Алаштың Жаһаншасы
Жуырда ардақты алаш арысы, қазақтан шыққан тұңғыш прокурор, әділет генералы Жаһанша Досмұхамедұлының 125 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында табысты өтті.
«Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың өз қолына беру. Қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз». Бұл – сонау аласапыран заманда айтылған Алаштың ақиығы Жаһанша Досмұхамедұлының өз сөзі. Өткен ғасырдың басында Тәуелсіздікке ұмтылған арыстар арманы сол ғасырдың аяғына таман ғана орындалды.
Ал бүкіл саналы ғұмырын ұлтының азаттығы жолына бағыштаған Алашорда көсемдерінің бірі Жаһанша Досмұхамедұлы кім еді? Ол 1887 жылы Орал облысы Жымпиты болысының (қазіргі Сырым ауданы) Бұлдырты ауылында дүниеге келген. Әкесі Досмұхамед Жайық өңіріне аты мәлім, дәулетті, көзі ашық, көшелі кісі болыпты. Ал анасы Рабиға атақты Сырым батырдың елінен шыққан көреген, ағайынға қолы ашық қайырымды жан екен. Осындай әулетте дүниеге келген Жаһанша жастайынан зерек, алғыр болып өсті. Заманның беталысын ерте бағдарлап, келешектің кілті білімде екенін жақсы сезген әкесі Жаһаншаға ауыл молдасынан сауат ашқызумен бірге оның елден ұзап оқып, жан-жақты білім алуын жөн көрген. Арнайы мұғалім жалдап, баласының орысша тілін сындырады, болыстық орыс-қазақ мектебіне оқуға береді.
Жаһанша 1899 жылы тамызда Орал әскери реалдық училищесіне түсіп, оны 1905 жылы алтын медальмен бітіріп шығады. Одан арғы оқуын атақты заңгер Бақытжан Қаратаевтың жол сілтеуімен Мәскеуде жалғастыруды жоспарлайды. Сөйтіп, ол 1906 жылы Император атындағы Мәскеу университетінің (бүгінгі М.Ломоносов атындағы ММУ) заң факультетіне түсіп, 1910 жылы оны да алтын медальға бітіреді. Жалпы, Мәскеу университеті Жаһанша Досмұхамедұлының құқықтық білімін өсіріп, саяси көзқарасын шыңдаумен бірге, оның азаматтық болмысының қалыптасуына зор ықпал етеді. Университет қабырғасында Жаһанша шешендік өнерге барынша ден қояды. Құдай берген қабілетіне қоса, орыс тілінде ораторлыққа жаттығу арқылы ол екі тілге бірдей жүйрік шешен болып шығады. Жүйелі сөзімен, өткір тілімен елді ұйытып, көпшілікті баурап алатын. Тіпті сөз шеберлігімен орыстарды таңғалдыратын. Бұл қасиетінің алдағы қоғамдық-саяси қызметінде көп пайдасы тиген. «Сөздің шешені – Жаһанша, жазудың шебері – Міржақып» деген сөз қалуы да сондықтан болса керек.
Ал 1913 жылы Орынборда шыға бастаған «Қазақ» газеті Жаһаншадай жастың рухын оятып, ұлттық-саяси ұстанымын ұштай түседі. Отарлық құлдықтан қайткенде де құтылу, елінің оянуы, білімге ұмтылу, басқалар санасатындай ел болу Жаһанша үшін ең басты құндылықтарға айналады. Осының арқасында Жаһанша өз ұлтының бұрынғы тарихынан мемлекеттілік нышандарын іздей бастайды. Тәуке ханның «Жеті жарғысын» қазақтың тұңғыш заңдар жинағы ретінде көрсетіп, қазақтардың дәстүрлі құқық жүйесі туралы батыл пікірлі мақалалар жариялайды. «Қазақ халқында басқару жүйесі болған: хандық жүйеге бағынған» деп, қазақтың арғы тарихындағы бүкіл ханды атап көрсететін көлемді ғылыми мақалалар жазады. Жаһанша 1911-1917 жылдар аралығында әуелі адвокат, кейін Том округтік сотының Каинск уезі бойынша прокуроры болып қызмет атқарды. Осы өңірдегі және қазақ даласындағы сот істеріне қатысып, прокурор және адвокат ретінде күрделі істердің үдесінен шыға білді. Жаһаншаның сол кездегі әскери шені әділет генералы еді.
1917 жылы жазда және желтоқсанда өткен І және ІІ жалпықазақ съездеріне Орал қазақтары атынан делегат болып қатысып, соңғы съезде Алашорда үкіметіне мүше, «Шуро-и-исламға» ІІ жалпықазақ съезі атынан өкіл болып сайланды. Өмірінің Петроград кезеңінде болашақ «Алаш» партиясының бағдарламасын түзу ісін қолға алды, Бас жер комитетіндегі, Ішкі істер министрлігіндегі, Сот министрлігінің Халық соттарына өзгеріс енгізу кеңсесіндегі, оқу министрі жанындағы Халық комитетіндегі қазаққа қатысты істермен айналысты. Петроградтағы Қазан төңкерісін көзімен көрді. Кеңес өкіметінің алғашқы айларында Ленинге Петроград көпшілік кітапханасында сақтаулы тұрған ислам дүниесінің асыл жәдігері – Осман халиф жиғызған «Құран Кәрім» нұсқасын қайтару жөніндегі «Шуро-и-ислам» комитетінің тілегін жеткізіп, бұған рұқсат алды. Соның нәтижесінде Қасиетті «Құран-кәрім» алдымен Уфаға, кейін Ташкентке жеткізілді.
1918 жылы мамырда Жымпитыда өткен Орал облысының IV қазақ съезінде «Ойыл уәлаяты» деп аталған мемлекеттік құрылым құрылды. Ешкімге бағынышты болмаған сол тұңғыш Қазақ үкіметінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедұлы, премьер-министр және әскери істер министрі қызметін қоса атқарды. Ал Халел Досмұхамедұлы – төрағаның орынбасары, Дәулетше Күсепқалиев – үкімет кеңесінің басшысы, Жанқожа Мергенов – ішкі істер министрі, Салық Омарұлы (Сырым батырдың ұрпағы) – жер шаруашылығы министрі, Хазірет Сағидолла Ізтілеуов – рухани істер министрі, Иса Қанжасаров – Қаржы министрі қызметін атқарды. Кейіннен 1918 жылы қыркүйекте Уфада өткен Алашорданың шұғыл мәжілісінің шешімімен Алаш автономиясының күнбатыс өлкелерін басқару үшін «Ойыл уәлаятының» орнына Алашорданың батыс бөлімшесі құрылады. Төрағасы болып Жаһанша сайланады. Ол құрылым екі жылдай өмір сүрді. Одан кейін кеңес басшылығының Алашорда мүшелеріне сенімсіздік танытатыны анық болды. Бұдан кейінгі арыс ғұмыры да қалған Алаш қайраткерлерінің өміріне ұқсас еді. Ол Қызылорда, Алматы қалаларында әртүрлі қызметтер атқарып, 1930 жылы Мәскеуге ауысады. Сол жылы қазан айында тұтқындалып, 1932 жылы Воронежге бес жыл мерзімге жер аударылады. 1938 жылы қайта тұтқындалып, есіл ер үштіктің үкімімен ату жазасына кесіледі.
Дархан МЫҢБАЙ, ҚР мәдениет және ақпарат министрі:
– Өткен ғасырдың басында ұлы даланы ұйқыдан оятып, ұлт рухына ұстын болған Алаш қайраткерлерінің ел тарихындағы еңбегі ұшан-теңіз. Өскелең ұрпаққа берер тағылымы орасан зор. 70 жылдан астам аттарын атауға тыйым салынып, еңбектерін шаң басқан архивтің сөрелерінен шығартпай қойған солақай саясаттың заманы өтіп, бүгінгі Тәуелсіздік тұсында Алаш арыстарының рухы халықпен қайта қауышып жатыр. Жаһанша Досмұхамедұлы – ХХ ғасырдың басындағы ірі саясаткер, кәсіби заңгер, көрнекті қоғам қайраткері. Қазақ халқының оқу-білімге ұмтылуына жол ашып, білім алып жатқан қазақ балаларына стипендия беріп, қазақ тіліндегі оқу құралдарын көптеп шығаруға үлес қосқан Алаш азаматы.