Алаштың ЖАС ТҰЛПАРЫ

Алаштың ЖАС ТҰЛПАРЫ

Балалар әдебиетін бүгінгі заманға сай дамытып отырмыз ба?
Бүгінгі бала – еліміздің ертеңгі иесі. Ал оның қалыптасу жолында ұлттық тамырынан ажырамаған әдебиеттің сіңірер еңбегі өлшеусіз. Жалпы, халықтың өре-деңгейінің биік болуының бір ұшы осы балалар әдебиетімен тығыз байланысты екені даусыз.


Көркем әдебиет көпшілікке ортақ ұлы ұстаз болса, балалар әдебиеті – сол көркем әдебиеттің уызы. Өкінішке қарай, бүгінгі балалар әдебиеті қажетті деңгейде жан-жақты қолдау-көмек көре алмай отыр. Еліміздегі кітап дүкендерінің сөрелері көбіне ресейлік қызылды-жасылды кітап­тармен толтырылған. Жергілікті баспа­ла­ры­мыз балаларға арналған жинақтар шығарғанымен, сапа жағынан әлі де болса өзгелерге ілесе алмай келе жатқаны анық. Сондықтан да Қазақстандағы қаржылық топтар мен жекелеген қалталы азамат­тар осы мәселеге аса бір ден қойса деген тілегіміз де жоқ емес. Болмаса қит етсе  мемлекетке алақан жайып, жоғарыдан бө­лі­нетін санаулы қаржыға қарап, аз ти­ражға байланып отыра беру кімге тиі­мді? Оның үстіне, қазіргі уақытта бала­лар тақырыбына жазатын жастар аз. Бірді-екілі байқаулар болмаса, балалар әде­биеті мемлекеттің қамқорына толық­қанды алынбай отыр. Бұл саланы дамыту үшін өзіміз не істеуіміз керек?
Гүлфарида Зейнулина, республикалық «Ұлан» балалар басылымының тілшісі:
– Қазіргі қазақ балалар әдебиетінде «Дарабоз» бәйгесі ғана белгілі. Бұл байқау­дың өмірге қалай келгендігі жайлы жазу­шы Шәкен Күмісбаев жазып та, айтып та жүр. Бірақ жалғыз байқаудың сыртында «дұрыс ұйымдастырмайды, шығармалары сын көтермейді» деген сөз жиі айтылады. Ал осы сөзді таратып жүргендер – жас жазушыларды оқымайтын, қолдарынан еш нәрсе келмейтіндер. Керісінше, біткен істің астарынан кір іздемей, осындай жобаларды ұйымдастыруға жұдырықтай біріксек деймін. Меніңше, мемлекет бала­лар әдебиетіне көңіл бөлсе, байқаулар ұйым­дастырып, шығармаларды том-том кітап етіп шығарса... Барлық аймақтағы кітапханаларда жастардың еңбегін таныстырып, оқырманды қызықтырса... Телеарналар сапасыз сериалдарын жойып, кешегі, бүгінгі қазақ әдебиетін топтас­тырған бағдарламалар ұйым­дастырса... Ең алдымен жа­зықсыз құрбан болған Ахмет, Мағжан, Міржақып, Бейім­бет­тің ашылмай келе жат­қан қилы тағдырын, шығар­маларын жарияласа деймін. Сонда ғана бүгінгі бейбіт таң үшін тер төккен бабалардың ерлігін оқы­ған қазақ баласы әдебиетін, ұл­тын мақтан тұ­тары анық.
Меруерт Наурызбай, ақын:
– Бүгінде біз­­де балалар әдебие­тіне ла­йы­қ­­ты көңіл бө­лін­бегендік­тен, бұл салада шешілмеген мәселе көп. Елімізде балалар кiтапханасы, балаларға арнал­ған сайттар  жетiспейдi. Үлкен-кіші қа­лам­герлеріміздің арасында балалар тақы­ры­бына жазатындар аза­йып кеткен. Болса да көрінбейді. Себебі кең насихат жоқ. Кейде балаларға арнал­ған қазақша кітаптарды алып қарасаңыз, ішіндегі сөз тіркес­тері мен теңеулері тым ауыр. Менiң ойым­ша, қазіргі оқушы­лар, жасөс­пі­рім­дер балалар басылым­дарымен, интер­нет­пен әуес­теніп кеткен. Со­ның салдары­нан олар көр­кем әдебиетке қол созып, көз сала бер­мей­ді. Баланы кітапқа баулу отбасынан бас­тау алуы керек.

Сейілбек Асанов, халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газетінің тілшісі:
– Жалпы, балалар тақырыбын жазуда өзіндік қиындықтардың болуы – заңды құбылыс. Өйткені бұл жанрда жазатын жазушыларға арнайы дайындық, зерттеу қажет.  70-80 жылдарда Кеңес өкіметінің арнайы тапсырмасымен жазылған балалар шығармалары көп болды. Және олардың барлығы жан-жақты зерттеліп, арнайы психолог мамандардың көмегімен дайындалды. Яғни балалар әдебиетінде Кеңес өкіметінің өзіндік идеологиясы көрініп тұрды. Ал қазір ше? Елімізге сырттан келетін балаларға арналған  басылымдар өте көп. Батыс жазушы­лары балаларға не беру керектігін жақсы біледі. Олар жаңа батырларды, мемлекетті құтқара алатын жаңаша тұлғаларды қызықты етіп жазып, арнайы балаларға арналған ком­панияларына сатады. Тиісін­ше, ол туындының бағасы қым­бат­тау болады. Мен бұл туралы BBC-дің арнайы парақшасынан оқыған едім. Менің ойымша, балалар әдебиеті жалпыхалық­тық, ұлттық, республикалық баспасөзде ауқымды наси­хат­талмай келеді. Осы саланы дамыту үшін жо­ға­рыда аталған басы­лым­дарға арнайы айдар­лар, тұрақты түрде бет арнап, авторларды тарту қажет деп ой­лай­мын. Және де ав­тор­­лар арнайы психологпен байла­ныс­та болып, шы­ғар­маны бала­лар психологиясын зер­т­теу арқылы жазса деймін. Бұл мәселе балаларға арналған әдеби агенттік ашу арқылы шешілмейді. Тек авторларға оқыр­мандар дұрыс көзқарас танытса, олардың жаз­ған­дары насихатталып, кітапта­рын мемле­кеттік баспаханалар дер кезінде кезек күттіртпей басып отыр­са, бұл мәселе оңтайлы шешілер еді деп ой­лай­­мын.


«Балауса» бәйгесінде бақ сынап көр
Биыл Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақмыс» корпорациясы бірігіп балаларға арнап жазылған шығармаларды сарапқа салатын «Балауса» атты бәйге жариялады.


Шығармашылық ба­й­қау бойынша сәби­лер мен бүл­дір­­шіндерге арналған әдеби (проза­лық, поэзия­лық, сах­на­лық) шығарма­лар арна­йы қазылар алқа­сының қа­таң сүзгісінен өтеді. Бәй­­ге­ге 2-8 жас ара­лығындағы сәби­лер­ге ар­нал­ған шығар­малар қа­был­данады. Жал­пы көлемі үш беттен ас­пауы шарт. Шығармалар 1,5 интервал­мен, 14-кегель­мен стан­дар­т­­­­қа сай тері­ліп, үш дана етіп жолдануы керек. Ав­тор­дың аты-жөні, мекен­жа­йы, телефоны жа­бық кон­вер­тке салынып, сыр­ты­на бүркен­шік аты жа­­зы­ла­ды. Бәйгеге деген шығарма­лар желтоқ­сан айының 31-іне дейін қа­был­данады. Қорытын­дысы  2013 жы­лы сәуір айы­ның 2-сінде жария­ланады. Бұрын жа­рия­ланған, уақы­ты­нан ке­ші­гіп келген шығарма­лар қабыл­дан­байды. Әділ­ қазылардың шешімі қай­та қарауға жатпайды.  Бәйге қоры тө­мен­дегідей:
«Балаусаның» басты мақсаты – балалар әдебиетіне қолдау көрсету арқылы бүгінгі заман талабына сай шығармалардың жазылуына ықпал ету, сол арқылы балаларды қаршадай кезінен өз ұғымдарына лайық әдеби туындылармен молынан сусындатып, туған елге, ата-анаға, дос пен бауырға деген сүйіспеншіліктерін қалыптас­ты­рып, ұлтжанды, өнегелі, білімқұмар болып өсуіне негіз қалау. Ендеше, қалам ұстаған жас талант, қазақ ба­ла­сы оқитын жақсы жығарма жазуыңа мүмкіндік бар. Бәйгенің жұмыстары мына мекенжай бойынша қабылда­на­ды:

Бас бәйге біреу – 700 мың теңге.
Бірінші орын біреу – 500 мың теңге.
Екінші орын екеу – 300 мың теңге.
Үшінші орын үшеу – 200 мың теңге.

050000, Алматы, главпочтамп, абоненттік жәшік, 176. Анықтама үшін: 2 61 12 52, 8 705 447 18 15


Кітап палатасына – 75 жыл

Биыл ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының құрылғанына 75 жыл толып отыр.
Осы орайда жуырда Алматыда «Еліміздің ұлттық мәдени-тарихи мұрасын сақтау мен дамытудағы Қазақстан Кітап палатасының рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжіри­белік конференция болып өтті.
Ұлттық мемлекеттік Кітап пала­тасы еліміздегі бірден-бір ұлттық библиографиялық орталық саналады. Қазақстанда шығатын барлық баспа өнімін есепке алып, өңдеу, статис­тикасын жүргізіп, сақтау  – Кітап па­ла­­тасының басты міндеті. Ұлт­тық мемлекеттік Кітап палатасы­ның Баспасөз мұрағатында 4 мил­лион­нан астам баспа өнімі, оның ішінде 400 мыңнан астам кітап өнімі сақ­тал­­ған.
Қазіргі кезде Кітап палатасының негізгі қызметі баспасөз қорын жинақ­тау мен сақтау ғана емес, ұлттық библиографияның, баспасөз статисти­ка­сы, кітап шығару, кітап тарату, кітап оқылымы мен социологиясы са­ла­сындағы ғылыми-зерттеулерге бағытталған.
Конференция барысында ұлттық библиография және кітап ісінің қазіргі жағдайы, кітап шығару, кітап тара­ту, кітап оқуды дамытуды қолдаудың салалық «Ұлттың интел­лек­туалдық деңгейін кө­те­ру туралы ҚР Президен­ті Н.Назарбаевтың тап­сыр­­масын жүзеге асы­ру мақ­са­тында ұлттық кітап шығару ісінің бәсе­келес­тігін арттыру» бағ­дар­­ламасы­ның көрсеті­лімі, интернет кеңістікте «Wikiбілім» қо­ғам­дық қо­ры­мен баспасөз мұраға­тының электронды база­сын құру туралы келісім жасалды. Сондай-ақ  Қа­зақс­тан және Қырғыз­стан Кітап пала­талары арасында «Ынтымақтастық туралы» келісімге қол жеткізілді. Кон­фе­ренция жұмысына еліміздің зиялы қауым өкілдері, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлі­гі Ақпарат және мұрағат комите­ті­нің жетекші мамандары, ТМД елдері Кітап палата­сының бас­шы­лары, ғылым және білім саласының қайрат­кер­лері, баспа және кітапхана ісі сала­сының мамандары қатысты.


 Микроблогтағы жыр                                                                                                          
                                                                                                                yerlan_junus_84@mail.ru

ХХI ғасырдың басы қазақ әдебиетіне жаңаша ойлау мен жаңаша жазатын бірқатар жас таланттар шоғырын алып келді. Солардың ішінде терең білімі мен табиғи дарынын ұштастырып жүрген ақын Ерлан ЖҮНІСтің алатын орны ерекше. Аға буын қаламгерлер мен оқырман тарапынан жоғары баға алып жүрген Ерлан ақынның өлеңі тылсым иірімдер мен тосын қайырмаларға толы. Кітапқа қол тигізе бермейтін бүгінгі заманда жастардың шығармаларымен көбіне ғаламтор арқылы танысуға мүмкіндік мол. Бүгінгі жыр жуырда ғана Ерланның микроблогынан көрініс тапты.

Өзіңде – Өзің,
Өзімде де – Өзің, өз, өз, өз...
Өзеуреп бүгін өзіңді ойлар кез емес.
Еркіндігіңді құрметтей алам мен сенің,
Еркінсу бірақ есіру деген сөз емес.

Өзімшіл ұлдың бірі – мен едім, мен едім,
Тәкаппар еткен Тәңірім менен Өлеңім!
Мен бірақ, күнім, еркіндік деген дүниенің,
Салдарын емес, құрметтеуші едім себебін.

 Еркіңді, ойды, тандауды, арды, төзімді –
Тәуелсіз еттім, боданың еттім сезімді....
Өмірді мынау өзгертіп кетем деп жүріп,
Өзгертіп әлде алдым ба екем Өзімді?!.


Құлаққағыс
Қазақстан Жазушылар одағының биыл­ғы күзде өтетін кезекті ХІV құрылтайы қар­­са­ңында жазушылардың теле­фон анық­та­малығы қайтадан жаңаланып шығарылмақ.
Осыған байланысты Жазушылар ода­ғы­на мүше қаламгерлер биылғы жылдың 25 шілдесіне дейін өздерінің тұрақты мек­ен­жай­лары мен телефон нөмірлерін, қаже­тінше ұялы телефон нөмір­лерін де қоса Одақ­қа хатпен немесе факс арқылы жібе­рулері тиіс.
Қаламгерлер өздеріне қатысты мәлі­мет­терді 8 (727) 272-62-93 нөмірлі телефонға хабар­лап айтуларына да болады.


SMS Айтыс
«Келгенде шілде деген шіліңгір ай, Рамазан оңай болмас бұрынғыдай...»


«Sms-айтыс» айдарында бұған дейін айтыскер ақындар Айтақын Бұлғақов пен Жұматай Әміреевтің,  Серікзат Дүйсенғазин мен Жандарбек Бұлғақовтың сөз қағыстырулары мен ақындар Бақытжан Алдияр мен Алмат Исәділдің өлеңмен жазысқан хаттарының нұсқасын жариялаған болатынбыз.
Бұл жолы оқырман назарына белгілі айтыскер ақындар –  журналист, Қазақ радиосындағы «Қайырлы таң, Қазақ елі!» таңғы бағдарламасының жетекшісі Бақыт ЖАҒЫПАРҰЛЫ мен «Асыл арна» телеарнасының қызметкері Асхат ІЗТІЛЕУДІҢ ой жарыстырған  өзара sms-айтысын ұсынып отырмыз.

Асхат:
Уа, Бәке, осындай ғой бар талант,
Қай жаққа көшпексіңдер арқаланып?
Ақыры елордасы Астанаға,
Көше ме радио мен «Шалқар» анық?

Бақыт:
Бас қалада асқақтап құның сенің,
Бір кезде Астанада тұрушы едің.
Арқардай аудың неге Алматыға,
Есілім деп есінеп, ұлушы едің.

Асхат:
Тасбауыр емеспін ғой түк елемес,
Ол кезде төрт құбылам түгел емес.
Қара қазан секілді қалып қоймай,
Үй беремін десе егер – үдере көш.

Бақыт:
Көшуді тоқтатқан жоқ жаңа заман,
Ал қазаққа қазына қара қазан.
Айтпақшы, Асхат інім, құтты болсын,
Он екі айдың сұлтаны Рамазан.

Асхат:
Келгенде шілде деген шіліңгір ай,
Рамазан оңай болмас бұрынғыдай.
Ораза ұстау қаншалық қиын болса,
Сыйын да арттырады мұның Құдай.

Бақыт:
Мен сені тақуадан кем тұтпадым,
Бұрандасын бекітіп бер тұтқаның.
Сөзіңді жұрттың бәрі тең түсінбес,
«Ораза ұстау қиын» деп қорқытпағын.

Асхат:
Аузымдағы сөзіме мен абаймын,
Халқыма бақтан басқа не қалаймын?!
Оразадан қорқатын түгі де жоқ,
Ислам – әлемдегі ең оңай дін.

Бақыт:
Ол дұрыс, исламды үлгі етесің,
Сөзімізден байқалмас шын кекесін.
Сөзің мен ісің сенің екі бөлек,
Радиоға бір келіп, бір кетесің.

Асхат:
Радиоға кім келіп, кім кетпеген,
Сондықтан да қараймын құрметпенен.
Сөзің мен ісің бөлек дей көрмегін,
Талпынып жүрген жанмын сүннетке мен.

Бақыт:
Сыр бөлісіп, дәл сендей жақсы ұлменен,
Ойымыз өз арнасын тапсын деп ем.
Сүннетті де ибамен, құрметті де
Сақтағайсың cабақтап дәстүрменен.

Ақындардың бағасы мен осы шағын айтысқа байланысты ұсыныс- пікірлеріңізді газетіміздің электронды поштасына жолдауларыңызға болады. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, қолына қалам ұстаған жастар мен қалыптасқан кәсіби ақындардың да sms арқылы өзара өлеңмен ой-пікір алмасқан шағын айтыстарын лайықты деп тапсақ, жариялауға дайынбыз.


Қаперге

Қадірлі оқырман, халқымыздың талантты өрендері, жас қалам иелері! «Алаштың жас тұлпары»  қосымшасының алдағы сандарында жас ақындардың жырларынан құралған «Алаш антологиясын» шығару ойымызда бар. Жасы 35-ке дейінгі ақындар лирикалық тақырыпта жазылған бір өлеңін өзінің суреті және қысқаша өмірбаяндық мәліметімен қоса редакциямыздың электронды хат қоржынына жіберуі тиіс.
Сондай-ақ бүгінгі әдебиет, руханият жөніндегі пікірлеріңіз бен шағын ойтүрткі мақалаларыңыз болса, бізге жолдаңыздар. «Жас тұлпар» қосымшасының электронды нұсқасын оқу үшін газетіміздің сайтын ашып (www.alashainasy.kz),  «Өркениет» бөлімінің пернесін басу қажет.

Бетті дайындаған Алмат Исәділ, байланыс үшін: almat-76@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста