Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

Ұрланған бал дәурен немесе жұлдызды балалық шақ бақытқа бастай ма?
Бала үшін ата-әже мен әке-шешенің әлдилеген алақанын сезініп, асыр салып ойнаудан артық бақыт жоқ екенін, өкінішке қарай, көп адамдар түсіне бермейтін секілді. Әйтпесе құлыншағын ойыннан қағып, бас-аяғы бес-алты-ақ жылда өте шығар бал дәурен шағының қызығын сахна мен кино алаңына айырбастар ма еді? Әрине, іштегі өнері тесіп бара жатқан баланың жөні бөлек, ойынға оның өзінің-ақ зауқы соға қоймауы мүмкін, әйтсе де көп жағдайда «жұлдыз» болуға құмартатын баланың өзі емес, ата-анасының орындалмаған арманы болса керек.
Тіпті бұл жайлы орыс халқында «әрбір бала – өз ата-анасының орындалмаған арманының құрбаны» деген де сөз барға ұқсайды. Яғни биші бола алмай қалған қыз кейін ана болғанда өз қызын би үйір­месіне сүйресе, ала допта кеткен ақысын әке өз баласы арқылы қайтаруды көздейді. Әлі оң-солын танып та үлгермеген «боз­ба­ла әке» мен «бойжеткен ананың» ойын­ша, бәл­кім, баласы «асық ойнап азып, доп ой­нап тозғанша», баланың кішкентайдан бо­ла­шаққа ұмтылып, болашақтың ірге­тасын қала­ғаны дұрыс та шығар, бірақ... Мәселенің бәрі біздің сол «бірақты» жадымыздан шығарып ала беретіндігімізде секілді. Ол не «бірақ»? Бірағы сол: келешектің қамытын ерте киген балақай өзінің бүгінгі бал дәуренінің тәп-тәтті дәмін сезіне алмаған күйі көзден бұлбұл ұшырады. Яғни атақты бала атанар-ау, алайда қарапайым бала боп күле алмайды, алаңсыз асыр салып ойнауға оның уақыты жоқ. Тіпті сабағы да екінші кезекке ысырылып, түсірілім, сахна, сұхбат, гастроль деген атағы дүрдей, бірақ өзі тым қатал «өгей шешенің» уысына түседі. Ойыншықты былай қойғанда, бала достарынан алыстап, үнемі үлкендердің арасында жүреді, осының барлығы балалық шақты ұрлап, ерте есейтіп жібереді. Ең жаманы да осы – баланың өзін бала емес, егде сезінуі. Ендеше, сондай өмірге итермелеу арқылы ата-ана өз баласына қиянат жасаған болып табылмай ма?
Әлемге әйгілі балалар
«Бес саусақ бірдей емес», яғни балалық шағынан бастап өнерден өз орны мен бақытын тапқан өрендер аз емес. Мәселен, ғаламшар балаларын аузына қаратқан «Гарри Поттер» ертегісінің басты кейіпкерін сомдаған Дэниел Рэдклифф сол рөлінен кейін болашағынан үміт күттіретін актерге айналып шыға келді. Қазір ол есейді және киногерлер тарапынан жоғары сұранысқа ие. Ал атағы Дэниелден аспаса, кем түспеген «Один дома» кинотуындысының басты кейіпкерін ойнаған Маколей Калкиннің кейінгі тағдырына балалық шақтағы жұлдызды өмірі кері әсерін тигізді десе болғандай. Себебі бір емес, бірнеше сериялы «Один домадан» кейін-ақ Маколей балақан өзін соншалық зор, жарқыраған жұлдыз сезініп, кеудесіне нан пісіп кеткен еді. Басына қонған бақты көтере алмай, бала жұлдыз ішкілікке беріліп, құлдырай-құлдырай ең төменге бір-ақ түсті. Солайша актерлік карьера түгіл, адам боп өмір сүруі неғайбыл күйге жетті десек артық болмас еді.
Атақтың буын көтере алмаған бала жұл­дыздың тағы бірі – Эль Фэннинг. Дүниежүзі көрермендері бұл қыз баланы «Вавилон», «Бенджамин Баттонның жұм­бақ өмірі» секілді тағы да бірнеше кино арқы­лы жақсы таниды. Ол өзінің 12 жасы­на дейін 30 шақты фильмге түсіп үлгерген. Таң­ғаларлық жыл­дамдық, алайда соны­мен қатар соншалық тығыз жұмыс графигін аң­ғар­мау мүмкін емес. Эль соншалық атақ­қа қол жеткізді, оның қарақан басына қан­шама адам құрдай жорғалап қызмет ете­ді, бірақ... Бірақ ол бақытсыз бір жағы­нан, себебі ол өзін өзгелерден тым жоғары санап, «мен ерекше туған жанмын» деп сезінеді. Бала боп қуанудың не екенін білмейтінін мына бір мысалдан-ақ аңғару қиын емес, яғни Эль 9 жасқа толғанда әжесі оның туған күніне балақай қаншама уақыт армандаған әйгілі Мэрилин Монро кезінде жаққан кремнің құтысын сыйға тартқан. Ойлап көріңізші, қалыпты бала сондай сыйға қуана ма? Яғни жұлдызды өмір баланың психологиясын төңкеріп тастайтын дүлей күшке ие, ал бұл барып тұрған қиянат емей немене?
«Көксеректен» кейін күле алмай қалған Құрмаш...
Жоғарыда келтірілген мысалдар шетелдік актерлер ғой дер болсақ, онда өз киноларымыздың бала кейіпкерлері тағдырына үңіліп көрейік. Біз газетіміздің осыдан біраз бұрынғы санында «Менің атым – Қожаның» кейіпкерлері жайлы жазған болатынбыз. Сонда сізді фильм­дегі Жанар қызды сомдаған Гүлнар Құрабаева­ның сол кинодан кейін мүлдем бұл сала­дан үзілді-кесілді бас тартқаны таңғалт­пады ма? Оның сырын кейінгі өмірінде инженерлік саланы таңдаған Гүлнар апай «Бір жылға созылған фильмді түсіру процесі менің сабақ үлгеріміме қатты әсер етті. Сондықтан да мен одан кейін келіп түскен ұсыныстардың бәрінен бас тарттым, тіпті кинодағы Қожа, Жантаспен де хабарласуға тырыспадым» деп түсіндірген. Ал әйгілі Мұқаң, Мұхтар Әуезовтің шығармасы бойынша түсірілген «Көксерек» фильмін­де бала Құрмашты сомдаған Қамбар Уәли тіпті өкінішті халде қалса керек. Осыдан бірер жыл бұрын қайтыс болып кеткен ол ағамыз баспасөзге берген бір сұхбатында былай депті: «Кино түсіріліп біткен соң «Мен осы Құрмашпын ба, Қамбармын ба?» деп ойлайтын болдым. Құрмаш менің күл­кімді ұрлады. Тіпті емін-еркін күле алмай қалдым. Күш­теп жымиятын болдым. Күні бүгінге дейін солай. Мен «Көксеректен» кейін бірнеше киноға түстім. Бірақ көрерменнің есінде күлкісі ерте ұрланған Құрмаш болып қалған тәріздімін. Қазіргі кәсібім кинодан мүлдем алыс. Бірақ ұлым өнердің жолын таңдаған тәрізді. Ол Еркін Рақышевтың «Жетімдер» киносында басты кейіпкерді сомдады. Ұлымның да күлкісін «Жетім­дер» ұрлап алды ма деп қорқамын».

Қысқасы...
Баласын жұлдыз қылуға құмар ата-ана алдымен жақсылап ойланып алғаны жөн дер едік. Әлемдік ойшылдардың қатарынан орын алған Конфуцийдің «Әке – әке, ана – ана, бала – бала, яғни әркім өз орнында болған қоғам ғана бақытты» деп текке айтпаса керек. Ендеше, баламызды бақытынан ерте айырып, оның ең тәтті кезеңінің обалына қалмайықшы...

Мәриям ӘБСАТТАР


Әселдің ән-шеруі

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Ән-шеру» бағ­дар­ламасы
Авторы: Әсел Ергешқызы
Ха­бар­­дың тiкелей тол­қын­дағы уақыты:
Қа­зақ радиосы, сенбі күні сағат 22:00

Алаштың үздік әнін таңдаңыз
Шарты:
Әр айналымға сегіз жаңа ән қатысып, бақ сынайды. Қатысушылар жа­сы­на шек­теу қойылмаған. Үздік әнді тың­дау­шылар анықтайды.
Дауыс беріңіз!
www.kazradio.kz (сілтемесі http://www.kazradio.kz/kaz/more/ansheru/ )
Сон­дай-ақ әр сенбі сайын кешкі сағат 22:00-де баста­ла­тын тікелей эфир бары­сында 8 /7172/ 55 33 55 байланыс те­ле­фо­ны арқылы да хабар­ла­суға мүмкіндігіңіз бар!
Жалпы, дауыс саны бойын­ша 60 па­йыздан астам тыңдау­шы­ға ұнаған ән көр­кем­дік ке­ңес­тің шешімімен Қазақ ра­дио­­сы­ның «Алтын қорына» қабыл­данып, ар­­найы тіркеуге алы­нады. Ал ән 80 пайыз­дан ар­тық тыңдарманның дауысы­на ие болса, Халықаралық «Да­ла дауысы» ра­диофес­­тива­лінің жартылай финалына қатысу­ға жолдама алады.
«Кең даланы» тыңдаңыз
16-айналымда бақ сынап жатқан әндерге қысқаша шолу жасауды жалғас­тырамыз.
V-Alem тобы. Құрылғанда­рына тұп-тура екі жыл толып отыр­ған топ аз уақытта өз тың­дармандарын тауып, ән қор­жын­дарын сапалы әндермен толықтырып үлгерді. Тікелей эфир барысында қоңырау ша­лып, пікір білдіретін тың­даушыларының дені жастар. V-Alem тобы ән-шеруде Алмаспен бірлесе шырқаған «Кең дала» әнімен бақ сынап жатыр. Ән авторлары: Ринат Зайытов пен Алмас Кішкен­баев. Айта кетейік, қаңтар айы­нан бастап бұл топ Алмас­тың жетекшілі­гіне өтіп, қазір бірлесе жұмыс жасап жатыр.
Қайтсем сен қуанасың, жан анашым...
Анашым,
Бақ тілеп балаңа шын.
Тәңірден сұранасың,
Қайтсем сен қуанасың, жан анашым...
Бұл әннің авторы – Жақ­сыбек Қалелбек. Ол анасына деген перзенттік махаббатын осы әнмен жеткізуге тырысты. Орындаған – Қанат Үмбетов. Тыңдаушы­лар өте жақсы пікірде. Тек Қанаттың жан­күйер­лері сайтта белсенділік танытса...
Қанат ән-шеруіміздің ал­дыңғы айна­лым­дарының бірінде Тоқтар Серіковтің «Ғарыш­тағы ғашығым» әнімен жеңімпаз атанған болатын.

Ауылды сағынған «Серілер»

Ағайын-туыс, бауыр-ай,
Кішкентай ғана
                                ауыл-ай,
Туған жерде тулайды,
Тулайды асау
                             қаным-ай.
Атамның туған
                                жері еді,
Анамның туған елі еді.
Ауырып жаным
                             тұр неге,
Ауылға кеткім келеді...

Бұл – «Серілер» тобының орындауын­дағы Болат Есмұханның «Ауылым» әнінің мәтіні. Мәтін авторлары: белгілі ақындар Алмас Темір­бай мен Талант Арғынғали. Репертуар таңдауға өте сақ қарайтын «Серілер» бұл әнді ән қор­жындарына қосуда да жаңылыспа­ғанын байқатты.
Ән-шерудің 16-айна­лымында қай ән дара шауып, үздік атанды? Толығырақ ақпа­рат пен жеңімпаз әннің орындаушы­сымен болған әңгімені айдардың келесі шы­ғарылы­мынан оқитын бо­ласыздар. Ең бас­тысы, Алаш­тың үздік әнін бірге таң­дайық!


Алашыңа ән сыйла
Осы айдармен белгілі ақындарымыздың ауыл, ел, туған жер, Отан жайлы патриоттық рухтағы бір өлеңін ұсынып келе жатқанымызға біршама уақыт болды. Алашқа әйгілі ақындардың сөзінен шабыт алып, жаңа ән тудырып жатқандар да баршылық. Ендеше, кезекті тағы бір жыр жолдарына берейік.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, ақын:

НАУРЫЗ КЕЛДІ...

Қылаусыз кешегі қар жүзін,
Айғыздап артымда қалды ізім.
Тым ыстық көктемім жаныма,
Тыныштық әкелсін Наурызым.

Наурызым әкелсін тыныштық,
Дарысын далама ырыс-құт.
Көңілді жайнатсын гүлдердей,
Сенімді жаратсын құрыш қып.

Жаратсын құрыш қып сенімді,
Жақсылық жайласын көңілді.
Жұлдыздар жарқырап көгімде,
Ұл-қыздар қуантсын елімді.

Тілегі осындай Наурыздың,
Жігерлі жігітке бер тізгін.
Сүйінер ізгілік лебіне,
Сүйкімді сыйымыз бар біздің.

Қылаусыз кешегі қар жүзін,
Айғыздап артымда қалды ізім.
Жайнай бер, гүлденіп, көктемім,
Жасай бер түрленіп, Наурызым!


Егер осы өлең жолдарын оқып, жү­ре­гіңізді ән тербесе, 8-701-910-60-32 телефонына хабарла­суы­­ңызға болады. Сондай-ақ, газе­тіміз­дің келесі нөміріне өз жырын жолдай­тын ақын ағайындардың да құ­­ла­ғына алтын сырға!


Ертегі кеш өтті
Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде білім алумен қатар, жан-жақты тұлға болып қалыптасуына, ғылым мен өнерді қатар алып жүруге барлық жағдай жасалған.
Соның бір дәлелі ретінде жастардың эстетикалық дүниетанымын кеңейту мақсатында 30 сәуір күні Студенттік парламенттің ұйымдастыруымен алғаш рет студенттік бал (Венский бал) болып өтті. Айтулы шараға ҚазҰТУ ректоры Ж.Әділов, Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқарманың бастығы С.Боқаев, қоғам қайраткерлері, университет басшылығы және оқу үздіктері мен өзін-өзі басқару ұйымдарының белсенді студенттері шақырылды.


Бұл кеш бұрынғылардан өзгеше болды. Олай дейтініміз, кештің ашы­луы 100 студенттен құралған аққуда­йын таранған, сұңқардайын сыланған 50 жұптың әсем полонез музыкасында вальс билеуімен ерек­­шеленді. Ст­у­денттік бал – мәңгілік көктем, мәңгілік ма­хаббат... Әсем әуеннің ырға­ғында дөң­гелене вальс билеген жұ­п­тарға қарап қызықпаған, музыкаға елтіме­ген жан қалмады.
Осы 100 дебютанттың биінен кейін сөз алған ҚазҰТУ ректоры Ж.Әділов жинал­ған­дарды алғашқы рет өткізіліп отырған ауқымды шарамен құттықтап, студенттер­дің жазғы сынақтарына сәт­тілік тіледі. Рек­тор сөзінен кейін «Сағын­дым Алматымды» әніне дебютанттармен бірге зал қонақтары да қосыла вальс биледі. Балға жинал­ған қонақтар тек мерекені тамашалап қой­май, қазақ әндеріне вальс билеп, көңіл­дерін көтерулеріне бар жағдай жаса­лын­ды. Бұл би кешін өткізу бағдарлама­сы­на арнайы кастинг өткізіліп, оған 300 сту­дент қатысса, олардың арасынан ірік­теліп 100 студент қана бүгінгі кешке жолдама алған.
Еліктірген вальс, салтанатты поло­нез, көңілді полька, шапшаң музыка, смо­кинг және фрак, бозбалалар мен арулар – вена­лық ертегінің кейіпкерлері осы кеш­тің шындығына айналғандай әсер қал­дырды. Қонақтар күткен то­сын­­ сый­дың бірі – кеш барысында «Хан­з­ада мен Хан­шайымның» анық­талуы болды. Ер­тегі кейіпкері «Хан­зада мен Ханшайым» болу атағы биден ерек­ше көріне білген жұп – Өнеркәсіптік ин­женер институты­ның студенттері Бегзат Ах­метов пен Ақерке Ермекбайға табыс етіл­ді.
Мерей МАТАЙ


5 миллион кімге бұйырады?
«Қазақстан» ұлттық телеарнасының  «Жұлдызды сәт» мегажобасында  мамырдың 11-інен бастап, сенбі күні тікелей эфирде дауыс беру басталады.  Әр  бағдарламадан  екі өнерпаз ғана  финалға шығады.  Финалға жолдама алған дарындар арасында тағы бір мәрте іріктеу өтіп, халық қолдауына ие болған  шынайы талант қана 5 миллион теңге ақшалай сыйақыға ие болады.   Бұл туралы «Қазақстан» АҚ» республикалық теле-радио кешенінің баспасөз хатшысы Танакөз Толқынқызы хабарлады.

Қазақстан жұртшылығы  «Жұлдызды сәт» теледуманының іріктеу кезеңін бірнеше ап­тадан бері «Қазақстан» ұлттық телеар­на­сынан тамашалап келеді.  Бұл жоба  басқа  бағдар­ла­мадан өзіндік ерекшеліктерімен айшық­тал­ды.  Аз уақыт ішінде көрермендердің жүрегіне жол тауып,  халықтың ықыласына бөленді.  Жо­бада  бақ сынаған үміткерлер ел арасынан шық­қандықтан, бағдарлама  халыққа бірта­бан жақын.
Енді қазылар алқасының қолдауына ие болған үміткерлер  тікелей эфирде өнер көрсетеді. Бұл жолы жобаға қатысушылардың  өнерін саралап, оларға баға беруші – халық. Қызу тартыс көрермендердің  көз алдында өтеді.  Көрермен өзіне ұнаған өнерпазға SМS жол­дау  арқылы дауыс береді. Жобаның іріктеу кезеңінен бастап талантымен жұртты таңғалдырған өнерпазға жанкүйер болуға мүм­кіндік алады. Ал үміткерлер болса, көрсе­те­тін өнерлерін одан сайын күрделендіріп, төрешілер мен  көрермендерді таңғалдыра түседі.
Бас жүлде үшін тартыста бір кітапты түгелімен жатқа білетін Шаймерден Әскен, шегені алақанымен бір ұрып қағатын Есімбек Тоқжігітов, қылыш жұтқан Айдос Тоқтарбаев та барын салмақ.   Көмейінен  құбылта  дыбыс  шығаратын  Бейбарыс Бақбергенұлы, суретші Базар Ырыстанұлы,  сыйқыршы Аббос Абдул­лаев және басқалар  көрермен көзайымына  ай­­налып үлгерді. Ел ішінен шыққан осы та­лант­тардың өнерін тамашалап,  дауыс бергіңіз келсе, «Жұлдызды сәттің»   әр  бағдарламасын  қалт жібермеңіздер! 
«Қазақстан» ҰТА баспасөз қызметі

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста