Алаштың ЖАС ТҰЛПАРЫ

Алаштың ЖАС ТҰЛПАРЫ

Оралханға оралу
Елімізде жыл сайын «Бір ел – бір кітап» акциясы табысты өткізіліп келеді. Биыл республикамыздың кітапханалары мен оқу орындарында қазақтың көрнекті қаламгері Оралхан Бөкейдің шығармаларына ден қоюда.
Кітап оқу – білімділіктің көрсеткіші, мол кітап қоры – бақуаттылықтың бел­гісі. Абай «Артық білім – кітапта» деп айтты. Кітап – белгілі бір дәуір, уақыт алға қойып отырған көкейкесті мәселелері туралы парасатты жүректің рухани толғанысы, андыздаған ойы, ақшаңқан сезімі, эруди­циясы, дүниеге көзқарасы. Бұл тұрғыда көркем әдебиеттің атқаратын орасан зор қызметімен бұл дүниеде ештеңе теңесе алмайды. Сондықтан  жазу­шы, ақын  – берісі бір ұлт, арысы бүкіл дүниежүзінің рухани ұстазы. Жазушы шығармасында тәлім-тәрбиенің бастауы, ақыл-ойдың кені жатуы тиіс.
Асқар Сүлейменовтің «Зады, бірегей тұлғаларға, бірегей кітаптарға сын есім жүрмейді» деген қанатты сөзі құдды осы шарада таңдалып отырған жазушы Орал­хан­ның  шығармашылық болмысы мен оның «Қайдасың, қасқа құлыным?» пове­с­і­не арналып айтылғандай көрінеді. Қаламгер көзі тірісінде-aқ азаматтық тұлғасы мен шығармашылық шеберлігін туған өлкесі Алтай тауларының өрлігін­дей биік-биік шыңдарға орнықтырып үлгер­генін исі қазақ қана емес, мұқым дүние біледі. Әлемді шығармасымен мо­йын­дат­қан жазушы есіміне сондықтан анық­тауыш сөз қажеті шамалы. Шығар­масына туған жердің ұлылығын дарытқан О.Бөкей – расында, замана тудырған заңғар суреткер.
«Қайдасың, қасқа құлыным?» повесін оқып отырғанда, талай ұлыларды дүниеге әкелген қасиетті жер, шығыстың байлы­ғына қана түсіп, талай ғасыр куәсі болған шежірелі Алтай тауларының баурайына табан тіреп тұрғандай, заңғар шыңдарына көз тігіп тұрғандай әсерге бөленесің. Әке тәрбиесі, отбасы құндылығы, үлкенге құрмет, аманатқа адалдық, байлыққа көзін сатпайтын адами қасиетті – қазақ­тың қанына сіңген қасиетті шығарманы оқи отырып қана көруге болады. Бұл шығарма шоқтығын тек биіктете түседі. Нағыз жазушы өз заманындағы әлеумет­тік-саяси, философиялық, эстетикалық ой-сана, білім, таным, идеялардың биігін­де тұруға тиіс, ендеше, жазушы осы үде­ден шыға алған деп ойлаймын. Өскелең ұрпақ бойына туған жер қасиетін сіңіру үшін, туған тілінің, дінінің қадірін ұғын­дыру үшін, оның салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын өлтірмей, атаның жаққан шыра­ғын өшірмей отыру үшін кітаптың берер пайдасы ұшан-теңіз. 
Бір жазушының бір шығармасы немесе кітабын таңдап алып, оны бүкіл ел болып оқу тәжірибесі – ХХ ғасыр жаңа­лығы. Мұндай акция ең алғаш Жапонияда қолға алынған әрі күні бүгінге дейін дамыған елдерде өз жалғасын тауып келеді. Біздің елімізде биылға дейін осы акция аясында ақын-жазушылардың шығармаларын ел болып оқу тұрақты қолға алынған.
Ғабит Мүсірепов «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде  ұлт та ұлы бола ал­май­ды» деп ақиқатын керемет дөп айтып еді. «Кітап маған тақтан да қымбат». Бұл – У.Шекспирдің сөзі. Д.Дидро «Адамдар оқудан қалғанда ойлаудан да қалады» деп тұжырды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: келешегіміз кемел болсын десек, ұлт болашағына қам жесек, онда көркем әдебиеттен, исі кітаптан қол үзбейік, ағайын дегім келеді.
Жанболат БЕРІКҰЛЫ


«Жас толқын» жаңа кітаптардың тұсауын кеспек
Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері ұлттық әдебиетімізді дамы­туға байланыс­ты бірқатар мемлекет­тік бағдарла­малар мен жоба-жоспарлар өз кезегімен жүзеге асырылып келеді.  Бүгінде отандық баспалар мемлекет­тік тапсырыспен қазақ қалам­герлерінің көркем шы­ғарма­ла­рын жарыққа шығарып отыр. Жалпы, кітап басу және оны тарату ісінде қазіргі Қазақ­стан біршама ілгері қадамдар жасай бастады.


Бұл ретте еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан да ауқымды істер атқарылуда. Әсіресе әдебиетке енді қадам басып келе жатқан жас таланттардың еңбектерін жарыққа шығаруда аталған министрлік баспалар­мен бірлесе жұмыс жүргізе отырып, жыл сайын жаңа кітаптардың оқырманға жетуін қамтамасыз етіп отыр.
Биылғы жылдың өзінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әдебиеттің маңы­з­ды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Жалын» баспасынан «Жас толқын» сериясымен бір топ жас ақын-жазушылардың кітаптары жарық көрді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министр­лі­гінің бастамасымен 2008 жылдан бері қолға алынып келе жатқан  «Жас тол­қын» сериясына енетін жас авторлардың жаңа шығармалары Қазақстан Жазушы­лар одағының ұсыныс-рецензиясын негізге ала отырып баспада әзірленіп, өндіріске жіберіліп келеді.
Ұлттық әдебиетіміздің болашағы сана­латын жас қаламгерлер мемлекет тарапы­нан жан-жақты қолдау көріп отырғанды­ғын ел руханиятының өскен­дігі деп ба­ғалағанымыз жөн. Қаламгерін мойын­даған мемлекеттің үнемі рухани жағынан кемелденіп отыратыны ақиқат. Ендеше, «жақсы кітап – жан азығы» демекші, ал­да­ғы уақытта да қазақтың сөзі түзу, еңсесі биік болсын деп тілейік. Осы орайда, бүгінгі заманның жаршысы саналатын жас қаламгерлердің шығарма­шылық еңбектерін жинақтап, кітап етіп бастырып, барынша қолдау-көмек көр­сетіп отырған еліміздің Мәдениет және ақпарат министр­лігіне, Қазақстан Жазу­шылар одағына, сондай-ақ  әркез жалын­ды жастардың жаңа дүниелерін жария­лауға дайын тұратын «Жалын» баспасына қалың оқырман да өз ризашылығын білдіруде.

P.S.
Оқырмандар арасында ерекше қызығушылыққа ие болып келе жатқан осы «Жас толқын» сериясымен жарық көрген  кітаптардың тұсаукесер рәсімі алдағы 14 қарашада сағат 11:00-де Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткізілмек. Оған аталған жинақтардың авторлары мен белгілі қаламгерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және жалпы кітапсүйер оқырмандар қатыспақ.

Таңатар АЙТҰЛЫ


Микроблогтағы жыр

Қазір салқын самалы ескен қоңыр күздің шағы. Айналаны сары алтынға бояйтын, әлдебір сағынышқа толы табиғаттың осы бір ғажап мезгілі кез келген шығармашылық адамына шабыт сыйламай қоймасы анық.
Қадірлі оқырманға ұсынар бүгінгі жыр шумақтарының иесі,  ақын қарындасымыз Сандуғаш Әлімжанова да – сарғайған сағынышқа толы өлеңдерімен әдебиет өлкесіне енді аяқ басып, өзіндік үнімен ерекшеленіп жүрген жас талант.
Сыршыл да нәзік жазбаларын көпшілікке ұсына бермейтін Сандуғаштың мына бір шағын өлеңін өзінің микроблогындағы жазбаларынан алған едік.

Күз

Жапырақтар қалбаң қағып ақырын,
Салқын жауын, қорғаным қолшатырым.
Сыздауытта сығырайған күн көзі,   
Сездіргендей жадау күздің жақынын.   
   
Кім біледі, ауыр ма, әлде жеңіл ме,
Көктегі бұлт көшіп қонды көңілге.
Қуаныштың соңғы легі – тырналар,
Қол бұлғайды қуаң тартқан өңірге.

Қара жерге сары кілем жайылған...
Қара жерден қайсы менің айырмам?
Қара суық күзге мынау не дейін,
Қарашада сіз бен бізді айырған...


«Дарын» сыйлығы кімдерге бұйырады?
Жыл басында еліміздің Білім және ғылым министрлігі ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына конкурс жариялаған болатын.
Қазіргі уақытта ел ішінде «осы сыйлық кімге бұйырады екен, қандай жас таланттың маңдайы жарқырап тұр екен» деген әңгіменің төңірегінде түрлі болжамдар айтылуда. «Дарын-2012» мемлекеттiк жастар сыйлығына құжаттар қабылдау шарасы биыл 1-27 қазан аралығында өткен.

Енді біраз күнде тиісті талаптарды ескере отырып, қоғамға белгілі тұлғалар­дан арнайы құрылған қазылар алқасы  байқауға түскен үміткерлердің шығарма­шылық, ғылыми және өзге де еңбектерін сарапқа салып көрмек.
«Дарын-2012» мемлекеттiк жастар сыйлығы Қазақстан Республикасының 35 жасқа дейiнгi азаматтарына жемiстi ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметтерi үшiн берiледi. Әр жылдары әртүрлі аталым бойынша Әубәкір Смайыл, Бақтияр Артаев, Илья Ильин, Ольга Шиши­гина, Мейрам Бегентаев, Махат Садық, Жанарбек Әшімжан, Ринат Кертаев, Бекболат Тілеухан, Нұрлан Өнербаев, Қыдырәлі Болманов, Ақберен Елгезек, Ерболат Құдайберген сынды есімдері елімізге белгілі азаматтар  сый­лық иегерлері атанған.
Сыйлық талантты жастарды ынталан­дыру және олардың айрықша сіңірген еңбегін тану мақсатында беріледі.
«Дарын» сыйлығы, негізінен, екі жыл­да бір рет ғылым, әдебиет, журналисти­ка, спорт, халық шығармашылығы, дизайн және бейнелеу өнері, эстрада, театр және кино, классикалық музыка, қоғамдық қыз­мет атаулары бойынша бір рет бері­леді.
Сыйлық алу үшін қызметі инновация­лық болып табылатын, тиісті саланы және жалпы қоғамды дамытуға ықпал ететін кандидаттар ұсынылады.
Бiр кандидатураны сыйлыққа қайта ұсынуға болмайды. Бiр кандидатура бiр аталым бойынша сыйлыққа ұсыны­лады.
«Ғылым» аталымы бойынша қосымша міндетті мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың қорытындысы ұсынуы тиіс.
Сыйлық алған адамдарға ҚР Үкiме­тiнiң «Дарын-2012» мемлекеттiк жастар сыйлығының лауреаты» атағы берiлiп, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйлық табыс етiледi. Сыйлықтар салтанатты жағ­дайда тапсырылады, марапаттау рәсiмi еліміздің Тәуелсiздiк күнi мерекесіне орай­ластырылады. Нағыз «дарындардың» есімдерін сол күні білетін болармыз. Бұл ретте, жоғары марапатқа шын лайық жандардың еңбегі ескерілсе деген ниет-тілегіміз бар.
Таңатар АЙТҰЛЫ


«Балауса» бәйгесінің шарты қандай?

Елімізде «Балауса» деп аталатын балаларға арналған шығармалардың байқауы өтеді деп естіп едім. Осы байқаудың талап-шарттары туралы нақты мәлімет берсеңіздер.
                                                                                                   Нұрбек, Алматы облысы

Биыл Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақмыс» корпорациясы бірігіп, балаларға арнап жазылған шығарма­ларды сарапқа салатын «Балауса» атты бәйге жариялады.
Шығармашылық байқау бойынша сәбилер мен бүлдіршіндерге арналған әдеби (прозалық, поэзиялық, сахналық) шығармалар арнайы қазылар алқасы­ның қатаң сүзгісінен өтеді. Бәйгеге 2-8 жас аралығындағы сәбилерге арналған шығармалар қабылданады. Жалпы кө­лемі үш беттен аспауы шарт. Шығарма­лар 1,5 интервалмен, 14-кегельмен стан­дартқа сай теріліп, үш дана етіп жол­да­нуы керек. Автордың аты-жөні, мекенжайы, телефоны жабық конвертке салынып, сыртына бүркеншік аты жазылады.

Бәйгеге деген шығармалар желтоқсан айының 31-іне дейін қабылданады. Қорытындысы  2013 жылы сәуір айының 2-сінде жарияланады. Бұрын жария­ланған, уақытынан кешігіп келген шығармалар қабылданбайды. Әділқазы­лардың шешімі қайта қарауға жатпайды. 
Бәйге қоры төмендегідей: 
• Бас бәйге (біреу) – 700 мың теңге
• Бірінші орын (біреу) – 500 мың теңге
• Екінші орын (екеу) – 300 мың теңге
• Үшінші орын (үшеу) – 200 мың теңге

Жеңімпаз авторлар осындай ақшалай сыйлықтарға ие болмақ, ал олардың шы­ғармалары республикалық «Қазақ әде­биеті» газетінің арнайы қосымшасында жарияланатын болады. Ұйымдас­тырушылардың айтуынша, бәйгенің екінші кезеңі бойынша бәйге алған таңдаулы туындылар арнайы кітапқа топтастырылмақ.
Бәйге жұмыстары мына мекенжай бойынша қабылданады:
050000, Алматы, главпочтамп, абоненттік жәшік, 176
Анықтама үшін тел: 2 61 12 52, 8 705 447 18 15

Қазақстан Жазушылар одағы бас­қар­масы мен «Қазақмыс» тобының өкіл­дерінен құралған арнайы әділқазылар бәйгеге қатыстырылатын жұмыстарды қарап, жеңімпаздарды анықтайды. Бәй­геге кәсіпқой жазушылар да, әуесқой автор­лар да, сонымен қатар шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдері де қатыса алады.
Ұйымдастыру комитеті


Қаперге!
Қадірлі оқырман, халқымыздың талантты өрендері, жас қалам иелері! «Алаштың жас тұлпары»  қосымшасының алдағы сандарында жас ақындардың жырларынан құралған «Алаш антоло­гиясын» шығару ойымызда бар. Жасы 35-ке дейінгі ақындар лирикалық тақырыпта жазылған бір өлеңін өзінің суреті және қысқаша өмірбаяндық мәліметімен қоса, редакциямыздың электронды хат қоржынына жіберуі тиіс.
Сондай-ақ бүгінгі әдебиет, руханият жөніндегі пікірлеріңіз бен шағын ойтүрткі мақалаларыңыз болса бізге жолдаңыздар. «Жас тұлпар» қосымшасының электронды нұсқасын оқу үшін газетіміздің сайтын ашып (www.alashainasy.kz),  «Өркениет» бөлімінің пернесін басу қажет.


«Sms-айтыс» күтеміз
Бүгінде электронды ақпараттық технологиялар дамыған тұста ғаламтордың көмегімен электронды пошта арқылы айтысу және ұялы телефонды пайдалана отырып «sms-айтыс» жүргізу дәстүрге ене бастады.
Бұрындары ақындар айтысу үшін әр тұстан келіп, бір жерге жиналып өнер көрсететін. Кейін ойларын қағаз бетіне түсіріп, қара­пайым хат арқылы сөз алмасатын. Жыр додасының «көкесін» көк жәшіктен де құмарымыз қанғанша көріп жүрміз. Радио, интернет те айтыстан шет қалып отырған жоқ.  Газет бетінде де айтыстың көрігі қызған сәттер аз болмады. Осы орайда, «Алаштың жас тұл­пары» «sms-айтыс» жобасын жал­ғас­тырмақ. Бұл үрдіске біз де өзіміз­ше үн қосып, газетіміздің бетінде арнайы айдар ашып, айтыскер ақындар Айтақын Бұлғақов пен Жұма­тай Әміреевтің,  Серікзат Дүйсенғазин мен Жандарбек Бұлға­қовтың,  Бақыт Жағыпарұлы мен Асхат Ізтілеудің, Әуезхан Сырым мен Жәнібек Бейбітов­тің ой жарыс­тырған  өзара «sms-айты­сы» мен ақын­дар Бақытжан Алдияр мен Алмат Исәділдің өлеңмен жазысқан хаттарының нұсқасын жариялаған болатынбыз.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, қолына қалам ұстаған жастар мен қалыптасқан кәсіби ақындардың да sms арқылы өзара өлеңмен ой-пікір алмасқан шағын айтыстарын лайық­ты деп тапсақ, жариялауға дайынбыз.
Жыр шумақтарымен өрілген жақ­сы дүниелеріңіз болса газетіміз­дің элект­рон­ды поштасына жолдау­ларыңызға болады.
«Алаштың жас тұлпары»

Бетті дайындаған Алмат ИСӘДІЛ Байланыс үшін: almat-76@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста