Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

ток-шоу
Әртіс қанша тұрады немесе хиттің «қитұрқылығы»
«Жұрт не десе, о десін, кеше өзімнің сүйікті әншілерімнің бірі Қайрат Нұртастың шексіз танымалдылығы мен «өтімділігіне» тағы бір куә болдым.  Кафе. Апыр-топыр, қызу би. Кенет Қайраттың «Сұранамын» әні қойылды. Елдің реакциясы керемет: қуанып, қол шапалақтау, ысқырып, жер тепкілей билеу... Содан Қайрат «сұранып» болды. Бір жігіт қыздардың үлкен өтінішімен ди-джейден сол әнді қайталауын өтінуге кеткен. Қарап отырмыз, ди-джей иығын қиқаң еткізіп, «проблема жоқ, мынаны төлейсіз» деп, оң қолының бес саусағын түгел ашып көрсетпесі бар ма? – 500 теңге ме? – деп қалса керек алғаш жігіт. «Қайдағы 500, 5000 теңге, брат! ... Міне, солай, достар!  Қайрат «зажигает», қысқасы!»
Әлеуметтік желідегі досымның мына посты тұң­ғиықта жатқан ойды қозғады. Иә, қоғамды ақша би­леп тұрған тұста бұлайша «базары» жүріп тұрған Нұр­тас­тың немересіне «респект!» дегеннен басқаны қал­дырмайды. Жалпы, Қайраттың тойға шығатын став­касын «Өкініште» басқа емес, продюсері, анасы ашық айтты ғой. 5 мың доллар! Бәлкім, ол фильмнен кейін әншінің қаламақысы одан да өсіп кеткен шығар. Мейлі ғой, халық сүйіп, қанша сұраса да, тойына шақырып жатса. Бір ғажабы, оның әні еліміздегі бір емес, біршама мейрамхана музыканттарын «асырап» отырған сыңайлы ғой. Әлгіндей «ақша сауа білгендер» жалғыз Қайрат қана емес, жалпы қай ән «өтіп» тұр, соның арқасында қалтасын томпайтып қалатын сияқты. «Қызыл өріктен» Ақылбек Жеменейдің қанша пайда тапқанын былай қойғанда, осындай қаншама музыканттардың қаншасының мұрты майланғанын бір Құдай біледі.
Қабатовқа бір жыл бұрын кезекке жазылу керек!..
Айтпақшы, 5 мың доллар дегеннен шығады, тағы бір оқиға еске түсіп тұр. Таяуда бір тәтеміз той жасамақ болды. Сөйтті де, бірден тойын басқа емес, «Базар жоқтың» төресі, әйгілі Тұрсынбек Қабатов жүргізетінін қалайтынын жайып салды. Тұрсынбек десе, ішкен асын жерге қоятын тәтеміз содан жатпай-тұрмай Қа­батовтың «қалтафонының» нөмірін іздеп, ақыры қол жеткізеді ғой. Нөмірі емес, «кумирінің» өзін тапқандай, жүрегі дүрсілдей әлгі сандарды тере бастайды. Сөйтсе ар жақтан қазақы Қабатовтың емес, орысша сөйлейтін бір бикештің даусы саңқ ете қалады. Диалог былай өрбіген:
– Да, слушаю!
– Тұ-Тұ-Тұрсынбек, қарағым... – Тәтеміз сүйікті әртісі емес, бөтен дауыс естілгенге тұтығып қалса керек.
– Да, да, вы не ошиблись, Кабатов слушает. То есть его администратор: – Администратор деген соң аздап көңілі орнына түседі ғой әлгі кісінің.
– Тойға шақырсақ деп едік қой, тойымызды Тұрсынбек жүргізсе деп...– – Ойындағысын үзіп-жұлып әйтеуір жеткізген тәтейге әлгі дауыс тағы да саңқ етеді.
– А, вы знаете, какая у него ставка?
– Жоқ, қанша?
– 5000 доллар!
– Жарайды... – деп әрі қарай жөнін айтуға көше берген тәтей сөзін администратор қыз тағы бөледі.
– А, еще вы знаете что он рассписан на год?
– Түсінбедім?
– То есть вам придется подаждать год!
Әңгіме осымен бітті. Тәтеміз, әрине «кумирінің» бағасы үшін емес, тығыз графигі үшін қынжылады. Бірақ оған бола тойын бір жыл кейінге шегере алмады.
Бұл екі оқиғаны мысалға ала отырып, біз біреуді сөгіп немесе біреудің меселін қайтарғымыз келіп тұрған жоқ. Керісінше, қолдан-қолға тимей тұрған әртістер мен әншілерімізге «бәрекелді» демекпіз.
«Дубайшыл дуакештер»
Ал енді қазір бір нәрсе айтсақ, нанасыз ба? Кейбір ұзынқұлақтан біз әншілер «әнім хит болсын» деп «оқытады» екен дегенді де естідік. Басқа емес, шоу бизнес, яғни, той бизнестің ішінде «отымен кіріп, күлімен шығып» жүргендердің бірінен естідік. Тіпті жағдайы көтеретіндер Дубайға барып «оқытып» келетінге ұқсайды. Мұны естіген кезде «бәсе, кейінгі кезде біздікілер неге Дубайға бірінен-соң бірі барғыш боп кетіп ед..» деген күдікті ой өзінен-өзі іске қосыла кеткені. «Өтірік» деп сенбейін десек, «Ғашық жүректегі» әлдебір оқиға көз алдыңа оралады. Естеріңізде болса, екі продюсер бірінен-бірі жасырынып бір балгер, бақсының алдына барушы еді ғой. «Марқұм Құ­дайберген Сұлтанбаев сомдаған сол бейне тектен-тек ки­ноға арқау болмаса керек» дейді екінші бір ой. Бас­қасы басқа, бірақ Баян Есентаева «саясатпен» жүретін кәнігі продюсер ғой. Ал ондай адамның «тисе – те­рекке, тимесе – бұтаққа» демейтінін, әлденені көз­дейтінін ескерсек, демек, «Дубайшыл дуакештер» жайлы хикаяда бір жан бар сияқты...
Мерей МАТАЙ


шоу-сұхбат
Біз композиторлардың есепшотын жатқа білеміз

Ернар АЙДАР, жас әнші:
– Ернар Айдар деген әнші жайлы біз осыдан бірер жылдар бұрын естімедік. Сондықтан бізге сіз жалт етіп шыққан сияқтысыз? Кімсіз, қайдансыз?
– Жоқ, мен ешқандай да жалт етіп шық­қаным жоқ. Ал «кімсіз?», «қай­дан­сыз?» дегенге келсек, мен Өзбекстан Рес­пу­бли­касы, Науаи облысы, Соркөл ауы­лында дү­ниеге келгенмін. Соркөл деген рес­ми атауы бол­маса, жергілікті халық оны «қа­зақ ауы­лы» атап кеткен. 7-сыныпқа де­йін сонда өстім, сосын Таразға көшіп келдік от­ба­сы­мыз­бен. Кішкентайымнан ән сал­ға­ным жоқ, себебі балалық шағым жоқ­шы­лықта өтті. Ең алғаш қазіргі продюсерім, ағам Талғат Айдар екеуміз есек арбамен барып, бір қап бидай мен өзбектің 2000 со­мын бе­ріп, домбыра алып қайт­қанбыз. Мен 4-сыныпта, ал ағам 7-сы­ныпта оқи­­тын. Әрине, әке­мізден жасырып іс­­тедік мұ­ны. Әкеміз өнер­ді жек көр­мей­ді, десек те, тұр­мы­сы­мыз ән айтып жүр­­генді көтер­мей­тін­­діктен, біздің одан гөрі пай­да­лы­рақ іс жа­са­ға­ны­мызды қалады. Дүниеде, шір­кін, ана мейіріміне тең келер ештеңе жоқ қой. Менің бидай сатып, әйтеуір дом­бы­раға тырмысып қол жеткізгенімді көріп анам әкемнен жасырып үйірмеге жетелеп апар­ды. Оған да жарты қап бидай беретін боп, оны өзім арбаға салып апарып бер­ге­нім ешқашан естен шықпайды. Үйірмеге бара бастап едім, бір апта дегенде әкем біліп қойды. Сондағы қорыққанымды-ай, тізем-тіземе тимей, үйге әрең кірдім кеш­ке. Бірақ жағдай мен ойлағаннан басқаша өрбіді: әкем керісінше маған домбыраны өзі үйретуге кірісті. Сонда ол кісінің алғаш өз қолымен үйреткен күй де емес, жай домбыраның құлақ күйін келтіруі әлемдегі ең ғажап музыка секілді естілген маған.
Маған бәрінен бұрын өз әкемді мойындату қиынға соқты
– Тұрмыстың тауқы­метін қалай жеңіп шығып, өнерге жеттіңіз? Қандай да бір байқау сеп болды ма?
– Жоқ, мен байқауға да қатыса алма­дым. Себебі Тараз қаласына көшіп кел­ген­нен кейін де тұрмысымыз бірден оңалып, кете қойған жоқ. Пәтер жалдап, аядай ға­на бөлмеде бір қора жан тұрдық. Сабақ оқуға да ынтам болмады. Мектепке ілініп-са­лы­нып барып қайтам, келемін де бірден ба­­зарға тартып тұрамын. Несін жасы­ра­йын, ба­зарда жүк тасушы болдым. Күні бойы ауыр-ауыр қаптарды ар­қа­лап, шаршап кел­­сем де, кеш­кісін домбыраны бір шерт­пей, көз ілмейтінмін. Се­­бебі содан ғана жұ­­б­а­ныш табам, сол қоңыр дом­быра ғана маған әл­сіз де болса алда бір үміт сәулесі барын сездіретін. Мек­тепті бітірген соң оқуға түспей, екі жылымды базарда өт­кіз­дім. Жағдайымызды жақсарту үшін, шыны ке­рек, жеті жыл бел жазбай еңбек еттік ба­зарда. Сосын барып бейнеттен зей­нет түсе бастады. Сосын ғана әке-шешем «Ба­лам, оқы!» деді. Алайда олар өнерге баруыма қарсы болды. Әкем менің әскери са­лаға бар­­ғанымды қалады. Өзім қа­ламадым, бірақ әке меселін қай­тарғым кел­меді де,  «мілітсә» болармын тым құрығанда» деп, әкемді өйтіп-бүйтіп көн­діріп, Алматыға аттандым ғой. Алайда ма­ған заңгерлік қы­зық емес, басты мақ­сатым – Алматыға ая­ғым жетсе болды, ән жаз­ды­ратын жерді тауып алып, қалай да со­ның бір жағынан шығу. Келдім де Қазақ ұлт­тық Аграрлық университетіне түстім. «Қа­­зақконцертте» Хамит деген аға бар, ән сол жерден шы­ға­ды» деп жөн сілтегендегі ме­нің қуан­ға­нымды көрсеңіз... Әлемдегі ең керемет студия сол көрінді маған. Кешке бар­дым, содан таңға дейін көз ілмей оты­рып жұмыс істесем де, шаршаған жоқпын ғой. Өйткені ол менің жаным қалайтын жұмыс еді.
– Сізді танытқан «Жарығым-ай» ғой?
– Иә, танытқан да, бағымды ашқан да – «Жа­­­рығым-ай». Әні де, сөзі де Бауыржан Есе­­баевтікі.
– Ол кісі анау-мынауға ән бере сал­май­ды деп естуші ек?..
– Міне, соны айтайын деп едім ғой. Бір жыл­дай студияда жатпай-тұрмай ең­бек­тен­сем де, жаздырған әндерім көңілімнен шық­­пады. Содан бір күні тағдыр мені Қуа­ныш Құрманбаев деген жас аранжи­ров­щик әрі дарынды музыкантпен жо­лық­тыр­ды. Екеуміз бірігіп бірінші «Асыл әке» деген ән жаздық. Себебі мен өнерімді ағайын-туыс, әсіресе әкемнен жасырдым ғой, олар ме­ні заңгер болады деп жүр. Қанша уа­қыт­қа дейін ол Талғат ағам екеуміздің құпия­мыз болды. Сол ағамның ақылымен алғаш әнді әкемізге арнап шығарып, сосын ол кі­сіге тыңдатып, ол кісінің ақ батасын ал­ған­нан кейін ғана үлкен сахнаға қадам басуға бекіндім. Маған бәрінен бұрын өз әкемді мо­йын­дату қиынға соқты. Осы рет­те мен Қуаныш аға­ма да риза­шы­лы­ғым­ды білдіргім келеді. Ол «осы бастан ке­лісіп ала­йық, даусың бар, бірақ әлі ол кәсіби эстрадаға жарамайды, сондықтан егер әнші болам десең, менің айтқаныммен жүресің, келіспесең, жолың ашық» деді. Келістім. Содан жеті ай студия менің үйіме айналды. Қуаныш бір күні ма­ған «мен сені жай ғана Бауыржан Есе­баев деген ағаңмен таныстырамын, ал ары қарай тіл табысу өздеріңе байланысты» деді. Есіктен кіріп келген кезде, жүрегім дүрсілдеп, бала кез­ден бері талай жыл ішімде бұқтырып тас­таған арманым дәл сол сәт «құрсауды» бұ­зып-жарып, ал­дын­дағы адамды мой­нынан құ­шақтап ал­ғызуға сәл-ақ қалды. Себебі мен Бауыржан аға­мыздың даңқын со­нау Саят Медеуов, До­сымжан Таңатаров аға­ларымыз шық­қалы естіп өстім. Ән берген әншісі жарқ етіп шыға келеді, ол – ақиқат. Бауыржан аға даусымды тыңдап көрді де: «Мен саған бір ән берем», – деді. Қуаныш аға айтты: «Ернар, қуана берсең болады, ол кісінің «бе­ремін» деген сөзінің өзі жеткілікті» деді. Күндердің бір күні ағадан «поштаңа әнді жібердім» деген ха­бар кеп жетті. Сол жіберген әні осы «Жа­рығым-ай», – бо­ла­тын. Бірақ Бауыржан аға: «Бұл ән сенің на­ның болады» деп бір­ден айтты . Ал Қуа­ныш ағам болса «бұл се­нің әнің, сен мұны қа­лайда айтып шығасың» деді. Осы екі сөздің өзі маған тау қопарар­лық­тай күш берді.
– Қазір сол әнді «наным» деп айта аласыз ба?
– «Наным» ғана емес, ол менің «төл­құ­жатым» ғой тіпті! 
– Сосын «Маралым», «Сенен басқа кімім бар» қосылды дейсіз ғой. Айт­пақ­шы, «Қайран жеңгемді» тұңғыш сіз шы­ғардыңыз ба, әлде Таңат Ма­мыр­хан­ұлы ма? Екеуара осыған бола ки­кілжің туған жоқ па?
– Ашығын айтсақ, Шымберген Сүлей­ме­нов ағамыздан алғаш әнді мен алған­мын. Әлі толық бітпеген әнді маған ол кісі те­лефонда ыңылдап айтып берді. Бірден ұнады да, телефонда-ақ: «Аға, мына әнді мен аламын», – дедім. Жалпы біз, яғни, жас әншілер композиторлардың есепшо­тын жатқа біліп аламыз. Бұл заман шын­ды­ғы, ән ол кісілердің наны ғой. Сондықтан ол кісінің шабытын ояту үшін өзінің рұқ­са­тын­сыз қаламақысын алдын ала есепшотына са­лып жібердім. Әлгі әнді ұнатқаным ғой сон­дағыда, «ешкімге беріп қой­масыншы» деп барымды салдым. Шым­берген ағамыз қа­йырмасы дайын болғанда, хабар бе­ретінін айтып қалды. Күте-күте, ақыры қол жеткізіп, аран­жи­ров­касын бастап жатқан кез­де маған Таңат ағамыз хабарласты да: «Мен осындай бір әнді естіп қалдым, ұна­тып қалдым, соны орындайын деп едім», – деді. Мен бірден үзілді-кесілді бере ал­майтынымды, өзіме де қатты ұнап қалғанын айт­тым. Таңат аға­мыз композиторға хабарласыпты, ол кісі де алғашында «жоқ, Ер­нар орындайды» деді. Бірақ Таңат ағамыз сұрап қоймаса ке­рек, ақыры басы қатқан Шым­берген аға­мыз: «Екеуің де орын­даң­дар­шы, бірақ Ер­нар, мен саған бір ән қарыз болайын», – де­­ді. Екеуміз бірдей шы­ғар­дық, әркімнің өз «жүрегі» бар ғой, ол кісі басқаша орын­дай­ды, мен басқаша де­ген­дей. Бірақ Таңат Мамырханұлы бірден телеарнаға алып шықты да, мен тасада қа­лың­қырап қал­дым, яғни, менің де «Қайран жең­гемді» орын­дайтынымды біреу білсе, біреу біл­мей қалды. Әрине, мен іштей ренжідім. Бірақ, амал не, өнер деген бәсеке екен, соған көзім жетті. Бір тәубе дерлігі, бәріміз де қазақ әніне қызмет етіп жатырмыз ғой. Сондықтан қызғаныш жоқ менде.
– Жалпы, бас-аяғы қанша әніңіз бар қазір?
– 23-ке жуықтап қалды. Екі жылдық ең­бегімнің жемісі ғой. Үш бейнебаян тү­сір­дік.
– Жеке шығармашылықпен айна­лы­сып жүрсіз, алайда соны таныту ке­рек қой. Бүгінде «Саз әлемі» секілді жас орындаушыларды танытуда тап­тыр­майтын жобалар бар ғой, қа­тыс­қыңыз келмей ме?
– Өз ойым, шығармашылықты жеке бас­тадым ба, сондықтан мен өзімді то­лық­қан­ды белгілі бір деңгейге жеткізіп ал­май, бөтен ештеңеге мойын бұрғым кел­мей­­ді. Себебі әнші болған соң, тек фо­но­грам­мамен жүре беру дұрыс емес. Кей­де халық домбырада ән, терме сұ­райды, кейде тіпті бір әннің атын атап тұрып сұрайды. Сон­дай­да «білмеуші едім» деген, меніңше, әншіге жа­распайды. Сол себепті өз басым қолым қалт етсе болғаны көптеген ән, термелердің құлақ күйін кел­тіріп, сөзін жаттап жүремін. Жаңа әнді бой­ға сіңірмей айта салу – өнерге және өзі­ңе жасалған ең үлкен қиянат. Сон­дықтан егер мен әлгіндей қосымша жо­ба­ларға қа­тыссам, соның әлегімен кетемін де, ән жат­тауға, басқаға уақыт таппай кетемін ғой. Және тағы бір айтарым, сіз бастапқыда айтқандай мен «жарқ» етіп ерекше болып шыққаным жоқ, еңбектеп жеттім десем, дәлірек келеді одан гөрі. Сондықтан ендігіде маған ерекшелікке ұмтылу керек. Иммидж, стиль қалыптастырып дегендей. Себебі жастар, заман соны талап етеді.
– Рақмет сізге! Талабыңызға нұр жаусын!
Мәриям ЖАГОРҚЫЗЫ


Ойтүрткі
Әлемдік деңгейге көшпей, шоу-бизнес өспейді
Былай қарасаң, бүгінде шы­ғып жатқан жаңа ән көп. Бірақ іліп алары шамалы. Көп­шілігі алғашында біраз ай­тылып жүреді де, артынша ұмыт болады. Ал бүгін бар, ертең жоқ арзан дүниелермен ұлттық эстра­да деңгейін қалай көтермекпіз?

Кәрі-жастың жүрегіне бірдей жол та­бар­дай өміршең, шынайы шығармалар бо­йында ұлттық рух, мінез, табиғи талант ас­тасып жатқан дарын иесінен ғана туса ке­рек. Мұның сыртында заманауи білім мен білік те аса маңызды. Яғни өз қа­за­ны­мызда ғана қайнайтын уақыт өтті. Мы­салы, эстрада өнерін немесе шоу-биз­нес­ті заңды тұрғыда негіздеп отырған кім? Әрине, Америка, Англия, Еуропа. Осы орай­да, өнерімізді дүниежүзілік деңгейге кө­тереміз десек, бізге олармен са­нас­пау­ға болмайды. Яғни олар қандай аспапта ой­найды, қалай аранжировка жасайды, оны ескеру шарт. Бұл ретте, белгілі әнші-ком­позитор Жеңіс Сейдолла: «Сіз қазір орыс әндерінің 99 пайызынан бала­лай­ка­ны немесе баянды кездестірмейсіз. Біз, ке­рісінше, әндеріміздің 99 пайызына дом­быраны да, қобызды да, бәрін-бәрін тық­пыштап тастағанбыз. Рас, «МузАРТ» пен кейінірек трио, квартет болып шық­қан жігіттеріміздің біразы ұлттық ас­пап­тар­ды ән-әуендеріне жақсы қолданды да. Бірақ әр нәрсенің өз уақыты, шегі бар. Әлемдік деңгейге шығу үшін бізге енді көп нәрселерді басқаша ойластыру ке­рек», – деген пікір айтады. «Біз қазір «Юр­мала» сияқты халықаралық конкурс­тар­ға адам жібере алмай отырмыз. Жі­берген күнде де ол адамымыз орысша не­месе ағылшынша айтып өтіп жатыр. Қа­зақша ән айтып, топ жарып жатқан ешкім жоқ. Біздің ең үлкен олқылығымыз да – осы» деген ойын да әнші-композитор жиі айтып жүр.
Бір анығы, қазіргі уақытта қазақ әні­нің, жалпы, қазақ өнерінің бірден-бір тың­дарманы, тұтынушысы қазақ халқы ға­на болып отыр. Енді «Мұны өзгерту мүм­кін бе? Басқаша айтқанда, қайткенде ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейте ала­мыз?» дегенге келсек, бұл арадағы мә­се­ле кәсібилік пен шеберлікке байланысты. Мы­салы, халықаралық деңгейдегі аран­жи­­ровкамен әрлесек, өңдей алсақ, кез кел­ген қазақша әнді, тіпті халық әнін де бү­кіл дүниежүзі тыңдар еді,  әлемдік дең­гейдегі үлкен конкурстарға да қысылмай қа­тыстырар едік. Өкінішке қарай, бізде сон­дай мамандарды, әншілерді мем­ле­кеттік деңгейде арнайы дайындауға көңіл бөлінбей отыр. Рас, шоу-бизнесті кө­те­ру­ге тырысып жүрген жеке продюсерлер жоқ емес. Бірақ, Ж.Сейдолла айтпақшы, қан­ша тырысқанымен, бәрібір олардың шоу-бизнесі той-бизнеске айналады. Өйткені олардың сүйрелеп жүрген Лин­да­сы, «Ордасы», Мақпал Исабековасы, бә­рі-бәрі – Қазақстанның деңгейіндегі ән­шілер. Егер стильді өзгертпесе, айтып жүрген әндеріне халықаралық деңгейде аранжировка жасатпаса, одан шыға да ал­майды.
Эстрада мен шоу-бизнестің халық­ара­лық деңгейге сай өлшемін Англия, Аме­рика, Еуропа музыканттарынан кө­руге болады. Сол себепті де өзін «ком­по­зи­тормын» деп есептейтін әрбір адам ше­телдің жақсы-жақсы деген әндерін тың­дап, содан бірдеңе үйренуге тырысуы ке­рек. Ән-әуенімізді олардың үздік аран­жировкасымен байытып, өзара үйлесім тап­қаннан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Бізде жақсы дыбыс режиссерлері, аранжировка жасайтын мамандар әлі де тап­шы. Әншілеріміз сол үшін біресе Мәс­кеуге, біресе Ташкентке сабылып жатады. Же­ңіс Сейдолла «Осындай қажетті, зәру ма­мандықтар бойынша жастарды ше­телге жіберіп оқытуымыз қажет. Үкімет оған қаржы бөлуі тиіс. Мысалы, «Бо­ла­шақ» бағдарламасы бойынша заң­гер­лерді, математик, физик, химиктерді, жал­пы, қаншама адамды жіберіп жа­тырмыз. Соның ішінде музыкант та, пианист те, скрипкашы да кетуі тиіс» – деген пікірде. Сол кезде ғана біздің му­зы­ка көтеріледі, сол кезде ғана біздің музы­каны шетел біле бастайды, өзара шы­ғар­машылық байланыс орнайды, қа­рым-қатынас, араласу басталады. Сөйтіп, мә­дениетіміз де, шоу-бизнесіміз де кө­те­ріледі...
Құралай ҚОҢЫР


ескі әуен
Жұлдыздар Жасыбайға жиналды
Ертістің Павлодар өңірінде «Жұлдызды Жасыбай-2013» ретро фестивалі өтетінінен дүйім Қазақ елі хабардар. Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек. Өйткені бүгін киелі Баянауыл топырағындағы Жасыбай көлінің жағасында Ертіс-Баян әуендерін еліміздің жарық жұлдыздары шырқайды.


Сәкен МАЙҒАЗИЕВ, «МузАРТ» тобының әншісі:
– Павлодар жұртшы­лы­ғы­мен қасиетті Рамазан айында қа­уышып отырғанымызға қуа­ныш­тымыз. Өз басым жер жән­наты атанған Баянауыл өлкесіне ал­ғаш рет келдім. Бұған дейін жо­лым түспепті. Ретро фес­ти­вальға шақырту алғанда қуана-қуа­на келістік. Өйткені бұл өңір – хал­қымыздың даңқын әлемге ас­қақтатқан қазақтың жақсы мен жайсаңдарының Отаны. Бұл топырақты басу біз үшін үл­кен мәртебе. Кеш барысында атақ­ты балалар ақыны, танымал тұл­ға Мұзафар Әлімбаевтың «Ма­ралдым» әнін шыр­қа­мақ­пыз. Осы шығарма талғампаз кө­рерменнің көңілінен шы­ғатынына сенімдіміз.


Меруерт ТҮСІПБАЕВА, әнші:
– «Әуе кемеміз Пав­ло­дарға қонды» деген ха­барды естігенде өне-бо­йымды ерекше сезім би­­лейтіні рас. Ол – сағыныш. Бұл – мен үшін ең ыстық, қымбат мекен. Бұл жер – өмірлік ұста­зым, пір тұтатын тұлға Шә­кен Аймановтың Ота­ны. Бая­науыл жерінің ту­масы болғанымды мақ­тан ете­мін. Өзімді Шәкен ағам­ның кішкентай жал­ғасы ретінде есептеймін. Ретро фес­ти­валь ба­ры­сында өнер көр­сетіп, жер­лестеріммен жүз­де­су­ден асқан бақыт жоқ шығар.


Берік КӨШЕРБЕКҰЛЫ, «Қазақстан» ұлттық арнасының тележүргізушісі:
– «Жасыбай жұлдыздары» фес­тивалін жүргізу бақыты бұ­йыр­ғанына дән ризамын. Шыны керек, Баянауыл өңірінде бұрын-соң­ды болып көрмеппін. Өзім Шы­ғыс Қазақстан облысы Күршім ау­данында туып-өстім. Туған же­рім ну орманды, табиғаты сұлу. Кін­дік қаным тамған жеріме деген са­ғыныш сезімі кернейтіні рас. Сон­дықтан тау мен тасына қасиет тұн­ған, халқының маңдайына бақ қон­ған Баянауыл топырағын ба­ла­лығымның ізі қалған жерімдей қадір тұтатыныма күмәнім жоқ.

Түйін
Павлодарға ретро фестивальдің ажарын ашып, жұртшылықты әсем әнге бөлейтін өнер иелерінің бір шоғыры келіп жетті. Өнерпаздардың қатарында әйгілі «МузАРТ», «KZ», «Алашұлы» топтары, жерлесіміз Меруерт Түсіпбаева, Ұлжан Айнақұлова мен Жанар Айжановалар болды.

Ақмарал ЕСІМХАН, Кереку


Бетті дайындаған Өркениет бөлімі

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста