Алаштың тірі тарихы еді...
Өзекті жанға өлім бар, яғни өмірге келген жанның бір күні одан кетері ақиқат. Және Алланың әділдігі де сонда, пендесін ажалынан бір сәт бұрын алмайды немесе бір сәтке кешіктірмейді де. Алайда қанша ұзақ жасаса да, ажалға қимайтын адамдар болады. Алаш жұрты тағы бір аяулы тұлғасынан айырылды. Ақпанның 18-і асылдың сынығы, Алаштың ардақтысы болған Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апамыз үшін жарық дүниедегі ақырғы күні болса керек.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Екі жылы кем ғасыр жасаған аяулы апамыз ақпанның осы бір күні жалғаннан жыраққа ұшып жүре берді. 1915 жылы Орынбор қаласында Міржақып атамыз бен Ғайнижамал әжеміздің отбасын алғаш өзінің шыр еткен үнімен шаттыққа толтырған сәбиге азан шақырып Гүлнар деген ат берген екен. Алайда аласапыран заман, Жақаңдай ардақты әкенің аялы алақанын Гүлнар қызы небәрі алты-ақ жыл көрген. Алайда сол алты жылда Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов сынды асылдарды көріп, сол бір ғазиз жандардың бейнесін өмір бойы көз алдында сақтай алған Гүлнар әжеміздің өзі де баға жетпес тірі тарихқа айналған жан еді. Бір қуанарлығы, біз асыл әжеміздің көзі тірісінде іздеп барып, қолын алып үлгерген едік. Сонда әжеміз әңгіме арасында көп нәрсе айтып еді.
– Біздің үйде ескі бір сурет жүретін, – деп бастады әжеміз әңгімесін. Сосын бір сәт үнсіз қалды. Сірә, сол суретті көз алдына қайта жандандырып жатса керек. – Тігулі тұрған киіз үй, оң жағында – жеңіл көлік, рульде – жүргізуші, ал көліктің сыртында газетпен жүзін көлегейлеп менің әкем тұр, жанында Бөкейхановтың қызы Лиза мен ұлы Үгітай (Сергей) бар. Ал киіз үйдің сол жағында, жерде үлкен кілем төселген, ақ дастарқан басында самауырдан шай құйып менің шешем отыр, төрде Ахмет Байтұрсынов атамыздың тізесінде тоғыз айлық мен отырмын. Бұл 1915-16 жылдар болса керек, содан 1918 жылға дейін Орынборда сол суреттегі Ахмет ата, Әлихан ағалармен біз отбасымызбен қоян-қолтық араласып тұрсақ керек. Әкем ұсталған соң, 40-жылдардың шамасында ұрланып кеткен осы сурет қазіргі күнгідей көз алдымда. Содан кейін елге оралдық, аласапыран заманда да бірге жүрдік. 1925 жылы біз Қызылордаға көшіп барғанымызда да Ахмет Байтұрсынов атамызбен бәріміз бір үйде тұрдық. Ол кез онға келіп, ес біліп қалған шағым ғой. Бәрі кешегідей көз алдымда: Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгерұлы, Сұлтанбек Қожановтай асыл ағалар біздің үйде жиі бас қосатын. 1933 жылы бұл кісілердің барлығын қамауға алып, олар әуелі Қызылорда түрмесінде отырды да, кейін барлығын 5 жылға соттап, жер аударды.
Міржақып Дулатовтың өз кіндігінен өрбіген үш перзенті болған. Тұңғышы – Гүлнар, тағы бірі кішкентайында шетінеген Наурызбайы, содан соң – Әлібек атты ұлы. Жақаңның жұбайы Ғайнижамал Баймұратқызы сол тұстағы қазақта санаулы деген көзі ашық, көкірегі ояу қыздардың қатарынан болған. 1934 жылы сол кездегі «Красный крестің» бастығы Максим Горькийдің жұбайы Екатерина Павловна арқылы Жақаңмен жолығуға рұқсат алады, сол кезде тоғыз жасар ұлы Әлібекті әкесіне көрсетуге сонау жердің түбіне ертіп апарады. Соның соңғы кездесу болатынын Жақаңның іші сезгендей, соңынан былай деп хат жолдайды: «Сендер кеткелі мен әлгі пәтерге күніне екі рет барып тұратын болдым. Сол жерде сендердің иістерің қалғандай, соны иіскесем, сағынышым басылатындай». Хатты алғаннан кейін көп ұзамай 1935 жылдың мамыр айында Дулатовтар шаңырағына кенеттен қайғы кіреді. Жақаңның жалғыз мұрагері Әлібек қыстыгүні шананың астында қалған болатын, сол жатқаннан көктем шыға қайтыс болды.
– Көңіл айтуға Бәтес апамды ертіп Ахмет атам келді, – деді Гүлнар Міржақыпқызы осы тұста. – Сөйтіп, шешеме: «Шырағым, берік бол, сабыр ет, балам қайтыс болды деп қабырғаңды қайыстырма, баласыз мен де жүрмін ғой. Әлтайдың (Әлібекті солай атайтын) қайтыс болғанын Міржақыпқа айтпа, артымда ұлым бар деп жүрсін. Көп ұзамай келеді ғой, сонда бір-ақ естісін», – деді. Со бойы әкем ұлының қазасынан бейхабар күйде кетті ғой.
Сөйтіп, жан-жары Ғайнижамал қайғы үстіне қайғы жамап, Жақаңның көзінің қарашығындай қызы Гүлнарды құшақтаған күйі қала береді.
– Әкемнің тұңғышы әрі артында қалған жалғызы болғандықтан, мен үшін өмірдегі ең үлкен парыз әкемнің тегін сақтап қалу болды, – деп сабақтады үзілген әңгімені Гүлнар Міржақыпқызы, – Тегімді сақтау жолында көрмеген қиындығым қалмады, бірақ бәріне төздім. Қазақстанда мені оқытпады, қудалады, сол үшін мен Том қаласына барып, дәрігерлік оқуға түстім. Мен әкемнің жазықсыз кеткенін білетінмін. Әйтеуір, түбінде әділет жеңіп, әкемнің ақталатын сәтін ерекше күттім.
Басына қандай қасірет төнсе де, әкесінің тегін тастамай, бүгінге жеткізген Гүлнар Міржақыпқызын ұлт болып қалай ұлықтасақ та жарасады. Себебі ол – тек Міржақыптай әке мұрасын ғана жеткізуші емес, жалпы алаштанудың негізін қалауға атсалысқан тұлға. Сан жылдар қазағының саулығына жан аямай қызмет еткен ақ халатты абзал жан болғаны өз алдына. Ең алғаш арыстарымыз ақталған сәтте ең бірінші болып осы салада еңбек жазған – осы Гүлнар әжеміз. Бүгінгі Алаш баласы ең алғаш Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтармен сол еңбек арқылы қайта қауышты. Біз сол үшін, яғни тұтас ХХ ғасыр тарихы мен бүгінгі тарихты жалғаған Гүлнардай қайсар, ұлт алдындағы мұратын тіпті өз жанынан биік қоя білген ұлы әжемізге қарыздармыз. Жаратқан жаныңызды жаннатта шалқытсын, аяулы әже!
Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі бүгін Қазақстан Жазушылар одағында сағат 10:00-де басталады.
«Алаш айнасы»