Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ
шоу-сұхбат
Қорлан КӘРТЕНБАЕВА, жетігенші: Қазақтың барлық аспабы киелі
Қолға бір мини дискісін ала салып, фонограммамен желдіріп шыға келетін эстрадалық үрдіс белең алып тұрған тұста ұлттық аспапқа адалдық танытып, ұмыт бола бастаған көне жырларды жаңғыртып жүрген жандар аз. Солардың бірі – жетігенші Қорлан Кәртенбаева. Бұрын «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі болған Қорлан қазір өнерден өз соқпағын тауып, жетігеннің жалғыз сүрлеуін таңдағаны көбімізді алғаш таңдандырғаны рас. Алайда бұл жақсылықтың басы, яғни таза шығармашылық иесі оңашада ғана өзінің жан-жақты қырын таныта алады. Біз Қорлан қызды жеке әңгімеге шақырып, жетіген жайлы біз білмейтін біршама сырға қанықтық.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
– Қорлан, жетіген аспабын өзге түгіл, осы өзіміз толық танымайтынымыз рас. Айтыңызшы, осы аспаптың, шынында, нендей сиқыр, қандай құпиясы бар?
– Тек жетіген ғана емес, айтсам, таңданарсыз, бірақ біз бүгінде көптеген аспапты ұмыта бастағанбыз. Бұғышақ, месқобыз деген де аспаптарды естуіңіз бар ма?
– Расында, алғаш естіп тұрмын. Оларды біз неге білмейміз?
– Себебі, біріншіден, оларда ойнайтын музыканттар жоқ. Екіншіден, әрине, ұстаздар жоқ. Сосын насихат жоқ. Репертуар өте аз. Онымен тұрмай, домбыра мен қобыздан басқа аспаптарды зерттейтін адам аз. Ал зерттеймін деген адам болса, айтайын, мен білетін 40-тан астам аспап түрі бар.
– Репертуар деп қалдыңыз, сонда домбыра мен қобызда ойналатын Құрманғазы немесе Дина, Тәттімбет т.б қазақ күйлерінің кез келгені жетігенге салуға келмей ме? Былайша айтқанда, жетіген күй талғайтын болып тұрғаны ғой?
– Жетігенге, негізі, өзіне сай күй керек. Бірақ біз дәл қазір жетігеннің емес, ол мына біздің «әуенімізге төңкеріліп», яғни біз нені ойнатсақ, соған көніп жүр. Дегенмен тілі жоқ демесеңіз, аспап та адам секілді ғой, оның өз қалауы, өз жаны, өз талғамы болады. Егер соны тап баса алсақ, онда ол ғажайып күйлер тудырып, тыңдаушысының, яғни біздің құлағымыздың құрышын қандырып, жан дүниемізді рақатқа бөлер еді.
– Қобыздың киесі барын білеміз, яғни оны анау-мынау адам тарта алмайды, жетігеннің де сондай тылсым сыры бар ма? Өзіңіз жетігенге қалай келдіңіз?
– Қазақтың бір аспабын екіншісінен алалаудан аулақпын, бар аспабымыз киелі. Бірақ жетігеннің жөні бөлек. Күйші қарттың жеті күйінен кейін пайда болған жетіген жайлы аңызды білесіздер ғой. Өзімнің де жетігенге келуім тылсым жағдайда өрбіді десем болғандай. Мен, негізі, консерваторияның прима қобыз сыныбын бітіргенмін және ол салада, шыны керек, қанша талпынсам да, жолым болмады. Сөйтіп жүргенде бір күні түс көрдім. Кең далада жүр екенмін. Жан баласы жоқ еді. Кенет көз ұшында бір қара көрінді, соған қарай жақындай бердім. Қарасам, бір шебер ағаштан жонып әлдебір аспап жасап отыр екен. Онысы, байқасам, жетіген. Жанында дайын болған бірнешеуі тұр. Маған қарап әлгі шебер «таңдай ғой, өзің қалағанын ал» деді. Мен жетігенді таңдадым. Оянған соң біразға дейін «бұл неге көрінді екен?» деп ойланып жүрдім, бірақ күйбең тірлікпен қайта ұмыта бастаған едім. Бір күні ойда жоқта Нұргүл апаймен таныстым. Ол кісі – маған жетігенді үйреткен, әлі күнге осы саладағы ұстазым. Солайша, Жаратқанның өзі жолымды қиыстырып қалай жетігенге апарғанын сезбей қалдым ғой. Бір таңғалғаным, прима қобызда өмірі болмаған жолым, жетіген ұстауым мұң екен, өзі дөңгеленіп жүре берді. Демек, жетіген маған Жаратқанның өзі жіберген аспабы болып тұр ғой. Өмірде кейде аян түстер де болатынына мен өз басым осы арқылы көз жеткіздім.
– Түсіңізде сіз жетігенді бір шебердің қолдан жасап отырғанын көрдіңіз, ал шынайы өмірде оны әлі күнге жекелеген тапсырыс бойынша шеберлер жасай ма, әлде музыкалық аспаптар дүкенінен табуға бола ма? Жетіген үйренушілер немесе оның мамандары әлгі аспапты қайдан алады?
– Иә, бұл – өте өзекті мәселе. Себебі жетіген жасайтын шебер жоқ. Бар, бірақ бір-екеу ғана, ал оны миллионға шаққанда барға санауға бола ма? Менің жетігендерімді Әбдірахман атты аға жасайды. Көне дәстүрдегі жетігенді жасайтын шеберлер осылай азая берер болса және осы мәселені ел болып қолға алмасақ, біз тіпті қазіргі жетігеннің өзін көп ұзамай жоғалтып аламыз ба деп қорқамын. Бұл – бір. Екіншіден, нендей дүние болсын сирек ұшырасатындықтан қымбат болады ғой. Жетігеннің қазіргі бағасын айтсам, үйренгісі келгеннің қолы жете бермейтін баға.
– Қазір шамамен бір жетіген қанша тұрады?
– 1300-1500 АҚШ доллары. Мен кейінгі кезде үйренгісі келетіндерге шамам келгенше жетіген үйретуге кірістім. Бірақ олардың ең алдымен айтатыны – аспап жоқ. Сол үшін бізге, қазіргі студент, оқушыға, бір сөзбен айтқанда, қарапайым халыққа жетіген жасайтын шебер ауадай қажет болып тұр.
– Бүгінде қобыз бен домбыраны заманауи аспаптармен үндестіріп, аранжировакаларда қолдану болмаса арнайы дэкко, доскрип жанрымен, тіпті рок жанрымен де біріктіріп, этно-рок жасап жатқан да музыканттар бар. Осы жетігенмен де сондай экспериментке барып көруге бола ма? Жалпы, өзіңіздің осындай қоспа жанрларға немесе экспериментке көзқарасыңыз қалай?
– Spirit of Tengri деген үлкен фестиваль болды ғой, мен соған қуана-қуана қатыстым, маған ұсыныс жасағанына риза болдым. Неге? Себебі онда этномузыка, бірақ заманауи жанрда дамытылғаны, ортаға салынды ғой. Былайша айтқанда, бұл музыкаға жаңа серпін әкелді. Өзім осы бағытта «Нөсер» атты жаңа композиция жаздым, электростильде. Содан кейін енді маған «шетелдің біздікіндей ұлттық аспаптарымен жетіген қалай үндеседі екен?» деген ой келіп жүр. Шетелге барған гастрольдарда қолым қалт етсе, сондай ерекше аспап иелерін іздеп жүремін, егер концерт, фестивальдарда жанымнан табылса, қосыла бір күй орындауға кірісіп кетеміз. Ал ол музыканттардың «ауруы» десе болғандай. Бірде сондай концерттердің біріне Мадагаскардан Килема деген музыкант келді. Оның қолындағы аспапты көріп таңғалдым ғой, кәдімгі мен тартып жүрген жетігеннен еш айырмасы жоқ. Тек екі жақтан ойнайды екен және ішектерін велосипед дөңгелегінің сымынан жасап алыпты. Даусы керемет шығады. Әлгі аспаппен қосылып күй шерте бергім келді. Содан әлгі кісі маған тап сол жерде «бірігіп диск шығарайық» деп қолқа сала кетті. Бірақ қол қысқалығынан тежеліп тұрған жайымыз бар.
– Сіз кейде қолды бір-ақ сілтеп, жалғыз жетігеніңізді құшақтаған күйі өзіңізді бағалап, шақырып жатқан елдерге кетіп қалғыңыз келмей ме?
– Арагідік ондай ойлар келеді... Неге? Шет жұрттық ағайынның құштарлығы соншалық – елге кетерімізде көздері жасаурап тұрып «бізге жата-жастана ұлттық музыкамызды үйретіңіздерші» деп қиыла сұрайды. Көбі – Еуропа қазақтары. Жаның ашиды, себебі онда арғы буын аталар болмаса, бергі буын бізбен аудармашы арқылы сөйлеседі, тілді ұмытқан. Кінә оларда емес, мектеп жоқ, кітап жоқ, орта жоқ. Байғұс қандастар жанталасып, соңғы демдері шыққанша қазақ болуға тырысады. Міне, мен шетелге солар үшін кеткім келеді, кейбіреулер секілді рақат өмір, күйлі-қуатты тұрмыс үшін емес. Алайда атамекенге зарығып отырған ағайынды көргенде, ел, жер дегеннің қадірін біле түседі екенсің. Біз дербес мемлекеті, астанасы, өзінің ұлан-ғайыр территориясы бар елміз, Туымыз желбіреп Тәуелсіз ел екенімізді айғақтап тұрады. Осыған шүкір. Және бізді басқа қолдамаса да, ҚР Тұңғыш Президенті қоры әрдайым қолдап, шетелдерге шығарып, концерттерге шақырып тұрады. Елбасымыз жетігенді, жалпы, ұлттық аспаптарды аса ерекше ықыласпен отырып тыңдайды. Осыдан артық не бақыт керек, қалғаны бола жатар.
Жетіген-аңыз
Қаһарлы қыстың қақаған аязынан мал қырылып, үлкен жұт болады. Қазақтың ауылы ашаршылыққа ұшырайды. Онымен қоймай, ел ішіне сүзек ауруы тарап, көбейеді. Көпке әйгілі күйші қарттың жеті ұлы бірдей осы ауруға шалдығып, бірінен соң бірі көз жұмады. Қайғыға душар болған қаралы күйші көкірегін кернеген мұң-зарын күйге қосады. Үлкен ұлының дәм-тұзы таусылғанда – «Қарағыш», екінші ұлы өмірден қайтқанда – «Қанат сынар», үшінші ұлы қайтыс болғанда – «Құмарым», төртінші ұлы қаза тапқанда – «Ой сөнер», бесіншінің жүрегі тоқтағанда – «Бақыт көшті», алтыншының жамбасы жерге тигенде – «Күн тұтылды», жетіншісі жер жастанғанда «Жеті ұлымнан айырылдым» деп азалы күй шерткен екен. Содан арнайы аспап жасап алып, әр ұлы қайтыс болғанда бір шектен байлап, астына асықтан тиек қойып отырыпты.
Мәриям ӘБСАТТАР
шоу-сүзгі
Эстрада одағы сахнаны сапасыз дүниеден қорғамақ
Өнер қайраткерлерінің ортақ бастамасымен елімізде алғаш рет Қазақстан Эстрада әртістерінің одағы құрылды. Кеше Астанада бас қосқан өнер саңлақтары осылай жариялап, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер Бауыржан Ибрагимовті алқа төрағасы етіп бекіткендерін мәлімдеді. Қаптаған одақтан бұл одақтың ерекшелігі – шоу-бизнестің айналасындағы шуға шашау шығармай қарап, сапалы дүниелерді арзанқолдылықтан ажырату.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Мәдениет пен руханият деңгейі сол елдегі одақтар мен қоғамдар санымен өлшенетін болса, Қазақстан алдыңғы қатардан көрінетін-ақ ел екен дерсіз. Алайда аты бар да, заты жоқ одақтардың қызметінен былайғы қарапайым жұрт бейхабар десе де болғандай. Айталық, елімізде таза шығармашылыққа арналған 15-ке жуық одақ жұмыс істейді. Солардың өз ішіндегі «қайнауы» қақпағынан асып, іштегі шуы сыртқа шыққанда «ойбай, одақ бар екен, жұмыс істеп жатыр екен» деп те қалатынымыз жасырын емес. Дегенмен сапалы һәм сапаға қарай жұмыс істесе, ондай одақтар көптік етер ме? Осындай үміттен туған шығармашылықтың жаңа бір одағы жақында дүниеге келді. Басқа ұйымдардың қатарын толықтырған Қазақстан эстрада әртістері одағының негізгі мақсаты – сахна өнеріндегі бір-бірін қайталайтын, ұсақ тақырыптардан аса алмай ауызекі әзіл деңгейіндегі дүниелерді қамтыған қойылымдардан және мағынасыз жазылған мәтін мен жеңіл әуендерден тазартуға күш салу. Осы әйдік бастама аясында өткен алғашқы құрылтайда елге танымал әзіл-сықақ театрының саңлақтары тұшымды дүниелерге шөліркеген көрерменнің сұраныстарын қанағаттандыратын көрініс қоюды талап етіп, арзан дүниенің, оңай ақша табудың жолын тапқан пысықайларды сахнадан ысыруға білек сыбана кіріспек.
Бұдан бөлек, әзіл-сықақ театрларын ғана емес, басқа да шығармашылық ұжымдардың жұмыстарын жүйелеп, сапалық жағынан жаңа белеске шығаруды діттеген Эстрада одағы алдағы уақытта жас әртістердің кәсіби біліктілігін шыңдап отыруды мақсат етіпті. Бұл ғана емес, ұзақ жылдар бойы эстраданың «отымен кіріп, күлімен шыққандардың» кейінгі тағдырына да осы одақ алаңдайтын болады. Яғни елге еңбегі сіңген өнер майталмандарының қызметін дұрыс бағалауды да осы одақ қадағалап, өнер ортасындағы белсенділерін жыл сайын жоғары марапатқа ұсынып отыруды да осы одақ көздейді. «Бір сөзбен айтқанда, алдағы уақытта мәртебелі өнер иелерінің жоғын жоқтап, сойылын соғатын боламыз», – деді жаңа құрылған одақтың алқа төрағасы Бауыржан Ибрагимов.
Айта кететін жайт – одақтың қаржы мәселесін Мәдениет және ақпарат министрлігі Үкімет тапсырмасы бойынша қаржыландыруы мүмкін. Соның негізінде отандық телеарналарда сапалы шоу бағдарламалардың саны көбейіп, келер жылдан жаңа журнал жарыққа шығады. Ең маңыздысы, жыл сайын Астанада эстрада фестивалін өткізу игі дәстүрге айналатын болады.
Бауыржан ИБРАГИМОВ, Қазақстан Эстрада одағының алқа төрағасы:
– Одақ құру туралы мәселе толғағы жеткен мәселе еді. Сахнада не болып, қандай нәрселер айтылып жатыр? Басымыз қосылғанда осыны жөнге салсақ деп отырмыз. Бүгінде қолы бос адам сахнаға шығып, әртіс болып кетті. Ол маман ба, әлде басқа саладан келген біреу ме – ол жағын екшейтін ешкім болмай тұр. Сахнада қойылатын дүниелердің барлығы кәсіби деңгейде жұмыс істесе екен дейміз. Ел алдына шығып алып, ойлы дүниені сахнаға шығарсақ деген ниеттеміз. Жазушылар одағы мүшелігіне өту үшін екі кітаптың авторы болу талап етілсе, сол секілді біздің одақтың құрамына қабылдаудың алғышарттары дайындалып жатыр. Қазірдің өзінде Н.Нүсіпжанов, М.Жүнісова, С.Жұмағалиев, Ж.Жексенұлы, «Нұр-Мұқасан» секілді әншілер мен топтар одақтың жаңа мүшелері болып табылады.
Уәлибек ӘБДІРАЙЫМОВ, «Шаншар» әзіл-сықақ театрының директоры:
– Көршілес Қытай мен Өзбекстанға баратын болсаңыз, сахнада не айтатыныңыз туралы сұрап, тіпті жазбаша нұсқасын талап етеді. Бұл – сахнада бейберекет сөйлемеудің идеологиялық негізі. Және театрдың лицензиясын сұрайды. Бізде бұл жағы қалай? Әрине, кемшін түсіп жатыр. Сондықтан әзіл-сықақ театрларының қойған дүниесін екшеп, театрдың қойған дүниесіне қарап, оларға лицензия берілсе... Қытайда фонограммамен ән айтсаңыз, айыппұл салады. Екінші рет қайталанса –тағы айыппұл. Ал үшіншіде бірден түрмеге тоғытады. Бұл орайда біздің әншілер туралы айтпай-ақ қоюға да болады. Сол үшін жаңа одақ фонограммамен ән айтып жүрген әншілердің «тірі» дауыста өнер көрсетуін талап етсе деген тілегім бар.
Жангелді ҚАРЖАН, Астана
Марапат
Әли Оқапов пен Луина – үздік орындаушылар
Алматыда Орталық Азияның танымал музыкасындағы дәстүрлі жүлде – ІІ Еуразиялық музыкалық марапат табыс етілді. Жүлде табыс ету салтанаты Алматы күні мерекесі аясындағы шара болды.
Биыл «Үздік орындаушы» атағын Әли Оқапов жеңіп алды, бұл аталымда онымен бірге Қайрат Нұртас пен K-Rim бақ сынаған еді. Әнші қыздар арасынан «Үздік орындаушы» аталымында Луина топ жарды, ол Мәдина Сәдуақасова мен Жанар Доғалованы артқа тастады. «Жыл дебюті» атағы КешYou тобынан жеке шығып, сәтті өнер көрсетіп жүрген Әнел Арыноваға бұйырды. Rin`Go тобы «Ерлердің үздік коллективі» аталымында жеңіп шықты, бұл сынға «Орда» мен Mysterions та қатысқан болатын. «Астана жұлдызы» марапатындағы сияқты бұл жолы да «Қыздардың үздік коллективі» атағына КешYou-ден басқа лайық ешкім табылмады. «Үздік дуэт» аталымында Максим Лесников пен Мико, Айқын мен Al Nasr G-HAD және Луина, ST мен Карандаш одақтары сынға түсіп, Айқынның дуэті жеңімпаз атанды. «Үздік ұжым» аталымында «Арнау», «МузАрт» және Hadn't Tea топтарының арасынан марапат «МузАрт»-қа табысталды. «Үздік Live-топ» атағы Bacardi-ге, «Үздік бейнеклип» марапаты Amouage атты жаңа топтың «Күн» деген еңбегіне берілді. Қазылар биылғы үздік ән деп, K-Rim-нің «Сен мен үшін» әнін атады. «Үздік этно-фолк жоба» аталымында Жәмила Серкебаева, «Махаббат жайлы үздік ән» аталымында Mysterions жүлдеге лайық деп танылды. Tengri FM радиосы «Үздік рок-топ» аталымын тағайындаған еді, бұл атақ Motor-Roller-ге тиді. «Үздік композитор» атағымен Еркеш Шәкеев марапатталды, құрметті жүлдені 90-ға таяған атақты шансонье, француз жазушысы, актер Шарль Азнавур табыс етті. Басты музыкалық марапат – «Еуразияның үздік әртісі» атағы Батырхан Шүкеновке берілді. Салтанатты шарада ғаламтор тұтынушылары мен көрермендердің таңдауы бойынша үздік деп танылған өнерпаздар да марапатталды. Кеште испаниялық әнші Дэвид Таварэ, өзбекстандық DJ Piligrim және ресейлік әнші Нюша өнер көрсетті.
Болатбек МҰХТАРОВ
шоу-news
Қайрат Нұртас кешірім сұрады
Иә, сіз қағыс естіген жоқсыз, тамыздың соңғы түнінде «елді дүрліктірген» әншіміз өз тыңдармандарынан ресми түрде кешірім сұрады. Vox Populi журналының хабарлауынша, орындаушы болған жайтқа қатты өкінетін көрінеді.
«Мұндай жағдай болады деп мүлдем ойламаппын. Мен концертке кәдімгідей дайындықпен келген едім. Жоспарымда сегіз ән орындау бар еді. Бәрінен бұрын концертке келерден небәрі 40 минут бұрын ғана жаздырған тың туындымды сол бойы халқыма тыңдата алмағаным, өкінішті. Алайда адамның емес, Алланың дегені болатынына мен сол жолы тағы бір рет көз жеткіздім. Менің кінәм болмаса да, тыңдармандарымнан кешірім сұраймын», – деп ағынан жарылды Қайрат.
Күтпеген жайт кезінде қатты қорыққанын мойындаған Қайрат өзінен бұрын концерт көруге келген адамдардың амандығын тілесе керек. Қолдан келер шарасы қалмаған соң, тек Аллаға жалбарынумен болыпты.
RIN'GO КЕЛІН ТҮСІРДІ
Кейінгі кезде қазақ жастары арасында кеңінен танылған Rin'Go тобының мүшесі Аян Бірбаев үйленді. Келіншегінің есім – Айнұр. Бұл туралы топтың продюсері Алуа Қонарова мәлімдеді.
Биыл RIN'GO үшін отау тігетін жыл болып жатқандай. Төрт жігіттен құралған топтан биыл екеуі үйленіп үлгерген, ал алғашқы болып Әділжан Омаров Ирина есімді бойжеткенді алақанына қондырған. Әділ өз қызымен жеті жыл дос болса керек. Топтың продюсері Алуа Қонарованың айтуынша, әуелгіде оларда екі тойды бір күнде жасамақ ойы болыпты. «Алайда біздің жұмыс кестеміз тым тығыз. Мен әлі де болса, бұл жағдайға үйрене алмай жүрмін, себебі олар мен үшін әлі бала ғой», – дейді топ продюсері.
Айта кету керек, топтың екінші мүшесінің тойы II Еуразиялық музыка жүлдесін тапсыру шарасына тап келді. Бұл мерекеде Rin Go тобы екінші жыл қатарынан үздік ерлер коллективі атанды.
Ал енді Аян – топтағы үшінші болып үйленіп жатқан әнші. Тойға оның ең жақын достары ғана келген. Әртістер де көп болмапты. «Жігіттермен бірге футбол ойнайтын жолдастары, Әли Оқапов және Алмас Кішкенбаев келді», – дейді Алуа Қонарова.
Бетті дайындаған Өркениет бөлімі