Алаштың КИНОиндустриясы
Кино-прокат
Көрерменнің патриоттығы да керек
Прокат мәселесі тұрғысынан алғанда, өкінішке қарай, бүгінде өз киномыздың шекесі шылқып тұрғаны шамалы. Қанша жерден жасырып-жабуға тырыссақ та, шетелдік заманауи блокбастерлердің отандық фильмдерді үлкен экраннан ығыстырып жатқаны ақиқат. Яғни көрермендердің көпшілігі кинотеатрларға өз киногерлеріміздің туындыларын емес, шетелдердердің шытырман оқиғалы фильмдерін, драмаларын көру үшін барады.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Мұның сыртында әлемдік даңққа ие болып, атағы жер жарған фильмдердің көпшілігін ғаламтордан-ақ тамашалауға болады. Жұрттың жаңа фильмдерді кинотеатрларда емес, үйінде отырып ақысыз көруді артық санайтыны кино өндірушілердің қалтасына едәуір нұқсан келтіруде. Голливуд киноиндустриясына қарақшылық, әрине, айтарлықтай нұқсан келтіре қоймайды, өйткені олардың кино өнімдері төрткүл дүниеге түгел таралады және ұлан-ғайыр табыс әкеледі. Ал отандық өндірушілердің фильмдері өз еліміз бен іргелес мемлекеттер аясында ғана таралатындықтан, әрбір көрермен мейлінше қымбат, мейлінше бағалы. Бірақ жұртты жаппай кинотеатрға, онда да өз режиссерлеріміздің фильмдерін көруге тартудың оңтайлы жолын табуға ықыласты біреу жоқ.
Елдің қызығушылығын арттыру мақсатында кинотеатр басшылығы коммерциялық киноға, онда да америкалық боевиктер мен комедияларға, блокбастерлер мен мультфильмдерге көбірек салмақ салады және бұл өзін-өзі ақтайды да. Мысалы, қазақстандық прокатта топжарған «Жалғыз рейнджер» фильмінің біздің ел аумағындағы жалпы кассалық түсімі бес аптаның ішінде 106 миллион теңгеден асып жығылған, тек 1-4 тамыз аралығында ғана 1,5 млн теңгеге артқан. Бұдан бөлек, осы уақыт ішінде аталмыш картинаның қазақ тіліне дубляждалған нұсқасы 513 мың теңге жинап үлгерген. Ал «Монстрлар университетінің» Қазақстандағы прокаты жеті аптаның ішінде 155 миллион табыс әкелген, осы фильмнің қазақша нұсқасының өзі 2,6 миллион теңге жинаған. Сондай-ақ «Смурфики-2» анимациялық фильмі мен «Штурм Белого дома» боевигі және «С кем переспать» комедиясы прокаттың алдыңғы үштігіне еніп отыр. Одан кейін «Игра в правду» мелодрамасы, «Византия», «Интервью с вампиром» фильмдері де Қазақстан прокатында үлкен табысқа жетуде. Өкінішке қарай, отандық жобалардың прокатта айтарлықтай жетістікке қол жеткізгені некен-саяқ.
Бір анығы, көрермен киноны отандық немесе отандық емес деп бөлмейді, бар болғаны сапалы дүние көргісі келеді. Осы жағынан алғанда, аудиовизуальды өнімдерді ғаламтордан көруге, көшіріп алуға тыйым салу, жаза қолдану отандық киноөндірістің бәсін арттырып жібереді деп түсіну қате. Ғаламтор жүйесіндегі заңсыз контенттерді жою ел-жұрттың кинотеатрларға баруын болар-болмас пайызға ғана арттыруы мүмкін, бірақ прокат мәселесі мұнымен шешіліп кетпейді. Кинотеатрға барғандар барады, бармағандар бәрібір фильмдерді ғаламтордағы арнайы сайттардан көру құқын сатып алып, компьютерге қадалады да отырады. Мұндай жағдайда қазақстандық көрерменнің бойында патриоттық сезімнің оянуын тілеу мен отандық киноленталарды көруге, ел киноиндустриясын қолдауға шақыру ғана қалады. Бізде әлемдік кино жауһарларымен терезе теңестіре алатын керемет кино түсіруге шығармашылық та, қаржылық та мүмкіндік мол екендігін «Жаужүрек мың баланың» өзі-ақ дәлелдеп берді. Ең бастысы, көрермен қатары сейілмесін. Өйткені «тыңдаушысы жоқ сөз жетім» екені сияқты, көрерменсіз кино – тұл.
Құралай ҚОҢЫР
Кино-өндіріс
«Алшы» Бейжің төрін еншіледі
Қытайдағы бір жарым миллионнан астам қара көздің қазақ кино өнеріне үнсіз үлес қосып келе жатқаны белгілі. Шекараның арғы бетінде дүниеге келген «Жетім қыздың махаббаты», күні кешегі «Ақсарбас», «Көрікті мекен», «Гүлбике» фильмдері, міне, осы ойларға дәлел.
Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романы бойынша 1999 жылы Украинада түсірілген фильмге қатысқан Жанар Сағатқызы, Қытай Орталық киностудиясы түсірген тарихи «Шыңғысхан» телесериалында маңызды рөл ойнаған Ержан Жандарке, «Гүлбикедегі» Әлімжан сынды кәсіби актерлер Қытайдағы ғана емес, бүкіл әлемдегі қандастарымыздың даңқын шығарып жүр. Жуырда болашағынан зор үміт күттіретін тағы бір жас режиссер Бейжің төрінде қазақ киностудиясын ашты. Ол – Қайсар Қабдолдаұлы. Студиясының аты – «Алшы». Осы барыста ол өзінің таза қазақ тілінде түсірілген «Мұңлы күн», «Қайран әке» сияқты тәрбиелік мән-мағынасы терең, жастардың сана-сезімін ояту мақсатында түсірілген кино туындыларымен көрермен ықыласын иеленіп үлгерді.
Қазақтың кино өнерін өркендетуге атсалысып, өнерімен өзгелерді мойындатқан ол Қытайдың астанасында тұңғыш қазақ киностудиясының шымылдығын ашты. Биылғы жылғы наурызда бой көтерген бұл шағын киностудияның мақсаты – қазақ киносының шетелдерге танылуына үлес қосу. «Ер туады еңіреп, елі менен жері үшін» дегенді жастайынан жүрегіне ұялатқан азаматтың кино саласында тер төгіп жүргеніне төрт жылдан асты. Осы аралықта оның «Сауға» атты фильмі Бейжіңде өткен студенттер кинофестивалінің алтын жүлдесін жеңіп алды. Қайсар Қабдолдаұлы сондай-ақ Қытайда түсіріліп жатқан көптеген телесериал мен киноларда атқарушы режиссер болып қызмет етуде.
«Жақсы жігіт – жаныңа жолдас, жаман жігіт – малыңа жолдас». Басты міндет – пайда табу емес, қазақ киносының мәртебесін көтеру және қазақтың жоғын жоқтау. «Алшы» киностудиясында бүгінде бірқатар маман бас қосуда. Тәжірибелі топ жиналып, қазақтың құндылығын дәріптейтін ұлттық үрдістегі жаңа туындыларды ойластырып жатырмыз. Әзірге қазақ киностудиясының қоржынында бірнеше жарнамалық жоба және шағын фильмдер бар. Болашақта көлемді көркем жобалар түсіріп, Қытайда қазақ киносының апталығын өткізбекпіз, – дейді Қайсар Қабдоллаұлы.
Қытайлық мықты режиссерлермен бірлесе отырып қазақ фильмдерін әлемдік деңгейге сай түсіруді көздеп отырған жас режиссер төл әдебиетіміздегі батырлар жыры мен аңыз-ертегілерді, қазақтың ірі тұлғаларын да кино тілімен насихаттап, қазақ мәдениетін әлемге танытуды армандайды. Ол сондай-ақ болашақта ұлттық бояуы қанық мультфильмдерді жарыққа шығару арқылы балалардың қажетін өтеуге тырысатындығын да жасырмайды.
Нұршат ТӨКЕН
Жаңа кино
Батыр жайлы фильм 4 сериямен шектелмейді
Танымал режиссер Ақан Сатаев көрнекті тұлға Бауыржан Момышұлы туралы фильм түсіруге кірісіп кетті.
Талғардағы, кезінде 316-атқыштар дивизиясының Талғар полкі жасақталған, №2 орта мектепте қазір түсірілім жүріп жатыр. Мектептің іші де, алдындағы алаңқай да соғыс жылдарындағы атмосфераны жақсы беріп тұр. Талғарда Бауыржан Момышұлының генерал Панфиловпен танысқан сәтінен бастап батальон командирі болғанға дейінгі кезеңі таспаланады. Ұрыс сценалары Минскідегі «Беларусьфильм» киностудиясында түсіріліп, бірқатар көрініс пен көпшілік сахналарына белорус актерлері тартылады. Төрт сериядан тұратын бұл көркем фильмнің негізгі желісі Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабы бойынша құрылған. Сценарийді киноға лайықтаған – Тимур Жақсылықов. «Біз көрерменге қызықты болатындай бірнеше қосымша линия қостық. Бәрін мейлінше дәлдікпен, нақты жасауға тырысамыз. Бізге Бауыржан Момышұлының немересі көп нәрсе айтып берді, сондай-ақ басқа да кеңесшілерімізбен пікірлестік», – дейді Ақан Сатаев. Басты рөл – Бауыржан Момышұлының бейнесін жасау М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының 28 жастағы актері Еркебұлан Дайыровқа жүктелді. Сериалға байланысты іріктеуге келген бетте-ақ шығармашылық топ Еркебұланның ұлы қолбасшыға ұқсайтындығын аңғарған. Өзінің айтуынша, актер Момышұлымен ұқсастығы туралы бұрын ешқашан ойланбаған көрінеді.
Момышұлының сүйгені Жамалдың рөлін Әсел Сағатова ойнайды. «Бауыржан атамыздың жұбайын кинода кейіптеу – мен үшін үлкен мәртебе. Ол кісі ерекше адам болған. Әскери қызметкер ретінде ғана емес, сонымен бірге шығармашылық жағынан алғанда да өте талантты адам болғанына қарамастан, Момышұлының отбасы туралы әдебиетте аз жазылады. Осындай ерекше адаммен тізе қосып, өмір сүргеніне қарағанда, менің кейіпкерім – өте ақылды әйел. Мен ол кісіні ер-азаматына шын берілген, мақсатына қол жеткізу үшін өз-өзін құрбандыққа шалуға дайын адам ретінде кейіптеуге тырысамын», – дейді Әсел.
Генерал Панфиловтің рөлінде – Виктор Ашанин, ал лейтенант Қасеновтің рөлінде Саят Есембаев ойнайды. Түсірілім жұмыстарына сондай-ақ Алматыдағы Лермонтов, Әуезов және неміс театрының әртістері қатысады. Режиссер фильмнің тек төрт сериямен шектеліп қалмайтынын айтып отыр. Яғни ол – төрт серияны бірінші маусымда тамамдап, артынша фильмнің түсірілімін ары қарай жалғастырмақ ниетте.
Көрермен фильмді алдағы желтоқсанның басында «Хабар» арнасынан тамашалайтын болады. Картинаны Sataifilm киностудиясы түсіріп жатыр.
Кино-кадр
Енді Дасти-Полейполемен достасамыз
Қазақстандық прокатқа Disney студиясының «Самолеты» атты жаңа мультфильмі шықты. Картинаның бюджеті 50 миллион долларды құрайды.
Дереккөздер бұл жаңа өнімнің кішкентай көрермендерді өз бойындағы үрейді жеңе білуге және алға қойған мақсатқа қол жеткізуге үйрететінін айтады. «Меломан» компаниясының кинопрокат жөніндегі жетекші маманы Нариман Әбиевтің сөзіне сүйенсек, мұндағы басты кейіпкер – Дасти-Полейполе атты ауылшаруашылық ұшағы. Ферманың осынау табанды еңбекқоры бүкіләлемдік сайыстарға қатысуды армандайды, бірақ биіктіктен қатты қорқады. Сондықтан жағдайға орай әуе жарысының іріктеу турына тап болған ол әскери авиация ардагері, отставкадағы ұшқыш Шкипердің көмегіне жүгінеді. Көреген тәлімгерінің көмегімен Дасти өз бойындағы әлсіздікті жеңе отырып, әлемге танымал чемпион Рипслингермен бақ сынасады, ал бүкіл дүниежүзі демін ішіне тарта отырып, әуедегі сайысқа көз тігеді.
Мультфильмді түсіру барысында авторлар ұшақты мұқият зерттеген деседі. Фильм режиссері Клей Холл жастайынан ұшақтармен әуестенгендіктен, бұл соншалықты қиынға соқпаған да көрінеді. Авиацияға деген сүйіспеншілік оған АҚШ әскери әуе күштерінің ұшқышы болған әкесінен дарыса керек, ал атасы азаматтық авиацияда қызмет еткен. Ұшу сценаларын шынайы етіп көрсету үшін фильмді түсіруші топ нағыз ұшақтардың – «кукурузниктер» мен қос қанаты бір-бірінің үстіне орналасқан ескі ұшақтың, тіпті теңіз атқыштарының даусын жазып алып, оларды фильмді дыбыстау кезінде пайдаланған. Жер шарын түгел айналып шығатын авиациялық жарыс маршрутын сауатты түрде әрі үлкен дәлдікпен құрастыру мақсатында фильм авторлары кәсіби ұшқыштармен кеңескен.
Фильм сюжеті кішкентай көрермендер үшін мейлінше қызықты. Ұшақтардың көпшілігін суретші-аниматорлар ойлап тапқан, бірақ кейбір персонаждар өмірде нақты бар ұшақтардың нобайын ішінара қайталайды. Мысалы, Дастиді жасау барысында суретшілер АТ-502, Cessna және ауылшаруашылық жұмыстарына арналған Dromader ұшағының моделін негізге алған. Аталмыш картина еліміздің кинотеатрларында 29 тамыздан бастап көрсетіле бастады.
Кино-фестиваль
Пусанға біздікілер де барады
Оңтүстік Кореядағы Пусан қаласында өтетін XVIII халықаралық кинофестивальға қазақ режиссерлерінің де фильмдері қатысады.
Пусан фестиваліне Қазақстаннан қатысатын картинаның бірі – Жанна Исабаеваның «Нағима» атты көркем фильмі. Жанна Исабаеваның айтуынша, ол бұдан басқа Gala Presentation және Торонтода өтетін беделді кинофестивальға қатысуға шақырту алған. Алайда режиссер өз туындысының халықаралық деңгейдегі алғашқы көрсетілімін Пусанның еншісіне қалдырған. «Мен Пусан кинофестивалін жақсы көремін. Бізге осындай мүмкіндік бергені үшін қуаныштымын. Бұл киноны түсіруде бізде қаржылай дағдарыс болды. Алайда 12 адамнан құралған ұжым өз міндетін жоғары деңгейде атқарып шықты. Шығармашылық жағынан ешқандай да шектеу болмады. Туындыны небәрі 11 күннің ішінде түсіріп біттік», – дейді режиссер. Пусан кинофестивалінде қазақ режиссерлерінен Ербол Жұмағұловтың да «Кітап» атты туындысы бақ сынайды.
Халықаралық Пусан кинофестивалі 3-12 қазан аралығында өтеді.
Кино-қарақшылық
Заңсыз дискілер тәркіленді
Tengrinews.kz мәліметіне жүгінсек, құқық қорғау органдары Атырау облысында «Жұлдызға арналған коктейль-2» фильмі қарақшылық жолмен жазылған DVD-лерін қолға түсірді.
Shine Stars Production ЖШС бас продюсері Баян Есентаева Әділет департаментінің интеллектуалдық меншікті қорғау бөліміне аталған фильмнің аудиовизуальды дискілерін заңсыз таратуға жол бермеу туралы өтініш жасаған. Осыған байланысты жүргізілген тиісті тексерулер нәтижесінде Атыраудағы сауда нүктелерінің бірінен 270 аудиовизуальды және 58 ойын таспасы, соның ішінде «Жұлдызға арналған коктейль-2» фильмінің DVD-дискісі табылған. Кинофильмді заңсыз тарату дерегі сондай-ақ Ақмола облысы аумағында да тіркелген.
Бетті дайындаған Өркениет бөлімі