Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ
Балқадиша ШАЛға ұзатылған ба?
Пах, шіркін! Жүрісінің өзі көрген жұртты тамсандырып, «бұралған белі нәзік тал, ал өзі бал» Қадиша қыздың сексен бестегі шалға ұзатылғаны жайлы әнді естіп, егілмеген қазақ жоқ шығар?! «Ажары айдай сұлудың базары тарқаған қарияға ұзатылғаны несі?» деген сауал әнді естіген әркімнің көкейінде тұратын. Бірақ «Расында, солай ма?» деген екінші жағына ой жүгірте бермедік көбіміз. Бәлкім, ол әннің жиі орындалмауынан да шығар... Жалпы, ән қашан шықты, қай кезден бері ел арасында айтылып, нақты қандай әнші жұртқа жеткізді, содан бері неше орындаушысын өзгертті? Ән жайлы ақиқатты іздесек...
Авторы әрі алғаш орындаушысы – Ақан сері
Жалпы орындаушылар: Сонау ХІХ ғасыр соңы, ХХ ғасыр басында Әміре Қашаубаев, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебековтер орындаса, бүгінгілерден Қайрат Байбосынов, Рамазан Стамғазиев, Гауһар Әлімбекова, «Жігіттер» тобы әйгілі әнді өз репертуарларына қосқан.
Алғаш хатқа түсірген: 1988 жылы Қайролла Жүзбасовтың құрастыруымен «Өнер» баспасынан жарық көрген әнжинаққа «Балқадишаның» үш нұсқасы енген. Ал, жалпы, әннің 90 шумағы болыпты.
Тарихы
1-нұсқа: Бір сапарында Ақан сері Қарауыл Шәкейдің Ыбырайының қызы Балқадишаны ұшыратып калады. Бір көргеннен-ақ қыздың мінез-құлқы, әсем көркі, әдептілігін байқаған сері оны қасынан жібергісі келмейді. Бірақ қыздың жеңгесі «қайталық» деп қайын сіңлісін түрткілеп болмай қояды. Екі оттың арасында қалып мазасызданған Балқадишаның күйін сезген Ақан сол мезет:
«Дегенде Балқадиша, Балқадиша,
Есілді өрлей біткен тал Қадиша.
Жеңгеңіз қайталық деп асығып тұр,
Рұқсат бізден сізге, қарағым, бар,
Қадиша»,
– деп табан астында өлеңмен амалсыздан рұқсат беретінін білдіреді. Мұнда мұң, қасірет, өкініштен бөлек, ашық-жарқын көңілділік, ойнақылық басым.
2-нұсқа: Құлагердің өлімі бар т.б қайғыдан құсалық кешіп жүрсе керек, ел аузында Ақан туралы «жын-пері қағып кетіпті» деген секілді алыпқашпа сөздер тарай бастайды. Сол тұста сері жолы түсіп, Ыбырай деген алты Алашқа аты мәлім кісінің ауылына түссе, әлгі жел сөздің кесірінен қыздар жағы Ақанның қасына отырудан үркетінін сездіріп қойыпты. Сонда жалғыз Қадиша ғана сері ағасының жанын жатсынбай отырыпты. Ақан риза болса, серінің жанында отыр дегенді естіген ағалары қызды алып қайтуға жеңгелерін жіберіпті. Бірақ қыз қозғалмай, таң атқанша отырыпты. Қыз қайтуға оқталғанда, қимастығы оянған Ақан қара домбырасын шертіп кеп жіберіп, көмейдегі жырды төгіп салыпты.
Күмәнді тұсы
Әннің «күйеуің сексен бесте, шал Қадиша» деген жолдары дүдәмал болса керек. Расында, ақсақал айттырып, кейін Ақанның жанында отырғанын естігенде «қызды қайтарыңдар» деген екен, бірақ...
Ақиқаты
Ән кейіпкері керім қыз Сүлеймен деген текті атаның баласымен отау құрып, үш қыз бен екі ұлдың анасы атаныпты. Қадиша апамыз 1953 жылға дейін өмір сүрген.
«Өзіндегі өнерді емес, өнерден өзін көргісі келетіндер көп»
Жұбаныш ЖЕКСЕНҰЛЫ, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:
Мұздаған жүректерді әнімен жылытып, сондай-ақ қазақ әнінің бояуын да сол қалпында сақтай білуімен ерекшеленетін әншілердің бірі – Жексеннің Жұбанышы. Кейінгі кезде ұлттық арнаның төрінен «Ән жұмбақ» арқылы көрініп жүрген әншінің жұмыс графигі тіпті тығыздала түссе керек. Әйтсе де соның арасынан уақыт тапқан Жұбанышпен әңгімеміз пікірқайшылықпен басталып кетті.
– Бүгінде бірқатар журналистер маған өкпелеп жүргенге ұқсайды...
– Неге?
– Әншілікті қойып, тележүргізуші болып кеткенім үшін (күлді). Қазір әншілердің ішінде тележүргізуші еместері аз десек дәлірек болар. Ал өз басыма келсем, маған «Ән жұмбақты» жүргізген ұнайды.
– Жүргізушілік жөніне ойысып кеткесін, әнші ретінде өзіңіз жүрген орта, эстраданың жайынан не түйгеніңіз бар? Дамуды сезесіз бе, әлде...
– Даму секілді көрінетін кері кету бар ғой бізде қазір. Сөзі қазақша болғанымен, әуені бөтен әндер өте көп. Бүгінгі эстраданың проблемасы да – сол. Мысалы, дін қанша заманнан бері бар болғанымен, жастарымыздың дәл қазіргідей дінге қатты беріліп кеткен кезі болмаған шығар, сірә. Егер білімді діндар болса бірсәрі ғой, мәселе өзі шалажансар білімділер дінге кірсе, ең қауіптісі сол ма деп қалдым. Музыкадағы бүгінгі жағдай да тура осы секілді. Қазақ әнінің ұлттық өзегінен ажырап қалуына барынша ықпалын жасап жатқан сол музыкадағы «дүмшелер». Және бір қызығы, бұл жайлы ел де, әншілердің өздері де біледі, бірақ ешбірі ұялайын да, қысылайын да демейді. Өздерінше дінге ерген жастарға ұқсап, жас әншілеріміз де бір жаңалық жасағысы келеді, бірақ оған білімдері, өрелері жетпейді. Дүбара әндер, мінекей, осыдан туады. Жаңадан шыққан жас әнші жарқ етіп бірден шетелдік гармонияға бай әннен бастағысы келеді. Ешқашан олай болмайды, себебі ол үшін до-дан бастап си-ге дейінгі жеті нотаны басынан бастап оқып, меңгеріп шығу қажет.
– Жарайды, жас әншілер делік, ал енді өзіңіз де кезінде еліктеуге ерік беріп қойған жоқпын деп айта аласыз ба?
– Ерік берген кездерім болған жоқ. Оған сенімдімін. Бірақ музыкалық өңдеуі өте күшті болып, сөзіне аса мән бермей орындай салған әндерім болды. Ол менің шамамен 21-22 жастағы кезімде. Ал енді қазір мен үшін ең бірінші орында әннен бұрын сөз тұрады. Ол менің есейгендігім, өнер мен өмірде тәжірибе жинағанымның арқасы шығар. Себебі сөзі болмаса, әннің не керегі бар? Айтарың болмаса, құр әндеткеннен не пайда?
– Яғни сіз хитқа қызмет етпейсіз, өнерге қызмет етесіз ғой, солай ма?
– Хит ән жазуды ғана мақсат тұтқан әнші ұзаққа бармайды десем, әбес айтпайтын шығармын. Себебі «хит жазамыз» деп біз көбіне арзанқол дүниелерді шығарып, халықтың музыкалық талғамын төмен түсіріп аламыз. Себебі халық талғамының деңгейі біз жасап жүрген дүниелерге тікелей байланысты.
– Өз тыңдарманыңызды қандай топқа жатқызасыз?
– Менің тыңдармандарымның көбі – жігіттер, ер-азаматтар. Бұл –өзімнің байқағаным. Сосын жас шамасы 40-50-ден асқан апаларымыз. Жас қыздар аз деп мен қынжылмаймын да. Өз топшылауымша, ер жігіттерге менің даусымның бояуы ұнаса, ақыл тоқтатып, кемелдікке жеткен әйел-аналарға менің әндерімнің сөзі ұнайды деп ойлаймын. Жасы 40-қа келіп қалған адамдардың сөзге мән бермей құр даурықпаға берілгені, меніңше, ұят.
– Сіздің соңғы жылдары шығарған «Махаббат елі» әніңіз «Саз әлемі» бағдарламасында әділқазылар тарапынан бір ауыздан керемет деп бағаланғаны есімізде, көрермен де дауысты сол деңгейден кем берген жоқ. Мұхтар Шаханов ағамыздікі болса керек, әні де, сөзі де. Жалпы, ең соңғы әніңіз осы ма, әлде одан кейін де жаңа бір дүниемен жұмыс жасап жатырсыз ба?
– Мұхтар ағамызбен кейінгі кезде тығыз шығармашылық байланыста болғалы, ол кісі маған өзінің 1971 жылы Шәмші Қалдаяқовпен бірігіп жазған «Арқалықтың ақ таңы» атты әнін берді. Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз Торғай облысының обкомы болып жүргенде, Шәмші ағамыз бен Мұхтар ағамызды сол жаққа халықпен кездесуге шақырып, сол жерде ғана айтылып, кейін кеңінен тарамай қалса керек. Содан кейін тағы 1968 жылы Шәмші ағамызбен бірге жазған «Сүймегендер сағынбайды» атты әнді де қатар ұсынды. «Арқалықтың ақ таңын» жазып, бір-екі жерде орындадым, ал кейінгі әнді әлі жазу үстіндемін. Осындай дүниелерден кейін орындаушының деңгейі кәдімгідей өседі екен, қазіргі әуені де, сөзі де түсініксіз әндерді мүлдем қабылдай алмай қалады екенсің.
– Сөз соңы, қазіргі қазақ әншілерінің ең басты проблемасы не дер едіңіз?
– Білімсіздік. Тіпті өзім жайлы да «керемет білімді музыкантпын» деп мақтануға тілім бармайды. Нағыз білімділер енді келе жатыр. Алдыңғы толқын ағаларымыз кеңестік биліктің қанатының астында жүрді. Қазір олардың өмірлері кейбіреулерге керемет көрінетін шығар, бірақ ол кісілер ұзын арқан, кең тұсауда болды ғой. Емін-еркін жүріп тұра алмады. Заман құрсауынан босаған кездері осы шығар. Бұл күнге жеткені де бар, жетпей, арманда кеткені де бар. Ол кезде әр әннің сөзіне, әніне қадалу болды ғой. Бір ғажабы дәл сондай шүйлігу, қадалу дәл бүгін керек секілді. Ұлт жанашырлары әр қазақ әніне қадалса, қазіргідей бей-берекетсіздік орын алмас еді. Қадыр ағамыз айтыпты «Қазір өзіндегі өнерді емес, өнерден өзін көргісі келетіндер көбейіп кетті» деп. Өнері бар ма, дарынды ма, жоқ па, бәрібір, әйтеуір, Роза Рымбаева сынды нағыз өнер иелерінің қасында жүрсе болды.
– Яғни тобықтай түйін, қазір қазақ әншілерінің қарны ашып жүрген жоқ, білімсіздіктен қоғамға опық жегізбесе деңіз...
– Дәл солай.
Алашыңа ән сыйла!
Еліміздің еңсесін тіктеп, рухын жігерлендіретін әнге байқау жариялағанымыз оқырман қауымға белгілі. Осыған дейін Алашқа әйгілі Күләш Ахметова, Темірғали Көпбаев, Әлібек Шегебай сынды ақындарымыздың өлең жолдарын кеудесін күй кернеген композитор қауымның назарына ұсынсақ, енді бүгін электронды адресімізге хат арқылы жолдаған Дариға Нұрашеваның жыр жолдарын жариялаймыз. Автор жайлы аз-кем айтсақ, филолог маман, бүгінде Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданында аудандық мәдениет бөлімінің демалу орталығының директоры қызметін атқарады.
Дариға Нұрашева
Көк туым
Қыран ғана қалықтайтын
көгінде,
Заңғарлық бар қазағымның
тегінде.
Нұрын шашып кең далама
жарқын күн,
Көгілдір Ту желбіреуі
тегін бе!
Көгілдір Ту – көк байрағы
даламның,
Тағдырыңа сенің мен де
алаңмын.
Саған теңдес болмақ емес
ешқашан
Сұлулығы барша мынау
ғаламның!
Қызықпайтын бізге елдер
жоқ бүгін,
Өзіңменен биіктейді
шоқтығым.
Қазақ деген ер халықтың
бағына
Желбірей бер, желбірей бер,
Көк туым!
Егер осы өлең жолдарын оқып, жүрегіңізді ән тербесе, dariga-panorama@mail.ru адресіне хат жолдап, хабарласуыңызға болады. Сондай-ақ газетіміздің келесі нөміріне өз жырын жолдайтын ақын ағайындарға да құлаққағыс!
Melo`меn мейіріммен баурады
«Перзент арманы» деп аталатын жаңа бейнеклип тақырыбы – жетім балалар. Жанары жаутаңдап әр жаннан өз анасы мен әкесін іздейтін жетімдік мәселесін қазақ эстрадасына жаңалық қылып ашқан Melo`Меn емес, әрине.
«Анам болса келмей ме, баласын бір көрмей ме, мейірлене құшақтап, бетінен бір сүймей ме» деп бозторғайға мұңын шаққан Мейрамбектің өзін бертінге дейін «жетім екен» деп сеніп келді емес пе?
Сондай-ақ тағы бір жүректі шымырлатар бейнеклип Ұлықпан Жолдасовтың «Сәби бақыты» атты әніне түсірілгені есте.
Міне, бүгін жап-жас та болса, әке мен аналық сезімді жүрек сүзгісінен өткізген Melo`Меn-дік жігіттер.
Жігер Аупбаев, топтың мүшесі:
– Жетімнің басын сипаған адамның сан сауапқа кенелетіні біздің жадымыздан ешқашан шыққан емес. Сондықтан балалар үйіне барып, олармен жүзбе-жүз кездесіп, бейнебаянды түсірдік. Бірақ рөлге бекітілген Шерхан мен Мүслім балалар үйінің тәрбиеленушілері емес. Кішкентай актерлер! «Жетімін жылатпаған бабалардың ұрпағымыз ғой... Олардың «тастанды» атануларына не жазықтары бар?» деп ойладым. Әке мен шеше қарауындағы балалардан айырмашылығы жоқ, әдемі, есті балалар екен..
«Өмірге келген әр сәби
біреудің баласы,
Тағдырын бірақ таңдауға
жетпейді шамасы»,
– деп келетін ойлы да сезім тербер сөздер әйгілі ақын Ринат Зайытовтың жүрегін жарып шыққан жолдар болса, әуені Ұлықпан Жолдасовтікі. Режиссері – «Другой» продакшнның режиссері Валерий Задарновский.
Ең бай қазақ жұлдызы кім?
Таңдаулы бестікті төменнен жоғары қарай өрбітсек:
5. Мақпал Исабекова, Ділназ Ахмадиева, FM тобы, Мәдина Сәдуақасова, Роза Рымбаева. Олардың жылдық табысы 250 000 $
4. Белгілі продюсер Баян Есентаева мен «Наша KZаша» жобасы
3. Батырхан Шүкенов
2. «МузАРТ» тобы 800 000 $
1. Әсел Сағатова
Біркүндік киноға түсуіне 2 мыңнан 5 мыңға дейінгі АҚШ доллары көлемінде қаламақы алатын актриса сондай-ақ итальян кофе алқабының иегері болса керек. Жылдық табысы: 900 000 $
Беттің продюсері – Мәриям Әбсаттар e-mail: mauka2004@mail.ru