Алаштың КИНОиндустриясы

Алаштың КИНОиндустриясы

Құмшарық
Бағдарсыз ыққан – біреуге жем...
Қарап тұрсаңыз, бізде қазір екі күннің бірінде кино түсіріледі. Бәрін бірдей көрмесек те, бастапқыда аттарын атап, түстерін түстеп, біліп отырушы едік. Соңғы кезде тіпті санынан жаңылатын болдық. Себебі бұрынғыдан да көбейіп кетті. Бір жағынан, бұл – қалыпты, бәлкім, тіпті қажет нәрсе. «Өнерге әркімнің де бар таласы». Осындай бәсекелестіктен барып озық дүниелер, шын таланттар іріктеліп шығады. Тек осы жаппай ұмтылысты енді дұрыс бағытқа, дұрыс арнаға бұру жағын ойластырған жөн.
Өткен ғасырдың соңғы он жылдығында төбе көрсеткен «жаңа толқын» қалай бол­ғанда да қазақ киносындағы соны леп, тың көзқарас ұшқынын бастап берді. Со­дан бері қарайғы уақыт ішінде отандық кино өнері әртүрлі кезеңдерді бастан өт­керді. «Кино шынайы өмірден алынуы тиіс» деп, ел үдере көшкен ескі жұрт пен азған, тозған ауылды, азғындаудың ал­дын­дағы жандар мен олардың мағынасыз тірлігін көрсеткен картиналар да болды. Сол сияқты, басы бар, аяғы жоқ, тілі қойырт­­­­пақ, мазмұны бұлдыр фильмдер түсіріп, қарапайым көрерменге: «Түсінсең, түсін, түсінбесең қой. Менің көруім бойын­­­­­­ша осылай. Бұл – менің түсінігім, менің талғамым» деп кеуде соққандар да кездесті. Аллаға шүкір, ондай әдеттен арыла бастадық. Шынайы өмірді қара­пайым түрде көрсету деген қара­байыр­лыққа, қарадүрсінділікке ұрыну деген сөз емес екенін режиссерлеріміз іштей түсін­ген, түйсінген жағдайға жетті.
Дей тұрғанмен де, жалпы алғанда, отан­дық киноиндустрияның этикалық не­гізі, бағыт-бағдары қандай болуы керек? Жалпыға ортақ және жұрттың бәріне түсі­нікті адами, рухани ұстаным, бағыт-бағдар болмайынша, ешбір қоғам, ешбір әлеумет өсіп, өркендей алмайды. Бұл өзі – бағ­дарсыз ығып, қасқырға жем болған қой отарының кейпіне ұқсас жағдай. Ал осы ин­дустрияның шығыршығын өз қолы­мен айналдырып жүрген адамдардың ішкі ой-таным құндылығы, түсінігі қандай? Белгілі бір тақырыпты, көркемдік шын­дықты көрсете отырып неден тартыну және қай шамаға дейін бару керектігінің мөл­шерін, шекарасын, тіпті әдебін кім қан­шалықты сезіне алады? Қазақ деген халық­тың ға­сыр­лар бойы қалыптасқан дәстүрлі ұлттық танымымен, болмысымен, дүние­таны­мымен олар қаншалықты бірлікте, үндес­тікте әрекет етуге құлықты, мүдделі?!
Бір анығы, бұл айтылып отырған жайт­тар тек біз үшін ғана емес, бүгінде бүкіл Еуропа елдері, Америка, іргелес Ресей үшін де маңызды болып отыр. Кезінде Столыпин: «Сендерге әлемді дүр сілкіндіретін ұлы жаңалықтар қажет, ал бізге Ұлы Ресей керек» деген екен. Осыны өзінше таратқан Н.Михалков жақында «Ұлы жаңалықтар кететін жағы бар адамдарға, ал Ұлы Ресей осында қалғысы келетіндерге қажет екен­дігін түсіндім» деп мәлімдеді. Ресей кине­матографистер одағы басшысының ай­туынша, өткен ғасырдың 30-60 жылдары аралығында АҚШ-та әрбір киногердің көкейінде сайрап тұратын бір ұстаным болған және оның негізінде «Нені түсіру қажет, фильмдер не нәрсеге шақырмауы тиіс, не нәрсе киноға тақырып болмауы керек?» деген төңіректегі кине­мато­гра­фистердің өзара келісімі жатқан. Бұл жер­дегі әңгіме өнерге цензура орнату тұр­ғысында емес. Біздің киногерлерімізде адами ішкі тәртіп, рухани қағида бар ма? Суреткерлік ой-танымын, ізденісін қазақ­тың ұлттық мәдениетінің құндылық­тары мен дәстүрлеріне негіздей алып жүр ме? Міне, мәселе осында. Әрине, кино – шы­найы өмірдің көркем шындығы. Орын алып жатқан жамандықтарды, теріс құбы­лыстарды міндетті түрде көрсету керек. Бірақ режиссердің соған қатысты азамат­тық ұстанымы қандай? Ол өзін осы қоғам­ның бір бөлшегі ретінде сезіне ме? Ол үшін қаншалықты жаны ауырады, күйеді, күйінеді? Ащы шындықтың өзін махаббат­пен көрсете алу – үлкен шеберлік.
Бұл ретте, Ресей киногерлері заманауи кинематографта орын алып отырған жайттарға бей-жай қарай алмайтындығын ашып айтып, Ресей киноиндустриясының этикалық хартиясын жасауға кірісіп те кетті. Сол сияқты, еліміздегі кино сала­сында бүгінгі күні болып жатқан про­цес­терді саралау, соған жас киногер­лердің назарын аудару тұрғысында бізде де ауқымды шаралар атқарылуы тиіс. Жоға­рыда айтқанымыздай, «Қазақ­фильмді» былай қойып, қазір әрбір об­лыс, аудан орталықтарындағы жеке­меншік кино­студияларда күнара бір фильм түсіріліп жатыр. Бірақ қалай, не жайында? Алдағы уақытта қалай болады? Елдің рухани қажеттілігін өтейтіндей, бүгінгі сұранысқа, талапқа сай жанрларға, тақырыптарға баруға оларды қалай бағыттауға болады? Бәлкім, қажетті деген жанрлар, тақырып­тар бойынша ашық конкурс жариялап, оған сол жер-жердегі жекелеген студия­ларды да қатыстыру және суырылып шық­қанына тікелей мемлекеттік қолдау көрсету қажет шығар. Міне, бұл – ойла­натын жайт.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ


Жаңа фильм
Ауыл тағдыры арқау етілген фильм
Халықаралық Crude Accountability экологиялық ұйымы жақында «Пять километров равнодушия» деп аталатын жаңа фильм ұсынды.
Деректі туындыға Батыс Қазақ­стан облысы аумағында орналасқан, әлемге әйгілі Қарашығанақ кеніші­нің дәл іргесіндегі Березовка ауылы тұрғындарын қауіпсіз аймаққа кө­шіру жолындағы күрес арқау болған.
Құрамына «Би Джи Груп», «Эни», «Шеврон», «ЛУКОЙЛ» және «Қаз­МұнайГаз» компаниялары кіретін «Қарашығанақ Петролеум Опе­рейтинг Б.В.» (КПО) кәсіпорнының белсенді қызметі қоршаған ортаны кәдімгідей ластап жатыр. Соның салдарынан Березовка тұрғын­дарының тең жартысы созылмалы дертке шалдық­қаны анықталды. «Құ­дай оның бетін ары қылсын, деген­мен Қарашығанақта кез келген уақытта апат орын алуы мүмкін. Одан бөлек, күкіртсутек өкпені қа­бады. «Жығыл­ғанға жұдырық» де­мекші, ауыл маңында жер опы­рылып, үлкен қазаншұңқырлар пай­да бол­ды. Бір күні жұтылып кетпесек жа­рар еді» – дейді жергілікті халық. КПО-ның «қамқорлық жасап жатыр­мыз» деп сендіргеніне қара­мастан, березовкалықтар «ешқандай жақ­сылық көріп жатқанымыз жоқ» дейді. Мұның бәрі деректі фильм тілінде нақты көрініс тапқан.
Деректі фильмнің басты кейіп­керлері – ауыл тұрғындары мен экология тақырыбына жазатын журналистер.
Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ, Орал


Фестиваль
NETPAC-ты жарнамалайтын алғашқы кинотуынды
Ыстықкөлде 23-27 тамыз аралығында өтетін IV Авторлық кино фестиваліне үш бірдей қазақстандық кино қатысатын болды.
IV Авторлық кино фестиваліне отандық кино өнімдерінен режиссер Әділхан Ержановтың «Құрылысшылар» фильмі қатысады. NETPAC-ты жарнамалайтын алғашқы кинотуынды «Сорос-Қазақстан» қорының қаржыландыруымен түсірілген.
Жалпы, фильмнің желісі ата-анасынан айырылған үш баланың тағдырын баяндайды. Қарындастарын балалар үйіне алып кетпес үшін екі ағайынды өздеріне мұраға қалған жер теліміне үй салулары керек. Егер де тез арада үй салынбаса, жер мемлекет меншігіне өтетіндігін білген олар көршілерінен құрылыс материал­дарын ұрлап, үй сала бастайды. Алайда оларды аяқтарынан шалғылары келетіндер өте көп...
Жыл сайынғы Авторлық кино фестивалі – киноны өнер туындысы ретінде қарастырып, байқаудан тыс форум форматында өтетін бірегей шара. Фестиваль барысында Тәжікстан, Өз­бекстан, Қазақстан және Қырғызстан режиссер­лерінің фильмдері көрсетіледі. Ал шараның ашылуы күні тек қырғызстандық режиссерлер фильмдерінің көрсетілімі өтеді.
«Әділхан Ержановтың «Құрылысшылар» атты жаңа фильмі – титрларында азиялық киноны дамытушы NETPAC ассоциациясының логотипі тұратын алғашқы кино. Бұл дегеніміз – NETPAC жаңа туындының Азия нарығына шығуын қамта­масыз етсе, соған сәйкес, режиссер ассоциацияны жарнамалайды» делінген хабарламада. Тағы бір айта кетерлігі, «Шәкен жұлдыздары-2012» Х Халықаралық кино­фестивалінде «Жастар ки­носы» аталымы бойынша Әділхан Ержановтың «Риэлтор» көркем фильмі жүлдеге қол жеткізген болатын. Мұның сыртында бұл жолғы фестивальға режиссер Мадияр Қасымовтың «Қарапайым оқи­ға» мен «Визит мамы» және Шәріп Ораз­баевтың «Бастау» қысқаметражды фильмі көрермендер назарына ұсынылады.    
Нұршат ТӨКЕН


Кино-өндіріс
«Кішкентай адамдар» – үлкен экранда
Нариман Төребаев Ф.Достоевскийдің «Ақ түндер» повесінің желісімен «Шытырман оқиға» атты фильм түсіріп жатыр. Осы арқылы режиссер «кішкентай адамдардың» психологиясы мен тұрмыс-тіршілігінің ауыртпалығын өзінше зерттеуді жалғастыруда.

Өзінің айтуынша, Нариман Төребаев бұл повесті бала кезінен жақсы көретін. Режиссерлік мамандық бойынша оқуға түскен кезінде-ақ осы шығарма бойынша кино түсіруді армандаған. Фильмде Дос­тоевский шығармасының тек фабуласы, яғни үлкен махаббат қана қалады, бас­қасының бәрі өзгереді. Фильмдегі қыз бен жігіттің мінез-құлқы да, махаббаты да басқа. Шынайы да таза мәңгілік махаббат сезімі сирек кездесетін бүгінгі қоғам үшін бұл, әрине, таңсық дүние болмақ.
Фильмнің басты кейіпкерін ойнайтын актер Азамат Нигмановты режиссер өткен жылғы «Еуразия» кинофестивалінде көр­сетілген ресейлік «Конвой» фильмінен байқапты. Сол жолы «Ең үздік ер адам» рөлі үшін жүлде алған жас актер өзінің ерекше дарынымен, бітім-болмысымен режиссердің назарын аударған. Азамат – омбылық қазақ, бұл – оның Алматыға екінші мәрте келуі. «Шытырман оқиғада» ойнау үшін Азаматтың осыған дейін он шақты фильмдері мен сериалдарына түсіп үлгерген Ресейдің екі жобасынан бас тартуына тура келіпті. Б.Щукин атындағы театр институтын тамамдаған Азамат бүгін­де Мәскеуде тұрады, «Обнимая небо» сериалына қатысып жүр.
– Мен кейіптейтін жігіт – бүгінгі за­ма­нымыздың кейіпкерлерінің бірі, «кіш­кентай адам». Сыртқы бейнесінің тартым­сыздығына қарамастан, ішкі жан дүниесі бай. Драмалық бұл рөл мен үшін өте күрделі. Өйткені өмірді іштей түйсінуім, қимыл-қозғалысым бойынша мен мүлде басқамын. Мен анағұрлым позитивтімін, – дейді Азамат.
Бір айта кетерлігі, Нариман Төребаев «кішкентай адамдар» тақырыбын кинода үздіксіз зерттеп келеді. Қысқаметражды «Романтика» және «Антиромантика», то­лық­метражды «Шуақты күндер» фильм­дері – соның айғағы. «Шуақты күндерден» бір айырмашылығы, «Шытырман оқиға» әлдеқайда шуақты да мөлдір туынды болатынға ұқсайды. Бұл туралы Нариман: «Мұнда кейіпкердің тоқырауы деген жоқ. Керісінше, үміт пен аздаған мұң бар. Барлық күндері бір сарынды өтіп жатқан басты кейіпкердің ғашық болған сәттен бастап, өмірінде бұрын ешқашан болмаған жағдайлар орын ала бастайды», – деп әңгімелейді. Өзі айтпақшы, ол үнемі шетте жүретін адамдар туралы түсіруді ұнатады. Яғни Нариманның кейіпкерлері – қара­пайым да елеусіз, бірақ жан дүниесі шуақты, таза адамдар...


Деректі кино
Дипломат жайлы – жүрекпен...
Бұған дейін белгілі халық ақыны Кенен Әзірбаев, жазушы-натуралист Максим Зверев, атақты хореограф Болат Аюханов сияқты қазақ мәдениетінде өзіндік орны бар басқа да танымал тұлғалар жайлы деректі фильмдерді жарыққа шығарған қазақстандық оператор Сергей Суховтың көрнекті дипломат Самат Сүндетбаев туралы фильм түсіруді армандап жүргеніне ширек ғасырға жуықтаған көрінеді.
Сергей Сухов картинасының басты қаһарманы Самат Сүндетбаев – 1967 жылы Йемендегі азамат соғысы кезінде үлкен ерлік көрсеткен азамат. Ал маман­дардың айтуынша, әр туындысын «камера­мен емес, жүрегімен түсіретін» С.Суховтың Теңіз кен орнындағы мұнай мұнарасының жанып кеткендігі арқау етілген «Сцены у фонтана» атты кино­лентасын әлемнің көптеген телеарналары күні бүгінге дейін көрсетіп келеді. Өз ісіне шынайы берілген майталман оператордың жақсы кадр үшін бірде дельтапланнан, бірде әуе шары себетінен, тағы бірде зымырап келе жатқан жедел жәрдем көлігінің төбесінен түсірілім жасап, өмірін қатерге тіккен де кездері болыпты. 
Міне, сол Сухов енді дипломат Самат Сүндетбаевтың ерлігін мәңгі есте қал­ды­руға бастамашы болуға тырысуда. С.Сүн­детбаев КСРО-ның Йемендегі елшілігінің екінші хатшысы ретінде өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары азаматтық соғыс ұшқыны өршіп тұрған сол елге табан тіреген. Кезекті бір қақтығыс сәтінде С.Сүн­детбаев пен елшіліктің бірінші хатшысы В.Яковлев кеңес дипломат­тарының отба­сыларын майдан ошағынан алып шығуға тырысады және әйелдер мен балаларды қорғау барысында қаза табады.
Алматыда жерленіп, есімі Ресей сыртқы істер министр­лігінің мемориалды тақта­сына ойып жазылады. С.Сухов бұл кар­тинасына дипломаттың бүгінде Мәскеуде тұратын әйелі мен қызының, сондай-ақ інісі мен қарындасының да сұхбатын енгізбекші. Дипломаттың әріптестері Х.Омаров, Э.Тер­милокситян және қаза тапқан жолда­сының сүйегін Алматыға алып келген С.Құрман­ғожин де осы қайғылы жағдай төңірегінде кадрдан әңгіме өрбітетін болады.   


Мультфильм
Асық пен Қамшы Спанч Бобтарға қарсы тұрмақ
Оңтүстiкте «Сақ» киностудиясы «Қазақия» анимациялық топтамасын түсiруде. Бастаманың бiздi қуантқаны мұндағы кейiпкерлер болды. Сырдария өзенiнiң бойындағы Асқабақ ауылы мен оның тұрғындарының бастан кешкен оқиғаларына құрылған топтаманың бүлдiршiндерге берерi мол. Асық атты жiгiт пен Қамшы қыз топтаманың әр бөлiмiнде бiр мақалдың мазмұнын ашады. Нақыл сөздi тура түсiнiп, қателiк жасаған тұста Торсық ақсақал өзiнiң кеңесiн берiп отырады.

Бүгiнде топтаманың төрт сериясы тү­сiрiлген. Мультфильмнiң 7-8 минутқа со­зылатын әрбiр сериясына 3 миллион теңгеден қаржы жұмсалыпты. Киносту­дияның директоры Нұриддин Пәттеев мүмкiндiгiне қарай жылына 30 сериясын түсiрудi жоспарлап отыр. Бiр секундта жиырмадан астам кадр ауысып отыратын анимацияның дайындалуына 25 суретшi жұмыс iстептi.
Нұриддин ПӘТТЕЕВ, режиссер:
 — Қазақтың тарихы бай. Ол туралы өскелең ұрпаққа айтып жеткiзу – бiздiң парызымыз. «Қазақия» мультипли­кациялық фильмiнiң бас кейiпкерлерi арқылы бiз балаларымызды қазақ халқының салт-дәстүрлерiнен хабардар етудi мақсат тұттық. Кейiпкер ретiнде Асықты мен таңдасам, мульттоптаманың сценарийсi Батырхан Дәуренбеков Қамшы  қызды ұсынды. Фильмді көр­се­туге «Балапан» арнасы қызығушылық танытуда. Алайда қаржы мәселесiне байланысты әзiрге толық келiсiм жасалған жоқ.

Туынды Асық пен Қамшының басынан кешкен түрлi оқиғалармен өрнек­теледi. «Қазақияның» «Көп түкiрсе, көл болар» атты алғашқы бөлiмiнде Қамшыны өзенге суға шомылуға шақырады. Өзендегi судың тартылғанын байқаған Асық  «Көп түкiрсе, көл болар» мақалын тура мағынада түсiнiп, сол маңдағы балық, көлбақалар барлығы бiрлесiп түкiре бастайды. Күн ұзаққа еш қорытынды шықпаған соң Торсық атадан ақыл сұрайды. Балаларға мақалдың мазмұнын түсіндірген қария оларды бiрлiкке шақыра отырып, өзеннiң бойын шолып шығуды тапсырады. Асық пен Қамшы бастаған топ өзен бойындағы үлкен құбырға жайын балықтың тұрып қалып, суға бөгет болғанын көредi. Жайын­ды айнадағы бейнесiмен қорқытып, бөгеттi бұзған балалар айласын асырып, ауыл­дарына қайтады. Осы секiлдi топ­таманың әр сериясында нақыл сөз­дердiң мағынасы мен танымдық ақпараттар берiлiп отырады. Мәселен, осы төрт серияның бiрiнде Ұлыстың ұлы мейрамы – Наурыз туралы түсiнiк берiлген. Ендi шетелдiк Спанч Боб пен Патрикке, «Смешарики» мультсериалының кейiп­керлерiне бiздiң Асық пен Қамшы қарсы тұрмақ.
Идея авторлары Асық пен Қамшы балалардың сүйiктi кейiпкерiне айна­латынына сенiмдi. Бүгiнге дейiн жобаны жарнама мен әртүрлi бейнероликтер түсіруден тапқан табыспен қаржылан­дырған Н.Пәттеев «мемлекеттiк бюджеттен тек фильмдерге емес, анимацияға да қомақты қаржы бөлiнсе, бұл сала бүгiн­гiден де жандана түсер едi», — дейдi.
Жалпы, «Сақ» киностудиясы құрылған уақытынан берi 20-дан астам мультфильм түсiрген. Алайда олардың бес-алтауы ғана республикалық арналар арқылы көрер­менге жол тартқан. Н.Пәттеевтiң айтуынша, туындылардың үлкен сұранысқа ие бол­мауына шетелдiк аударма өнiм­дердiң арзандығы себеп болуда. Режиссер сәтiн салса, «Айбынды аула» атты толық­метраж­ды мультфильм түсiрудi жоспарлап жүр­генiн де жасырмады.
Нұршат ТӨКЕН, Шымкент


Бетті дайындаған Өркениет бөлімі

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста