Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ
Қазақ рок-н-роллы қайда жүр?
Шыр айнал да, билей бер! 1950 жылдары АҚШ-та пайда болып, дүниені дүр сілкіндірген жаңа музыкалық жанр Rock and roll-дың қазақша мағынасы осындай. Жалпы, бүгінде қазақ эстрадасы әннен кенде емес, әншілер жаңа ән шығарудан жарысқа түсіп кеткелі қай заман? Алайда, қанша ән естісек те, бәрі бір текті, бірінен бірі айырғысыз боп жататынын тыңдарманнан жиі естиміз. Бұл неліктен? Демек, бізде жанрлық түрлену жоқ деген сөз. Поп музыка, ары кетсе R&B, міне, осы бір-екі жанрды әрі айналдырамыз, бері айналдырамыз. Ал джаз, блюз, рок-н-ролл деген жанрларда ән жоқтың қасы. Бүгін осылардың ішінен рок-н-ролл жайлы қозғасақ. Қазақ жалпы осы жанрға әлі күнге дейін «жынойнақ» деп қарап келе жатқаны жасырын емес, бүгінгі буын біз осымен келісеміз бе?
Экскурс немесе рок-н-ролл қалай пайда болды?
Электрогитара, ұрмалы аспаптар, бас, фортепиано және саксафон әуендерінің үндестігінен пайда болған рок-н-роллдың басқа музыкалық жанрлардан ең бірінші ерекшелігі – минутына 140-180 соққыға дейін жететін шапшаң ырғағы. Айтуға оңай көрінгенімен, аспаптарды үндестіре білу, содан жаңа бір музыкалық жанр тудыру – аса шеберлік пен талмай ізденісті қажет ететін іс. Музыкаға деген соншалық шексіз махаббаты бар, таза өнердің адамы болмаса, бүгінгідей бір күндік табысты ойлаған қоғамда ондай жетістіккке жету – екіталай. Ал рок-н-ролл әлі адамдардың таза өнерге қызмет етіп, оны ақша табу жолында халтураға айналдыра қоймаған тұста қажырлы күш пен еңбекқорлық болмысынан дарыған Американың қара түсті қауымының арқасында туған еді. Бір-біріне еш қатысы жоқ әрі ешбір мәжбүрлеусіз, онша танымал да емес, қара түсті музыканттар ритм-энд-блюз, буги-вуги секілді бөлек-бөлек стильдерді бір-бірімен араластырып, тәжірибе жасап көрген. Байқаса, әлі ешкім естімеген әрі құлаққа жағымды бір үн пайда болыпты.
Музыка зерттеушілері ең алғашқы рок-н-ролл жанрындағы ән деп 1951 жылы Сэм Филлипс студиясында жазылған Айка Тернер тобының «Rocket 88»-ін атайды. Ал жанрдың атасы, яғни, оны алғаш термин ретінде қалыптастырып, музыкалық айналымға түсірген Алан Фрид деп саналады. Алайда әлі күнге дейін рок-н-ролл десе, көз алдымызға Элвис Пресли сынды әлемдік деңгейдегі теңдессіз әнші келеді. Себебі ол 1956 жылы осы жанрдың королі атанып, тек Америка ғана емес, күллі әлемнің жас буынын дүр сілкіндірген болатын. Ең бір кереметі, рок-н-ролл түп-тамырын қара нәсілділер әуенінен алғанымен, американдықтар да осы әуенді сүйіп орындап, сүйіп тыңдағандықтан, рок-н-ролл осы екі нәсіл арасындағы сонау кездерден келе жатқан алауыздықты біртіндеп әлсіретіп, соңында бауырласуына дейін жеткізген тылсым күшке айнала білді. Яғни бұл музыка жалпы өнердің саясат кіре алмаған есіктен еніп, саясат шеше алмаған мәселелерге күші жететін қуатқа ие екендігін аңғартса керек.
Рок-н-роллға да өз «Ұлытауы» керек шығар...
Қазақ эстрадасына осы рок-н-ролл жанры аса сіңе алмағандай. Жалпы, біз шыны керек, қабылдай алмайтын музыканы «жынойнақ» деп, жылы жауып қоя салатынымыз өтірік емес. Қазақтың «жынойнағының» тізімінде рок деп басталатын музыка ағымы бірінші тұрады десем, қателеспейтін де шығармын. Алты қырдың ар жағына естілетін диапазоны кең ән салып, сондай кеңдікте өскен табиғатымыздың әсері ме екен, әлде, өте жылдам ырғақты әуенді әлі күнге дейін бірден қабылдай қоймайтынымыз рас. Бірақ кейінгі кездері «Ұлытау» тобы Құрманғазының, Махамбеттің күйлерін рок жанрына салып, бірақ сонымен қатар ұлттық нақышпен де өрнектей отырып, керемет туынды жасап көрсетіп еді, қазақ кәдімгідей ойланып қалды. Бәлкім, рок-н-ролды да қазақ қабылдайтын сондай бір форматын табу керек шығар. Осы орайда музыка майталмандары, сазгерлеріміз не дер екен?
Жеңіс Сейдоллаұлы, сазгер:
– Рок-н-ролл өзінің ойнақылығымен қазақтың табиғатымен жақсы үйлеседі деп білемін мен. Мәселен, бұрынғылардан «Дос-Мұқасан» тобының «Құдаша» әнін мен таза осы стильде жазылған және сәтті шыққан шығарма деп білемін. Сондай-ақ өзім де осы жанрда жаздым, «Қияли қыз» деген әнімді білсеңіздер, сол – рок-н-ролл. Жалпы, рок-н-ролл жанрында туынды жазу үшін кәдімгідей музыкалық білім керек. Білімнен бұрын оны көп тыңдағандар ғана жасай алады. ХХ ғасырдың 70-80 жылдары осы рок-н-роллдың шыңы болды. Жалпы, рок-н-ролл – ағылшынтілді халықтардың эстрадасын әлемге танытып, әлемдік музыкаға жаңалық алып келген жанр. Джаз, соул, блюз деген стильдерді тек қана музыкадан өте жақсы хабары бар, білімі жетерлік жандар болмаса, әуесқойлар шығара алмайды. Көбіне қарапайым халықтан гөрі, аспапты шебер орындайтын музыканттар осы рок-н-роллға жақын болады. Дәл қазір мен «Ойпырым-ай» атты жаңа туынды жазып жатырмын, ол нағыз осы жанрда болмақ. Сөзін Ибрагим Иса ағамыз жазды. Әлі жарыққа шыққан жоқ. Мүмкін өзім орындармын, мүмкін біреуге берермін. Бастысы, рок-н-ролл жанрындағы жаңа дүние шығатынын айтқым келеді.
Жалпы жұрттың осы бір жанр жайлы пікірін білмекке Fasebook-те сауалнама жасап көріп едік, сондағы жауап былай болды.
Сандуғаш Кенжебаева, журналист:
– Мысалы, мен кез келген жанрдағы әнді көңіл күйіме қарай тыңдаймын. Ал енді рок-н-роллды әдейі іздеп тыңдаймын десем өтірік болар. Тек соңғы кездері көбіне лирикалық әндерге әуес болып жүрмін. Бір білетінім, рок-н-ролл жеңіл жанр емес. Жас әншілеріміздің дұрыстап қолға алмай жүргені де содан болар деп ойлаймын. Егер айта алмаса әннің, қала берді жанрдың сыйқы кетеді. Сөзін мазмұнды, өңделуін сапалы, орындауын сауатты жасап шықса, аға буын өкілдері де, жастар да жақсы қабылдауы мүмкін жанрдың бірі деп санаймын.
Дәуренбек Мерғалиев, жас әнші:
– Болашақта рок-н-роллды қолға аламыз, ендеше!
Мәриям ӘБСАТТАР
Өнердегі менеджмент мәселесі кейін қалып келеді
Дина ДҮТМАҒАМБЕТОВА, опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Атыраулық Дина Дүтмағамбетованың есімі бүгінде тек Қазақ еліне ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де белгілі. Көмейіне бұлбұл құс ұя салған әншінің бағындырған белесі аз емес. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер. Бірнеше республикалық, халықаралық ән байқауларының жүлдегері. Алматыдағы Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі. Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда вокал өнерінен дәріс беретіні тағы бар.
– Дина Халымжанқызы, әдетте әншілер үшін танымалдылыққа тез қол жеткізудің бір жолы эстрада жанрымен байланысты болып келеді. Сіз неліктен операны таңдадыңыз?
– Бала күнімнен бір ғана арманым болды. Ол – Бибігүл Төлегенова секілді әнші болу. Әлі есімде, бес-алты жасымда үйдегі үлкен айнаның алдына тұрып алып, теледидардан көріп, радиодан естіген Бибігүл апайдың орнына өзімді қойып, ерекше шабытпен шырқай жөнелетінмін. Өнерге деген бұл қызығушылығым музыка мектебіне апарды, домбыра сыныбын бітірдім. Ал орта мектепті аяқтаған соң қатар құрбыларым заңгер, экономист, мұнайшы секілді заманауи мамандықтарды таңдағанда, мен сол бала арманымның жетегімен Алматыға барып, әнші боламын деп талаптандым. Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жанындағы опера-хор студиясына қабылдандым. Екі жыл осы жерде білім алған соң, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына опера және концерт әншісі мамандығына оқуға түстім. 1998 жылы консерваторияны аяқтап, труппада жұмыс жасадым. Опера – өнердің биік шыңы. Өкінішке орай, сіз айтқандай, қазір жеңіл эстраданы бағалап кеттік. Операны екінің бірі түсіне бермейді және түсінуге ниет те танытпайды. Бұған ақпараттар тасқыны заманында опера өнеріне деген жарнаманың аздығы да себеп шығар.
– Иә, бүгінде жарнамасыз аяқ баспайтын болдық. Жалпы, әнші үшін насихаттың қаншалықты әсері бар деп ойлайсыз?
– Насихаттың маңызы ерекше. Өйткені өнерің қанша жерден керемет болса да, сені қолдап, насихаттамаса, құның көк тиынға айналады. Мысалы, мен барып жүрген шет мемлекеттерде әр әншінің жарнама агенті бар. Тіпті Ресейдің өзінде солай. Бізде әзірге ондай келісімшарт жүйесі қолға алынбай келеді. Осының кесірінен ел өнер иелерін жеткілікті деңгейде тани бермейді. Біздің опера және балет театрында талантты жастар көп. Олардың өнерлеріне қарап, еріксіз сүйсінесің. Бірақ соларды халық біле бермейді. Мұның бәрі – жарнаманың кемшіндігінен. Алматыға барып, опера театрының өнерін тамашалауға екінің бірінің мүмкіндігі бола бермейді. Ал елді аралап, концерт қойғың келсе, «сіздерді халық білмейді, жиналмайды» деген сылтауды алға тартады. Мысалы, мені шетелде, Алматыда опера әншісі ретінде ел біледі, бірақ туған жерімде, Атырауда осы өнердің шамын жағып жүрген бір қызы ретінде мені танымайды да. Осы жаныма батады.
– Әр нәрсенің өз уақыты, өз дәуірі болады. Менің ойымша, опера өнерін ел бүгінде қабылдай алмай жатқанымен, түптің түбінде лайықты дәрежесін алары сөзсіз. Жалпы, қай мамандықтың иесі үшін де еңбегінің еленгенінен асқан қуаныш жоқ. Дина Халымжанқызы, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай, сіз еліміздегі жоғары марапаттардың бірі – Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер атағына ие болдыңыз...
– Иә, бұл мен үшін күтпеген әрі өте қуанышты жайт болды. Марапатты тапсыру салтанатында қатты толқыдым. Үйсіз-күйсіз, табанымнан сыз өтіп жүрген күндерім көз алдымнан тізбектеліп өтті. Шүкір деймін, талмай талаптанғанымның арқасында біраз жетістікке қол жеткіздім. Алайда үйлеспей жүрген тірлігім де жоқ емес. Соның бастысы – туған жерімде концерт өткізу. Өткен жылы Махамбет атындағы облыстық драма театрында жерлестеріме арнап жеке концерт өткізгенмін, бірақ жарнама аз болды ма, әлде, шынымен атыраулықтарды опера өнері қызықтырмады ма, көрермен жиналмай қалды. Басқа елдің қолдағаны бір бөлек, туған жеріңнің қызым деп маңдайыңнан сипағанына ештеңе жетпейді. Атыраулықтарға әдемі кеш сыйлаудың да сәті бір күні түсер деген ойдамын.
– Өнер адамының жолы қай кезде де оңай болмаған. Сіздің өміріңізде қандай қиындықтар кездесті?
– Менің Алматыға барған күннен бүгінге дейін бір проблемам болса, ол – баспанамның жоқтығы. Тұрғын үй кезегіне әлдеқашан тұрсам да, қоныстойдың ауылы әлі де алыс секілді. Опера әншілері жанды дауыста ән салады, сондықтан да оларға күтім екі есе көп керек. Бірақ пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүргенде, өзіңді баптайтын мүмкіндік бола бермейді. 1998 жылы консерваторияны бітіріп, ассисентурада оқыдым. Жатақта тұрдым. 2002 жылы жатаханадан кетуім керек болды. Амалсыздан сүйретіліп Мәдениет министрлігінің жатақханасына бардым, ондағылар «орын жоқ, жертөледе бір бөлме бар» деп, соны босатып берді. Оның да, әйтеуір, паналар орын демесең, сиқы жоқ. Сыз, салқын. Әрі жуынатын душ түгіл, судың өзін табу қиын. Күні бойы репетиция жасап, кешкісін театрда классикалық рөлдерді ойнап, өзімді керемет бақытты сезініп келемін. Жатақхананың есігін ашқан сәттен-ақ есімді жиямын, жарық та жоқ, қараңғыдан әзер деп жертөлеге түсіп, қарманып бөлменің есігін ашып кіріп, жылайтынмын. Сол бөлмеде үш жыл тұрдым. Нәтижесінде, бронхит ауруын жамадым. Денсаулығыма зияны тие бастаған соң, амалсыздың күнімен пәтер жалдауға тура келді. Қазір де пәтер жалдап тұрып жатырмын.
– Осындай қиналған кездері қолды бір сілтеп, шетелге кетіп қалу туралы ой келмеді ме?
– Шыны керек, шетелде классикалық өнерді, соның ішінде опера мен балетті жоғары бағалайды. Мүмкін, жақсы ұсыныс болып жатса, өзімді сынап көруім үшін ғана барар ма едім. Әйтпесе, ата-анамнан алыс жерде, жертөледе күй кешіп жүріп, классикалық рөлдерді сомдасам да, елімнен кету туралы ойланып көрмеппін.
– Сіз КСРО Халық әртісі Роза Жаманованың шәкіртісіз. Өзіңіз де шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстазсыз. Болашақ опера әншілерінің қандай қиындықтары бар деп ойлайсыз?
– Бұрын, мысалы, Роза апайларымның кезінде, радио-теледидарға арнайы шақырып, ән айтқызып, соған сай қаламақысын беретін. Ал біздің заманымызда, керісінше, теледидардан көріну үшін мен қалтамнан ақша төлеуім керек болады. Осы үрдіс қалпына келсе екен деймін. Және бір қиындық – концерт өткізуге залды бергенмен, билет сату, жарнама, насихат секілді машақаты көп жұмыстардың бәрін өзің істеуің керек болады. Бұған менеджер керек, оны ұстау үшін ақша керек. Өнердегі менеджмент мәселесі бізде кейін қалып келеді. Жастар осының салқынын көрмесе екен.
Менің басты қағидамның бірі – өзімнің білгенімді, азды-көпті жинаған тәжірибемді өзгелермен бөлісу. Ән өнеріндегі тұңғыш ұстазым Мүнира Ижанова мен өнердегі анамдай болған Роза Жамановалар менің бойыма кеңдіктің, ізгі ниетті болудың дәнін септі. Енді мен де жастардың өнерге келуіне қамқоршы болсам деп армандаймын. Жетістіктеріне үнемі қуанышпен қарайтын шәкірттерім аз емес. Олар – менің мақтанышым.
– Ал еліміздегі опера өнерінің өрісі туралы не айтасыз?
– Мемлекет тарапынан қолдау жоқ деп айта алмаймын. Жыл сайын мәдениет саласына қаншама қаржы бөлініп жатыр. Рухани әлеуетімізді арттыру жолында жасалып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Жеке операға келер болсақ, мені ана тіліміздегі опералық дүниелердің жазылмай жатқаны алаңдатады. Қазір де сахнаға шетелдік дүниелерді шығарып жүрміз. Әрине, әлемдік классиканың жөні бөлек, бірақ отандық музыка өнері соның көлеңкесінде қалмаса екен деймін. Бұрын театрда көптеген қазақ операсы болатын, қазір солар шаңға көміліп қалды. Соларды жаңғыртса және опера жазатын жас композиторларға қолдау көрсетілсе, бұл өнер тағы бір сатыға көтерілер еді.
– Сіз әлемдік классикалық кейіпкерлерді опера театрының сахнасында сомдадыңыз. Дегенмен осы рөлді орындасам деген арман әлі де бар шығар?
– Адамда арман таусылған ба? Әзірге қолым жете қоймаған рөл – «Фаусттағы» Маргаританың бейнесі. Шығармашылық тұрғыдан әбден толысқан шағымда көрермендерімді Маргаританың бейнесімен көзайым қылғым келеді.
– Ендеше, сол күннің тезірек болуын тілейік.
– Рақмет.
Бақытгүл БАБАШ
«Дос-Мұқасан» – 45-те, «A`–studio» – 25 жаста!
1967 жылы Алматы политехникалық институтының студенттері бола жүріп қазаққа алғаш ансамбль сыйлаған «Дос-Мұқасан» биыл 45 жасқа келіпті. Сол кезде өңдерінен әлі балғындықтың белгісі кетпеген жігіттердің бүгінде бір-екеуі тіпті өмірден де қайтып үлгерсе, қалғанының самайына ақ кіре бастаған. Алайда, «Дос-Мұқасан» қазақтың жүрегінде әлі жап-жас күйде, әндерін де әр тыңдаған сайын бірінші рет естіп тұрғандай қабылдайтынымыз шындық.
«Той жыры», «Құдаша қыз», «Алматы түні» сынды көптеген әндерсіз қазақ эстрадасы толыққанды болмас еді, қазақ тойын да осы әндерсіз елестету мүмкін емес секілді. Қырық бес жылда қаншама қиындықтарды бастан өткерсе де, топты тарқатпай ұстаған өнер иелері құрметтің қандайына болса да лайық. Осы 45 жылдық мерейтойдың құрметіне ел болып істеген бір жақсы ісіміз деп әйгілі топтың мүсінін Алматыдағы Көктөбеге қоятынымызды айтуға болады. Британдық «Битлз» тобының қасында қазақтың «Дос-Мұқасаны» тұрса, Алматының одан сайын әрі кірмесе, көмескіленбесі анық. ТМД елдерінде ғана емес, тіпті әлемде көзі тірісінде ескерткіш қойылған бірден-бір топ осы «досмұқасандықтар» болмақ.
Алаштың атын әлемге әйгілеген тағы бір топ болса, ол – A`Studio. 1987 жылы құрылған бұл топ өздерінің 25 жылдық мерейтойына орай, қазан айының 9-ы күні Алматы қаласындағы Республика сарайында концерт бермек. Билеттің ең төменгі бағасы 8000 болса, содан 30 мың теңгеге дейін барады екен.
Аталған екі топты да Алаштың мақтанышы ретінде кімнен болсын, ұялмай көрсете алатыныз айдан анық. Олай болса, қос топтың да қуанышы, мерейтойы құтты болсын дейміз!
Жыланды жіптей иірген
Сонау Малайзиядан Қазақ еліне келіп, өнерімен тәнті етіп жүрген тіршілік иесімен кездейсоқ «таныстым». Тойда. Әдемі әуеннің сазына елітіп, мың бұрала билеген биші қызбен бірге ортаға шыққан үлкен жыланды алғаш көргенде, денем дір ете түсті. Кейін көзім де, бойым да үйренді. «Бұл - Жаванда» деп таныстырды мені биші Айсұлу мойынына оралған жыланмен. Сұсты жылан мен сұлу қыздың тандемі бүгінде елдің сүйіспеншілігіне бөленіп жүр, бұл – сөзсіз, өнер құдіреті.
«Бұрын жылан деген сөздің өзі маған қорқынышты көрінетін, – дейді Айсұлу. – Анам алғашында жыланмен билеуді ұсынғанында, жүрегім тоқтап қалғандай болды. Кейін ойланып, «бұл менің қолымнан келеді» дедім. Құр өзім билеп қана қоймай, өнерде жаңалық жасағым келді».
Айсұлудың анасы Мәрияш Құрбаниязованың Өзбекстан елінен Атырауға қоныс аударғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Атақонысқа оралған Мәрияш ең алдымен халықтық өнерді жандандыруға күш салды. Бүгінде мұнайлы мекеннің тұрғындары оны он саусағынан өнер тамған шебер, ісмер ретінде бағалайды. Бұл отбасының тұңғыш қызы – Гүлшарат Жұбаеваның есімі «Келін», «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмдері арқылы таныс. Өнер жолын қуған Айсұлу да екі жылдан бері «Жавандамен» билеп, талғампаз көрерменнің көңілінен шығып жүр.
– «Жыланмен билеу үшін жүрегіңде батылдық болуы керек», – дейді Айсұлу. – Жаванданы биге үйретуге үш ай уақытымды жұмсадым. Ал өзім бұл өнерді Алматыдағы Айым есімді бишіден үйрендім. Менің жыланым «питом» түріне жатады, ұзындығы 3 метр 2 сантиметр, салмағы 25 килограмм. Арнайы ыдыста сақтаймын. Жыланның алдыңғы 4 ірі тісі улы болғандықтан, алып тастадық, бірақ оның қалған тістерінде де у болады, кейде қатты шаршағанда тістеп алса, сол жер ара шаққандай ісіп кетеді. Қазір жасы алтыда, бұл әлі 15-20 жасқа дейін өседі.
Жыланмен жұмыс жасау да оңай шаруа емес. Оны ұйықтатып, тамақтандырып, шомылдырудан бөлек, бөлмесінің тазалығына да мән беру керек. «Жаванда көп күтімді қажет етеді», – дейді Айсұлу. – Қыс мезгілінде салқын тиіп ауырып қалады, осы уақытта «Қызыл май» жағып емдейміз. Тамағына да кірпияздықпен қарайды. Алдына әкелінген жануар еш жері ақсамаған, дені сау болса ғана жейді. Айына бір рет тамақтанады, 8-9 қоянды және тышқанды тірілей жұтып қояды. Екі ай сайын терісі түлейді. Міне осы уақыттарда ол ашушаң, күйгелек болып, өзгеріп кетеді. Мазасызданып, тамаққа тәбеті шаппайды, бұл аралықты үнемі бақылап отырамын, өзімнен бұрын Жаванданың көңіл-күйіне қараймын».
Жыланмен бірге өнер көрсетуді жетік меңгеріп алған Айсұлу енді бұрын - соңды қолданылмаған жануарлар мен жәндіктерді өзінің репертуарына қосып, сахнаға алып шығуды армандайды. «Олар қаншалықты улы болса, соншалықты шабыт береді», – дейді және. «Жаванда әсіресе қандай әуендерді жақсы көреді?»,– деген сұрағыма Айсұлу «Ол музыкаға емес, менің би қимылыма қарай билейді», – деп құпиясын ашты.
Иә, тірі жан атаулының бәрі мейірімге мұқтаж. Көрер көзге түрінің өзінде сұстылық пен суықтық бар жылан да «жылы-жылы сөйлесең, інінен шығады». Мұны бұрын сөз арасында айта салатын мақал деп қарап келгенім рас, бірақ шынында да жыланның аялы алақанды жақсы көретініне, сұлулықты бағалайтынына осы жолы көзім жетті.
Ақкөбек ӘМІРЖАН
Беттің продюсері – Мәриям Әбсаттар e-mail: mauka2004@mail.ru