлтіріктің жалғыз «жанашыры» Самат қайда? Жалпы, Самат рөлінде ойнаған кім еді? Ол кішкентай актер Айқын Халықов еді. «Соловьевтің студенті Т.Теменов ауыл-ауылды аралап жүріп көз тоқтатқан осы балаға «Киноға түсесің бе?», – дегенде: «Түсемін!», – деп саңқ ете қалыпты. Ол Теменовтің, Теменов оның бағын ашты. Қазір де Айқын несібесін кинодан теріп жүр», – дейді ол жайлы зерттеп жазған журналист Әсия Бағдәулетқызы.
Алпамыс қайда жүр?
Ермек ТӨЛЕПБАЕВ, «Алпамыс мектепке барады» фильміндегі Алпамыс:
– «Алпамыста» мен өзімді ойнадым. Себебі ол киноға түскенде өзім де мектепке баруға дайындалып жүргенмін. Бір қызығы, мен одан кейін де Т.Ыбыраевтың – «Ақ автомобиль», 1979 жылы Виктор Пұсырмановтың – «Серебряный рог Алатау», 1980 жылы Серік Райбаевтың – «Әнші аралдың құпиясы», 1983 жылы Серік Жармұхамедовтің «Өтелмеген парызы» секілді біраз киноларға түстім. Бірақ елдің есінде «Алпамыс» боп қалдым.
Кейін кинодан қол үзіп кеттім. Жеке кәсіпкермін. «Мені ешкім іздемейтін шығар» деп жүрсем, таяуда ресейлік ақпарат агенттіктерінің бірі мені, яғни Алпамысты Қазақстандағы ең сүйкімді актерлердің қатарына қосып қойыпты.
Бетті дайындаған Мәриям ӘБСАТТАР