Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ
Менің бақытым – хит қумайтындығым
Қанат ҮМБЕТОВ, жас әнші:
Қанат Үмбетов. Осы бір есімнің өнер айдынында пайда болғанына көп болған жоқ, бірақ ел арасында «Қанат деген жақсы әнші шығыпты» деген сөздер естіліп жүр. Телеэкран бетінен түспейтін әншілердің арасынан бұл әншіні кездестіру қиын. Себебі ол жас та болса хит қуғандар қатарынан емес. Қанатты жұрт «Шамшырағым» әніне бейнебаянынан таниды, бірақ содан кейін көзден таса қалған әншісін жұрт іздейді екен.
– Қанат, сіз неге көп көрінбейсіз? Нағыз қазақы қоңыр даусыңыз бар екен, Тоқтар Серіковтей қазақтың сүйіп тыңдайтын әншісінің шәкірті екенсіз, сізді Тоқтар алғаш қай жерде көрді? Қалай шақырды өзіне?
– Тоқтар ағамен алғаш 2009 жылы Астанада кездестік. Мен «Алтын самұрық» продюсерлік орталығының «Алтын самұрық» атты квинтетінде қызмет істейтінмін. Астанаға келген сайын мен күтіп аламын, арамызда бауырмалдық солай басталды. Мен жайлы қасындағы администраторына «мына жігіттің қоңыр даусы бар, ол негізі топтың адамы емес, түбі жеке әнші болатын жігіт» деп айтып жүреді екен. Бірақ ешқашан бетіме айтқан емес. Тек 2010 жылы топ белгілі себептерге байланысты тарағаннан кейін барып өзімен бірге Алматыға алып кетті.
– Топтың құрамында болдыңыз, қазір жеке әншісіз, салыстыра аласыз ғой, топта болудың артықшылығы неде, кемшілігі неде? Неге жас әншілердің дені алдымен топ арқылы көрінеді?
– Продюсер қатал болып, бәрін басқарып жүрмесе, топ болу – өте қиын нәрсе. Мысалы, топта үш әнші болса, үшеуінің ойы үш түрлі болуы мүмкін. Содан соң топтардың дені таныла бастаған кезде «жұлдыз ауруына» шалдығады. Сол басталды ма, ол топты сақтап қалу екіталай. Біздің «Алтын самұрықтың» тарауының бірден-бір себебі сол болды. Ал топ құрудың түрлі себебі бар: мысалы, біреулер өзінің даусына сенімді болмайды, солар топ арқылы алғаш өзін сынайды. Бір топтар бар, ән жаздыруға қаржылары жетпейді де, ақшасын бөліп шығарады. Тағы бір топтар бар, онда бір ғана топ мүшесі әнге кететін шығынды жалғыз өзі көтереді.
– Жеке әнші ретінде жұмыс істегеніңізге екі жыл, жалпы, содан бері қанша ән жаздырып үлгердіңіз және оның бәрі тек Тоқтар Серіковтікі ме?
– 17 әнім болса, соның 12-сі Тоқтар ағамыздың әні. Басқа да авторлардікі бар, әрине. Ал, жалпы, өз басым репертуарымда Тоқтар ағамыздың әндерінің көп болуымен мақтанбасам, одан ерсілік көрмеймін. Неге? Себебі ол кісі өз әндерін көрінген әншіге ұсына бермейді. Әйтпесе үнемі байқаймыз, ол кісіден ән сұрайтындар жетерлік.
– Орындаушысы табылса, неге бермейді әнін? Әлде ол кісінің әндерін орындау қиын ба? Жалпы, Тоқтар Серіков әндерінің қандай ерекшелігін атар едіңіз?
– Жоқ, Тоқтар Серіковтің әндері диапазонға арналған, орындалуы қиын әндерден емес. Керісінше, олар – жүрекпен орындалатын әндер. Бәлкім, оларды орындай алмай қалады-ау деген қорқыныштан бермейтін шығар. Маған да бермейтін әндері бар, мысалы, ол үшін өкпелемеймін, себебі егер менің орындай алатынымды білсе, сөзсіз берер еді. Ал, жалпы, ол әндерде қазақы иіс бар.
Бізде жылаңқы әндер дәуірлеп тұр
– Қазір «сахнада әншілер көбейіп кетті» деп сын айтылады ғой, соны өзіңізге қабылдайсыз ба?
– «Әншілер көбейіп кетті» дегенге мен келіспеймін. Өйткені өнер – ортақ әлем. Ол ешкімнің меншігі емес. Әншілердің көп болғаны жақсы. Өйткені әнші көп болған сайын, адамдардың талғамы артады, таңдау көбейеді. Халық өзіне керек әншіні таңдап алады, керек емесі сахнадан өзі-ақ жоғалады. Әнің өтімді болмаса, бәрі бекер.
– Осы «өтімді» деген сөздің астарында не жатыр? Әдетте ол тауарға қатысты қолданылатын тіркес емес пе, ендеше, ән тауар ма? «Өтімді ән» деген қандай болуы керек?
– Дәл қазір ең өтімді ән – Ақылбек Жеменейдің «Қызыл өрігі». Онсыз расында той өтпейді. Ең бірінші өтімді ән осындай той әндері болса, екінші, бізде жылаңқы әндер дәуірлеп тұр, оны қаласақ та, қаламасақ та мойындауға мәжбүрміз. Осы екеуінен басқа ешбір ән дәл бүгінгі қоғамда өтпейді. Өзіңіз де көріп жүрсіз ғой, бізде қандай бір әнші ана не әке, Отан туралы айтып, әні хит болып жатыр ма? Хит болды деп тек бір ғана патриоттық әнді ғана айта алар едім, ол – Ибрагим Ескендірдің «Көк тудың желбірегені» әні. Осы жағынан алғанда, қазір ән шынында тауарға айналды. Әншілер «осы әнім хит бола ма, хит болмай ма» деп жаздырады. Ал кезінде Нұрғиса, Шәмші секілді ағаларымыздың әнін тауар деп айтуға тілім бармас еді. Олардың бәрі – жүректің әні. Өкінішке қарай, бүгінде жастар арасында ол кісілердің есімі мен әнінің бағасын білетіндер азайып барады.
– Сіз ше, «осы әнім хит бола ма, жоқ па» деп жаздырмайсыз ба?
– Тоқтар ағаның шәкірті болғандағы бір бақытым – мен осындай «аурудан» аман қалдым. Ол кісі – мені бір күн хитқа қызмет еткізбейді. Ол кісі әндерді хитқа емес, «ғұмыры ұзақ, қысқа» деп бөледі. Үнемі маған айтатыны да сол, «Қанат, сен ешқашан жеңіл әнге жүгірме» дейді. «Әншісің бе, салмақты ән айт, сонда ғана әннің де, әнші ретінде сенің де ғұмырың ұзақ болады. Мейлі мыңның болмаса да, сол мыңға татырлық біреудің есінде қаласың» дейді. «Қазір жастар легі секілді жылаңқы ән айтасың ба, жалт етіп тез шығасың, оған талас жоқ, бірақ дәл солай жалп етіп тез өшесің» дейді.
Шын мәнінде биікке талпындыратын мегажобалар жоқ
– Қазір «Саз әлемі» т.б жобалар көп қой, неге соларға жаңа әндеріңізді ұсынып көрмеске?
– Бәлкім, біреулер үшін керек шығар, бірақ маған соған қатысу түкке де қажет емес. Неге? Өйткені, өкінішке қарай, ол жерде әділқазы болып өнерге өзімізден небары үш--төрт жыл ғана бұрын келген, өзі әлі толық қалыптасып, көрерменді мойындатып үлгермеген адамдар отыр. Егер әлгі жерде төрелік етушілер өнердің жілігін шағып, майын ішіп тастаған адамдар болса, онда қуана-қуана шығар едім. Ал өнерге өзі кеше келген немесе тіпті қатысы жоқ бір тележүргізуші маған «әніңнің сөзі» не «шашың» деген сияқты болмайтын нәрсені айтып отырған жерге шығып мен өз абыройыма нұқсан келтіргім келмейді. Бізде шын мәнінде биікке талпындыратын мегажобалар жоқ. Болған күннің өзінде бізде кім ұйымдастырса, бас жүлдені өз адамдарына беретін бір жаман әдет бар. Бізді құртатын да сол.
– 17 әнім бар дедіңіз, әрқайсысын кемі 1000 доллар деп есептегенде, сіз өз өнеріңізге 17 мың доллар капитал құйдыңыз. Жеке әнтаспаңызды шығару немесе жеке концерт беру ойыңызда жоқ па?
– Әнжинағым дайын тұр, таяу болашақта, бұйырса, қолға тиіп қалар. Ал жеке концерт беруге мен өзімді әлі дайын санамаймын. Себебі ол үшін, ең бірінші, адамға танымалдылық керек. Екіншіден, кешіңе келген көрермен ол жерден рухани ләззат алып, саған іштей риза болып кетуі керек. Жеке концерт ойыншық емес, ал халық ақымақ емес: 2-3 мың теңгеге билетіңді сатып, алдап-арбап жібере салатын. Әнші үшін ең ауыры – концертінен шыққан көрерменнің «кеш онша жақсы өтпеді» деген сөзі. Сол сөз ешкімнің аузынан шықпауы үшін әншіге үлкен дайындық қажет.
Вокалистер әннің «жүрегін» жұлып тастап жатыр
– «Кәсіби музыкалық білімім жоқ» дедіңіз? Осы түбі алдыңыздан шықпай ма? Ең құрығанда вокал сабағын алып жүрген шығарсыз?
– Бұл нәрсе бүгіннің өзінде алдымнан шығып жүр. Биыл Т.Жүргенов атындағы академияға түссем бе деп едім, болмай қалды. Бірақ түбі кәсіби білім аламын. Ал вокал дәрісіне дәл қазіргі таңда барғым келмейді. Неге? Себебі мен бір кездері сол вокалистердің кесірінен қазақы даусымнан айырылып қала жаздағанмын. Жалпы, бүгінде қазақ әні қазақылығынан айырылып бара жатса, ол әншіден емес, вокалистерден дер едім. Барлығы дерлік – Еуропа мен Батысқа қарап «ұлып» тұрады. Міне, қазақы үнді бұзып, еуропалық сарынға салып жіберіп жатқан солар. Ал мен қаным қазақ бола тұра, неге еуропаша ән салуым керек? Достарым, әріптестерімнің арасында осыған мысал бола алатын адамдарды білемін: өздері ауылдан шыққан, басында қазақша ән салып жүрген, кейін азғана уақыт вокалдан сабақ алған соң бітті, көлігінен бір қазақша ән таппайсың. Ылғи шетел әншілерін тыңдап жүр, демек, ол әнші шетелге бет бұрып, өз қазақылығынан безінуге кірісті деген сөз. Олар «әннің қай жеріне милизм қоссам екен?» деп соны ойланатын да жүретін, сондай бір «мәңгүрттік бағдарламасына» енеді де кетеді. Ең жаманы, сол әлгіндей вокалистер әндегі ең басты нәрсе – «жүректі» алып тастап, тек техниканы қалдырады.
– «Қазақы болмысы аңқыған Қанат қай жақтың тумасы болды екен» деген сауал туындауы заңды ғой оқырманда? Ата-әже тәрбиеледі ме екен?
– Негізі, Жетісай қаласында дүниеге келгенмін, бірақ 1996 жылы ата-анаммен бәріміз Астанаға көшіп кеттік. Мен мектепті Астанада бітірдім. Алайда қазақы жерде туып-өскендіктен тілім қазақша шығып, болмысым қазақша қалыптасты. Өкінішке қарай, мен әке жағынан да, шеше жағынан да әже мейірімін көрмеген адаммын. Қарақат «Асыл әжем» әнін салғанда жылаған да кездерім болды.
– Сөз соңы, «мен ешқашан олай етпес едім» деп нені айтар едіңіз?
– Маған ат басындай алтын берсе де, «Новая волна» не сол сияқты байқауға шықпас едім. Не болмаса шетелдің бір әнін ұсынып, «осы әнмен Қазақстанда нөмірі бірінші жұлдыз боласың» десе де айтпас едім. Неге? Себебі, ең бірінші, ол менің табиғатыма қарсы, сондықтан оны орындап шыға алмаймын.
Мәриям ӘБСАТТАР
«Алашыңа ән сыйла»
Айдарымызды бастағалы ән қоржынымзға біршама әндер жиналып үлгерді. Ендігі кезек – ақын Ақұштап Бақтыгереевада.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
Ауылым
Құстарың ерке көлдегі,
Тербейді желің құрақты,
Құйын да тентек, сендегі
Балалық шағым сияқты.
Іздерім қайда құмдағы,
Су алып қайтқан құдықтан.
Алқызыл гүлдер қырдағы
Бантигім шығар ұмытқан.
Баламен сотқар желді күн,
Желбіреп шашым, жарыстым.
Бойжеткен қызбын мен бүгін,
Ол күндер қалды алыс тым.
Сыбдыры таныс талыңның,
Сырлас жел, самал, дауылың.
Оралмас балғын шағымның
Белгісі сенсің, ауылым.
Өлең жолдарын оқып, жүрегін ән тербеген оқырман болса, 8-727-3-88-80-60 нөмірі бойынша редакциямызға хабарласуын өтінеміз. Сондай-ақ газетіміздің келесі нөміріне өз жырын жолдайтын ақындарға да құлаққағыс!
«Тұран» тобы жылды қайырымдылыққа арнады
Тұран елінің салт – дәстүрі мен музыкалық мәдениетін әлемнің түкпір-түкпіріне таныстырып, насихаттап келе жатқан ҚР Тұңғыш Президенті қоры грантының екі мәрте иегері «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі 2012 жылы 19 сәуір күні Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылдық округінде тұратын, миында екі ісігі бар Исламбек деген балаға көмек концертін өткізіп, қомақты қаржы жинап берген болатын.
Енді кезекті қайырымдылық концертін баспанасы, тұрақты жұмысы да жоқ Күләш апаның 14 жасар эпилепсия дертіне шалдыққан Ерасыл атты жалғыз ұлына арнап отыр. Концерт «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының қолдауымен желтоқсан айының 25-інде Жамбыл атындағы филармонияда сағат 18:00-де басталады.
Жалпы, «Тұран» этно-фольклорлық тобы биылғы жылды түгел дерлік осындай қайырымдылық концерт өткізуге арнады десе болғандай. Бабаларымыздан мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарды, жәдігерлерді насихаттап әрі сол арқылы қоғам назарынан тыс қалған, әлеуметтік жағдайы төмен мүгедек балалардың емделуіне көмек көрсеткен «Тұранның» мұндай игі ісін өнерде өнеге етуге тұрарлық.
Кино
Жаңа жылды «Жолы болғыш жігіттермен» қарсы аламыз
Осыған дейін «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен», «Қызметтестер хикаясы», «Шырша» секілді ремэйк туындыларымен Жаңа жылдың «Аяз атасына» айналған Тимур Бекмәмбетов биыл да көрерменіне ерекше сый әзірлепті.
Египет. Осы заман. Полиция ежелден қалған құнды жәдігерді ұрлап кеткен қылмыскерді іздестіруге атақты баукеспеден аумайтын мұғалімді операцияға кірістіреді. Тура сол баяғы фильмнің оқиға желісімен дамығанымен, заманауи сипатта мүлдем басқаша картинаға айналған туынды жайлы «Осыған дейін күлкіні тауыстық деп ойлайсыздар ма, олар жай бергі жағы болатын, күлгеннің көкесін енді көресіздер» деген режиссер сөзі елең еткізерлік. Оған тағы Сергей Безруков сынды тісқаққан әртістің «күлмей көріңіз, мұрнымды кесіп берейін» деген тақылеттес сөзін қосыңыз. Тағам рецептісін алдын ала айтып қойса, қызықсыз болып қалатыны секілді, кино жайлы бар құпияны ашып салсақ, әрине, қызықсыз болып қалар, тек әзірге айтарымыз, онда сондай-ақ атақты Ресей жұлдызы Гоша Куценко ойнайды.
Фильм 27 желтоқсаннан бастап Алматы, Астана кинотеатрларынан көрсетіле бастайды.
«GANGNAM STYLE-ҒА» ҚАЗАҚША ПАРОДИЯ
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің политехникалық факультетінің бірінші курс студенттері оңтүстіккореялық әнші PSY орындаған Gangnam Style клипіне пародия түсірді деп хабарлайды Қазақпарат.
Клипті құру идеясы бірінші курс студенттеріне студенттер қатарына қабылдану күніне дайындық кезінде келді. «Біз Gangnam Style клипіне пародия түсіруді шештік, өйткені ол, біріншіден, қазіргі кезде хит-шерулердің көшбасшысы болып келеді, екіншіден, өзінің динамикалығымен тартымды. Біз курстастарымызбен жиналып, бәрін ойластырдық, көп ұзамай бізде клиптің сценарийі дайын болды. Ал оны түсіруге және монтаждауға кәсіби мамандар көмектесті. Жалпы алғанда клипті түсіруге бір күн кетті», – деп баяндайды университеттің бірінші курс студенті Абылай Оразалин.
Клип студенттердің қатал, бірақ сонымен бірге қызықты, шытырман оқиғаларға толы өмірі жайында баяндайды. Клипте басты рөлді бірінші курс студенті Мақсат Тарғынов орындады. Мақсат сырт келбетімен оңтүстіккореялық музыкантқа ұқсайды.