Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

Жыл сайын концерт беретіндердің мақсаты – пұл табу ғана

Кеңес ДҮЙСЕКЕЕВ, композитор:

Жақын күндері ғаламтор беттерінде көрнекті композитор Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылық кеші өтеді деген хабар тарады. Бірақ солардың бірде-бірінде қайда өтетіні, қашан өтетіні көрсетілмеген екен. Барлығы да бұл ақпаратты «Астана күні» қарсаңында деп қана жариялаған. Біз осы кештің мән-жайын білмекке Кеңес ағаның өзіне хабарластық.

– Аға, жеке шығармашылық кеші­ңіз өтеді деп естіп жатырмыз. Бірақ мекенжайы мен мерзімі нақты көр­сетілмеген екен.
– Иә, қазір соның дайындық жұмыс­тарымен жүгіріп жатырмыз. Ал күні мен қайда өтетінінің көрсетілмеген себебі, әйтеуір, сол күндерде өтетіні белгілі бол­ғанымен, нақтыланбаған. Күні кеше анық­талды. Афишасын да енді ғана шығардық. Шығармашылық кешім 2 шілде күні Кон­гресс-холлда өтеді. Конгресс-холл біраз уақыт бұрын күрделі жөндеуге жа­былған. Мынау сол жөн­деуден кейінгі тұңғыш концерт болғалы тұр. Сонымен жар­қыраған залда жарқын жүзді тың­дармандарыммен қауышудың сәті түсіп тұр.
– Ұсынысты кімдер жасады?
– Бұл кеш тікелей Астана қалалық әкімдігі Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткелі отыр. Мен осыдан 2 жыл бұрын өткізсем деп едім. Әне-міне деп жүріп, уақытты өткізіп алдым. Қазір бір нәрсенің қисынын келтіру де оңай емес. Содан биылғы жыл баста­лысымен күш салдым. Көктемде өткіземін деп шештім. Бірақ қала әкімі «бұндай айтулы шараны Астананың тойымен орайластыру керек» деп, осы уақытқа шегеріп қойған болатын. Енді сол өздерінің жоспарлары бойынша, қала күні қарсаңында өтетін болып шешілді. Жалпысында, мен өзі жылтыңдай бергенді жақсы көрмеймін. Жыл сайын концерт беретіндердің мақсаты – пұл табу ғана. Ешқандай жаңалығың болмаса, қайта-қайта елді жинап, халықты мезі қылуға болмайды.
– Өзіңіздің шығармашылығыңызда жаңалық бар ма?
– Бар. Жоқ болса, концерт беріп не қыламын? Көптеген жаңа әндерім бар. Солар орындалады. Сонымен қатар екі симфониялық шығармам орындалады. Оның бірі – «Жалаңтөс батыр», екіншісі – «Астана». Жалаңтөстің тарихтағы орнын білесіңдер. Мен сол тарихи тұлға алдын­дағы перзенттік борышым ретінде «Жалаң­төс батырды» жаздым. Ал Астана – еліміздің киелі ордасы. Өзім көп жылдан бері осы қаланың тұрғынымын. Осы қа­лада қызмет етіп, осы шаһардың ауасын жұтып келемін. Концерт те осы «Астана» симфониясымен ашылады. Екі шығарманы да Астана қалалық оркестрі орындайды. Дирижерді осы кешке арнайы Алматыдан шақыртып отырмыз. Әйгілі Қаршығаның баласы Ерболат Ахмедияров дирижерлік жасайды.
– Бұл сіздің Астанада өтіп отырған тұңғыш кешіңіз ба?
– Жоқ, осыдан 7 жыл бұрын өткен. Қа­зірге дейін соңғысы да сол болып келді. Жаңа айттым ғой, менің концерт дегенге жаным құмар емес. Бірақ бес жылда бір рет өткізіп тұру керек деп ойлаймын. Жазылған дүниелерді халыққа жеткізіп, бәрінің басын қосып, есеп беру – өнер иесінің міндеті.
– Кеште қандай әншілер өнер көрсетеді?
– Роза Рымбаева, Нұрлан Өнербаев, Сембек Жұмағалиев, Ақжол Мейірбеков, Айжан Нұрмағанбетова, Майра Дәулет­бақова, Жеңіс Ысқақова, Мәдина Садуа­қасова бастаған бірқатар әншілермен қатар, халықаралық, республикалық конкурстарда топ жарып жүрген жас өнерпаздар да болады. Кештің соңында бәрі қосылып «Алтын бесік – Астана» әнімді орындайды.
– Бұл да жаңа ән бе?
– Иә, сол күні тұсауы кесіледі. Астана тұрғындары мен қала қонақтары бұдан да басқа біраз жаңа әндерімді тыңдауға мүмкіндік алады. Сөйтіп, Астанада өтетін шығармашылық ән кешімді Астана та­қыры­­бымен бастап, Астана тақыры­бымен түйіндеймін деп отырмын.
Заңғар ШЕГЕБАЙ


Classica  радиосына – 2 жыл!
Биыл Қазақстан  және Орталық Азия аймағындағы  классикалық музыка  радиостанциясының эфирге шығып отырғанына екі жыл толып отыр.
Осыдан екі жыл бұрын еліміздің ақпарат кеңістігінде бұрын-соңды болмаған «Клас­сика» радиосы дүниеге келген еді. Жаңа арнаның мақсаты – академиялық музыка мәдениетін, жалпы классикалық, ұлттық музыкалық мұраны барлық қазақстандық тыңдармандардың  рухани азығына айнал­дыру.
Жәния Әубәкірова, Classica  радиосын құру идеясының авторы, Қазақстанның Халық артисі:
– Уақыт елегінен және сынынан өткен, көптеген ғасырлар мен ондаған жылдар бойы біздің әлемге үйлесімдік пен сұлулық  сыйлайтын музыканың әуе толқынынан естіліп жатқаны үшін мен бақыттымын! Классикалық музыка жеке тұлғаның зият­керлік әлеуетін, ал, бүтіндей алғанда, біздің қоғамның адами ресурсын арттырады. Даңғаза музыка мезі ететін қазіргі қоғамда жанға жайлы әуен сыйлайтын бұл толқынды арнаның болашағы зор.

Классика радиосы Алматыдан 102.8 жиілігінде хабар таратады. Әуе толқынының контентін жоғары кәсіби деңгейдегі акаде­миялық классикалық музыка құрайды. Эфирдегі жүргізушілер – кәсіби музы­канттар. Осы уақытқа дейін аталған радио  толқынында 600-ге жуық эксклюзивті хабар таратылды.
Бек МЕРГЕН


Көнеден жеткен әуендер мерекесі шымылдығын түруге таяу
Алматыға қазіргі заманғы этникалық музыканың әлемге әйгілі шеберлері жиналып жатыр. Бірі Саханың тайгасы мен тундрасының ғаламат табиғатын әуен тілімен жеткізсе, енді бірі көмей әнімен шаманды Алтайдың аңыз-әпсаналарын паш етемін деп отыр.
Меймандарымыздың бірқатары­мен тағы бір таныстырып өтейік:


Юлияна, Саха
Оны шамандық пен қазіргі заманғы музыканы жарастыра дамытушы шебер деуге болады. Хомус аспабында асқан шеберлікпен ойнайды, өзіндік орындау мәнерімен әлемге әйгілі болған музыкант. Хомус – қазақтың шаңқобызы, орыстың варганы тәрізді аспап. Сахалық шаман әйелдер – одағандар ертеде осы аспаптың үнімен, көмей әуенімен науқастарды ем­деген. Юлияна хомусымен жай ғана ком­позиция орындамайды, ол Саха жерінің бар табиғатын бейнелейді: тайганың аң-құсы, тундраның желі, шексіз алқап, бүршік жарған ағаш, сылдырап аққан су – бәрі-бәрі көз алдыңа келеді. «Алматының бұлыңғыр ауа райына қарамастан, көңіл күйім керемет. Маған The Spirit of Tengri-ге қатысуды ұсынғанда, көп ойланбастан келістім. Себебі маған Қазақстан қатты ұнайды, өз үйімдей көремін. Табиғат қана емес, адамдар да жаныма жағады», – дейді музыкант. Юлия­на орындаушы ғана емес, композитор да. Музыканы өзі жазады. Бұл қасиетті бала кезінен бойына сіңірген. «Балабақшадан би билеймін, ән айтамын. Халық әншілерінің күйтабағын тыңдап, соларға еліктедім. Осы ұлттық музыкамен әуестенгеніме өзімді бақытты санаймын. Бұл – менің өмірім. Қазіргі заман талабына сай этникалық әуенді бүгінгі стильдермен синтездеймін, сәтті шығып жатады, жастар қолдайды», – дейді Юлияна.


Намгар, Бурятия
«Намгар» – бурят және моңғол фольклоры мен қазіргі заман әуендерін байланыстыра орындайтын ұжым. Он жылдан астам уақыт бұрын құрылған топ вокалист – Намгар Лхарасанованың есімімен аталады. Намгар ятага, моринхур және басқа да аспаптарда ойнайды. Ятага біздің жетіген аспабымыз сияқты. Моринхур виолончельге көбірек келеді. Бұл ұжым Алматыда өтетін халықаралық фестивальға бурят-моңғол халқының ойнақы әндерін әкеліп отыр. Намгар Алматыда 1995 жылы «Азия дауысы» фестивалінде өнер көрсеткен. Екі ай бұрын да оңтүстік астана жұртшылығына концерт берді. «Алматы – жасыл қала, маған өте ұнайды, қала көшелерінен, үйлерінен, бар болмысынан бір жылылық сезіледі. Халқы да жақын тартып тұрады. Фестивальда біз екі түрлі бағдарлама орындаймыз. Оның бірі акустикалық дыбыстарға арналады. Жауапкершілік пен кішкене толқынысты сезініп, жүрексінеміз. Бірақ жақсылап дайындалып, лайықты өнер көрсетеміз деп ойлаймын», – дейді топ вокалисі. Намгар­дың айтуынша, этникалық бағыттағы музы­каға арналған фестивальдар өте қажет. Бір рет емес, бірнеше рет ұйымдастырылғаны жөн. Бурятияда The Spirit of Tengri сияқты фестиваль жыл сайын өтіп тұрады екен. «Халықтық музыка ешқашан өшпеуі керек. Әлемнің түкпір-түкпірінде болып, байқап жүрміз, көпшілік мұны жанға жақын әуен деп біледі, бұл – біздің тамырымыз», – дейді Намгар.


Чылтыс, Таулы Шория
Чылтыс Таннағашева өз тілінде, яғни шорша сөйлеп отырғанда оны қазақтың қызы деп қаласыз. Өйткені шор мен қазақ тілінің түбі бір, бір-біріне өте ұқсас. «Алма­тыға келгенде алдымнан жүгімді көтерейін деп шыққан арбакеш маған қазақша сөйледі. Мен ойланбастан шор тілінде жауап беріп кеттім. Бір-бірімізді оңай ұққанымызды кейін барып байқадым. «Таулы Шорияданмын» дегенде ол қатты таңғалды», – деп әсерімен бөлісті Чылтыс. Қазақ тілінде «жұлдыз» деген мағынаны беретін есімді иеленген музыкант қайқомус деген аспапта ойнайды. Бұл – қазақтың домбырасы іспетті екі ішекті аспап. Чылтыс домбырада да еркін ойнап, ән салады. Шор халықтық әуенінің ерекшелігі – меди­тацияда. Дала аңыздарын, батырлар ерлігі мен рухын жеткізетін баяу әуездер адамды трансқа түсіреді. Чылтыс та Юлияна сияқты әлемге осы ерекше вокалымен танымал. «The Spirit of Tengri фестивалі көкжиегімізді кеңейте түседі, ортамыз да кеңейеді деп ойлаймын. Юлияна, Болот Байрышевтармен бұрыннан бірге қызмет етіп, өнер көрсетіп жүрміз. Айталық, Ыстамбұлда Юлиянамен бірге импро­визация жасап, бір туындыны көпшілікке ұсындық», – дейді Чылтыс. Шор музыканты фестивальда өз елінің табиғатын елестететін шығармаларды, көмей әндерін, әзіл-қалжыңға құрылған фольклорлық туын­дыларды және авторлық компози­цияларын орындайды.


Болот Байрышев, Алтай Республикасы
Болот туралы бұрын да айтқан болатын­быз. Алтай Республикасының әйгілі әншісі, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі, көмей музыкасы – қайды шебер орындаушы. Болот бұл жанрдың қазіргі заманда жаңа тыныспен дамуына өз үлесін қосып, осы бағытта шәкірт тәрбиелеп жүр. Ол – мультиинструменталист. Таулы Алтай­дың шамандық дүниетанымнан туған аңыз-әпсаналарын, тылсым сенім иірім­дерін алуан түрлі аспаптармен жеткізеді: шаң­қобыз, топшур, үрмелі аспаптардан – шоор, үңгірік, икили. Болот өз музыкасымен жұртшылықты сөзбен айтып жеткізгісіз рухани әсерге бөлейді. «Маған этникалық рок өте ұнайды. Көмей әуені – қай болса, сол қазіргі заманғы рок-музыкамен үндес. Өзім экспериментті ұнатамын, түрлі елдерде қобыз, домбыра, басқа да түркі халықтары музыкалық аспаптарымен бірге өнер көрсетіп жүрмін. Қазір этникалық музыкаға арналған ірі фестивальдар азайып кетті. Соған қынжыламын. Осы себепті The Spirit of Tengri-ді ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Алматы халқына жақсы мереке сыйлаймыз деп ойлаймын», – дейді Бай­рышев.

P.S.
Қазіргі заманғы этникалық әуендердің The Spirit of Tengri атты фестивалі Алматыда бүгін Mega Alma-Ata орталығы алаңында өтеді. Мұнда Еуразия құрлығында халықтық музыканы осы заманғы ырғақтармен жарастыра дамытып жүрген танымал өнер ұжымдары қатысады. Олардың арасында қазақстандық «Роксонаки», Тенгри», «Алдаспан» және басқалар бар.

Болатбек МҰХТАРОВ


Әселдің ән-шеруі
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Ән-шеру» бағ­дар­ламасы
Авторы: Әсел Ергешқызы
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сенбі, сағат 22:00

Өткен сенбіде Қазақ радиосының тікелей эфирінен 17-айналымның үшінші шығарылымы тыңдаушыға жол тартты. Бүгінге дейін www.kazradio.kz сайтында дауыс жинаған әндердің үздік үштігін Салтанат Бегулина, Әлихан Дүйсенбай және Жазира Байырбековалар бастап тұр.

Біз бүгін, әдеттегіше, 17-ай­­налымда бақ сынап жатқан әндер жайлы қысқаша мағ­лұмат береміз.
Дәстүрлі әнші, Халық­аралық ән байқаулары­ның жеңімпазы Гүлден Жұма­бай бұл жолы Исрайыл Сапар­байдың өлеңі­не жазыл­ған Құрман Әк­па­рияұлының «Ақ кербез» әнімен бақ сынап отыр. Ақынның  қазақ әдебиетінде алар орны ерекше. Ән мәтіндерін түзуде де өзіндік қолтаңбасы бар. Ал сазгер Қытайдың Іле облысы, Мұңғыл­күре ауданында туған екен.
Жұлдызды жұп – Жанболат пен Жазира алғаш рет бір додада жеке әнші ретінде бақ сынап жатыр. Жанболат ға­шық­тардың бақытын жырлап, сүйіктісіне деген сезімін әнмен жеткізсе, Жазира  бағын тауып, өз жұртына аттанар қыздарға бақыт тілейді. Жанболат Ер­батыров­тың орын­дауын­дағы Арман Дүйсеннің «Ғашық­тар жырын» сөйлеткен – Ринат Зайытов.
Жазира Байырбекованың репертуарындағы Исрайыл Сапарбайдың әні мен сөзіне жазылған «Қыз ұзату» әні  көп­шіліктің көңілінен шығып, әншінің айтуынша, 50-ге жуық қазақ қызын құтты орнына қон­дырған екен. Ән қоржы­нына еніп отырған «Қыз бақыты» әнімен әнші аз уақыт­тың ішінде бірнеше қызды өз жұртына шығарып салып үлгеріпті.
Әнші Еркін Нұржанов ән-шеруіміздің 17-айналымында ақындық қырынан танылуда. «Неліктен» деп аталатын әннің мәтінін өзі түзген Еркін туын­дыны талғампаз тыңдаушының талғамына салып отыр. Әні – Ербол Спанәлиевтікі. Әнші Еркін алдағы уақытта  репер­туарына позитивті, көңілді және тақы­рыптық әндерді жинақ­тауды қолға алып жатқан­дығынан бізді хабардар етті.
Алаштың үздік әнін бірге анықтайық!


Алашыңа ән сыйла
Өзгеге еліктеген жеңіл-желпі әуендер мен шала-жансар ән мәтіндері көбейген қазіргі заманда жан тербетер әсерлі әуезге шөліркеп тұрғанымыз жасырын емес. Қазіргі қазақ әнінің салмағы жеңілдеп бара жатқанын құлағымыз естіп жүр. Рухты жанып, жігерімізді серпілтетін жаңа әндерге зәру екеніміз рас. Әйтсе де әрнеге талғам биігінен қарайтын болсақ, лайықты дүниелерді тудыруға болады. Құдайға шүкір, қазақ – ақын халық. Тамаша жырларымен оқырманын сусындатып келе жатқан таланттарымыз баршылық. Тек жақсы әнге мәнді де мағыналы сөз таңдай білсек. Осы орайда біз «Алашыңа ән сыйла» айдары арқылы есімдері елге белгілі ақындардың әнге лайық өлеңдерін жұрт назарына ұсына отырып, жаңа әндердің тууына аз да болса септігімізді тигізсек деген ниетіміз бар.
«Алашыңа ән сыйла!» айдарымызда әр апта сайын белгілі ақындарымыздың ауыл, ел, туған жер, махаббат туралы лирикалық және Отан жайлы патриоттық рухтағы бір өлеңін ұсынып келеміз. Музыкадан сауаты бар, әнге жақын өнерпаз ағайын, сіз біз ұсынған ақынның өлеңін сазды әуенмен көмкеріңіз. Бұл жолы сіздердің назарларыңызға қазақтың көрнекті ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбайдың «Айнам-ай» атты өлең-элегиясын ұсынып отырмыз.

«Айнам-ай»

Айнам-ай,
Айнакөлде айнам қалды,
Онсыз да кешіп жүр ем қайраңдарды.
Тағдырдың қырқып түсер әдеті бар,
Жапырағын жаңа ғана жайғандарды.

Айнам-ай,
Айнакөлде арман қалды,
Сенімім үмітіме алданған-ды.
Тағдырдың заңдылығы қандай қиын,
Үзетін жаңа ғана жалғанғанды.

Айнам-ай,
Айнакөлде бағым қалды,
Көлбеңдеп көз ұшында сағым қалды.
Бұл тірлік қызық екен, айналайын,
Сарғайтып қоятұғын сағынғанды.

Айнам-ай,
Айнакөлде айым қалды.
Жапырағы жанымыздың жайылған-ды.
Басында Бурабайдың бура бұлты,
Көгеріп Көкшетауда қайың қалды.


«Жас қанат» қанат қақты
Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Жас қанат – 2013» ХХІІ республикалық байқауы шымылдығын ашты.
Жобаны ұйымдастырушылар – Астана қаласының әкімдігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Хабар» агенттігі мен Халықаралық «Азия дауы­сы» фестивалі. 30 жасқа дейінгі жас орындаушылар ғана қатыса алатын бұл байқаудан осы уақытқа дейін қазіргі қазақ эстрадасының жұлдызына айналған бірқатар талантты шоғыры өсіп шыққан. Алматыда ұйым­дас­тырылып келген 22 жылдық тарихы бар байқау 2001 жылдан бері елордасы Астана қаласында өткізіліп келеді.
Ән байқауына еліміздің әр өңірінен Нұрлыбек Төлепберген, Айдын Өмір­беков, Ерғали Алдиярұлы, «Тәуекел және Дана» дуэті, Жәнібек Бекбосын, Назымгүл Болатхан, Ада Байгелова, Мұхит Ахметов, Руслан Ысмайылов, Сәкен Жанаяпов, Оңдасын Жаңаханов, Эльдар Удинов, Келбет Отынбаева, Сайран Бралина, Әсел Малаева сынды жас таланттар бақ сынаспақ.

Бетті дайындаған Өркениет бөлімі

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста