Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

ток-шоу
«Жұлдыздар ауруы»немесе анорексия Алаш аруларына да келді
«Мешкей деген жақсы ат емес» демекші, бұрын-соңды естуіңіз бар ма, жоқ па, әйтеуір анорексия деген бір ауру бар. Батыс қоғамында мұны көбіне «модельдер ауруы» деп атайды, яғни денесімен мал табатын арулар артық етпен күресе-күресе ақыры қабырғасынан күн көрінетін дәрежеге дейін апаратын ауруға шалдығатынға ұқсайды. Қазақы көзбен қарағанда, өзін «тірі қуыршаққа» айналдырған қайран аруларға жаның да ашиды, бірақ ашуың да қайнайды. Неге? Жалпы, әйел заты о баста еліктегіш, жылт еткенге құмар халықпыз ғой, телеарна атаулы арық қыздарды азаннан кешке дейін сұлулықтың символы етіп көрсетіп жатса, кім елірмесін? Жә, Батысты Батыс дерсіз, алайда сол анорексияға ұқсас бір дерт Алаштың да аруларына, әсіресе әнші, бишілерінің арасына келіп жеткендей.
                                    Абай ОМАРОВ (коллаж)
Осы бір аты жаман аурудың алғашқы белгілері: біріншіден, айнаға қараған сайын ар жағынан семіз біреуді көру, содан кейін арықша келген қыз көрсе, со­ның қасында өзін қор санау және етжең­ділеу адам көрсе болғаны, «мен де сондай болып бара жатырмын» деген ойға кету. Бір грамм қоспасы жоқ, бүгінде екі қыздың басы қосылса бітті айтатыны – «семіріп барамын, азу керек» немесе «тамақ жемей жүрмін, диетадамын» деген әңгіме. Әсіре­се әнші, бишілер арасында арықтаудан жарыс басталғалы қай заман. «Анау, Сә­бит­тің Алтынайы бар ғой, 15 келі тастапты» десе, келесі біреуі «жоқ, 20 келіден асады» деп одан асыра түседі. Бес-он келі бер жағы, жиырмалап салмақ тастау дейтін «ұлы жеңіс» солайша қыз-келіншек атаулыны күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырып, ақыры олардың өз-өздерін қинап апталап, айлап нәр татпай, оның орнына қытайдың, тіпті ақшасы жетсе, еврейдің түрлі дәрілерін уыстап «жеуіне» ұласады.
Біз мұның салдарын Батысқа қарап бағамдаймыз, себебі жыл сайын қаншама жап-жас модельдер басқа емес, тап осы анорексиядан көз жұмады екен. Әсіресе 2006 жылы бұл ауру құрбандарының саны биік шыңына  жеткен. Небары 22 жастағы бразилиялық топ-модель Анна Каролина Рестон жылдап тек қана алма мен қызанақ жеудің салдарынан 172 см бойымен 40-ақ келі салмаққа бір-ақ түсіп, ақыры аштықтан әбден титықтаған бауыры істен шығып, бақиға аттанып кете барған. Дәрігерлер жұлдызға «жүйке анорексиясы» деген диагноз қойған. Анорексия, негізі, жүйкенің ауруы,  себебі қандай есі дұрыс адам өзінің адам ретінде жасына жас қосып, өсуіне қарсы ультиматум  қоюы мүмкін. Ал Изабель Каро болса дәл солай еткен. Яғни шоу-бизнесте оның «есейгісі келмейтін қыз» деген аты шыққан. Оған оның шешесі де әсер етсе керек, яғни ол «қызым өссе, мені тастап кетеді» деп, қы­зын «тірі қуыршаққа» айналдырып, оның санасына да сондай ой құя берген. Топ-модель саласын таңдаған қыз солайша әрі жіптіктей мүсінін жоғалтпау үшін, әрі «мәңгі бала болып қаламын» деген оймен тамақтан мүлдем бас тартқан. Ақыры 28 жасында дүние салған. Олар сонда немен азықтанады, яғни тамақтан бас тартқанда, неге ұмтылады дегенге келсек, бәленің бәрі сәнге, сұлулыққа деген шектен тыс құмарлыққа келіп тіреледі. Ал «сұлулық  ең бірінші арықтықта» дегенді әлем арулары­ның санасына ертелі-кеш сіңіріп жатқан – телеарналар. Сән индустриясы табалдыры­ғын аттаймын деуші қыздарға қойылатын алғашқы талап та сол – 90*60*90-нан аспауы керек.
Әрине, Алаш даласында әзірге арық­тық­тан өлген адам жоқ, әйтсе де басы басталып кеткен.
Жұлдыздарды былай қойғанда, өсіп келе жатқан қарапайым қазақ қыздарының арасында да бүгінде мүсінімен көздің жауын аларлық модель болуға ұмтылатын­дары аз емес. Оны арыға бармай-ақ күнделікті көшедегі қыздардың киімінен, өзін ұстауынан, сабағын оқымаса да, айна алдында ұзақ тұрып, суретке түсе беруінен және сондай-ақ «Қыз сыны», «Мисс Ка­захстан» секілді сайыстарға қатысып, онда ақылымен, өнерімен емес, бөкселерін қисаңдатып жүргенді абырой көруінен байқауға болады. Ал қыздарымыздың болашақ ана, бір үйдің абыройлы келіні болуға емес, осылайша өзін «тірі қуыршақ­қа» айналдыруға деген құштарлығының салдарынан жақсылық көруіміз мүмкін бе? Осы ретте Алаш аруларының жаппай арықтауға деген құштарлығына қатысты көпшілік пікірін сарапқа салып көрсек:
Алмас Темірбай, ақын:
– Ол – сондай бір психологиялык ауру-әдет. Ең бастысы, сабыр, шыдам мен канағат керек... «Шетелдік дәрілер ішек пен бауырды кұртатынын ұмытпа­ңыздар... Әлемде миллион  түрлі диета бар, егер сол диета адамдарға кәдімгі­дей әсер ететін, пайдалы болса, идеал­ды жалғыз-ақ диета болмас па еді?! Әйтеуір, саудагердің бәрі  қарапайым халықты ақымақ қылуға құмар! Ең пайдалысы – «денсаулығымды жақсар­т­ып, күш-қуат бер» деп Алладан тілек тілеп, мөлдір, таза су ішу! Ал азудың жөні осы екен деп дәрі ішіп, емші-тәуіп жағалаудың түкке де қажеті жоқ!
Гүлжазира Жалғасова:
– Шешем марқұм «өзіңе арықпын немесе семізбін деп сұқтанба, адамға ет деген қонақ сияқты, келеді де кетеді» деуші еді...
Ұлжан Хиясидин, журналист:
–  Бір ағамыз сұхбат барысында айтып еді: «Леонардо да Винчидің басқа да әлем таныған суретшілердің қыздарды бейнелеген картиналарына қарасаңыз, көз тартатын томпақ, етті қыз­дарды шеберлікпен салған. Қазір­гідей қабырғасын санап аларлықтай арық қыздардан Құдай сақтасын. Оның бала тууы мүмкін, бірақ әлсіз... Мұндай қыздарды суретші де рахаттанып оты­рып сала алмайтын шығар» деп күліп еді. Ол рас, қыз бала ана атанған соң, салмақ қосады, қоспайтындары да бар, тегінде тұқымға тартады. Дегенмен де қытайдың т.б дәрісіне жұмсаған ақшаны жинап, фитнес клубқа жазыл­ған абзал. Семіру оңай, қайта қалыпқа келу қиын. Дұрысы, «томпиып» жүрген­ге жетпейді ғой...

Жұлдыз Әбділда, журналист:
– Өзіме арық болған жараспайды. Мектепте оқып жүргенде осы арықтық­тың зардабын қатты тартқанмын, тіпті балалар мазақтайтын да еді. Кейін бір аздық, бір толдық. Бірақ өзіме арық болған жараспайтынын анық білемін. Әрине, дәл қазір аздап арықтасам, артық болмас еді. Бірақ ол үшін диета ұстап, дәрі ішіп, құрбандыққа бара алмаймын да және ондайларды түсінуге менің миым да жетпейді екен. Фаина Раневская айтпақшы, "Жизнь слишком коротка, чтобы тратить ее на диеты и жадных мужчин».

Ердәулет Балтабай:
– Мәселенің түптөркіні дене салмағының индексі деген стандартта  жатқан сияқты. Әйтпесе қанша салмақ артық-кем екенін қалай білеміз? Ги­перс­теникалық типке жақын бізге ол стандарт сай келмейді. Бізге сол стан­дарт­қа 5-12 келі қосып, басқа стандарт шығарып берсе, қыз-келіншектеріміз идеалды салмақта болар еді. Жалпы, табиғатынан әйел гормоны жеткілікті қыздар толысуға бейім болады, сәйкесінше инфантилді қыздар арық болады.
«Шаншардың» соңғы бағдарлама­сында Уәлибек ағамыздың: «Бұрынғы апа-әжелеріміз ақылды ма, қазіргі қыз-келін­шек­тер ме? Бұрынғының қыз-келіншектері таңертең ерте, тіпті әтештен ерте оянып, сиырды да сауды, нанды да жапты, самауыр қойып, үш мезгіл тамақ істеп, баланы да жыл сайын туды, нәтижесінде ешқайсысы семірген жоқ. Ал қазіргі қыз-келіншек­тердікі қалай, тал түсте тұрады, кірді де, ыдыс-аяқты да машина жуады, тіпті баланы біреу бағып, тамақты да біреу істеп береді, бірақ нәтижесінде солар алақанға салып аялаған күйеуіне алғыс айтудың орнына, «семіріп кеттім, маған ақша бер, фит­неске барайын» деп, біріншіден, күйеуі­нің, екіншіден, ақшаның жауына айналады», – деп жұртты бір ду күлдіргені бар. Әрине, жуан қарын байлап, желке күжірейтіп, шамадан тыс толып кетуді жақтап тұрған жоқпыз. Алайда «Шығыс­та оларды бай санаса, Батыста ауру санайды» деп семіздікті атаса, бүгін­де, Абай айтпақ­шы, «Шығысым Батыс болып кетті ме» дерлік­тей... Яғни артық шыр біткенді семіздікке балау қазаққа қайдан ғана келген дерт болды екен?

Қысқасы...
Абай атамыздың «қарыны тоқтық, уайымы жоқтық  аздырар адам баласын» деген сөзіне есейген сайын көзім жетіп келеді. Расында, адамды жоқшылық емес, керісінше, тоқшылық аздырады екен. Осындайда «қайран, бұрынғының «баламды қайтсем уызына жарытам?» дегенді ғана ойлайтын балпақтай бәйбішелері-ай!» дейсіз еріксіз...


Шоу-news

Нұрлан алданып қалды...

Шілде айында Астанада жеке шығармашылық кешін өткізем деп жоспарлаған әнші, сазгер, актер Нұрлан Әлімжанды  демеушілері «лақтырып» кеткен сияқты.
Тіпті мекенжайы мен күніне дейін белгіленген  кештің афишалары, яғни жарнамасы да біраз жерге жетіп қалған еді. «Күні жақындаған сайын телефоныма қоңырау шалушылардың саны көбейді. Барлығына түсіндіруге тырыстым», — деген әнші-сазгер себебін бізге былай жеткізді:
– Мен, негізі, 30 жасқа толуыма орай алғашқы шығармашылық кешімді өткіземін, ол жерде ән де айтылады, би де биленеді, бар өнерімді көрсетуге ты­ры­самын деп жоспарлап едім. Бұл жоспар аяқасты бұзылып, «биыл Астана­да кешіңді өткіз, көмектесейік» деген ағалардың ықпалымен күнін де белгілеп, дайындықты бастап жіберген едік. Кештің афишасы дайындалып, кететін шығын­ның құны нақтыланғанда, ағаларымның телефоны өшіп, хабарласа алмай қал­дым. Ұяттылаумын, әрине. Білесіздер, талғамы жоғары көрерменнің алдына шығып, жеке концерт беру оңай шаруа емес. Сапалы дүние жасауға қомақты қар­жы қажет. Ал мұндай кеш беру үшін менің материалдық дайындығым жет­кіліксіз еді.
Сөйтіп, Нұрлан өзінің өнерін бағалай­тын көрермендері мен тыңдаушыларынан кешірім сұрап, 2014 жылы отызында «орда бұзуға» уәде берді. Биыл «Көзіңе қарай бердім» деген атпен Нұрланның алғашқы әнжинағы тыңдарманға жол тартқан болатын. Бұл әнге бейнебаян да түсірілді. Қазір актер, әнші, сазгер келесі жылы өтетін шығармашылық кешіне қызу дайындықты бастап кетті. А-а, айтпақшы, Нұрланды Алматыдан таппай жүрсеңіз, айта кетейік, ол қазір отбасымен Астана қаласында жақында ғана қол жеткізген жеке пәтерінде тұрып жатыр.

Жаңабай қазір «өзгерген»

«Ар-ма-ным, ме-ні ая-ла...»  деп сызылта ән салып, талай тыңдаушының жүрегін жаулаған әнші Жаңабай Өтегеновтің репертуарында «бағыты бөлек» ән пайда болды. Жо-жоқ, қазақша ән. Тек бағыты бөлек деп  Жаңабайдың бұрынғы әндерінің стиліне келіңкіремейтінін айтқымыз келді. «Жас дәурен» әзірге жастардың көңілінен шығып жатыр.
Ән авторлары Қанат Жүнісов пен Қайрат Баекенов. 25-імен қоштасар тұста жазылған бұл әнін Жаңабай  айналымға жіберуге асығар емес. Бейнебаян түсіруді күтіп жүрген шығар...
— «Жаңабай Өтегенов өзге­ріпті, маған салмақты кезі ұнай­тын» деген мәтіндегі хабарлама келіпті. Тыңдармандарым ғой. Бір әнмен менің репертуарым түбе­гейлі өзгеріп кеткен жоқ. Заман­дас­тарыма, дос-құрдастарыма арналған әннің де өз тыңдау­шылары табылып жатыр. Негізгі бағытым бұрынғыша — қазақы қалыбын жоғалтпайды, – дейді әнші ағынан жарыла.
Жаз айларында бос жатпай, туған өңірі – Ақтөбе облысы, Шалқар қаласына жеке шығармашылық кешін өткізген ол халықтың қошеметіне бөленіп, ақсақалдардың батасын алып қайтты. Сол концертте аудан әкімі мен жомарт жігіттердің мінгізген төрт жылқысын бағып, баптап жата беруіне де болар еді, бірақ Жаңабай шығарма­шылығын шыңдау үшін Алматы қаласындағы танымал студиялардың бірінде жаңа әндер жаздырып, Қалқаман Сариннің өлеңіне жазылған Ербол Ақбасовтың «Перизатыма» әніне бейнебаян түсірді. Амандық болса, күз басталысымен, отандық телеарналардың ең үздіктерінен көрсетілуі тиіс бейнебаянға біз бірінші болып «Құтты болсын!» айтайық.
Әсел ЕРГЕШҚЫЗЫ, Астана


шоу-сұхбат
Жалғыз әншілер емес, әйел заты үшін «семіріп кетіпсің» деген сөзден өлім артық

Сәбит ӘБДІХАЛЫҚОВ, продюсер:
Елдің «Алтынай салмақ тастапты» деп, тіпті түрлі салмақ мөлшерін  айтып, бәс тігуге дейін барып жатқанына біраз болды. Расында, төрт баланы қатарынан өмірге әкелген әнші ана болып толысса толысқан шығар, алайда соған бола «семіріп кетіпті» деп сыртынан сыпсың сөз қылған ешкім жоқ. Қазақ өз сүйікті әншісін қайта өмірге сәби әкелген сайын жақсы көре түсті. Алайда Алтынайдың өзі сахна киесін сыйлады ма екен, «артық салмақ қостым» деп арықтауға бел шеше кірісіп кетсе керек. Кәдімгідей нәтижесі де көрінді. Тіпті төрт баланың анасы емес, баяғы еліктің лағындай ғана Алтынайды көргенде шынында таңғалдық. Сонымен, оның сырын әншінің өзінен сұрайық деп едік, телефон тұтқасын әншінің жары әрі өнердегі басты тірегі Сәбит Әбдіхалықов көтерді. Ал әңгіме былай өрбіді:

– Алло, Алтынай апай?
– Қарындас, бұл Сәбит ағаң болады, кешір, қалқам, құпия болмаса, Алты­найды неге іздеп едің?
Шыны керек, сұлулық туралы әншінің өзімен сөйлескен дұрыс еді, сондықтан ә дегенде Сәбит ағамызға сұрағымызды қояр-қоймасымызды білмей тұрып қалдым. Сосын не де болса деп сауалды айтып салуға көштім.
– Кешіріңіз,  әнші Алтынайдың өзі салмақ тастау керек деп тапты ма, әлде продюсері, жұбайы ретінде сіз талап қойдыңыз ба? 
– Менен де бұрын ол өнердің, сахнаның талабы екенін Алтынай жақсы түсінеді. Ол соңғы кездері, шыны керек, өзінің толықсып кеткеніне қысылып, сахнаға шықса да, сонысын жасыра киініп жүрді, өздеріңіз көріп те жүрсіздер ғой. Телеарналар концерттерді түсіреді ғой, содан өзін көрген сайын көңіл күйі түсіп кетеді. Табиғат заңы, өмірге бала әкелген әйел салмақ қосады, толысады. Төртінші баламызды өмірге әкелгелі бері де Алтынайдың үйде отырғанына жылдан асты. Алайда ол – отбасы, ошақ қасында ғана жүрген әйел емес, елдің, сахнаның адамы. Ал сахна еріксіз сұлулықты талап етеді. Содан біраз уақыт бұрын қызымызды омыраудан шығарған ол бірден өзінің сырт келбетін қалыпқа келтіруге кірісті. Және ол үшін ешқандай да дәрі-дәрмек, шөп-шаламның көмегіне жүгінген жоқ, спортпен айналысқан дұрыс деп тапты. Одан денсаулыққа пай­да болмаса, ешқандай зияны болмайды. Інжу деген әнші қызды білесіздер ғой, ол – негізі спортшы. Сол Інжумен бірге арнайы дайындалады. Жүгіреді, жаттығу залына барады, жүзеді, билейді, яғни кешенді түрде барлығымен айналысады.
– Сонымен, енді құпия болмаса, Алтынайдың неше салмақ тастаға­нын айта аласыз ба?
 – Шамамен 20 келідей салмақ таста­ды. Жалпы, Алтынай жүктілік кезін­де толысты, әйтпесе, білесіздер, өзі талдыр­маш қыз еді ғой. Енді қазір сол өзінің бастапқы қалпына келді деуге болады. Алайда соның өзі оңайлықпен келмейді, қаншама күш-жігер, ерінбей еңбек етудің нәтижесінде, тер төгу арқылы келеді.
– Тамақтан да тартынып, көп нәрселерден өзін шектеген болар?
– Иә, әрине, кейбіреулер секілді «ана­ны жеймін, мынаны жемеймін, диетадамын» деп жар салмаса да, тамақ­ты шақтап жеді. Содан соң ол негізі қы­зыл шай ішпейді, үнемі шөптен жасалған арнайы шайлар ішеді.
– Шөп демекші, осы ретте шыны­ңызды айтыңызшы, Алтынай қазіргі шығып жатқан тез арықтататын дәрілер­дің ең құрығанда бір түйірін де ішкен жоқ па?
– Жоқ, ешқандай да. Спорт, спорт, тек қана спорт. Жалпы, кез келген әйел үшін ең жаман сөз не, білесіз бе?
– Қандай сөз?
– «Семіріп кетіпсің ғой» деген сөз. Егер әйел өзін-өзі сыйлайтын, сырт келбетіне қарайтын адам болса, ол үшін бұл сөзді естігеннен өлген артық. Алты­най – сахнаны сүйетін адам. Ол үшін халық­тың жақсы пікірі, жалпы, ыстық ықыласы қымбат. Сондықтан да ол барын салды, жанын салды. Мен осы ретте Алтынайдың шыдамдылығы мен табан­дылығына тәнті болдым дер едім. Негізі, егер халықты сыйласа, тек әйелдер қауымы ғана емес, сахнада жүрген ерлер де өзіне қарауы тиіс. 


мәссаған!
«Шоуы» кетіп, бауыржанның өзі қалды
«Бауыржан-шоумен» қоса Бауыржан Ибрагимовтің да көрінбей кеткеніне біраз болған.Сөйтсек, ағамыз Алматыдан Арқа жаққа қарай барғыштап жүр екен. Нәтижесінде «Ибрагимовтің бастамасымен «Қазақстан эстрада артистерінің одағы» құрылғалы жатыр» дегенді хабарлайды yvision.kz сайты.
Одақтың мақсаты – әзіл-сықақ жанрының деңгейін көтеріп, ең алдымен қазақ эстрадасының дербес театрын құрып, оның мемлекеттік мәртебе алуы­на қолғабыс жасау. Клоунада, пантами­ма, пародия және қуыршақ театрын жаңа сатыға көтеру. Одақ мүшелерімен жұмы­ла іске кірісіп, қайткенде де халық­қа биік деңгейдегі сапалы туындыларды дүниеге әкелу керек. Одақтың арнайы алқасы ең жақсы қойылымды сомдаған актерге, режиссерге Оспанхан Әубәкіров, Серік Кенжеахметов атындағы жүлделер беріп, марапаттарға ұсынатын болады. Сондай жағдайда таланты бар, тамыр-танысы жоқтардың ерен еңбектері еске­ріледі. Қала әкімшілігімен бірігіп, қала күні қарсаңында юмордың деңгейі биікке көтерілген Орталық Азия, Ресей­ден өнер­паздар шақырылып, «Юрмала» секілді фестиваль ұйымдастыру жоспар­да бар. Ескінің көзін көрген, өнерді бағалай білетін еліміздің танымал мәде­ниет қай­рат­керлері, әзіл-сықақ театр ұжымдары бірауыздан қолдап отыр.
Алайда бір қуаныш болғанмен, екінші бір қынжыларлық та жағдай болып тұр. Бауыржан Ибрагимов ағамыз өз қолы­мен ашқан «Бауыржан-шоуды» өз еркі­мен жапқанын жария етті. «Жоғарыда айтқа­ным­дай, сахнаның өзі кім көрінген кіріп-шығатын мекенге айналған соң, театр жұмысын тоқтатты. Биікті бағын­дыр­ған деңгейінде қалды. Шетелге елік­тейміз деп ұлттық нақышымызды жоғал­тып, «Комеди клаб» секілді анайы дү­ние­лер қаптап кеткендіктен, барлығын жүгендеп отыру үшін басымызды қосып, ойласуды дұрыс көріп отырмын», – деп ашығын айтқан сатира сарбазы, ардақты ағамыз.


Бетті дайындаған Мәриям ӘБСАТТАР

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста