Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ
ток-шоу
«Қайратқашқан» немесе фанат, қайда барасың?
«Адам жұлдызға айналғанда өзі емес, қоршаған ортаның оған деген көзқарасы өзгереді», яғни әнші, биші, күйші болсын мейлі «жұлдыз ауруына ұшыраса, онда оған жалғыз өзі ғана емес, белгілі бір деңгейде айналасы да кінәлі деген сөз. Бұрындары «Брид Пэттің табынушылары бүйтіпті» немесе «Майкл Джексонның фанаттары сөйтіпті» дегенді естуші едік, яғни не шықса да шетелден шығатын. Сол күннің көзді ашып-жұмғанша қазаққа да жеткені... Біз бүгінгі «Алаштың шоу бизнесін» осы, яғни фанатизм, қазақша айтқанда, «табынушылық» тақырыбында өрбітеміз.
Тамылжыған тамыздың соңғы түні кенет Алматының дүр сілкінгені!.. Алатаудың баурайындағы осы бір тіршілігі бұрқ-сарқ етіп қайнап жатқан мегаполис жай күндері-ақ қалың жұрттың назарында еді. Мұнда әркімнің өз тіршілігі бар, сол мойын бұрғызбайды. Сөйткен жұртты «Алматыда жер сілкінеді екен» деген ақпар ғана селт еткізуші еді, ал бұл жолғысы тіпті сол ел үрке күтетін жеті балдық жер сілкінісінен де күшті толқу болды десек, сірә, қателеспеспіз-ау... Сондағы «тау қопарғыш» – Қайрат Нұртастың дақпырты әлі күнге әлеумет аузында. Біз бұл жерде оқиғаны талқылағалы тұрғамыз жоқ, бірақ бір нәрсені мойындауға тиіспіз, ол – Қайраттың қазақтан шыққан тұңғыш «табынушылыққа» жеткен әнші екендігі. Жалпы, күні бүгінге дейін бірде-бір қазақ әншісінің фанаттары осыншалық қоғамда дүрлігу туғызды ма? Жалпы, фанат деген шетелдік шоу-бизнестің маңдайына жазылған «бақыт» деп ойлап келдік қой күні кешеге дейін. Осы жағынан Қайратты мойындау керек. Алайда бұл біздің фанатизмді жақтап, ақтап не «кім кінәлі» дегенге жауап та іздегелі тұрғамыз жоқ. Бұл жерде біз талқылайтын бір нәрсе болса, ол – фанатизм.
Майклдің «мұрасындай»...
«Фанатизм» – грек, латын және француз тілдерінен аударғанда, көзсіз, соқыр сенімнің ізінен еру дегенге саяды. Көбіне фанатизм діни және саяси сипатқа ие болады, спорт әсіресе футбол жанкүйерлері де осал топ емес, әйтсе де қайсысы болсын шоу-бизнес фанаттарының қасында жіп есе алмай қалады-ау. Бұған әлемге әйгілі әншілер мен топтар өмірінен көптеп мысал келтіруге болады. Айталық, ағылшынның «Битлз» тобы, сонау Тұманды Альбион, АҚШ-ты шулатқанын, әндерінің талай-талай қыз-жігіттердің түн ұйқысынан айырғанын былай қойғанда, Алматының ең құрметті жері Көктөбеде ескерткіші тұруы, табынушылық емей немене? Болмаса Майкл Джексонды қара нәсілді қарапайым ғана баладан «Поп музыка королі» дәрежесіне жеткізген, әрине, әуелі бойындағы өнері, содан соң сол өнерден өзіне жұбаныш тапқан миллиондаған табынушылары екені мәлім. Ол қайтыс болды дегенде... Жеке бір әншіге, топқа табыну бар да, кейде бір әнге сонша еліру деген де жағдай кездеседі. Мәселен, түріктің «Тутамаз» әні, қазақша айтқанда, бұл әннің мағынасы «Тоқтата алмайды», яғни онда жауапсыз махаббаттан жапа шеккен жан өмірден әбден түңіліп, «мен осы кештен қалмай өлемін, мені ештеңе де, ешкім де бұл райымнан қайтара алмайды» дегенді білдіреді. Осы ән жарыққа шыққан сәтте-ақ бірден миллиондаған тыңдарман тауып, солардың, сірә, жан жарасын тап басса керек, тура сол әндегідей өз-өздеріне қол салған жандар көп болғанға ұқсайды. Бұл не, әннің құдіреті ме? Әрине, дегенмен ол құдіреттің зияны басым боп тұр ғой. Сол сияқты жалпы фанатизмнің елді еліртетін, тіпті адамдарды ақыл-естен айырып тобырға айналдыратын да жағы болып тұр ғой. Кешегі Қайраттың өзі емес, табынушылары қойған «концерт» те оңай нәрсе болған жоқ. Жер әлем төңкеріліп түспесе де, білдей бір ғимарат айтарлықтай қирап, 150 полиция қызметкері мен концерт өткен сауда орталығының 50 қызметкерін табанынан тік тұрғызды емес пе? Көрермен саны мен олардың әрқайсысын уайымдап үйде қалған жақындарын айтсақ,тіпті... Осы да елдің «тобырлығы» емей немене?
Қайрат... керлік немесе біреуге пиар, біреуге зиян...
Жалпы, «жұлдыздықтың» шырқау шыңы культке айналу, ал культ үшін табынушыларының «концерт» қойғаны таптырмас олжа саналады. Бірақ бұл жағдайда Қайрат Нұртас осындай оқиғаны қолдан жасамаған болар? Бірақ табынушыларды, нақтырақ айтқанда, олардың өзіне деген соншалық құштарлығын тудырған Қайрат, оның әндері екені даусыз. Біз талқылап отырған мәселеге қайта оралсақ, бұл оқиға бір нәрсені айқын аңғартты, яғни қазақ та фанат бола алады екен. Әйтсе де ол қажет пе, міне, мәселе қайда жатыр? Шіркін, дәл осындай қауым «ұлтым» дейтін азаматтардың маңайынан табылса-шы немесе Қайрат дәл осы қауымды ұлттық мүддеге үндесе. Жалпы, бұл өзі бір жай сәйкестік пе, әлде адамның белгілі бір дәрежеде заты атына сай «мінезге» ие бола ма екен, әйтеуір о Құдірет «Желтоқсанда» жастарды соңынан ерткен де Қайрат емес пе еді? Ол Рысқұлбектің Қайраты болса, бұл Нұртастың Қайраты. Бірақ ол жағдай мен бұл жағдайдың айырмашылығы неде? «Желтоқсан» жайлы қазаққа тағы түсіндіру артықтық етеді, ал мына жағдай Қайраттың жеке басына үлке-ен пиар болғаны сөзсіз. Тіпті сол концерт болғанда мұндай дақпырт туар ма еді, тумас па еді, ал керісінше болмай қалғаны Қайраттың атын аспанға бір-ақ шығарды. Дәл мұндай даңқты тіпті әншінің өзі де күтпеген шығар. Не де болса, адамның бақ жұлдызы жанам десе лезде екен, осы бір-ақ түн әнші Қайратты тұлға Қайрат дәрежесіне шығарды да жіберді. Тіпті ертесіне оның баспасөз конференциясын ұйымдастырып, болған жайға түсініктеме бермесіне болмауының өзі осы сөзді растайтындай.
Психолог пайымы
Әбдуәлі МАМӘДІЛ, психолог:
– Жалпы, фанатизм – тобырлық психологияның ашық көрінісі. Тобыр деген – тұлға жоқ жерде, «мен» деген ұғымның ең төменгі сатысында пайда болатын адамдар шоғыры. Ол адамдарда ежелгі заманнан қалып қойған жабайылық түйсік, яғни өзінің қуыс кеудесін музыкадан, болмаса бір діни ағымнан іздейді де, сол нәрсені беруші адам оларға көсем секілді көрінеді. Өкінішке орай, кешегі оқиға бізде Қайрат Нұртасты белгілі бір дәрежеде өзіне жақын санап, көсем тұтатын тобырдың барын айқындап берді. Фанаттары үшін оның аузынан шыққан сөздің бәрі керемет, оның даусы, әні баға жетпес байлық боп тұр ғой. Тіпті ол сезімнің шектен шыққаны соншалық – халыққа оның алыстан көрінгені де аздық етіп, жақындауға лап қойды, қолынан ұстап, суретке түсіп, сөзін естуге ұмтылды. Әрине, әнші оған кінәлі емес. Бұл нәрсе кімге тиімді дегенге келсек, белгілі бір дәрежеде өз өнімін жарнамалағысы келетін компанияларға келіп тіреледі. Олар ендігіде халыққа кімнің өтімді екенін білді, сол адамды алдыңғы шепке шығарып, өз өнімдерін жарнамалауға, сол арқылы табыс табуға ұмтылуы әбден мүмкін. Жалпы, әнші, актер, танымал адамдар – жарнама берушілер үшін таптырмайтын құрал. Ал халық олар үшін тұтынушы, тұтынушының тобыр болғаны оларға тиімді. Сондай-ақ қай заманда да билік үшін тобыр тиімді. Себебі тобырды басқару оңай.
Түйін
Бір ғұламаның сөзі еріксіз еске түсіп тұрғаны: «Бір кездері театр тобырды халыққа айналдырып еді, енді телевизия керісінше халықты тобырға айналдырып жатыр» деген. Қымбатты оқырман, сіз біздің телевизия орнына нені қойып тұрғанымызды түсінген шығарсыз. Қайраттың өзін емес, жалпы мәдениетсіздік құбылысын айтамыз да. Рухани құлдырауды. Бірақ әлеуметтік желілерде есті адамдар «қазақ өзінің басқа үшін болмаса да ән үшін төңкеріс жасай алатынын дәлелдеді» деген баға да беріп үлгерді. Былайша айтқанда, «ән ашуы – жан ашуына» айналғанын айтуда. Кім қандай баға берсе өз еркі, бірақ мен өзімше бұл оқиғаға «Қайратқашқан» деген ат қойдым. Қай мағынада болса да...
Заттыбек көбейіп жатыр
Иә, иә, сіз шалыс естіп тұрған жоқсыз – «ВИА Заттыбек». Құлағыңызды үйрете беріңіз! Жалғыз ғана «Ақмаржанмен» жарқ етіп шыққан әнші-сазгер ағамыз өте жақын арада ансамбльге айналады.
ВИА «МузАРТ» пен Айгүл Иманбаеваның ВИА «Достарынан» кейінгі ансамбльге әзірге әнші ат қойып үлгермепті. Бірақ музыкалық сауаттары бар қазақ жігіттерінен іріктеу жұмысын бастап кеп жіберген. Әу баста өзі ғана жеке концерттері мен той, мерекелік жиындарда вокалды-аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен ән айтуды көздеген Заттыбек Көпбосынұлының келе-келе жоспарлары өзгеріп жатқанға ұқсайды. Бірақ оның бар сырын ашып бере қоюды жөн санамады әнші. Жарайды, бұл құпия болса, болсын. Бірақ Заттыбек Көпбосынұлы бір мәселені ашып айтты: «Музыкалық колледждерден маман таппай қиналдым. Фонограмма жайлағалы музыкалық аспаптар бөліміне оқуға тапсырушы талапкерлер саны да азайған. Бұл саладан «нан жей алмаймыз» деген ой саналарын жаулаған жастар музыкаға бейімі бола тұра, басқа саланы таңдауға мәжбүр», – дейді ол. Айтпақшы, Заттыбек Көпбосынұлының өзі жайлы ақпараттары мен жаңалықтарын, жаңа әндері мен концерттік бағдарламаларын енгізетін авторлық сайты (http://zattybek.kz/) ашылды. «Басты бет», «Өмірбаяны», «Әндер», «Фотогалерея», «Видео», «Жаңалықтар», «Концерт», «Лебіз» бөлімдерінен тұратын сайттың ғаламтордан орын алғанына төрт-ақ күн болды. Қонақ болыңыз!
Сымбат ОСПАН
шоу-пайым
«Попсаға» бопсамен жауап...
Фанат десе, ең бірінші өзімнің көз алдыма бала күнімде бауырларым, көршінің балаларының қылықтары тізіле қалады. Неге? Олар өздерінің сүйікті футбол командаларының формасын арнайы сатып алып, онымен қоймай, ең үздік футболшыларының нөмірлерін жейделерінің арқасына жаздырып киюші еді. Күн сайын кешқұрым ауылдың орталығындағы көк шөп үстінде қара терге түсіп, шаңмен араласып, «Бавария», «Арсенал», «Реал» футбол командаларының біздің ауылдағы «көшірмелері» ойнап жүреді. Кумирлері – Роналдо, Рональдино секілді аттары әлемге мәшһүр футболшылар.
Өсе келе, көргенің де көбейе береді екен. Фанаттың көкесі өнер иелерінің маңайында шоғырланады екен. «Мәдина Сәдуақасоваға тыңдарманы ат мінгізіпті», «Әлдебір әншіге көлік сыйлапты», «Енді біріне пәтер кілтін сыйлапты» – таусылмайтын сыйлықтар. Ал «жарылқаушы» кім? Табынушылар. Жақсы орындаған әніңді тыңдаушы ұнатып, құрметін көрсетіп жатса... Бірақ, осы құрмет, осы ынтызарлық кейде басқаша сипатқа ие болып та кететін тұсы аз емес. Мәселен, ұялы телефоныңызға «бүгін менімен кездеспесең, бәленінші қабаттың терезесінен секіріп кетемін. Кінәлі сен деген хат қалдырамын...» деген мәтіндегі смс-хат келсе, қорықпаймын деңізші? Ал мұндай бопсалау сипатындағы хабарламалар эстрада жұлдыздарының қалта телефондарына күн сайын, тіпті бір күнде бірнешеуі келеді десек, өтірік емес. Ал ол «бопсалаушылар» кімдер? Көбіне – жасөспірімдер. «Жұлдызды жасайтын адамның өзі емес, айналасы» дегенге бас шұлғисыз еріксіз.
Шүкір дейміз, бізде шетелдегідей, фанаттардың шашын жұлып, айқайлап, аттарын шекелеріне жазып алып жататындар кездеспейді. Бірақ, көпшіліктің көзайымына айналған «Меломен» тобының жігіттері кезекті әнсапардан кейін қыздардың қоршауында қалып, бірі – костюмінен, бірі – қолындағы қымбат сағатынан, енді бірі күміс жүзігінен айырылғанын естіп, рақаттана күлгеніміз бар еді. Қыздар естелікке алып қалады екен. Айналамда жүрген радиожүргізуші қыз-жігіттердің ішінде де тыңдармандарының сүйіктісіне айналғандары аз емес, тіпті «табынушысы» сыйлаудан жалықпайтын раушан гүлімен ұйықтап, раушан гүлімен оянатын диктор қыздар да бар. Көзім көріп, өзім куә болған ықыластың бірі – әнші, сазгер Роза Әлқожаға сыйланған темір тұлпар. 2011 жылы Алматы қаласындағы Студенттер сарайында алғаш рет өзінің жеке шығармашылық кешін өткізген Розаға белгісіз тыңдармандарының бірі «Мен сыйға тартқан орамал» әні үшін Tоyota PRADO автокөлігінің кілтін табыстады. Қазақ радиосының эфирінен әннің үзіндісін ғана құлағы шалып қалған тыңдарман, күні-түні радионы үзбей тыңдап, осы әнді және әннің орындаушысын тауып алған.
Ақын Қалқаман Саринге де құрметпен қарайтындар саны аз емес. Сондай достары бірде 10 000 АҚШ долларына ақын жырларының аудиожинағын шығарып беріпті. Одан бөлек ілтипат иелері тағы бар.
Қалқаман САРИН, ақын:
– Ақындық, жазушылық – ақсүйек өнер. Сондықтан оқырмандары да санаулы болады. Олар өте салқынқанды, бірақ сергек ойлайтын, саналылар. Менің шығармашылығымды бағалайтындардың ішінде есі кетіп, шектен шығып жататыны жоқ. Поэзияға құштарлығы басымдары есті өлеңдер арнап, әлеуметтік желілер арқылы, ұялы телефоныма хаттар жолдап тұрады. Тимур есімді оқырмандарымның жанашыры деуге лайық, Хақты таныған жігіт бар. Мейрамбектің орындауындағы «Алланың бары – ақиқат» деген термені тыңдағаннан кейін, сол арқылы шығармашылығыма ризашылығын білдіріп, өлеңдеріңнің таралуына септігім тисін деп, жеке авторлық сайтымды (http://kalkamansarin.kz/) ашып берді.
Негізі, біз табынушы деген сөзді қолданбағанымыз дұрыс. Себебі бұл сөз – орыстың «поклонник» деген сөзінің тікелей аудармасы ғана. Жалпы, менің ойым, бізге фанатизм, табынушылық деген керек емес, қазақтың шынайы ықыласына, құрметіне барлық сүйіспеншілігі сыйып кетеді.
Алты Алаш тұрмақ, аты әлемге танылған Роза Рымбаева апамыз үшін қазіргідей фанклубтар жұмыс жасамай-ақ, кезінде бүкіл Кеңестер Одағының сүйікті әншісіне айналған еді. Бүгінде, жарнама ауадай қажет уақытта танымал адамдардың фанклубтары бірінен-бірі өтіп жұмыс жасап жатыр. Басым көпшілігі, виртуальді әлемде, әрине. Мұнымен халықтың ықыласын аударып, қошеметіне бөлеп жатқаны шамалы. Жалпы, біз фанаттарды өлеңсүйер, өнерсүйер, әнсүйер, спортсүйер, кітапсүйер, жанкүйер деп те атап жатамыз. Мұндайлар болмаса, яғни туынды, не туындыгер: өнерпаз, ақын-жазушылар сұранысқа ие болмаса, олардың өнерінің даму, дамымауы да екіталай секілді. Дей тұрғанмен, танымал тұлғаларға деген сүйіспеншілікті мәдениетті түрде жеткізе білу де өнер екенін ұмытпаған жөн-ау...
Әсел ЕРГЕШҚЫЗЫ
шоу-news
Әншілер «Жаужүрек мың балаға» қарсы...
Жұлдызды он жұп Ұлы Жібек жолының бағытымен жүріп өтеді. Ал қалғанымыз солардың қызықты сайысын «Абадан. Жібек жолында» жобасы арқылы тамашалайтын боламыз. Қазақ «жол азабы – көр азабы» деген, яғни осы «азапқа» шыдаған мықтылар ғана ақтық мәреге өтіп, жеңімпазы атанады.
Ағымдағы жылдың 24 тамызы күні телекөрермендердің назарына Туризм индустриясы комитеті Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің тапсырмасымен, ADAM MEDIA GROUP компаниясымен бірлесе, КТК телеарнасы «Абадан. Жібек жолында» атты жаңа ойын-сауықтық, танымдық бағдарлама ұсынылды. Жоба мақсаты – Ұлы Жібек жолы бойымен жаңаша жүріп өтіп, еліміздің тарихи, табиғи көрнекті жерлерін насихаттау, Қазақстанның ішкі туризмінің дамуына үлес қосу. Аталмыш жобаға еліміздің спорт, өнер, саясат саласының майталмандары, БАҚ өкілдері мен олимпиада чемпиондары қатыса алады.
Бағдарлама сайын екі топ сайысқа түсетін күрделі де қызықты сынға алғашқы боп тәуекел еткен жас әнші ADAM мен Анель Аринова (бір топ), ал қарсыластары – халыққа «Жаужүрек мың бала» фильмі арқылы танылған актерлер Әлия Телебарисова мен Аян Өтепберген. Қатысушылар ойын шарты бойынша Алматының «апортын» теріп, көзді жұмып, «шығыс тәттілеріне» қарық болды. Қиындай түскен ойын шарты – Түрген шатқалында жалғасты. Ендеше, кім жеңеді, оны осы сенбі сағат 17:00-де. «КТК» арнасынан күтіңіздер. «Абадан. Жібек жолын» әр сенбі осы уақытта тамашалай аласыз.
«Шал» «періштеге» айналды
Қазақстандық кино әлемінде бұрын-соңды болмаған су жаңа форматта фильм түсіріліп жатқанын осыған дейін де айтқан болатынбыз. Режиссер Талғат Жәнібековтің «Джокер» атты бұл туындысының басты жаңалығы – мистикалық триллер жанрында болғандығы. Ал енді көрерменді таңғалдыратын тағы бір тұсы – оған «Шалдың» қатысуы.
Ерболат Тоғызақов бұл картинада басты рөлдегі Чинаға (Денис Литуев) бағыт-бағдар беріп отыратын ақылгөй Дили-Дилидің образын алып шықты. Бұл туралы: «Менің кейіпкерім – бүкіл адамзаттың даналығын, өмірлік тәжірибені жинақтаушы. Ол жамандықтың бар екенін біледі және оны жеңу керек екенін де түсінеді. Ал басты кейіпкер сол жамандық атаулыға жалғыз қарсы тұрады. Менің кейіпкерім оған бұл жолда бағыт беріп отырады. Бір сөзбен айтқанда, Дили-Дили – бас кейіпкердің періштесі», – дейді актердің өзі.
«Джокердің» жаңалығы – барлық түсірілімнің жасыл фонда өтетіні. Режиссердің айтуынша, мұндай түсірілім компьютер графикасына өте ыңғайлы көрінеді. Денис Литуев, Виталий Кищенко және Айсұлу Әзімбаева сынды әртістер ойнайтын «Джокер» фильмінің тұсауы 26 қыркүйекте кесілмек.
Бетті дайындаған Мәриям ӘБСАТТАР