Алаштың КИНОиндустриясы
Кино-экспедиция
Хазардан қазаққа дейінгі жол... деректі фильмге айналады
Атырауда Ұлы Жібек жолының бойымен өңірдегі тарихи-мәдени мұраларға саяхат жасауды мақсат еткен «Хазардан қазаққа дейін...» экспедициясы жұмысын бастады. «Қазақстан» РТРК» АҚ-тың облыстық бөлімшесінің бұл жобасына облыс әкімдігі қолдау білдірген. Бүгінгі таңда аймақта 313 тарихи-мәдени ескерткіш, 525 мәдени нысан бар. Өлкетанушы, археолог, тарихшы, журналистердің қатысуымен өтетін экспедиция барысында тарихты зерттеу-зерделеу мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жасалатын болады.
Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин: «Біз уақыттың тарих ғылымының алдына мүлдем жаңа талаптар қойып отырғанын айқын көріп, ұғынуға тиістіміз. Сондықтан қазақ этносының археологиясын, антропологиясын, этнографиясын, фольклорын, мәдениеті мен дәстүрлерін зерттеуге күш сала отырып, қазақтардың номадтық өркениетін зерттеу саласында ғылыми және ғылыми-қолданбалы зерттеулер бағдарламасын дайындауға тиіспіз», – деп ел тарихын жандандыру мақсатында бірнеше ұсыныс жасаса, Елбасы Н.Назарбаев «Халық – тарих толқынында» айдарымен тарихи зерттеулер ұйымдастыру керектігін айтқан болатын. Осы міндеттемелерді басшылыққа алған жоба Атырау өңіріндегі тарихи-мәдени мұраларға ден қоюды мақсат етіп отыр. Яғни «Хазардан қазаққа дейін...» атты тарихи-мәдени экспедиция халқымыздың Атырау облысы аумағындағы тарихи-мәдени мұраларын жаңғыртуға бағытталмақ.
– Хазария – Ұлы Жібек жолы бойында болған мемлекет. Қазір бұл өңірде Атырау облысы орналасқан. Еділ мен Жайық арасында археологиялық нысандардың 2 мыңнан астам екені белгілі болып отыр. Бұл экспедиция солардың біразын анықтап, нақтылайды деп ойлаймыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан жобаның тұсаукесер рәсімінде.
«Хазардан қазаққа дейін...» экспедициясы облыс аудандарын аралап, тарихи-мәдени мұраларға саяхат жасайды, соның нәтижесінде 10 бөлімнен тұратын деректі фильм дайындап, кітап шығару жоспарланып отыр. «Қазақстан» телерадиокомпаниясы АҚ Атырау облыстық бөлімшесінің төрағасы Асқар Әшімов жетекшілік ететін топ алғашқы сапарын Жылыой ауданынан бастады. Мұнда экспедиция мүшелері Доңызтау мекеніне ат басын бұрып, Құлсары батыр қорымына барды. Жұмыс тобының негізгі мақсатының бірі – бүгінде геологиялық барлау жұмыстары көп жүріп жатқан Жылыой ауданының зерттелмей қалған археологиялық нысандарына маңыз беру. Бұл орайда, Қызылқоға ауданындағы сан ғасырлық тарихы бар Қорғанша қаласының өзі бір фильмге жүк болардай. Бұл жерді кезінде Асанқайғы мекендеген. 4400 шаршы метрге созылып жатқан ортағасырлық үлкен қаланың ішіне бүгіп жатқан сыры көп.
– Геологиялық қазбалар кезінде арнайы техниканың қалағы адам қаңқасына тиіп кеткені бар. Үрейленген техниктер көліктерін тастай қашты. Міне, біз өз тарихымызға осындай көзқараста қараймыз және мұндай мысал көп. Еліміздегі ҚР «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау туралы» Заңының 39-бабына сәйкес, жер телімдерін беру кезінде ол нысандардың тарихи маңызы бар-жоқтығына зерттеу жүргізілуі тиіс, бірақ бізде бұл талап әлі күнге орындалмай келеді. Егер де тарихымызды түгендеуге шындап бет бұрамыз десек, жер астындағы құндылықтарды мүмкіндігінше сақтап қалуға тиіспіз, – дейді археолог Марат Қасенов.
Экспедиция жұмысы күзде қорытындыланатын болады.
Бақытгүл БАБАШ, Атырау
Кино-көзқарас
Отандық кино өндіріске айналып келеді
Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің арт-директоры Гүлнара Әбікеева «отандық режиссерлердің аталған киношараның конкурстан тыс бағдарламасына қатысушы фильмдері Қазақстан киносының біртіндеп индустрияға айналып келе жатқандығын баса аңғартып отыр» деген пікірде.
Оның айтуынша, бұл отандық кинокартиналардың санының артуы есебінен болып отырған жоқ. Мұның басты көрсеткіші – режиссерлердің жанрды қызу іздеуі. Мәселен, «Динамикалық қазақ киносы» категориясындағы фильмдердің бірі – Е.Рақышевтың «М.агенті» жантүршігерлік фильмдер жанрына жатады. «Бұл картинаның шығарушысы халықтық, мелодрамалық киноның режиссері ретінде белгілі болатын. Енді кенеттен жантүршігерлік фильм түсіріпті. Ондағы бас кейіпкер қыз, «жапон құбыжығы», елес ретінде ойнайды, бұл – интернетке тәуелділік туралы әлдебір триллер», – дейді Г.Әбікеева.
Кинотанушы сондай-ақ елімізде қыркүйекке дейін өзімізде жасалған, ең аз дегенде 12 жаңа әрі сапалы картина көрерменге ұсынылатынын айтып отыр. Жалпы, биылғы жыл бойынша отандық өнімдеріміздің бас-аяғы осыған дейін шыққандарын қосқанда барлығы 23-24 картинаны құрайды. Г.Әбікеева «ақырындап, бірақ тұрақты түрде шығарылған фильмдер саны артып келеді» деп санайды.
Бір ескертер жайт – IX Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі 16-21 қыркүйек аралығында Алматыда өтеді. Конкурстық бағдарламамен қатар, фестиваль аясында конкурстан тыс бағдарламалардың дәстүрлі көрсетілімі ұйымдастырылады. Оның құрамында «Орталық-Азиялық панорама», «Шығыс-Батыс» кинокөпірі (Батыс режиссері Джейн Кэмпион мен Шығыс режиссері Брильянте Мендос ретроспективасы), World Cinema Fund, Ресей киносы күндері, «Ерекже жағдай», сондай-ақ «Динамикалық қазақ киносы» бағдарламалары бар. Қазақ киносы көрсетілімдеріне 2012-2013 жылдары елімізде түсірілген он картина іріктеліп алынған. Іріктеу комиссиясының құрамында биыл кинорежиссерлер Дәрежан Өмірбаев пен Ерлан Нұрмұхамбетов, IX Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің директоры Серік Жұбандықов, WCF (World Cinema Festival) бірлескен директоры Винченцо Буньо, сондай-ақ кинофестивальдың арт-директоры Гүлнара Әбікеева болды.
Кино-жүлдегер
«Үйлесім сабақтарының» жеңісі жалғасуда
Эмир Байғазиннің бұған дейін әлемдік деңгейдегі бірнеше байқаудың жүлдегері атанып үлгерген «Үйлесім сабақтары» атты фильмі бұл күндері Сахалинде өтіп жатқан Халықаралық «Край света» фестивалінің бас жүлдесі үшін бақ сынауда.
Фестивальдың конкурстық бағдарламасына «Үйлесім сабақтарынан» басқа, «Географ глобусты «ішіп қойды» (Ресей), «Ұзақ та бақытты өмір» (Ресей), «Әкені тәнті ету» (Жапония), «Хэвон – ешкімнің қызы емес» (Оңтүстік Корея), «Ән салатын караоке» (Таиланд – АҚШ), «Сенімен бірге және сенсіз» (Шри-Ланка), «Құбыр» (Ресей), «Сенің құрсағың» (Филиппин) картиналары да үміткер ретінде қатысып жатыр.
Эмир Байғазиннің айтуынша, «Үйлесім сабақтары» бүгінгі Қазақстан қоғамындағы бір мысалға негізделген. Фильм әжесімен бірге ауылда тұратын Аслан есімді жасөспірімнің өміріндегі оқиғаны баяндайды. Аслан мектептегі зорлық-зомбылықпен күн сайын бетпе-бет келеді. Осындай жағдайда жасөспірім басқа құрдастары секілді қатыгездік жолын таңдай ма әлде оның жан-дүниесі басқалардан бөлек пе? Осы жағынан алғанда, бұл фильмді кез келген адамның алдынан шығатын таңдау құқы туралы деуге болады. Өз-өзіне деген сенімсіздік жанын жегідей жеген жас бала тазалыққа және мінсіздікке ұмтылады, сонымен бірге маңайында болып жатқан нәрселердің бәрін қалт жібермеуге, назарында ұстауға тырысады. Осы бір ішкі жайсыздық, мазасыздық түптің түбінде шиеленісті жағдайларға әкеліп соқтырмай қоймайды.
Жас режиссердің бүгінгі күн кейіпкерінің қарама-қайшылыққа толы күрделі болмыс-бітімін барынша ашып көрсетуге тырысқан бұл картинасын әлемдік деңгейдегі кино мамандары, сыншылар жоғары бағалап үлгерді. Соның нәтижесінде фильм айтулы халықаралық шараларда бірқатар жүлдені иеленді де. Тіпті бұл дебюттік картина Қазақстан киносы тарихында тұңғыш рет Берлин кинофестивалінің конкурстық негізгі бағдарламасына іріктеліп алынып, үздік операторлық жұмысы үшін «Күміс аю» мен неміс басылымы «Моргенпосттың» арнайы сыйлығын еншіледі. Сондай-ақ «Трайбек» кинофестивалінде «Үздік жас режиссер» номинациясы бойынша «Әділқазылардың арнайы дипломын» және Базельде өткен халықаралық фестивальдың гран-при жүлдесін қанжығаға байлады.
23 тамызда шымылдығы түрілген Сахалин фестивалінде топжарғандар есімі байқаудың соңғы күні, яғни 30 тамызда белгілі болады. Кинобайқаудың бас жүлдесі 1 миллион рубль (30 мың доллар). Сондай-ақ фестивальға қатысушыларға үздік режиссура, үздік ер адам рөлі, үздік әйел адам рөлі үшін номинацияларының жүлдесі және фестивальдың құрметті президенті Алла Сурикованың сыйлығы тапсырылады.
Кино-жоба
«Хакерге» ірі бизнесмендер атсалыспақ
«Сатайфильм» канадалық Know Rules Media кинокомпаниясымен бірігіп «Хакер» киножобасын жүзеге асыруға кірісіп кетті. Фильмнің режиссері Ақан Сатаев – бұған дейін «Рэкетир», «Жаужүрек мың бала», «Адасқандар», «Ликвидатор» атты картиналарды түсіріп, отандық кинематографияда қолтаңбасы мейлінше анықталған суреткер.
«Хакердің» сюжеттік желісіне өндірдей жас жігіттің оңай олжа табуға құныққан іс-әрекеті өзек болған. «Көп асқанға – бір тосқан» демекші, күндердің күнінде кез келген адам өзінің істеген ісіне жауап береді. Алайда жеңіл табыстың сұрауы да ауыр болары фильм кейіпкерін толғандырған жоқ. Ғаламтор кезген қылмыскер өзі қазған ордан өзі шыға ала ма? Жаңа картина, міне, осы жайында.
Киножоба продюсерлерінің бірі Санжар Сұлтанов Ақан Сатаевтай білікті суреткермен серіктес болуды, бірге жұмыс істеуді үлкен мәртебе санайтынын айтады және сәтті фильм түсіру үшін еш аянып қалмайтындарына сендіреді. Бір атап өтерлігі, Know Rules Media кинокомпаниясының президенті – Лоуден Оуэн мырзаның дәп өзі. Ол – «Титаник», «Парк Юрского периода» атты атышулы картиналарды түсірген 3D технологиясымен қамтамасыз етілген Softlmage компаниясын қаражаттандырып, іске қосуымен де әйгілі бизнесмен. Бұл жобаны сондай-ақ қазақстандық іскерлер Ғалымжан Мейрамбеков пен Жанболат Серіков қаржыландыратыны белгілі болып отыр. Сол сияқты, демеушілер қатарында Mobli компаниясының негізін қалаған Еркін Рақышевтың да аты аталуда. Дегенмен картина бюджетінің қандай қаражатты қажет ететіні әзірге мәлім болған жоқ.
«Хакер» картинасының кинобазасы Торонто қаласында қоныстанатын болады. Ал алдағы қыркүйек айынан бастап қызу дайындық жұмыстары қолға алынып, жаңа киножоба беделді халықаралық кинофестивальдардың бірінде таныстырылады. Фильмді түсіру жұмыстары Нью-Йорк, Торонто, Дубай мен Банкгокта жалғасады. Фильмге түсуден үміткерлер үшін кастинг әлі жүргізілмеді. Алайда басты және екінші кезектегі рөлдердің барлығын америкалық және канадалық актерлер ойнайтын сыңайлы және олардың арасында әлемге әйгілі киножұлдыздар да бар.
Кино-жаңалық
Шоумен сериалға түсті
Актер әрі әйгілі «Такси» бағдарламасының жүргізушісі Мұрат Оспанов қазіргі кезде «Гейзер» комедиялық сериалына түсіп жатыр. Алдағы уақытта «31 арнадан» көрсетілетін бұл картинада Оспанов учаскелік полицейдің рөлінде ойнайды.
Шоумен егер әртіс болмағанда учаскелік полицей болатынын айтып әзілдейді. Өзінің сөзіне сүйенсек, бұл – оның жанына жақын мамандық. Сол себепті де полицей бейнесін көгілдір экраннан сәтті әрі сенімді шығарарына ол өте сенімді.
«Гейзер» сериалы Алматыда түсіріледі. Фильмге арқау етілген оқиғаның ұзын-ырғасын айтар болсақ, бұрын қылмыс әлеміне қатысы болған ресейлік ірі кәсіпкер Георгий Гейзер Қазақстанда Василий есімді ұлының бар екенін естиді, алайда оның қай жерде екенін білмейді. Баласын іздеп тапқысы келген әке «Бармысың, бауырым!» бағдарламасына қатысып, баласын тапқан адамға сыйақы беретінін жария етеді. Мұны естіген Қайрат және Вася есімді екі алаяқ шалды алдап соғуды ойлайды.
Фильмге Мұрат Оспановтан басқа Гүлнар Сильбаева, Сергей Погосян, Роман Альманский және Сергей Никоненко түседі. Кинолентаның 20 сериясы шығады деп жоспарланып отыр.
«Қазақфильмде» кастинг өтуде
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы алдағы уақытта түсірілгелі жатқан «Арал» фильміне кастинг өткізбекші.
Режиссер Кенжебай Османовтың сөзімен айтсақ, оқиға тікелей аралда болатындықтан да, фильм осылай аталып отыр. Шығармашылық топ осы картинадағы басты кейіпкер образын сомдайтын 45-тен 50 жасқа дейінгі, келбеті сұсты ер адамды іздестіруде. Фильмдегі басты кейіпкер – ғалым адам. Ол дүние салғаннан кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмыс кабинетінен оның өмірі жазылған бейнетаспаны тауып алады. Міне, осы сәттен бастап қазақстандық көрермендер әртүрлі тағдырлар мен сезімдер қатар өрілген, қанық бояулы жаңа сюжет желісін тамашалайды.
Сонымен қатар фильмнің түсіріліміне қатысу үшін 17-23 жас аралығындағы қазақ қызы, 30-35 жас аралығындағы қазақ әйелі мен дене бітімі жүдеу 11 жасар бала қажет. Кастинг 30 тамызға дейін «Қазақфильм» киностудиясында өтеді.Фильм Балқаш көлінде түсіріледі.
Бетті дайындаған Өркениет бөлімі