Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

Бәріміз «жұлдызға» айналсақ, жерде кім қалады?
Мерилин Монро, Фредди Меркьюри, Майкл Джексон, Уитни Хьюстон – әр кезде өмір сүрсе де осы есімдерді ортақтастыратын бір нәрсе бар, ол –  жұлдыздық өмірлері мен өлімдері. Атақ-даңқы әлемді бір емес, бірнеше жылдар уысында ұстаған осы тұлғаларды қанша жерден «жұлдыз ауруымен ауырған емес» деп ақтасаңыз да, олардың мезгілсіз өліміне жұлдызды өмірдің қатысы барын жоққа шығара алмайсыз. Жә, бес күндік мына жалғанда кім мәңгілік дерсіз, бірақ біздің айтпағымыз басқа. Бізді үрейлендіретіні – бүгінгі қоғамның жаппай жұлдыз болуға деген ұмтылысы.
Ең қызығы сол: жалт-жұлт еткен өмірге тек жастар ғана емес, еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін құштар. Саналы ғұмырын өнерге арнап, ақ тісі сахнада сарғайған өнерпаздарды бұл топқа қосу қателік, біз бұл жерде қартайғанда «өнер шығарғандар» жайлы айтсақ. Биыл «Еуровидениеде» елді аузына қаратқан – «Бураново әжелері». Бәлкім, олар  «мен жұлдызбын» деп шалқақтап жүрмеген де шығар, бірақ мәселе олардың сахнаға шығуға, танылуға, ел алдында жүруге ұмтылғандығында болып тұр ғой. Әдетте баланың орны – үй, бақша, мектеп, ата-анасының қасы, оған берілген ең үлкен сыйлық – балалық. Әрине, «өнер – жастан», ал өнерліні ешкім үйде қамап қоюға қақысы жоқ. Дегенмен бала біткеннің барлығын сәл ыңылдаса, сәл қимылдаса, аздап өлең құрастырса, екі өкпені қолға ала сала сахнаға алып шығуға неге асығамыз осы? Мәселе – осында. Үнемі қолданып жүремін, себебі қатты ұнайтын поляк ақыны Станислав Ежи Лецтің мынадай сөзі бар: «Тағдыр таразысының қайда қарап ауатыны бесіктің қалай тербелуіне байланысты» деген. Яғни жас, жігерлі, талантты болға­ны­мен, бала солқыл­дақ шыбық секілді, оның ынтасы мен жігерін сахнадан баланың болаша­ғына әлдеқайда тиімді әрі ел болашағына ауадай қажет салаға бағыттауға ата-анасы мен ұстазы, жалпы, қоғамдық ортасының мүмкіндігі бар. Бірақ бізде бүгін осындай тереңінен ойлау аз секілді, «мен әнші боламын» не «мен бизнесмен боламын» деген баланың ар жағында бірдеңе бар ма, оның мүмкіндігі одан жоғары ма, төмен бе, еш ақылға салмастан, сахнаға жетелей жөнелетіндей. Содан баланың сабағы қалады жайына, мұғалімдер көтермелеп баға қоя салады, ата-ана соған мәз. Не үшін мәз, баласының білімінің сол жерде қалғанына ма, оны ұғып жатқандар аз. Мүмкін, біз болашақ ұшқыш, болашақ мықты дәрігер, болашақ мықты мате­матик­терді осылай жоғалтып жатқан шығармыз? Яғни оның дарыны мен мүмкіндігін әнмен ғана шектеп, оның қол шапалақтар мен қошеметтің буына мас болып, «жұлдыз аурынан» айыға алмай қалуына итермелеп жатқан өзіміз шығар? Әйтпесе неге бізде ғалым немесе ұшқыш немесе сол сияқты елге қажет маман болуды армандайтын бала аз? Есесіне, сахна мен телеарналарда – «кептеліс». Бір-біріне жол бермей, бірімен-бірі жарысып жүрген әнші жігіттерді көріп бір әжей «мынаның бәрі топталып алып теледидар­да жүр, сонда жұмысты кім істейді?» депті. Расында, ойланарлық жайт.
Парадокс: әнші көп, дамып жатқан эстрада жоқ
Басқасы басқа, кейінгі кездері қазақ неге ән салғыш болып, өз деңгейінің қаншалықты екенін есепке алмай, кәсіби әншілерді қағып өтіп, тек сахнаға, жұлдыз болуға құштар болып алды? Және одан эстарада, жалпы, өнер керемет дамып жатса мейлі ғой. Керісінше қазір киелі өнер сахнасының, Мүсіреповше айтқанда, «Авгийдің ат қорасына» айналғанын өзге емес, кәсіби әншілердің өзі мойындап, тіпті өздерінің әншімін деп айтуға ұялатындарын айтқандар да аз емес.
Жұбаныш ЖЕКСЕНҰЛЫ, әнші:
– Даму секілді көрінетін кері кету бар ғой бізде қазір. Сөзі қазақша болғанымен, әуені бөтен әндер өте көп. Бүгінгі эстраданың проблемасы да сол. Мысалы, дін қанша заманнан бері бар болғанымен, жастарымыздың дәл қазіргідей дінге қатты беріліп кеткен кезі болмаған шығар, сірә. Егер білімді діндар болса бір сәрі ғой, мәселе өзі шалажансар білімділер дінге кірсе, ең қауіптісі сол ма деп қалдым. Музыкадағы бүгінгі жағдай да тура осы секілді. Діни ағымға ерген жастарға ұқсап, жас әншілеріміз де өздерінше бір жаңалық жасағылары келеді, бірақ оған білім мен өрелері жетпейді. Дүбәра әндер, мінеки, осыдан туады. Жаңадан шыққан жас әнші жарқ етіп бірден шетелдік гармонияға бай әннен бастағысы келеді. Бірақ ешқашан олай болмайды, себебі ол үшін до-дан бастап си-ге дейінгі жеті нотаны басынан бастап оқып, меңгеріп шығу қажет.

Бұл – бір, екіншіден, Саят Медеуов сын­ды ел-жұрттың сүйіп тыңдайтын әншісін білеміз. Жылт-жылт етіп көрінуді аса құп көрмегенді­гімен, Саятты ел-жұрты қадірлейді, іздеп жүріп тыңдап, жаңа әні шықса, жапа-тармағай тыңдайды. Міне, сол ағамыз бірде күйіне отырып, «сахнаны қазір сатыға айналдырды ғой, кейбіреу өнерге үлесін қосу үшін емес, керісінше,  өнер жолын пайдаланып, өзіне әрі қарайғы есіктерге жол ашып алады, үлкен-үлкен адамдарға жақын болудың ең оңай жолын тауып алады» деп айтса керек. Расында, «жұлдыз» болуға барын сала ұмтылған көптің көкейін тескен осы жайт, яғни жеке бастың қамы ма деп қаласың. Әйтпесе бізде әнші көп те, бірақ қазақ эстрадасының кереметтей әлемді дүр сілкіндіріп, мойында­тып жатқан ештеңесі жоқ. Мұны біз емес, әлем сахнасын көріп жүрген кәсіби музы­кант, талант­ты тұлғаларымыз айтып жүр.
Айман МҰСАҚОЖАЕВА, ҚР Халық әртісі:
– Біз эстрадамызды уайымдап, эстраданы қолға алуымыз шарт. Себебі, шын мәнінде, ол халықаралық байқауларға шығатын деңгейде емес. Өзім басқаратын оқу орнында мен біраз уақыттан бері осы жағына аса мән беріп, жаңадан оқытушылар шақырып, «қайткен күнде де біз эстрадамыздың сапасын арттырып, деңгейін биіктетуіміз керек» деп талап қойып жатырмын. Себебі бүгінде эстрада саласында, ең біріншіден, жүйелі білім жоқ. Оған деген көзқарас дұрыс емес, жеңіл-желпі қарай салады, содан келіп бүгінде жасыратыны жоқ, сахнаны да, телеарналарымызды да жолдан қосылған әншілер басып кетті.

Әннен де басқа өмірдің мәні бар
Қазіргі қазақ өнерін, «шоу бизнесін» талдап кеткен себебіміз, неліктен қоғамның жаппай ұмтылатындығын ұғу үшін болатын. Иә, қарап тұрсақ, әнші көп, бірақ нағызы қайда соның? «Жер бетінде адам саны көбейіп, адамдықтың азайғаны не сұмдық?» деп ақындары­мыздың бірі жырлағандай, әлде сан артқан сайын, сапа кеми түсетіні жазылмаған заңдылық па? Олай болса неге өнерден ала алмай жүрген өшіміз бардай ұмтыламыз келіп? Меніңше, бізге қоғам болып «жұлдыз аурынан» арылатын жол іздеу керек. Осы ретте ең бірінші жол әр адамның білімін арттыруда секілді, тіпті арнайы бағ­дар­­лама жасалса да, артықтық етпес еді. Яғни қа­зір­гі заман­ға аса қажет ма­ман­дық­тарға грант­­ты кө­бей­тіп, мектеп жа­сын­дағы балалар­ды сол сала­ларға құш­тар­лан­дыра­тын бағ­дар­лама түзу керек. Сана­ға реформа ке­рек, себебі біз, қазақ, бала­мыз­ды бас­тық қыл­ғымыз келе­ді немесе біз үшін бес-алты-ақ маман­дық бар: заңгер, экономист, мұғалім, дәрігер де­ген секілді. Ал қазір заман сұраны­сында – басқа маман­дықтар. Ендеше, ел болып еліре бермей, жаппай «жұлдыз» болуды армандап, қиялмен көкте жүрмей, жерге түсейік. Әйтпесе бәрі кеш болмасына кім кепіл? 

Оқшау ой
Ермек ТҰРСЫНОВ:
кинорежиссер:
– Айналамдағылардың көбі «мынау жұлдыз» деп сендіргісі келеді, бірақ қанша жерден мақтаса да, маған біздегі жағдай басқаша көрінеді, яғни кіл бұзақыларды бет-бетіне жіберіп, «ойыңа келгенді жасай бер» деген секілді. Содан олардың сөзі де бөлек, әні де бөлек, бізге еш түсініксіз өз тілдері бар. Былайша айтқанда, бүгінгі «жұлдыз» деп жүргендеріміз біздің ғаламшарды жаулап алып, бізді ығыстыруға көшкен жатпланеталықтар сияқты...

Мәриям ӘБСАТТАР


Алашыңа ән сыйла!

                 Серік ҚАЛИЕВ
Ән адамды жылата да алатын, жұбата да алатын, жігеріне от беріп, гүл ата да алатын құдіретке ие. Қазір әсіресе сол жігерлендіріп, рухтандыратын марш екпіндес әндерге деген аса қажеттілік сезіледі. Осы мақсатта біз «Алашыңа ән сыйла» айдарын бастағалы да біраз уақыт болды. Содан бері Алашқа әйгілі біршама ақындарымыздың патриоттық рухта жазылған өлеңдері жарық көріп үлгерді.  Енді оқырман назарына ақын, ҚР мәдениет қайраткері Серік Қалиевтің бір өлеңін ұсынып отырмыз.

Бірлік жыры

Көшім озды басқадан,
Атты елдің бақ таңы.
Арқадағы Астанам –
Алты Алаштың мақтаны.

Бәйтерегім тұр биік,
Тұғырлы елдің ертеңі.
Бейбіт күнім нұр құйып,
Шаттық күйін шертеді.

Тарихымның сан алуан,
Тағылымын ұқты мол.
Бостандыққа жаралған,
Бірлігіңе мықты бол!

Өлең жолдарын оқып, жүрегін ән тербеген оқырман болса, 3-88-80-60 нөмірі бойынша редакциямызға хабарласуына болады. Сондай-ақ газетіміздің келесі нөміріне өз жырын жолдайтын ақындарға да құлаққағыс!


Бір өкініштісі, көптеген халық әні жаңадан өңделмеген

Фарида НИЯЗОВА, «Ән-жұмбақ» бағдарламасының музыкалық продюсері:
«Қазақстан» ұлттық арнасында аз уақыт ішінде көрермендердің  көзайымына айналып үлгерген «Ән-жұмбақ» теледуманының екінші маусымы басталды.  Жұбаныш Жексенұлы танымал әншілердің музыкалық білімін тексеруін жалғастыруда. Алдағы жаңа маусымның жаңалығы жайлы «Ән-жұмбақ» бағдарламасының музыкалық продюсері Фарида Ниязованы әңгімеге тартып едік.

– ADAM Media Group компа­ния­­сы ұсынған жаңа жоба алғаш қалай дүниеге келді?
– «Қазақтың 100 әні», «Екі жұлдыз» сияқ­ты музыкалық  жобалардан кейін «Ән-жұмбақ» жобасының  жарыққа шы­ғуы еш­кім­ді таңғалдырған жоқ. Бұл – бір, екінші­ден, ірі жобалардан жинаған тә­жіри­беміз бар, біз де жаңа жобаны түсіруде еш қинал­ған жоқпыз. 
– «Ән-жұмбаққа» әндер қалай ірік­телді?
– Ең алдымен, біз мұнда қазақ ән қорының бірде-бір жауһарын ұмытпай қолдануға тырыстық. Сол себепті әндер үлкен талғаммен таңдалды. Төрт айналым­нан тұратын бағдарламада жаңаша өңделген әндер қолданылды. Жоба арқылы халық әндері, танымал композиторлардың әндерімен қатар әуесқой композитор­лардың әндерін халыққа танытуды мақсат етіп қойдық. Бір өкініштісі, көптеген халық әні жаңадан өңделмеген. Сондықтан талай асыл дүние өз кезегін күтіп тұрып қалды. 
– Бағдарламаға қатысуға кімдер үміткер болды?
– Қатысушылар ретінде өнер адам­дарының өздерін таңдадық. Ондағы көзде­ген ең бірінші мақсатымыз – бір жағынан өнер адамдарының музыкалық білімін тексеру, екіншіден, танымал адамдар арқылы қазақ әндерін насихаттау. Әуелде жұлдызды отбасылар қатысады деп шешіл­ген. Бірақ көбі отбасыларымен қатысу қолайсыз деп шешіп, дос-жарандарымен қатысуға рұқсат етілді.
–  Неліктен эстрадалық әндер басым?
– Көптеген көрермен «бағдарламада эстрадалық үлгімен жасалған заманауи әндер басым болып кетті, неліктен жырау­ларымыздың терме, жырлары аз?» деп жатыр. Жоғарыда айтқанымдай, ол әндер өңделмеген, өңдеу үшін үлкен қаражат, уақыт және мамандар керек.
– Жобаның тізгінін ұстауға таңдау неліктен Жұбаныш Жексенұлына түсті?
– Жүргізуші бағдарламада әнді айта білетін, әнді түсіне білетін, әннің тарихын аша білетін адам болуы керек. Жұбанышта бұл қасиеттердің барлығы бар. Ең бастысы, халық Жұбанышты сүйіп тыңдайды, сый­лай­ды. Өнер жолында да ерекше орны бар адам.
– «Достар» ансамблі туралы не айтасыз?
– Бағдарламаны әсем әнмен әрлейтін «Достар» тобы – халықаралық «Алтын шля­гер» байқауының жүлдегері. Бұл топ­тың кәсіби деңгейі, яғни орындаушылық дең­гейі жоғары.  Өз ісінің кәсіби маманда­ры­мен жұмыс істеу кімге де болса қолайлы екені айтпаса да түсінікті жайт.
– Жаңа маусымда көрерменге ұсынар не жаңалықтарыңыз бар?
 – Жаңа маусымның жаңалығы – белгілі композиторлар Шәмші Қалдаяқов, Ескен­дір Хасанғалиев, Нұрғиса Тілендиев, Сейдолла Бәйтереков сынды сазгерлер мен Мұқағали Мақатаев, Бәкір Тәжібаев, Мұхтар Шаханов сияқты өнерде ерекше қолтаңбалары бар адамдардың әндеріне арналған бағдарламалар көрсетіледі.
Торғын ӘБУШАХМАН


Ескі ән жаңғырған кеш
Ұлттық ән өнерінде өзіндік орнын айқындап, өзіне тән бет-бейнесін қалыптастырып үлгерген Ерлан РЫСҚАЛИ «Ән туралы» деген атпен ел егемендігіне арнап әннен шашу шашты. Әнші кешінің басты ерекшелігі – тізгінді әнші өз қолына алып, дәріс-концерт түрінде өткізуінде.


Кеш шымылдығы қазақтың ән өнеріне жаңаша бағыт әкелген Абайдың «Татьяна­ның әнімен» түрілді. Күллі мұсылман Мұхаммед пайғамбарды үлгі тұтса, исі қазақ Абайдай алыпты ұстаз деп біледі. Адамзаттың Абайынан Ерлан да аттап өтпепті. Ақын өлеңдерінен өнеге алаты­нын өз ойын Абай,  Шәкәрім шумақтары­мен шегелеп отыруынан байқау қиын емес. Әншілікпен қатар, ұстаздықты алып жүрген Ерлан қазақтың әншілік өнерін зерттеуден де қалыс қалмады.
Әсия МҰХАМБЕТОВА, өнертану ғылымының докторы, профессор:
– Ерлан – табиғи сұлу дауыспен қатар, сол дауысты игеруді талап ететін бай классикалық ән қорына ие әнші. Оның дауысы ғажап, диапазоны кең, техникасы керемет. Мен Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебековтерді тыңдадым. Мұндай кіл жүйріктерден кейін сахнаға шығудың өзі  қорқынышты.  Ал әншілердің жас буыны қорықпай шығып, биік үдеден шығып жатыр. Дауысының сұлулығымен, күшімен  Ерлан қазір шығармашылықтың шыңында тұр. Дегенмен оның алдында екінші биік бар. Әнші кемелденгенде, қазақ музыкасының кең ауқымын, тереңдігін түгел қамтығанда, ол биікті бағындырады. Және ол осы жолда жаңылмай келе жатыр.

Аманғайша ЖҰМАШЕВА, көрермен, ардагер-ұстаз:
– Ерлан Рысқали – көрерменнің көңіліне талай уақыттан бері сіңген, бүгінде кемелденген, үлкен әнші. Қазақ халқы арғысы Сегіз сері, Нияз сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Естайлардың, бергісі Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеевтердің әндеріне шөлдеп, шөліркеп, аңсап жүрген. Сол жүректерінің сағыныштары бүгін сая тапқандай. Мұндай әншінің ел арасында көбірек таралып, тамыр жаюына шын жүректен тілектеспіз. Ерланның әндері халықтың жүрегіне қорғасындай құйыла берсін.

«Халық сұраса, хан түйесін сояды» демекші, әр қиырдан естілген қолдау сөзден қанаттанған әнші елдің сұрауымен «Молдабайдың әні» мен «Ақ сисаны» шырқап, жұртшылықтың айызын  қан­дыр­­ды.
Жадыра ЖҰМАКҮЛБАЙ

ТҮЙІН
– Кеш иесі Ерлан әңгіме арасында «Әміредей әнші болғым келеді», – деді. Әміренің көзін көрмесе де, шаң басқан мұрағаттар­да­ғы тозығы жеткен таспадан дауысын тыңдап шыңдалған Ерланның бұлай деуінің себебі бар. «Әміренің дауысы әлемдік деңгейдегі кәсіби әншілік талаптың барлығына жауап береді. Яғни кең тынысты, сұлу сазды, ашық, еркін, өте салмақты әрі жоғары. Оның репертуарында кешегі Ғаббас Айтпаев пен Қали Байжановтарда кезіге бермейтін күрделі әндер көп. Елдің игі жақсылары дүниежүзі­лік көрмеге Ғаббас, Қали, Әміре үшеуінің қайсысының баруын құптайтынын Александр Затаевичтен сұрағанда,  ол  ойланбастан Әмірені атапты. Демек, қазақ даласында Әміреге тең келетін әнші болмаған. Мен Әміренің әншілігіне жан дүниеммен тәнтімін», – деп әнші кештің әдемі нүктесін қойды.

Беттің продюсері – Мәриям Әбсаттар e-mail: mauka2004@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста