Алаштың КИНОиндустриясы
Кішкентай көрерменнің үлкен қасіреті
Өмірді ұзартудың бір-ақ жолы бар, ол – ұрпақ өрбіту. Әрине, балақтан бала саулату, Мақаш ағамызша айтқанда, «бэби бумның» жөні бөлек. Алайда атам қазақ қашаннан: «Е, Құдайым, бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең, ала бер», – дейтін халық. Біздің сөз еткіміз келіп тұрғаны да – осы мәселе. Байқайсыз ба, бүгінде «бауыр етіміз, көз нұрымыздың» жанарында ауыр мұң тұр... Ол не мұң?
Осы бізде коммерциялық кино, авторлық кино деп фильм түсіріп жатқандар жетерлік, алайда соның ілеуде біреуі ғана кішкентай көрерменге лайықталып түсірілсе түсірілді, болмаса, ол да жоқ. Есесіне, бүлдіршін санасына жат фильмдер легі жылдан-жылға өршелене ену үстінде. Соның кесірінен балалар қазір жастайынан қағынып, кейбірі тіпті туған әке-шешесі таңғаларлықтай қылықтар танытады. Төменгі сынып оқушыларының арасында бүгінде сыныптағы балаға (олар үшін жігіт қой) таласып, бір-бірінің шашын жұлған қыздардың ісін неден, кімнен көреміз? Теледидардан көргені де. Бала да – бір, әлі ештеңе егілмей жатқан тың жер де – бір. Не ексең, соны орасың. Біз бүгін баланың тың санасына не егіп жатырмыз? Алдымен кешегі тарихқа үңілсек...
Кеше...
...қазақтың көркемсуретті балалар киносының негізін қалаушы – А. Қарсақбаев. «Менің атым Қожа» фильмінің басты ерекшелігі, Қожаның ішкі жан-дүниесі ұлттық мінез-құлықпен ұштасып жатты. Абдолла Қарсақбаев үрдісі Қ.Қасымбековтің «Шоқ пен Шер» (1972), Т.Теменовтың «Қайдасың, Чапай» (1984), «Торо» (1987) фильмдерінде жалғасын тапты. «Жаңа толқын» бағыты бастамасының нышаны Қ.Салықовтың «Балкон» (1988) фильмінен бастау алды. Г. Әбікееваның тұжырымы бойынша, Олжас Сүлейменовтің поэмасы негізінде түсірілген режиссер Қалыбек Салықовтың «Балкон» фильмінде жаңа кейіпкер пайда болды. 50-60-шы жылдар аралығындағы «жылымық» кезеңнің рухы өте жақсы берілген фильм оқиғасы – Алматының сол жылдары «Бродвей» деп аталатын орталығында өтеді. Бас кейіпкер Айдар – бір жағынан жетім, сталиндік репрессияның куәгері, ал екінші жағынан – қоршаған орта мен уақыт өзгеріске ұшыратқан бейне.
«Айналайын» (реж. Б.Қалымбетов) фильмінде Қазақстандағы атомдық сынақтардың қасіретінен жапа шеккен, бір-біріне ғашық екі жас жеткіншектің тағдыры суреттелсе, «Адамдар арасындағы бөлтірік» (реж. Т. Теменов) кішкентай адамның рухының «биіктігі» туралы көпшілікке беймәлім «аралды» ашып берді. Шешесі бақыт іздеп үлкен қалаға кеткен, әже қолында тәрбиеленген Самат бөтеннің көкейіндегіні көзінен танитын сезімтал, алған бетінен қайтпайтын өршіл де қайсар болғанмен, жан дүниесінің тұңғиығында жалғыздықтан жапа шегеді. Режиссер баланың ішкі жан дүниесі мен қоршаған ортаны бөлтірік арқылы керемет үндестіре білген. Бөлтірік те – бір, бала да – бір.
Бүгін...
2000 жылдан бастап күні бүгінге дейін бала бейнелері бар бірнеше фильмдер түсіріліпті. Олар – Ә.Қарақұловтың «Жылама» (2001), С.Нарымбетовтың «Қызжылаған» (2002), Р.Әбдірашевтің «Қаладан келген қыз» (2004), «Сталинге сыйлық» (2008), Д.Манабайдың «Қазақи оқиға» (2006) фильмдері. Осы ретте жалғыздықта өмір кешіп жатқан әке мен бала арасындағы достық байланысы қазақ киносында алғаш рет көрсеткен Д.Саламаттың «Әкем екеуміз» (2008) фильмі болса керек.
Балалар киносының ең соңғы, әлі сиясы кеппеген туындыларына Е.Нұрмұхамбетовтің экшн жанрындағы кинохикаясы «Аңшы баланы» (сценарий авторлары С.Елубай, Е.Нұрмұхамбетов, Б.Елубаев), Ә.Сүлеева мен А.Райбаевтың фантастикалық жанрдағы «Жеңіс жебесі» фильмін, сондай-ақ заманауи технологияның мүмкіншілігімен ұштасып, қазақ киносында тұңғыш рет фэнтэзи жанрында балаларға арналған А.Ибраевтың «Аңыз кітабы, құпиялы орман» (сценарий авторы А.Ибраев) фильмдерін жатқызуға болады.
Байқағанымыздай, бізде кішкентай көрерменге арнап түсірілген туындылар бар. Аз, бірақ бар ғой. Мәселе, осы бардың өз көрерменіне жетпей тұрғандығында болып тұр ғой. «Ақ көйлегім бар дейсің, оны неге кимейсің?» деген ән бар еді ғой. Сол айтылғандай, жоғарыда аталған фильмдер де бір, баяғы әжелердің қит етсе, «тойға кием» деп сақтап қоятын біркиер киімі де бір. Қайта біркиер бақыттырақ. Себебі қазақта той көп қой. Ал біздің бұл фильмдеріміз жылына екі, әрі кеткенде үш-төрт рет қана арналардан көрсетілсе жақсы, болмаса, ол да жоқ. Есесіне, батыстың шалажансар аударма фильмдері күн сайын эфирді берер емес. Жә, бәлкім, бүгін нарық заманы дерсіз, ол заманның талабы бойынша кино тауар шығар. Дәл қазір бізге өзіміз түсірген киноларды көрсеткеннен батыстық фильмдерді сатып алып, аударып берген әлдеқайда арзанырақ түсетін шығар. Бірақ ақшадан да қымбат нәрселер болады емес пе? Бала санасы сондай бір баға жетпес құндылығымыз емей, немене? Ал біз...
Адам түгіл, баласына жануардың жалаң бұтын көрсетпеген жұрт...
«Ұлы сөзде ұяттық жоқ», «Ұмай анамыздың» жүрісі анау: басқа емес, балаларға арналған арнаның төрінде төсі тостағандай, етегі белден екі-ақ елі төмен болып. Әлде балаларға арнап телесериал түсіріп бердік қой деп «Санжар мен Қайсарды» айтасыз ба?.. Мәселе, сіз оның кішкентай көрерменге берер тәрбиелік мәні не, соған үңіліп көрдіңіз бе? Таңнан қара кешке дейін бірімен-бірі қырқысып, аузына келгенді айтатын бұл екі баланы өз басым балаға үлгі етерлік кейіпкер дей алмас едім. Бұдан басқа, батыстың аударма фильмдері мен анимацияларына өзіңіз бір сәт көз тастап көріңізші, «балам үйде, теледидар қарап, тыныш отыр» деп қоя салмай. Бала санасына жат небір қылықтарға куә боларыңыз анық. «Ұят дегенді өлімнен артық санайтын халықпыз» дегенде бәледейміз, бірақ фин жұртының ар-ұяты мықты екен. Финляндияда Дональд Дак атты үйрек басты кейіпкері болып табылатын анимацияны көрсетуге қатаң тыйым салыныпты. Неге деңізші? Сондағысы әлгі үйректің бұтына шалбар кимейтіндігі үшін. Қандай өнегелі іс?!. Көзін тырнап ашқаннан жалаңбұт жануар көріп өскен баланың беті ашылып, бірте-бірте тіпті адамды жалаңаш көрсе де селт етпейтіндей еті үйреніп кетпесін деген идеология. Респект! Ал Мысырда бюджеттік қаржы тек қана балаларға арналған фильмдер мен деректі фильмдерге бөлінеді екен. Бұл не деген сөз? Себебі деректі фильм бір елдің өткен тарихы болса, балаларға арналған фильм – нағыз келешек ұрпақты тәрбиелейтін құрал.
• Финляндияда Дональд Дак атты үйрек басты кейіпкері болып табылатын анимацияны көрсетуге қатаң тыйым салыныпты. Неге деңізші? Сондағысы әлгі үйректің бұтына шалбар кимейтіндігі үшін. Респект!
• Мысырда бюджеттік қаржы тек қана балаларға арналған фильмдер мен деректі фильмдерге бөлінеді екен. Бұл не деген сөз? Себебі деректі фильм бір елдің тарихы болса, балаларға арналған фильм – нағыз келешек ұрпақты тәрбиелейтін құрал.
Дауысқа салсақ...
Бүгінгі киногерлер жаңа заман талабына сай сапалы әрі қызықты балалар фильмін түсіреді деп сенім арта аласыз ба?
1. Иә – 40 %
2. Батыстық киноларға жету қайда?!. – 5%
3. Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаевтармен бірге балалар фильмінің де «базары» тарқады – (55%).
Қысқасы...
Олай болса, біз де үйдегі кішкентай көрерменіміздің қамын ойлайықшы. Біздің елімізде кино саласы дамудың даңғыл жолына түсу үшін, ең бірінші кино туралы арнайы заң керек. Не үшін? Ұлттық келбетімізді көрсететін ұлттық киноларды көптеп жарыққа шығару үшін, сонымен қатар, осы уақытқа дейін түсірілген туындыларды сараптау үшін. Және де кино саласын қаржыландыру мәселесін шешу үшін. Екіншіден, бардың өзін бағалап, фестиваль кезінде ғана шығармай, балалар көретін киноларды телеарналарымыз прайм-тайм кезінде көрсетсе, ең құрығанда, аптасына бір рет. Кинотеатрлар да әсіресе осы жаз маусымында тым болмаса аптасына бір күн балаларға арнап қазақ киноларын ұсынса... Әйтпесе, анасын күткен жетімдер үйінің тұрғыны секілді, «менің кином қашан келер екен?» деп, жанары жәутеңдеп қазақ баласы жүр.
Мәриям ӘБСАТТАР
Кино-жаңалық
«Жерұйық» Шукшин фестиваліне қатысуда
Сламбек Тәукеловтің «Жерұйық» фильмі XV бүкілресейлік Шукшин кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысуда.
Аталған кинолентаға кезінде Қиыр Шығыс, Кавказ, Еділ бойы аймағынан Қазақстанға депортацияланған корей ұлты өкілдерінің тағдыры арқау болған. Небір қиын-қыстау күндерді басынан өткеріп, талай сын-сынаққа тап болған жандар өмірі фильмде шынайы баяндалған. «Фестивальдің конкурстық бағдарламасына «Жерұйықтың» іріктеліп алынуы ондағы қозғалған мәселеге, көтерілген тақырыпқа ұйымдастырушылардың бейжай қарамағандығын білдіреді», – дейді режиссер.
Шукшин кинофестивалінің бас жүлдесінен «Жерұйықтан» басқа алты фильм үміткер. Олар – Н.Лебедевтің «Легенда №17», А.Касаткин мен Н.Назарованың «Дочь», С.Лозницаның «В тумане», П.Пархоменконың «Гагарин. Первый в космосе», А.Карпиловскийдің «Частное пионерское», Н.Беляускененің «Если все...» картиналары.
Кино-жоба
Қазақстандықтар қаржылай көмек беруден қалыс қалды
«28 панфиловшы» фильмінің түсіріліміне ресейлік Boomstarter.ru қозғалысының көмегімен ерікті демеушілерден 3 млн рубльден (15 млн теңге) астам қаржы жиналыпты.
Қаржы жинау шарасын режиссер Андрей Шальопа жетекшілік ететін Санкт-Петербург студиясы ұйымдастырған. Студия мамандары фильмнің сценарийін дайындаған, түсіру шығыны мен түсірілім жоспарын – бәрін ойластырып, түсіретін жерді де тауып қойған. «Бізге Панфилов дивизиясы жауынгерлерінің туған-туыстары, тіпті генерал Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова да хат жазып, хабарласты. «28 панфиловшыға» әркім өз мүмкіндігінше үлес қосты, демеушілік жасады. Мәселе кімнің қанша бергендігінде емес, жүректен шыққан шынайы сезімнің бәрі бағалы», – деп есептейді А.Шальопа.
Кәсіби тұрғыда көмектесуге 200 ерікті ниет білдіріп отырған көрінеді. Олардың арасында тарихи реконструкторлар, мұрағат қызметкерлері, актерлер, тарихшылар, көлік жүргізушілер, фотографтар тағы басқалар бар. Сценариймен жұмыс барысында А.Шальопа соғыс ардагерлерінің естелігіне, сосын, әрине, Бауыржан Момышұлының еңбектеріне сүйенгендігін айтады.
Батырлар Отаны – Қазақстанда панфиловшыларға ескерткіштер тұрғызылған. Алайда күні бүгінге дейін отандық режиссерлер 28 панфиловшылар туралы айтуға тұрарлықтай тұшымды дүние түсірген емес. Мұның сыртында ҚазТАГ мәліметіне сүйенсек, Boomstarter қозғалысына қатысқан 4 мың демеушінің арасынан қазақстандықтар тарапынан көрнекті демеушілер бой көрсетпеген көрінеді.
Кино-шежіре
Тарих үшін жасалған тарлан туынды
Қазақ кино өнерінің тарихында алтын әріптермен жазылған, өткеніміздің өміршең құндылығын көкірегімізде сайратып, көз алдымызда ойнатқан «Қыз Жібек» фильмі – ғасыр киносына айналған шоқтығы биік туынды. Қазақ даласының дарқан философиясын бойына сіңірген бұл көркем туындының кезінде өмірге қалай келгенін, фильмге байланысты қандай жайттардың орын алғандығын біреу білсе, біреу біле бермейді. Біз төменде солардың бір парасына ғана тоқталмақпыз.
Жарыққа шыққанына 40 жылдан астам уақыт өтсе де, халықтың «Қыз Жібек» фильміне деген сүйіспеншілігі еш суыған емес. Бұл – өне бойына қазақ ұлтының болмыс-бітімін, мінез-құлқын, тағдырын, салт-дәстүрін, тарихын жиған тарлан туынды. Мұның бәрі, әрине, талантты режиссер Сұлтан Қожықовтың табысты еңбегінің жемісі. Фильмді түсіру барысында режиссер көп кедергілерден өтті. Көп адам киноның шығарма желісінен бірде-бір ауытқымай, сол қалпында түсірілгенін қалады. Сценарий авторы Ғ.Мүсірепов пен режиссер арасында да біраз келіспеушіліктер болды. Бірақ кейіннен фильм жарыққа шыққан соң Ғабит Мүсіреповтің өзі: «Енді мен бұл фильм үшін оппозиционер емеспін. Менің ойымша, фильм жақсы шыққан…», – деп ағынан жарыла ықыласын білдірген екен.
Өткен тарихты қайта тірілтіп, халықтың дәстүр-салтын, ұлттық құндылығын, дүние-мүлкін, киім-кешегін, салтанатты ғұмырын жаңғыртып, шынайы келбетін беру үшін суреткерден ғаламат қиял мен зерделі зерттеушілік қабілет талап етілді. Сұлтан Қожықов өзіне де, шығармашылық топқа да «Біз халықтың киносын жасаймыз. Бүкіл қазақтың байлығын көрсетеміз» деген үлкен жауапкершілік пен мақсат қойды. Киноға бөлінген қаржының мардымсыз екендігіне қарамастан, Қожықов тобы жоқтан бар жасайды. Тіпті киноға керекті киімдерді, әшекей бұйымдар мен аспаптарды Қытай қазақтарынан сұратып алдыртады. Енді бірде Қыз Жібектің тойға киетін көйлегіне қымбат мата таппай, біраз әуреленеді. Сол кезде биші Шара Жиенқұлованың мерейтойы өтіп жатады. Көздің жауын алатын, жалтыраған әсем көйлек кино түсірушілердің көзіне оттай басылады. Сән-салтанаты төгілген жібек көйлегін Шарадан аттай қалап, сұрап алады. Шара да еш қарсылықсыз, көйлекті сыйға тартыпты. Киноның көркем түрде безендірілуі үшін мыңнан астам эскиз жасаған Гүлфайруз Ысмайлова осындай жайттарды еске ала отырып, режиссердің азаматтығы мен ұлтжанды қайраткер ретіндегі адал еңбеккерлігіне тәнті болғанын айтады. Бірде Гүлфайруз апай: «Рөл ойнап жүрмін, кастюм тігемін, эскиздер жасаймын, сонда да алатыным – тиын ғана», – деп ренжігенде Сұлтан Қожықов: «Фильм тарих үшін жасалып жатыр. Ертеңгі ұрпаққа сенің қанша алғаның емес, сен жасаған кино керек. Ұлтыңа тегін еңбек ете алмайсың ба?» – деген екен.
Ақырында көрерменнің жан дүниесіне терең бойлайтын көлемді эпикалық туынды жасалды. Бүкіл болмысымен қазақ мәдениетін, қазақ тарихын ұлықтап тұрған кинокартинаға, өкінішке қарай, кеңестік саясаттың салқыны тимей қалған жоқ. Фильм экранға шыққанға дейін кейбір тұстары қысқартылып, ұлттық тұрмысымызды, қазақтың ұлан-ғайыр байлығын көрсеткен небір картиналар алынып тасталынды. «Қазақ даласын социалистік дәуірден де ерекше гүлдендіріп жіберген» деген теріс қағиданың алға тартылуы салдарынан кинодағы қазақтың сән-салтанаты төгілген сұлу көші, батырлармен шайқасқан қалың қолы қысқартылып, керемет той-жиындар мен молынан төгілетін жасау-жабдықтар көрінісі шорт кесілді. Алайда аз да болса мәнді, мағыналы дүние жасаған Қожықов фильмі көрермен тарапынан лайықты бағасын алды. Ұлттық құндылығымызды дүйім жұртқа аян еткен «Қыз Жібекті» көргенде әлемге танымал суретші Роже Сомвиль: «Бүгінгі фильмдер экраннан қатыгездікті насихаттайды, ал мен адамға деген сыйластықтан туған картинаны көрдім. Бұл ретте қазақтардан үйренетін нәрсе көп екен», – деп мойындаса, орыстың әйгілі кинорежиссері В.Шукшин: «Сұлтан, сен тамаша туынды жасадың. Сенің ұлтыңның осындай әдемі екеніне тамсанып тұрмын», – деп шынайы ризашылығын білдірген екен...
Маман пікірі
Серік ЖАРМҰХАМЕДОВ, режиссер:
– «Қыз Жібек» – қазақтың «аспаннан түскендей, құдай бергендей» сыйы. Ол – қазақ киносының эталоны, философиясы, нәзіктігі, ұлттық болмысының жиынтығы. Сұлтекеңнің режиссерлік шеберлігі өз алдына, «Қыз Жібекке» Ғабеңнен бастап, Нұрғиса Тілендиев, Олжас Сүлейменов, Асқар Сүлейменов бастан-аяқ атсалысқан. Ұйымдастыруда Камал Смайловтың да рөлі басым. Бұл – қазақ зиялыларының бір-бірімен түсінісе отырып, ұлттық идеяны беруге жұмыла кіріскендігінің нәтижесі.
Гүлжан ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ, кинотанушы:
– Қазақ киносының тарихында экрандық шығарма заңдылықтарын сақтай отырып, әдеби нұсқадан ұтымды экрандалған «Қыз Жібек» фильмі қазақтың ұлттық танымын, салт-дәстүрін толыққанды жеткізе білген үздік шығарма үлгісі ретінде бағаланады. Экрандық шығарманың маңыздылығы—мұнда, «Қыз Жібек» поэмасында негізгі желі болып табылатын екі жас арсындағы ғашықтық сезім оқиғасы күрделі өңдеулерден өткізіліп, дәуірдің ұлт сипатына сәйкес әлеуметтік мәселесі деңгейіне дейін көтерілген. Фильмде жеке детальдар, көркем табиғат, музыка ерекше орын алып отыр. Әсіресе табиғат көріністерін айрықша сезіммен бере алған бейнелік қатар мен дыбыстық қатардағы шешім үндестігі бас кейіпкерлердің сезім пернелеріндегі небір терең тұстарын ашып береді. Екі жас арасындағы нәзік сезім еларалық тарихи оқиғалар тұрғысынан сипатталып, фольклорлық шығарманың әлеуметтік маңызын тағы бір жоғары сатыға көтеріп отыр.
Гүлбаршын ЫДЫРЫСБАЕВА
Бетті дайындаған «Өркениет» бөлімі