Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ
Ел мені 34 көлікті аулаға тізіп қойып, қарап тұрғандай көреді
«Тоғыз ұлым бір бөлек, Ер Төстігім бір бөлек» дегендей, қазақ үшін барлық өнер өз алдына, ал айтыстың орны алабөтен. Сол айтысты қазақ бір жоғалтып, қайта тапты. Ақжолтай, әрине. Бірақ «көп болды Ақжайықты көрмегелі» дегендей, айтыс болмай кеткеніне де біраз болды. Ел ішінде қазір айтысқа деген сағыныш бар. Осы ретте күнделікті қарбалас тірлік арасында жүріп, тағдыр мені белгілі айтыскер Айнұр Тұрсынбаевамен ұшыратып қалды. Әңгіме еріксіз басталып кетті.
Айнұр ТҰРСЫНБАЕВА, айтыскер:
– Айнұр ханым, сіз бен бізді Тәңір текке ұшыратқан жоқ. Айтыстың құтты орнына қонғаны жайлы жақсы жаңалық орын алып жатыр. Бірақ әйтсе де содан бері әлі бір үлкен айтыс өткен жоқ. Халық сусап жүр, айтыскерлерді, яғни, мына сіздерді сағынып жүр. Қашан шығасыздар жарқ етіп?
– Қазіргі айтыстың халі... Айтысты қолдап жатыр, ол рас. Ол министрлік қабырғасынан орын теуіп жатыр, ол да рас. Қуанатын жайт біз үшін. Бірақ, шынын айту керек, айтыс өзіне лайық бағасын алып жатыр деп айта алмас едім өз басым. Себебі қазір кім көрінген шығатын эфирде айтыскерлер жоқ. Айтыс эфирден берілмегеннен кейін ақынның үні халыққа жетпейді. Бірақ осы кімнің тарапынан, неге, кім бұған тосқауыл қойды, оған ешкім жауап тапқан жоқ. Мысалы, кеше «Шабыт» фестивалі өтті. Оған көптеген жазба ақындары, журналистер қатысады, бірақ қарап отырсаңыз соған «бір айтыс ақыны қатысып, орын алыпты» деген сөз естімейсіз. Айтайын дегенім, үлкен өнер байқауларында айтысқа орын жоқ! Сонда айтыс өнерге жатпай ма деген сұрақ туады, Мысал үшін, кешке теледидардан концерт көресіз, көптеген күлкі мен әзілге құрылған жобаларды тамашалайсыз, қазір неше түрлі асабалар жарысы, тіпті қала берді аспаздық та жарысқа айналды, бірақ айтыс жоқ. Неге? Мемлекеттік мерекелік концерттер өтіп жатады, тағы да сіз солардың біреуінің ортасында айтыскер жүргенін көрмейсіз. Бұл жерде де айтыс өнер қатарынан сызылып қалып тұр. Биылдыққа айтыс керек болған жер ол – тек Қызылорда облысы. Мұны ауыз толтырып айту керек, Қызылорданың бүкіл аудандары айтыс өткізді. Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов мырзаға азаматтығы үшін ерекше алғыс айтқым келеді. Еліміздің барлық өңірлерінде осындай қолдау болса жағдай басқа болар еді. Елдің осылай сусап жүргені де қолдаудың жоқтығынан деп ойлаймын. Бірақ ауыз толтырып айтарлық бір нәрсе – ақындардың одағының құрылғандығы. Жүрсін ағамыз оның төрағасы, біздің бір-екі ақынымыз сол жерде қызмет жасайды, жеке офис берілді. Ендеше, алда айтыстың жарқын күндері шығар деп үміттенеміз.
– Басқасы басқа, Тәуелсіздік күніне айтыс өтетін шығар, өзіңізді, айтыскерлерімізді ел сол жерден көретін шығар? Бірақ бір айдан аз уақыт қалды, әзірге еш жерде ештеңе айтылып жатқан жоқ қой, ол қалай?
– Қазір енді министрлік басына Дархан Мыңбай ағамыз келді, сол кісінің қолдауымен биыл тағы Тәуелсіздікке байланысты айтыс өтпекші. Иә, бұйырса биыл да айтыс өткізілгелі жатыр. Министрліктің шарты бойынша әр облыстарда іріктеу болып та кетті. Шығыс пен Солтүстік аймақтар Өскемен қаласында, ал Оңтүстік пен Батыс аймақтар Қызылордада айтысты. Сол жерде жеңіп, жүлделі 1-2 орын алған екі ақыннан төрт ақын Тәуелсіздік күнінде үлкен айтысқа шығады деді. Мен Қызылорда облысы атынан қатысып, үшінші орынды иелендім, сондықтан шығар аталған үлкен айтысқа ілікпей қалдым.
– Білуімізше, сіз біраз жылдан бері Астанада тұрып жатырсыз. Ендеше, сіз қалай Қызылорданың атынан айтысқа шықтыңыз?
– Мен ол ереженің қалай жасалып, қандай шарттарға сүйенгенін білмеймін. Бірақ әйтеуір Оңтүстік, Батыс өңірлеріне кіріп кетіппіз ғой (күлді). Шынымды айтсам, неге Қызылорданың атынан шығатынымды өзім де ұқпай қалдым. Өскемен қаласында өтетін айтысқа қатысамын деп жүрдім. Бірақ мені Оңтүстік пен Батыс өңірінің еншісіне бөліпті, кейін сұрастырсам, сол өңір әкімдері сондай сұраныс жасаған көрінеді.
– Енді Тәуелсіздік күніне орай өтетін айтыстың тізімінде кімдер бар, белгілі ме олардың есімі?
– Менің білуімше, ол тізімде Балғынбек бар, Әсем Ережеқызы, Сара Тоқтамысқызы, Жандарбек Бұлғақов, Мұхтар Ниязов және Мейірбек Сұлтанхан деген жас ақын кіріп отыр. Қазір тізімде осы алты ақын белгілі болып отыр.
– Сонда Аманжол ағамыз, Айбек Қалиев, Бекарыс Шойбеков сынды айтыстың айтулы тұлғалары қайда? Олар әлгі іріктеуден өте алмай қалды ма әлде? Қалайша?
– Қателеспесем, Жүрсін ағамыз осы айтысқа ең құрығанда он ақын қатыстырайық деп жанталасып, осы үлкен тұлғалардан қоспақшы болыпты, бірақ... Негізінде айтыстың табиғатын білетіндер болса, алты адаммен шектелмеуі керек еді, себебі айтыстың қызығының өзі «қазір мына ақыннан кейін анау ақын шығады» деп күткенде еді, тіпті түсте басталған айтыс түнгі 12-де аяқталса да ешкім орнынан тырп етіп қозғалмай, соңына дейін тамашалап, соңында тіпті шаршау былай тұрсын арқаланып, бірімен бірі сол жайлы қауқылдаса әңгіме соғып кетіп бара жатқанын көрген шығарсыз талай? Бір қызығы, кәдімгі концертте екі сағаттан артыққа шыдамайтын қазақ айтыста 10 сағат болса да отыра береді және концертте соңына қарай халық азайса, айтыста керісінше, көбейе түседі және «бітпесе екен» дегенді көздерінен ұғасыз. Айтыстың қызығының өзі – оның сапасында, ақындарының көптігінде. Және бір айтарым, «балықтың тілін бақа түсінеді» деп қазақ бекер айтпаған ғой, айтысты, оның өткізілу жобасын, техникасын Жүрсін Ермандай білетін адам жоқ, сондықтан бүкіл билік сол кісіге берілсе дұрыс болар еді.
Оразәлі марқұм «Айнұр, түбінде біз осы жүректен өлетін шығармыз» дейтін
– «Айтыстан Ринат кетіп қалды» деген неге сонша дау болды?
– Бұл жерде дау Ринаттың кеткенінен емес, мәселе Ринаттың айтыстың ішкі «кухнясын» жайып салғандығынан туды. Жалпы, қазір тиісем десең тиісетін нәрсе көп. Түкке тұрғысыз әндер, түкке тұрмайтын әнші, арзан әзіл-оспақ көп, бірақ неге соған емес, ұлттық киімін киіп, домбырасын ұстап жүрген айтыскерлерге тиісе беруден кім не ұтады, мен соған түсіне алмаймын. «15 минут айтысады да, көлік мініп кетеді» деп көре алмай жүрген ағайындарға бұл тіпті жақсы сылтау болды, шыны керек. Былайша айтқанда, досқа күлкі, дұшпанға таба болдық. Мүмкін, Ринаттың өз ойлағаны бар шығар. Ол әндерге сөз жазса да, асабалығы бар, былайша айтқанда, Ринат айтыссыз да өлмейтінін біледі.
– Ал сіз өзіңіз айтыссыз қалай тыныстар едіңіз?
– Мен өмірімде айтыстан басқа ешқандай қызмет істеп көрген емеспін. Ес жиғалы десем де өтірік емес, он бес жасымнан айтысып келе жатырмын, биыл менің бұл салада жүргеніме 20 жыл толады. Былайша айтқанда, әуелі Алла, сосын осы айтыстың арқасында мен нанымды тауып жеп, айтыстың арқасында азды-көпті абыройға ие болып, Айнұр Тұрсынбаева болып жүрген жағдайым бар. Сондықтан мен айтыссыз өмір сүре алмаймын. Бәлкім, айтысты күнкөріс көзі ретінде көретіндер бар шығар, мүмкін біреулер оны пиар деп қарайтын шығар, бірақ мен үшін ол өмірімінен айырып алғысыз дүние. Айтыстан кеткен күннің өзінде қай жерде айтыс болып жатыр десе, әл-дәрменім мен аяғым жетсе, мен сол жерде залдың ең соңғы орнында отырсам да, өз әріптестеріме сүйсіне қарап отыратыныма сенімдімін. Менің айтысқа қатыспай қалған кездерім болды, сонда үйде отырып күйзелгеніме шыдай алмаған жолдасымның өзі «барып көріп келсеңші» деп жіберді. Сонда қанат біткендей Астанадан ұшып келіп, айтыс біткен соң қайта ұшып кеткен кездерім де болды. Міне, менің айтысқа деген махаббатым мәңгілік. Кейде айтысқа деген көл-көсір махаббатымның жұдырықтай жүрегіме қалай сыйып тұрғанына таңғалам.
– Сонда айтыстың құдіреті неде?
– Ел-жұрттың алдында қарсыласыңыз сізді сөзбен тықсырып, қуырып, алқымнан алғанда не айтарыңды білмей, бірақ әйтеуір соның өзінде ұтымды сөз тауып кеткендегі ләззатты тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Алла тағала айтыспен «ауыртып» қоятын сияқты өзі біреулерді. Өйткені қарсыласың айтқан сөзге сол сәтте жауап табу үшін бүкіл жаның, ойыңды жұмылдыра жұмыс істету керек. Сол сәтте миыңның қаншалықты жылдамдықпен жұмыс істеп жатқанын өзіңіз де түсінбейсіз. Кейде бір айтыста үш айналым болады, әрқайсысында осындай күш-жігер жұмсалғанда, айтыстан соң он күнге дейін өз-өзіңізге келе алмай жүретін кездер болады. Ондайда тек тып-тыныш жатып, ұйықтауды ғана ойлайсыз, басқа ештеңе керек емес. Оразәлі марқұм «Айнұр, түбінде біз осы жүректен өлетін шығармыз, біздің жүрегімізге өте ауыр салмақ түседі» деп айтып отыратын.
– Оразәлі демекші, осы жылы марқұм дүлділ ақын мен жары Ажарды еске алу кешінде сізге қарсыласыңыз «Сондай тұлпардың тұяғына темір тұлпар мінгізетін жөнің бар» деп тиіскенде сіз: «ажалы содан болған жоқ па, мен одан да тұлпардың тұяғына тірі тұлпар мінгізейін» дегеніңіз есімде. Сол сертіңізді орындадыңыз ба?
– «Айтылған сөз – атылған оқ», ол уәдемді орындауға бір-екі ұмтылыс жасағанымда реті келмей қала берді. Бірақ мен өзімнің осы сөзімді Алла амандық берсе, орындаймын, айтылған жерде қалдырмаймын. Балалардың бір жылқысы менің мойнымда тұр.
Ақынның бәрі бай емес
– Елдің бәрінің сұрайтын сұрағы шығар, «айтыстан Айнұр неше көлік мінді?» деген...
– Отыз төрт көлік.
– Тағы бір таңғаларлығы сол 34 көлік иесі неге жаяу жүреді?
– Мен жаяу емеспін.
– Демек, көлік жүргізесіз ғой?
– Иә, Астанада. Бір қызығы, ел 34 көлік дегенде бір көліктен соң бір көлік келіп, есігімнің алдында сол 34-і тізіліп, мен соларға не істерімді білмей қарап тұрғандай көреді. Мәселе ол 20 жылдың ішінде болып жатқан нәрсе. Бір жылда кейде біреуін, кейде 2-3-ін ұтасың. Бірақ келесісі келем дегенше алдыңғы алғаның жетер жеріне жетіп, немесе көлік құнын ақшалай алатын кездер болады.
– Айтыста креатив жоқ дейтін сөздерді естіп қаламыз. Осыған не дейсіз? Креатив керек пе айтысқа?
– Креатив – әдемілік, әсемдік қой. Мұқағали ақын айтпақшы «әдемілік бізге көптік етпейді». Креатив киім үлгісіне керек біріншіден. Шындығына келгенде, айтыскер қазақша киінсін деген заң да жоқ. Бірақ біз саналы түрде «бұл ұлттық өнер, демек, ұлттық киім кию керек» деген ішкі түйсікпен ғана солай етеміз. Ақынның бәрі бай емес, айтысқа барып келу жолын әрең тауып жүргендер де бар, солардың өзі қалтасынан көтеріп, ұлттық киім тіктіріп алады. Бұл – олардың ұлттық өнерге, ұлтына деген махаббатының көрінісі.
– Сөз түйініне не дейсіз?
– Халық менің айтыстан тек көлік мініп, күліп жүргенімді ғана көреді. Менің қаншалықты толқып, қаншалықты іштей ізденетінімді көп ел білмейді. Солар мені рақаттанып айтыста жүр деп ойлайды. Ал шындығында, айтыста жүрген өмірімнің 60-70 пайызы толғаныс пен күйзелістен тұрады. Талай соққы жеген кездерім болды. Талай ауыр сөз естіп, сахна сыртында еңіреп жылаған кездерім болды.
Алашыңа ән сыйла
Біз «Алашыңа ән сыйла» айдарын бастағалы біраз уақыт алға озды. Алашқа әйгілі біршама ақындарымыздың патриоттық рухта жазылған өлеңдері жарық көріп үлгерді. Ендігі бүгін назарларыңызға жас та болса, өз оқырманын мойындатқан дарынды ақын Серік Сейтманның жырын ұсынамыз.
Серік СЕЙТМАН
Сайра, бұлбұл
Сайра! Сайра!
Сайрай берші бұлбұлым!
Сайрауыңсыз өтпесінші бір күнім.
Ырғағыңмен заңғар көкке көтерші,
Қараша үйдің тұнжыр көңіл тұрғынын.
Қыстан кейін қонақ болып жүз баққа,
Кешігіп кеп көңілімізді сыздатпа.
Көктем сенің қанатыңның астында,
Қанат қағып самғай берші біз жақта.
Сайра бұлбұл, сайрауыңа жерік ем,
Әрбір кеште даусыңды аңсап көз ілем.
Бейбіт елдің таңы атқанын тағы бір,
Әуеніңнен оянғанда сезінем.
Шырқа! Шырқа! Шырқай берші, жарқыным!
Қарғалардың естіртпеші қарқылын,
Ұлан-ғайыр ғаламшардың бетінде.
Ешкім сендей меңгермеген ән тілін.
Ешкім сендей меңгермеген ән тілін,
Маған берші дауысыңның артығын.
Қазағымның Әнұранын шырқайын,
Демім бітіп, алқынғанша алқымым!
Өлең жолдарын оқып, жүрегін ән тербеген оқырман болса, 3-88-80-60 нөмірі бойынша редакциямызға хабарласуына болады. Сондай-ақ газетіміздің келесі нөміріне өз жырын жолдайтын ақындарға да құлаққағыс!
«Отырар» телеарнасына – 20 жыл
Оңтүстік Қазақстан облысына тарайтын "Отырар" телеарнасы 20 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтті. Журналистер таңғы 10.30-дан кешкі 6.30-ға дейін тікелей эфирде хабар таратты. Осы күні барлық сала қызметкерлері редакцияға ағылды.
Зәуре Оралбаева «Отырар» телеарнасының бас редакторы:
– Біздің телеарна 1992 жылы құрылып, осы жылдар ішінде көптеген тележурналистерді тәрбиелеп шығарды. «Отырарды» Оңтүстіктегі журналистердің ұстаханасы деп те атайды. Осы 20 жыл ішінде тәжірибесін шыңдаған талай тілшілер республикалық телеарналарда жұмыстарын жалғастыруда. Олар – Мәди Манатбек, Дина Төлепбергенова, Илхам Ибрагим, Бекжігіт Мәуленов, Евгений Дробязко, Оксана Петерс, Базаркүл Отыншиева, т.б. Қазір телеарнаның жанынан «Рабат» және «Оңтүстік Рабат» газеттері шығады. Бұдан бөлек телеарнаның сайты да облыстағы түйткілді мәселелер мен жаңалықтарды жедел жеткізіп отырады.
Әйгерім ОТАНҚЫЗЫ, Шымкент
Той көйлегі талғамға сай ма?
Адам өмірінде бір ақ рет тойланатын бақытты шақ – үйлену тойының басты кейіпкері қалыңдыққа барша жұрт тамсана қарайтыны сөзсіз. Әсіресе қалыңдық көйлегіне. Аққудай аппақ боп, той көйлегі жарасып тұрса айтар әңгіме жоқ. Алайда жасырары жоқ, бүгінгі той көйлектерінің дені еуропалықтарға тән үлгімен тігіледі. Иық та жалаңаш, қол да жалаңаш, арқа да жалаңаш. Расында, мәселе қалыңдықта емес, той көйлегінде болып тұр.
Той салондары көп болғанымен, талғамға сай көйлек табу қиынның қиыны. Ал көздің жауын алатын ұлттық нақыштағы көйлектерді киюге келгенде көбінің кежегесі кейін тартары анық. Бірі бағасының қымбаттығын айтып құтылғысы келсе, енді бірі «ауылбайский» болып көрінгісі келмейтінін ашық айтады...(олар үшін ұлттық қазақы киім ескіліктің сарқыншағы-мыс) Адалдықтың белгісі саналатын ақ көйлектiң қалай сәнге айналғандығының бiрнеше нұсқасы бар. Қайта өрлеу дәуірінде шіркеуде некесін қидырған Мария Стюарт ең алғаш болып ақ көйлек киген деседі. Екінші нұсқа бойынша, XX ғасырда Виктория ханшайым, одан кейін Анна Австрийская енгiзген деген болжамдар да бар. Содан бері неше түрлі түрленіп, сәні өзгерген той көйлектеріне тапсырыс азайған кезі жоқ. Бірақ адалдықтың, пәктіктің белгісі саналатын аппақ той көйлегі төңірегінде түйткіл көп.
Бір күндік көйлектің бағасы қандай?
Еуропалық стильдегі көйлектердің дені тән сұлулығын паш етіп тұратыны айқын. Оны бойы ұзын, аққу мойын, құмырсқа бел қыздар кисе жарасады. Ал қазақ қыздарының бәрі бойшаң деп кім айтты? Әлемнің жартысын киім-кешекпен қамтып, жыртығын жамап отырған қытайлықтар той көйлектерінің сән үлгілері өткен елден дәл сол көйлектердің көшірмесін жасап, сатылымға шығарып отыр. Аспан асты елінен келген көйлектердің бір артықшылығы – арзан. Сосын «Қытайда өндірілген бе» деген сұраққа сатушылар «таза пекиндік» деп жауап береді. Қытай астанасын білмейтіндерге ұтқыр жауап осы... Бүгінгі брендтік той көйлектерін тігетіндер классикалық үлгіні де, модернді де ұстанады. Сәнгерлер бүгінгі қалыңдық көйлегінің сәні алпыншақ-салпыншақтың мол болуында емес, матаның сапасында, ықшам пішімінде деп санайды. Қалталы қалыңдықтар бүгінде PierreCardinSposa, RadiosaVeste L’amourSposa, Jasmine Collection кутюрларының көйлектеріне сұранысы көп көрінеді. Бұл брендтік көйлектер сваров тасымен және алтын жіппен әдіптелген. Элиталық той көйлектері қайталанбайтын дизайнымен ерекшеленеді. Ол сонысымен де қымбат. 10 мыңнан бастап, 30-50 мың АҚШ доллары тұратындары да бар. Ал орта деңгейлілерге арналғандарының бағасы 50-80 мыңнан 500 мың теңгеге дейін. Той көйлектерінің тым қымбаттығынан бүгінде көбісі жалға алады. Оның ақысы да арзан емес. 25 мың теңгеден басталып, 150 мың теңгеге дейін барады.
Ұлттық киім ұмытылып бара ма?
Кезінде сәукеле қалыңдықтың сәні ғана емес, тұрмыс дәулетінің көрсеткіші де болып, тіпті бағалы тастармен безендірілгеніне қарай бір үйір жылқыға бағалаған сәукелелер жайлы да деректер бар. Мәселен, Қыз Жібектің сәукелесі жайлы «Әгугай» атты халық әнінде «Орамалы тұрады 500 жорға әгугай, әгугай» деген. Бұл жердегі айтып отырғаны орамалы – осы сәукеле. Тек қалыңдық көйлегі ғана емес, күйеу көйлегін де әспеттеп тіккен бұрындары. Тым батысшылданып кеткеніміздің салдарынан ұлттық киімдеріміз есіктен сығалауға мәжбүр болып қалған кездер де болды. Бүгінде шүкір, ұлттық той көйлектері жоқ деп жылануға жарамас. Осы нақыштағы киімдерді тігетін ательелеріміз де, сән үйлеріміз де баршылық. Бірақ олардың бәрі көңілден шыға ма? Мәселе осында, кейбірі сәукелені шошайтып, тым ебедейсіз етіп тігеді. Ал көйлектің етегі кең, астына сым өткізіп, желбір етек қылып тіккенімен әлгісі жүрген сайын жоғарыға көтеріліп, ерсі көрінеді. Ал тіпті кейбіреулерін жеңсіз етіп тіге салады. Оның қандай сәнге жататынын білмедік. Тек әйтеуір қошқар мүйіз оюын салсақ, қазақша көйлек болып шыға келеді дей ме, түсініксіз. Еуропалық элементтер мен ұлттық нақышты араластырып «ассорти» жасайтындар көп. Жалпы, ұлттық нақыштағы үйлену той көйлегінің көңілден шықпай отыруы дизайнерлер мен ісмерлеріміздің таза қазақы ойлай алмауынан десек, дұрысы сол сияқты. Ал тек сәукеле тігумен ғана айналысатындар саусақпен санарлықтай ғана. Солардың бірі Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы дизайн ісі факультетінің студенті, қолөнер шебері Мөлдір Әбуованың қолынан шыққан сәукелелері үлкен сұранысқа ие. Оның айтуынша, сәукелеге тапсырыс берушілердің дені өнер майталмандары мен қалыңдықтар екен. Осындай жастарымыздың асыл ғұрпымызға тигізіп отырған тамшыдай болса да үлесін көргенде ұлттық құндылықтарымыз ұмытылып барады деп жоқтауға болмас. Тым батысшыл бүгінгі дизайнерлеріміз ұлттық нақыш пен бүгінгі сән стилін өзектестіре отырып, тамаша дүниелер жасаса сонда жақсысы сұрыпталып, жаманы күресінде өзінен-өзі қалып қоятыны сөзсіз.
Айман БЕЛЕСОВА, «Ару» той салонының сатушысы:
– Салонымызда еуропалық та, ұлттық нақыштағы да той көйлектері бар. Бүгінде әсіресе оңтүстікте қыздың ұзату тойында сәукелесімен қазақша көйлек киіп, ал күйеу жігіт жағындағы тойда кәдімгі еуропалық үлгідегі көйлек кию үрдіске айналып келеді. Негізі, көйлектерді Түркиядан, Италиядан алдырамыз. Басқа да еуропалық елдерден тасымалдау тым қымбатқа түседі. Сосын оны өзімізде қойып сату бағасын тіптен шарықтатып жібереді. Расында, көйлектердің басым бөлігінің иығы жалаңаш болып келеді. Өзге дизайндағысын алуға ниетіміз бар. Бірақ көйлектердің көпшілігі осылай тігілген соң амал жоқ.
Гүлжан КӨШЕРОВА
Беттің продюсері – Мәриям Әбсаттар