Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

Сәбиттің екі әйелі концерт бермек...
Жуырда Шымкент қаласында Айгүл Иманбаева мен Алтынай Жорабаева бірлесіп концерт бермек. Қазақ эстрадасындағы жарық жұлдыздардың қатарынан аталатын қос әншінің бұл қадамын таңырқай қабылдағандар да жоқ емес. Айгүлдің өзі: «Жұрт бізді, яғни Алтынай екеуінің араларында бақталастық бар екен дейді. Сол сарындағы әңгімелерге нүкте қойғымыз келеді» десе, Сәбитшелесек, «мұндай оқиға әлемде болмаған».
Расында да... Айгүлдің бір журналға берген сұхбатында: «Алтынай екеуміз де өнер өлкесінде өндіре еңбектеніп жүрген жандармыз. Екеуміздің арамызда бөле алмай жүрген ештеңе жоқ. Оны баяғыдан айтып келе жатырмыз. Біздің қазақтың менталитетіне біткен нәрсе болар, бір сөз естіп, оны басқаша етіп түрлендіруге шебер халықпыз. Сөздің шындығына көз жеткізіп алмай тұрып ойдан, шындыққа бергісіз нәрселерді шығарып аламыз. «Айгүл – Сәбиттің бірінші  әйелі, Алтынай – екіншісі...» деп  неше түрлі сипаттағы әңгі­ме­лермен арамызға от салмақ ниет­тегі әңгімелерді құлағымыз шалып қалады. Мүмкін, халыққа қызық та шығар, бірақ біздің көңілімізге көлеңке түсірері анық. Алтынай екеуміз де өнер адамымыз. Екеу­­міздің де илегеніміз бір терінің пұшпағы. Еш уақытта араздасқан кезіміз болған емес. Сондықтан екеуміз ақылда­са келе, концерт берейік деп жоспарладық. Неге бірігіп концерт бермеске? Оның алдында, осыдан 7-8 жыл бұрын Астана­ның 10 жылдығында екеуміз дуэт айтып шығамыз деп ойлағанбыз. Алтынайдың  қолы тимеді әрі кішкентайлы болуына байланысты реті келмеді. Енді алдағы уақытта нақты қолға алып, бірге концерт беруді жоспарлап отырмыз», – деген-тін.
Мұны әншілердің кезекті жарнамасы болар, айтылған жерінде қалатын шығар деп сенбегендер де болған. Алайда Ай­гүл табанды екен. Айтқан уәдесіне берік екенін дәлелдеп отыр. Бүгінде қаланың бүкіл жарнама тақтайшалары Айгүл мен Алтынайдың концертінің афишасына толып тұр. Жергілікті телеарнада көрсеті­ліп жатқан роликтері де қызық. Айгүл мен Алтынай алдымен шығып, «3 ақпан күні «Оңтүстік цирк» ғимаратында болатын концертімізге келіңіздер» десе, соңынан Сәбит шығып: «Сіз де барыңыз, мен де барамын» дейді. Қызықты шыққан. Жар­намалық роликтеріне дейін асқан жауап­кершілікпен жасап жатқан соң, концерт­те­рінің де қызықты өтетініне сөз жоқ.  Осы­ған байланысты болар, бүгінде би­лет­ке сұраныс артқан. Айгүлдің өзі айт­қандай, жүргізуші де өздері, әнді де өз­дері шырқайды. Сәбит тек ұйымдастыру жағынан көмек бермек екен... Сонымен, концерт қалай өтер екен?
Гүлжан КӨШЕРОВА


Есеп беретін ең дұрыс орта-дастарқан басы, ел іші

Бекжігіт СЕРДӘЛІ, композитор, мәдениет қайраткері:

«Сендерге әрдайым орын бар, ақ отау төріне қоныңдар, ақ тілек батамыз мінеки, бақытты болыңдар, болыңдар»  деп келетін жас шаңырақ көтерген екі жасқа арналған ән сонау бір жылдардан әлі күнге үйлену тойының басты әні деуге болады. Сондай-ақ «Неге, неге?» деп келетін әдемі вальс ырғақты әнді де қазақ жүрегіне жылы қабылдап, жабыла шырқағаны хақ. Міне, сол әндердің авторы Бекжігіт Сердәлі атты сазгер, журналист азамат Алматы немесе Астана секілді республикалық маңызы бар қалаларда тұрмағандықтан ба, жиі көріне бермейді. Сонда да болса Түркістанда тұратын қазақтың біртуар азаматын  әлгіндей әндері барда іздемеуге хақымыз жоқ.

– Аға, біраз болды, еш жерден көрінбейсіз. Ән жазып жүрсіз бе?
– Жасыратыны жоқ, бізді, ауылдағы өнер иелерін айтамын да, орталық бас­пасөздің ұмытқаны қашан. Шоу-бизнеске қатысты қайсыбір басылымды ашсаң-дағы, санаулы әртістерді насихаттаудан әріге аса алмай жүр. Қазір сол «санаулы әртістердің» өмірбаянын жаттап алдық десек те болар. Ал ауыл өнерпаздарының айтары көп... Ең әуелі айтарым, біз бармыз! Біз өңір өнерін құрап жатқан өнерпаздармыз. Кейде бұртиып өкпелеп те қаламыз. Әділетсіздік­ке, әрине. Мәселен, мені оңтүстіктен гөрі Қазақстанның басқа аймағы, шетелдегі қандастарымыз құрмет тұтады. Қытай, Моңғолия, Түркия, Алмания, Мажарстан, Чувашия қазақтары әндерімді үзбей айта­ды және қонақ болып қайтуға шақырып та жүр. Қол қысқа, шамадан көтеріп жүгіріп кете алмайсың. Ал туған ауыл бізден гөрі әкімқараларға жақын жүрер сарай өнер­паз­дарын құрмет тұтады. Оны Түркістан мәдениет бөлімінің жалтақ көзқарасынан-ақ байқамау мүмкін емес. Ал облыста өнерпаздарға құрмет көрсетер тізгінді әкімнің айналасындағылар ұстап алған. Жыл сайын солардың маңындағы өнер иелері ғана қолдау көріп, мадақ-марапат алып жатады. Мейлі үлкен, мейлі кіші бол­сын өнер адамына бұлайша бөле-жара қарау түбінде ұлттық өнердің тоқы­рауына алып келеді. Ал тасадағы талант барлығына қолын бір-ақ сілтеп, бұл әлемді мүлде жатсынып кетуі мүмкін. Бұрын «талант ауылда туып, қалада өледі» деуші едік, қазір талантты қалаға жеткізбей-ақ ауылда тұншықтырып өлтіріп жатырмыз.
– Өнер тек сахнада ғана тыңдалмайды, өзінің өсу ортасын­да, сахна сыртында да шыңдала­ды дегіңіз келіп отыр ғой? Бәлкім, қарбалас, күнделікті қайнаған өмірден біршама алыстау отырғаныңыз шығармашылы­ғыңызға әсер етіп жатқан шығар?
– Олай деуге болмас. Өнер – қайда да өнер. Тек аздап бап керек. Шалғайда жат­сақ та, біршама әндер туды. Екі-үш әнімді Қазақ радиосының көркемдік кеңесінен өткізіп алдым. Қазір шырқалып жүр. Бірқатар танымал әншілер тәуір әндеріме «құда түсіп», қазір әнбаян түсіру үстіндеміз. Жергілікті сахналар қажет етпесе де, жазған әндерімді тыңдарманға жеткізу бағытында өз бетімше әрекет етудемін. Танымал болу үшін міндетті түрде Астана, Алматы сияқты ірі  қалаларда тұруың керек екен. Өйткені танымал болуға онда мүмкіндік көп. Шоу-бизнес, тележарнама, әндеріңді белгілі әншілерге ұсынасың дегендей... Өзім білетін осындағы өнер саласындағы әріптестерімнің біразы үлкен қалаларға барып, өздерін жарнамалап үлгерді. Біразы  демеуші арқылы қолынан келген мүмкіндіктерді пайдаланып, жағ­дайларын жасап та алған. Газет пен теле­дидар бетін бермей, БАҚ мүмкіндігін  пай­даланып, өзін-өзі  жарнамалауға дайын тұратын пысықайлар да аз емес. Танымал болудың ең керемет құралы клип түсіру ме деп қалдым. Әйтеуір, бірер әнін шығара салып, клип түсіріп алған «сазгерлер» көбейіп кетті ғой...
– Әнді сирек жазасыз. Бұл өнердің қасиетін, мазмұнын сақтағыңыз келгендіктен бе, әлде...
– Қазіргі қызметім ән жазуды сиретіп жібергені рас. Бірақ мүлдем ән жазбай кет­тім деуден аулақпын. Соңғы кезде «Аста­нам – асқақ ән», «Ару қыздар», «Сені ізде­гем», «Бір өзің деп» деген сияқты бірне­ше әндер жаздым. Жалпы, мен әнді саулатып жаза бермеймін. Көкейге келге­нін ғана ыңылдап, ел елегіне саламын. Халық жаңа туындымды талғап, айта бастаса ғана оны ән деп есептеймін. Қалғаны – ән емес, ермек қана. Аз жазатындай болып көрінуім содан.
– Танымал әншілермен шығармашылық байланыс орнатуға қалайсыз? 
– Сол танымал әншілеріңіз бізді мен­сінбей ме деп қорқамын. Олар да «таны­мал сазгерлерді» іздейтін сияқты. Әлгі сазгер – өзі ақын, өзі ән өңдеуші, теле­эфир­ге сәл жақынырақ жүрсе тіпті жақсы. Қазір «әнші-композитор» деген сәнге айна­лып бара жатқан жоқ па? Қазақ әнде­рінің  бірсарынды, ғұмыры қысқа болуы­ның себебі де содан. Әркімнің өз кәсібімен ғана айналысқанын қалаймын. Әншінің – әнші, ақынның ақын, сазгердің саз­гер болып қалғаны дұрыс. Бір әнмен клип түсіріп, «жұл­дыз» болып жат­қан­дардың да ғұмыры ұзақ емес сияқты. Жалғыз жұлдыз жұл­дыздар шоғырын құрай алмайды. Уа­қыт өте келе есер әндердің дәурені тоқтап, есті әндердің қалатынына күмәнім жоқ. Әйтпесе Түркіс­танға түрлі әнші­лер келіп-ақ жатыр. Ән сұрағанын көрген емеспін. Алда-жалда беттің арын бүркеп, сахна сыртына шы­ғып, «жаңа ән керек емес пе?» деп міңгірлей қал­саң, «сен кім едің, сендей сазгерді таны­май­мын» дегендей бір­түрлі күмәнмен қа­райды. Сосын үн-түн­сіз бұрылып кетесің.
– Аға буын атандыңыз, өзіңізге есеп беріп, шығармашылық кеш өткізіп, шәкірттеріңіз үшін бір серпіліс жасау ойда жоқ па?
– Мен сізге бір сұмдық нәрсе айтайын: сіз концертке билет алып кіремін, әнді ақ­ы­­лы тыңдаймын деп ойлайсыз ғой, қате­лесесіз, халыққа ән тыңдату үшін өне­р­­паз да ақша төлейді: залды бас айналатын ақ­шаға жалға аласың, сахнаны өз қаржың­мен безендіресің, сахнада қызмет ететін әр техниктің «көңілін таба­сың», концертті жүргізушілерді жалдайсың, ән өңдетесің, әншілерге қаламақы төлеп, ән салуға ша­қы­расың, концерт біткен соң «қызмет жа­саған жігіттерге» шай бересің... Міне, осы шығындарды есептеп шыққан соң, кеш өт­кізбек түгіл, ән жазып жүргеніңе өкіне­сің... Есеп беретін ең дұрыс орта – дас­тарқан басы, ел іші. Мен үшін одан асқан шығар­машылық кеш жоқ.
Гүлжаз ҚЫДЫҚБЕКОВА


Кинода билегенмен, жүректерде билей алдым ба?

Ербол СЕМҚҰЛОВ, жас актер:
Билемейтін жерде билеу ...  Және де жай қызық үшін емес, бір көргеннен жүректе өшпес ізі қалған жұмбақ арудың назарын аудару үшін Бозбала өз сезімін сөзбен емес, тұла бойымен, тырнақтың ұшынан бастап шашының әр талына дейін сөйлетсе... Ғажап қой! Біз үшін ғажап, ал қаншама күн-түн көз ілмей, сезіммен арпалысқан биші жігіт үшін азап... Бәрінен бұрын би өнері жайлы осыған дейін әлі бірде-бір туынды түсірілме­гендік­тен, қазақ киноөнері үшін бұл – үлкен жаңалық, үлкен үлес. Біз таяуда ғана тұсауы кесілген «Тыйым салынған билер» жайлы айтып тұрмыз. Кинотеатрға шыққан алғашқы аптада-ақ бірден 15 миллион теңге касса жинаған осы бір туындының басты рөлін сомдаушы Ербол Семқұловпен кездейсоқ ұшырастық. 

Ес білгеннен биге құмартып, уақыты мен күш-жігерін өзінің осынау сүйікті ісінен аямайтын қарапайым қазақ жігітінің буын-буынына дейін қимылдағанын көрген қыз атаулы естен танса керек. Алайда Ербол­дың өзі өте қарапайым, «биші керек деген соң кастингке қатыса қойып едім, басты кейіпкер боп қалай шыға келгенімді өзім де түсінбей қалдым» дейді. Оған дейін актер болмақ түгіл, тіпті театрдың табал­ды­рығын аттап та көрмегенін балаң жігіт жасырмай айтып салды. Бірақ теледи­дар­да сондай бір би жайлы фильм түсірілгелі жатыр деген жарнама жүргенде жүрек түбінде бір сезім, «бұл саған үлкен мүмкін­дік, бағыңды сына» деп үн қатқандай бо­лып­ты. Расында, кастингке барған, алды­мен іріктеуден, сосын екінші турдан да сүрінбей өтіп, солайша бір күні режиссер, «Орда» тобының әншісі Ерболат Беделхан алдына бір жапырақ қағаздағы өзінің алғашқы айтатын сөздерін тастағанда не сенер, не сенбесін білмеген.
Төлегенді танымай...
Қолымдағы тілдей қағазда бес-алты ауыз ғана сөз. Мен өзімнің ғашы­ғы­ма деген сезімімді жүрекке тиетін­дей, шынайы айтып шығуым керек. Қолым дір-дір етеді. Камера алдында шыны керек, ә дегенде сөйлей алмай қалдым. Сондықтан бір күн мұрсат сұра­дым. Не істеймін, кімнен ақыл сұ­рай­мын? Актер мамандығының қиын­дығын сонда түсіндім. Сен өзің емес, өзге бір кейіпке түсіп, сол болып жылап, сол болып күліп, сол болып өмір сүруің керек екен. Түнімен көз ілмей, ертесі күні М.Әуезов театрының алдына бардым. Кімге бардым, маған кім қан­дай жол сілтейді, білмеймін. Әйтеуір, бір кезде жанымнан өте берген бір ер кісіні актер шығар деп тоқтаттым да, жөнімді айтып, кеңес сұрадым. «Шына­йы бол, жылағың келсе жыла, өзіңнің ғашық болған сәтіңді еске түсір де, сол сәтке ен» деді де, асыға басып театрға кірді де кетті. Мен де бұрыла беріп ем, бір жігіттер «сен әлгінде кіммен сөйлес­кеніңді білесің бе?» деді. «Жоқ» деп ем, «Төлеген ғой, атақты «Қыз Жібекті» көрмеп пе едің, ех...» деп мырс етті. Мен аң-таңмын. Өмір бойы өзім жақсы көріп, көрсем деген адаммен шынымен де тілдескеніме сене алар емеспін. Бірақ танымағаныма өзімді қатты жаз­ғырдым. Құман ағамыз да қатты өзгеріп кетіпті.
«Ештеңе кездейсоқ емес» деп білетін Ерболға бұл оқиға жігер берді, ол «басты рөл менікі болады екен» деп жорыған. Солайша әрі билей жүріп, әрі түс секілді өмірді бастан өткере жүріп, қалайша киноның түсіріліп біткенін білмей де қалса керек. Құла дүзде жалғыз өскен ағаштай құлазып қалған сол сәттегі өз сезімін еске алуға қиналатынын айтады Ербол. Өйткені ол өз өмірін ұмытып, түгел кейіпкеріне ай­нал­ған болатын. Сондықтан «түсіру бітті» деген сөз оған «өмір бітті» дегендей естілсе керек.
Жалпы, көше билері – бүгінгі жастарды еліктірерлік тақырып. Фильмді тамаша­лаған жұрт өз пікірін желілерге жарыса жазғанда, басқасын жаратпаса да, басты кейіпкер Эмирдің биіне баскиімін шешіп, қошамет көрсетуге дайын екендігін айтқан. Ал Эмир, яғни Ербол болса өмірде осы киноға дейін жай қарапайым биші болса, бұл фильм оның өмірге деген көзқарасын 180 градусқа өзгертіп жіберді, ол бүгінде  Өнер академия­сына оқуға түскен. Ал, негізі, өзі елімізде бірнеше банктерде жұмыс істеген қаржыгер. Біз Ерболмен көп нәрсе жайлы сөйлестік, мен оның арманы үлкен адам екендігін аңғардым. Бір жас ғұмырдың кеудесіне жылт еткен үміт сәулесін жағу да үлкен жетістік. Олай болса, Ербол өзінің «Тыйым салынған билерден» өмір сүруге ұшқын алғанын айтады. Ал біз жастардың тіліндегі жаңа туындының жалғасын күте­міз.


Кенжебек жеке шықты
МузАРТ –тың бір тарланы Кенжебек Жанәбілов – топқа келмес бұрын да жеке ән орындап жүрген әнші. Ол өзінің дара жолын топпен қатар алып жүруді ұмыт қалдырмады. Солайша бүгін оның 18 әннен тұратын «Сағыныш тамшылары» атты тұңғыш жеке ән-жинағы жарыққа шықты.
Осыған дейін Мейрамбек Бесбаев­тың «Аяулыма» және «Термелер» атты, сондай-ақ Сәкен Майғазиевтің былтыр шыққан «Бал әнім» ән жинағы «Мело­ман­ның» статистикасы бойынша ең көп сұранысқа ие әндер жинағы болып есептеліп келсе, енді, міне, музарттық­тар­­дың үшінші солисі де жеке ән-жинақ шығарып отыр. Бұл, әрине, Кенжебектің өзі үшін ғана емес, оның жеке даусын жақсы көретін тыңдар­маны үшін де жақсы жаңалық болғаны даусыз.
Айта кету керек, өткен жылғы саты­лым бойынша ең көп ән жинағы сұра­нысқа ие болған МузАРТ болса, екінші орында «Вальс королі» Шәмші Қалдая­қовтың әндері.  2006 жылы шыққан ән-жинақтың 1455 көшірмесі 2012 жылы сатылыпты. Бұдан кейінгі тізімде Асыл­бек Еңсеповтің «Адай», Қайрат Нұртас­тың «Өкініш», «Ауырмайды жүрек», «Дос-Мұқасанның» «Бізге-40 жыл» ән жинақтары тұр.

Беттің продюсері – Мәриям Әбсаттар

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста