Алаштың ЖАС ТҰЛПАРЫ

Алаштың ЖАС ТҰЛПАРЫ

Бүгінгі ұрпақтың әдеби кейіпкері кім?

«Тек кітап пен білім ғана бізді адамды шынайы сүюге, еңбегін құрметтеуге және оның үздіксіз еңбегінің тамаша жемісіне сүйсіне білуге қабілетті, рухы мықты, адал, ақылды адам ете алады»  деген екен М.Горький. Мұның сыртында кітаптың, әдебиеттің айтулы бір міндеті оның тәрбиелік мәнімен астасып жататындығы анық. Бұл тұрғыдан алғанда, кезіндегі кеңестік жүйе әдебиеттің осы қырын өзінің идеологиялық жұмысына шебер пайдаланды.
Сөйтіп, үлгілі октябряттан бастап, мінсіз пионер, алдыңғы қатарлы комсомол, адал коммунист, жалпы, социалистік қоғамның идеал азаматы бейнесінің үздік үлгілерін нақты әдеби образдар арқылы қалыптас­тырып берді. Бүкіл халыққа күн көсем Владимир Ильич Лениннің бейнесі үлгі етіп ұсынылды. Осы насихатқа күмәнсіз сенгендігіміз соншалық – бәріміз бала күні­міз­де кішкентай Володяның М.Шагинян шығармалары арқылы санамызға әбден сіңісті болған іс-әрекетін мүлтіксіз қайталауға тырыстық. Тура сол сияқты қыс­тыгүні биік төбеден тікемізден тік тұрып, қорықпай, құламай сырғанауға жаттықтық, жаздыгүні жап-жасыл бақтың оңашалау тұсына шағын ғана жазу үстелін жасатып алып, кітап оқуға, жазу-сызумен айналысуға әуестендік. Кейінірек колхоздың күзгі жиын-терін уақтысында ерте жауған қардың астында қалған ұшы-қиырсыз егіс алқабындағы жүгеріні қолмен үзуге тура кел­генде бригадирдің бәрімізге «Құрыш қалай шы­нық­ты­дағы» Павел Корчагинді үлгі еткені де есімізде. Біз­ден бөлек, жер-жердегі, ел-елдегі қаншама жасөспірім пио­нерлер отрядының жетекшісі Тимур мен оның ко­ман­дасының іс-қимылын қайталады! Былайша айт­қан­да, орыс әдебиетіндегі Павел Корчагин, доктор Ай­бо­лит, Буратино, Остап Бендер, Глеб Жеглов, Штирлиц сияқты басқа да көптеген кейіпкерлердің әр алуан ке­зең­дер мен түрлі буындардың культтік тұлғасына ай­нал­ғаны анық. Мәселен, өткен ғасырдағы орыс зия­лы­сының бейнесі, әдетте, доктор Живагомен бай­ла­ныстырылады. Ал замандастарын соңынан ерте біл­ген Тимур бейнесіне балалар армиясының көшбас­шысы тұлғасы топтас­тырылғаны даусыз.
Кешегі және бүгінгі әдебиетте белгілі бір дәрежеде символға айналған кейіпкерлердің қай-қайсысы да – қаламгер қауымның қиялынан туындаған әдеби образ. Шындығында, бүкіл қоғам сол образдарға қарап бой түзеді, жаманынан жиренді, жақсысынан үйренді. Ұлт ұрпағына үлгі болатын мұндай кейіпкерлер қазақ әде­биетінде де бар, бірақ некен-саяқ. Балалар әдебиетіне қатысты айтқанда ойымызға оралатыны –  Бердібек Соқ­пақбаевтың Қожасы мен Сансызбай Сарғасқаевтың, Маш­қар Гумеровтің жекелеген шығармалары ғана. Қо­жаның әр балаға таныс кейіпкерге айналуының бірден-бір сыры – «Менің атым Қожа» бойынша кино тү­сі­ріл­гендігінде. Ал С.Сарғасқаевтың «Қайсар қыз», «Сәу­ленің жаңа достары», «Сұлутөр», М.Гумеровтің «То­ғыз тосқауыл» тәрізді қызықты оқиғаларға толы, жас жеткіншектердің ой-арманы, қоғамға пайдалы іс­тері, өнер-білімге деген құштарлығы, бір-біріне адал­дығы, достық қарым-қатынастары суреттелген шынайы шы­ғармаларын біреу білсе, біреу білмейді. Қазақтың басқа да көптеген қаламгерлерінің балалар үшін аса пайдалы осындай туындылары болуы мүмкін. Өкінішке қарай, насихатының жоқтығынан көпшілікке жетпей жатады.
Негізі, таспаға түсіріліп, кино тілінде сөйлеген жағдайда кез келген көркем шындықтың өміршең де, өтімді де болары анық. Бұл ретте, бұқараға әсерінің күш­тілігінен де «өнердің ішіндегі ең маңыздысы» саналған кино саласының құдіретін мойындамау әсте мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда әдебиет пен кино жанрларының бір-бірімен салаласа, сабақтаса әрекет еткені, тығыз бірлікте дамығаны өнер үшін де, жалпы, қоғам үшін де әлдеқайда тиімді болар еді. Әсіресе ұлтымыздың жас ұрпағы өзгенің емес, өзіміздің әдеби кейіпкерлерімізге қарап ой түзесін, бой түзесін десек, осы жағын ескергеніміз абзал.   

Алмас НҮСІП, әдебиетші:
– Бүгінгі ұрпақтың әдеби кейіпкері дегенде, жазушы кімдер туралы жазса, жас ұрпақ әдебиетті көп оқиды деген мәселе ғой. Қай заманның болсын  бүкіл талаптарына жауап беретін жан-жақты адамы сол өз заманының әдебиетіне кейіпкер бола алатын шығар деп ойлаймын. Одан өзге тап басып, «дәл мынау – бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық образ болуға тиіс» деп дара­лап көрсетудің жөні жоқ сияқты. Се­бе­бі әдебиеттің, өнер­дің басты мақсаты адамды тәр­биелеу екенін ескерсек, қай кезде де адамдық өре­сі биік тұлғалар негізгі планнан түсіп көрген емес. Тарихи әдебиет болсын, бүгінгі күннің суретіне құ­рылған шығармалар болсын, барлығында адам­дық мәселесі маңызды. Оған қо­сымша айтсақ, бізге, қазаққа, қазақтың жас ұр­па­ғына ұлттық тақырыпта сомдалған ірі-ірі қай­раткерлер бейнесі өте қажет. Ұлттық құндылық­та­ры­мызды құрметтеуге тәрбиелеудің басты жолы осы.

Ауыт МҰҚИБЕК, ақын:
– Әр қоғамның өз заманына лайық кейіпкерлері болады. Солар арқылы бүкіл ұрпақ тәрбиеленеді. Тәуелсіз елі­міздің азат ұрпағының санасына ұлттық рухтың дәнегін егу үшін әуелі әде­бие­тімізде бала­ларға арналған мазмұнды шы­ғармалар мол болуы тиіс. Осы орайда бүгінгі ұр­пақтың әдеби кейіп­кері ең ал­ды­мен қазақ болуы керек. Қазақ бол­ған­да қандай? Ең алдымен өз ана ті­лін білетін, кеудесінде иманы мен на­мыс жалындаған, Отанын ана­сындай сүйетін, мемлеке­тінің тә­уел­сіздігі жолында жанын ая­май­тын ҚАЗАҚ болуы керек!

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ


Шығармашыл жастарға мемлекеттік қолдауды күшейту қажет
Жуырда Шымкент қаласында ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің көшпелі ХV отырысы ұйымдастырылған болатын. Келелі мәселелер көтерілген кеңеске оңтүстік аймақтағы Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан секілді төрт облыстың өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысының ті­ке­лей бас­та­масымен құрылған бұл ке­­ңестің негізгі мақ­саты рес­пуб­ли­камыздағы жас­тар­дың әлеу­меттік, рухани мәселелерін рет­ке келтіру және олар өздерін то­лық­қан­ды Тәуелсіз елдің пер­зент­тері ретінде сезінуіне жол ашу болып табылады. Үш күн­ге созылған басқосуда әр об­лыстан кел­ген мамандар түрлі тре­нинг­тер өт­кізіп, өз тәжі­ри­бе­лерімен бө­лісті.
Үш күнге созылған шараның қо­­­ры­тын­ды жиыны Оңтүстік Қа­зақ­­стан об­лы­сы әкімшілігінде өт­ті. Басқосуды облыс әкімі Ас­қар Мырзахметов ашқан соң Пре­­­­­зидент Әкімшілігі жетек­ші­сінің орын­басары, кеңес төр­аға­сы Ға­би­дул­ла Аб­дра­хы­мовқа жиын тізгінін ұс­­тат­ты. Қо­ры­тын­ды кеңес ба­ры­сында атал­­­мыш облыс әкім­дерінің орын­­ба­сар­ла­ры өз ай­мақ­та­рында қолға алы­­нып, іске асы­рылып жатқан жас­тар мә­се­лесін ортаға салды. Ке­ңес ба­рысында бүгінгі жас­тардың әлеу­меттік, тұрмыстық про­­бле­ма­ларынан бастап, оларға па­триоттық-ру­ха­ни тәр­бие беру ісін жан­дан­ды­ру ісі тө­ңірегінде тұ­шымды ұсы­­ныс-пікірлер ортаға са­лынды.
Осы орайда біз Жастар сая­саты жө­нін­дегі кеңестің мүшесі, қа­зақтың та­лант­ты ақыны Ма­рал­тай Ыбыраевтан жиын­да ор­таға салған ойлары мен нақ­ты ұсы­ныстарымен бөлісуді сұраған едік.

Маралтай Ыбыраев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары:
– Ұлт ру­ха­нияты мен шы­ғар­ма­шыл жас­тарды қолдауға бай­ланысты ұсы­­нысымыз жоғарыдан қол­дау та­ба­ды де­ген үміттеміз. Жа­зу­шылар ода­ғы қа­зіргі кезде бұл ба­ғыт­та бір­ша­ма іс-шараларды жүзеге асы­рып ке­леді. Алайда кейбір ау­қым­ды мә­се­лелер Жа­зу­шылар ода­ғының ау­қы­мына сыя бер­мейді, бұл ретте мемлекеттік деңгейде ше­шілуі тиіс бірқатар мә­се­лелерді айрықша атап өткім келеді:
Біріншіден, біздің елімізде Абай, Мағ­­жан, Ілияс, Мұқағали, Оралхан т.б. ақын-жазушылардың шығар­ма­шы­лығына арнал­ған оқулар өткізіліп тұ­рады. Кез келген мемлекет өз бо­ла­ша­ғының тізгінін ұстайтын жас ұр­пақ­қа қамқорлық жасауға міндетті. Сон­дықтан осы оқуларда жеңімпаз ата­нып, озып шыққан бес дарынды жас­тың әрқайсысына арнайы грант­тар тағайындалуы ке­рек деп ой­лай­мыз. Бұл – оқушылардың ынтасын арт­тырып, өз-өзіне сенімін нығай­та­ды, білімге құштарлығын күшейтеді.
Екін­шіден, жас ақын-жа­зу­шылардың шығармаларын шетел тіл­де­ріне аудару – кезек күттірмейтін мә­селелердің бірі. Біз осы уақытқа де­йін еліміздегі ынтымақ пен бір­лік­тің арқасында әлемді толық мо­йын­дат­тық десек болады. Ендігі кезекте рухани әлеміміздегі соны жаңалық­тар­ды зайырлы қоғамның мүшесі ре­тінде әлем алдына алып шығуға тиіс­піз. Осы орайда Тәуелсіз еліміздің жан дүниесінің барометрі саналатын жастар шығармашылығы назардан тыс қалмауға тиісті.
Үшіншіден, елімізде шығар­ма­шыл жастарға арналған тек қана ха­лық­­аралық «Шабыт» фестивалі бар. Бұл өнерлі жастардың мүмкіншілігін кеңінен тануға және тәуелсіз елі­міз­дің жас таланттарының бір-бірімен ты­ғыз қарым-қатынас орнатуына жет­кіліксіз. Осы орайда мемлекет та­рапынан халықаралық және рес­пу­бликалық деңгейде жастардың өз мүм­кіншілігін көрсетуіне негізделген түрлі іс-шаралар қолға алынуын қа­лар едік.
Төртіншіден, бізде шығармашыл жастардың баспана мә­селесі әлі күнге дейін өз шешімін таппай отыр. Түрлі саладағы та­лантты жастар мем­ле­кет руханиятының өркендеуіне үлес қо­сатын аяулы уақыттарын кө­ше­де өткізуге мәжбүр. Осы орайда әр­­б­ір облыс орталығы жылына ке­мін­де бес шығармашыл жасты бас­­па­намен қамтамасыз етіп отырса нұр үстіне нұр болар еді. Оған олар­дың мүмкіндігі толық жетеді деп ой­лай­мыз. Осы аталған мәселелер кеңес төрағасы Ғабидулла Абдра­хы­мов мырзаның қаперіне ілініп, Ел­басы тарапынан қолдау табатынына се­німіміз мол.
Бек МЕРГЕН


Қазақ баласына рухани қалқан керек
Жаздың алғашқы күні, 1 Маусым – балалар мерекесі. Балдырғандарымыздың сүйікті мейрамы. Бұл күні бәріміз шама-шарқымыз жеткенше кішкентай бүлдіршіндерді қуантып жатамыз. Әйтеуір, балалардың мерекесі екенін білеміз. Бірақ осы күннің атауына көңіл бөліп көрдік пе? Неге жай ғана «Балалар күні» деп қоя салмай, «Балаларды қорғау күні» деп атадық?
                   Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Демек, бұл күні біз ұл-қызымызды сая­баққа апа­рып, балмұздақ әперумен шек­тел­ме­уіміз ке­рек. Күн сайын ойлайтын бо­ла­ша­ғына бұл күні ай­рықша көңіл бөлуге тиіспіз. Иә, біз балаларды қор­ғауымыз керек. Бейбіт заманда жаудан қор­ғамасымыз анық. Оттан, судан, кез келген апаттан сәт сайын қорғап жүрміз. Сонда неден қорғаймыз? Біз бала­ла­ры­мызды білімсіздіктен, иман­сыз­дықтан, таяз­дықтан, надандықтан, тасжүректіктен, нем­­­құрайдылықтан, тағы-тағылардан қор­ғау­ға мін­деттіміз. Қалай қорғаймыз дегенде, мұның бірден-бір жолы әдебиет екен. Иә, біз бала­ла­рымызды әдебиетпен қорғауымыз керек. Ба­ла­мыздың елжанды, мемле­кет­шіл, отансүйгіш, ба­уыр­мал, мейірімді болып қа­лыптасуы жолында әде­биеттің атқарар рө­лінің ерекше екені дәлел­деуді қажет етпейтін шын­дық. Ол үшін жас ұрпаққа рухани қалқан керек.
Дәл қазіргі уақытта әр баланың қолында бір-бір ұялы телефон бар. Сол алақандай дүние ба­лаңызды әлеммен байланыстырып тұр және қан­дай әлем? Ол сол арқылы ға­лам­торға кіреді. Ға­ламторыңызда жақсы да, жа­ман да бар. «Жақ­сы­дан үйреніп, жаманнан жи­реніп» жатса жақсы. Ал керісінше болса қай­тесіз? Бұл – бір. Екіншіден, сол ұялы те­ле­фонда баланың психикасына кері әсер ететін небір ойындарды жүздеп санауға бо­лады. Адамды қатыгездікке тәрбиелейтін мұндай ойындардың зияны айтпаса да түсінікті. Үшіншіден, «агент» дегеніңіз тағы бар. Ба­ла­ңыз ба­сын бір тықса, қайта шығару қиын. Ой-са­на­сы­ның бәрі сонда болады. Одан кейін бәріне нем­құрайды қарайтын болады. Ешкіммен араласпай, өзімен-өзі отыра беретін әдет те жақсылыққа апармайды. Бұл жолға да балаңыз ұялы телефон арқылы түседі. Енді қайтпек керек?
Кез келген мектеп оқушысы үшін мамыр айы­нан сүйкімді ай жоқ. Әсіресе 25 ма­мыр­дың жөні бө­лек. Көк, қара түспен боялып тұр­са да, бұл күннің қадірі күнтізбедегі кез келген қызыл түсті мереке күндерінен кем емес. Өйткені бұл – олар­дың «басына бостандық» сыйлайтын күн. Оқушы үшін жазғы дема­лыс­тың орны қашанда бөлек. Бірақ сол оқу­шы­ларымыз үш айлық демалысты қа­лай өткізіп жүр? Бұл да бір үлкен мәселе. Жас өскін са­бақтағы тоғыз айда емес, демалыстағы үш ай­да өсіп, өзгеріп келуші еді ғой. Демалысқа кетіп бара жатқанда сыныптастар жиналып алып, есіктің жақтауына, керегенің кейбір тұстарына, әркім өзінің бойы жеткен жерін сызып қойып, кейін күз­де келгенде ескі сы­зық­пен салыстырып жататыны да есіңізде болар.
Сол кездерде бойы өсіп келетін баланың ойын өсіру дәстүрі де бар еді. Мектеп бағ­дар­ламасынан босаған балаға сынып жетек­ші­лері,  қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұс­таздары жазғы де­ма­лыс кезінде өз қа­лауларымен 10 әдеби кітап оқуды тап­сыратын еді. Кейде тіпті нақты тізімдерді де ұстататын. Кейін күзде келгенде берілген тапсыр­маны тексеретін. Осы тапсырмаға орай, бір сы­нып­та оқитын отыз бала тұтастай 10 кітаптан оқи­тын еді деп өтірік айтпай-ақ қояйық. Бұл тап­сыр­маны орындай алмайтындар, орын­да­ғысы кел­мейтіндер де та­былатын. Дегенмен оқушы­лар­дың дені көштен қалмауға тырысатын. Сол арқылы әдеби кітапқа деген ынтызар­лық­тарын оятатын.
Бір мысал айта кеткен дұ­рыс шығар. Тоғызыншы сы­ныптан оныншы сыныпқа көш­кен жылы осы тапсырманы талқылау барысында Мұхтар Маға­уиннің «Тазының өлімі», «Әйел махаббаты» сынды әң­­гі­мелері оқушылар ара­сын­да үлкен қы­зы­ғу­шылық тудырды. Со­ны оқыған бір ғана оқу­­шының әсерлі әңгімесінен кейін, ол әңгімелерді бір адам да­уыстап оқып, басқалары ұйып тың­даған. Содан кейін қы­зығушылығы оянған оқу­шы­лар Ма­ға­уин­нің басқа да шығармаларына ауыз сала бастады. Кітапқа кезекке тұрды. Мұхтар Ша­ха­новтың «Ға­сыр­лар­ды безбендеу» атты сұр кіта­бы да осылай на­сихатталған еді. Міне, бұдан артық қандай дә­лел керек? Осы тиімді дәстүрді неге ми­нистрлік тарапынан қолға алып, барлық мек­тептерге тап­сыр­­ма беріп, іске асырмасқа? Бұл әрқайсымыз үшін тиімді болар еді. Қазір қит етсе кітап оқыл­майды дейтін болдық. Оқылмайды емес, оқыта алмай жүрміз.
«Жазды күн шілде болғанда» мамырдан кейінгі мамыражай күндерді әркім әрқалай өткізеді. Бала біткеннің бәріне демалысты лагерьде өткізу бұ­йыра бермейді. Бұйырған күннің өзінде алажаздай сонда болмайтыны тағы анық. Ал басқа күндерді ненің еншісіне бер­мек? Қайда, қалай өткізбек? Ауыл ба­ла­сына қала таңсық болса, қала баласы ауылға асығар. Бәрі дұрыс. Әр қиырға шауып, әр нәрсемен айналысып жүргенде сүмбіле туып, су суып үлгереді. Қыркүйек келеді. Бітпестей кө­рін­ге­німен, өте шыққан демалыста бала мек­те­біне қа­лай оралады? Екі аралықта кітап бетін аш­паған, қағаз қарамаған баладан үл­кен нәрсе күту де қиын. Мектеп партасында отырып, бағдарлама бо­йынша ғана білім алған баланы да толыққанды дей алмаймыз.
Адамның мектеп бітіргенге дейінгі кезеңін мамыр айы деп қарастырсақ, осы айда түйін салмаған баладан кейін күз келгенде жеміс күту қиын. Демек біз мамырдан кейінгі жағдайды мамыр айында ойлауға тиіспіз.
Сондықтан Балаларды қорғау күнінде бал­дыр­ғандарымызды кімнен, неден, қалай қор­ғауымыз керектігін ойласқанымыз жөн. Тығы­рық­тан шығар жол жоқ емес, бар екен. Онда неге сол соқпаққа түспеске?

Еділ Анықбай, Қазақ радиосының редактор-жүргізушісі:
–Біздің бала кезімізде кітап оқуды мін­дет­теу деген болған. Менің кітапқа қызығу­шы­лығым 3-сыныптан басталды. Сол жы­лы үз­дік­терге апайымыз ертегі кітап сый­лады. 8-9 жас­тағы балаға ерте­гі оқу қызық қой. Ерте­гі­ден бастал­ған оқу жалғаса берді. Біздің ара­мыз­да кітап оқудан өзара бәсекелестік бол­ған­дай. Жаз­ғы демалыстарда үлкендер ба­­лаларды қатар-қатар отырғызып, жыл­дам­дық­­қа жарыстыратын. Кейінірек оқыған кі­тап­тарымызды айтып, бір-бірімізге мақ­тан­ған­дай болатынбыз. Өз ба­сым кітапқа жақын болдым және кө­ше­­дегі құр­дас­тарым да кітап оқуға ықы­ласты болды. Бұл білікті мұғалім­дер­дің ықпалы деп ойлаймын. Ондай мұға­лім­дер бүгінде некен-саяқ. Жалпы, қалай бол­­ғанда да, кітап оқыту жүйесін қалып­тас­­­тыру ке­рек. Кітап оқымай, толық адам бо­ла ал­майды. «Кітап – білім бұ­ла­ғы» деп жат­­­тан­ды түрде айтпау керек. Со­ны се­зі­ніп, ке­йінгі ұрпаққа дәлелдеу керек деп ой­лаймын. 
Рысбек Үркімбай, «Жұлдыздар отбасы» журналының жауапты хатшысы:
– Мен ешкім міндеттемей-ақ кіш­кен­та­йым­­­нан кітап оқуға құмар болдым. Оған се­беп­­кер болған – екі адам: үлкен ағам Рысбай өмір бойы мал бақса да, кітапты көп оқитын. Ол кісінің кітапха­на­сында Сәбит Мұқанов, Ға­бит Мүсі­ре­повтен бастап, Тәкен Әлімқұлов, Ду­­лат Иса­беков, Сайын Мұратбековтердің бар­­­­лығының кітаптары болатын. Ал әп­кем Нұр­­­лытай студент кезінде әр келген сайын бір кітап әкеліп беретін. Ең бірінші әкеліп берген үл­­кен кітабы – Сансызбай Сарғасқаевтың «Тәм­­­піш қара» деген кі­та­­бы. Өзім осы күнге дейін Бердібек Соқ­­пақбаевтың «Балалық шақ­қа сая­хатын» қайталап оқудан жа­лық­пай­мын. Ба­уыржан Момышұлының шығар­ма­ла­рын да сүйіп оқимын. Өзімнің екі ба­лам – сту­дент. Кітап әперіп, мәж­бүр­лесең ғана оқи­ды. Өздері аса құлшынып тұрған жоқ.

Бейбіт САРЫБАЙ


Балаларға азарлық

Қуырмаш

Бiрлiк жайлы еске алсақ,
Бауыр екен бес саусақ.
Бiрiншiсi – Бас бармақ,
Билiк айтып басқармақ.

Балаң Үйрек кекiлдi,
Бойшаң бала секiлдi.
Ортан терек намысты,
Ойлап отыр әр iстi.

Шылдыр шүмек ақылды,
Шай iшуге шақырды.
Ең кiшкене бөбектi,
Еркелету керек-тi.

Бас бармаққа күн-түнi,
Бақтырамыз жылқыны.
Балаң Үйрек ие болып,
Бетпақтағы түйеге.

Ортан Терек отарды,
Ойжайлауға апарды.
Шүлдiр Шүмек сиыр бақ,
Шабындықты шиырлап.

Тек кiшкене Бөбектiң,
Тапсырмасы бөлек тым.
Болма жалқау, бастысы,
Бiзге дәмдеп ас пiсiр!

...Қара көже бүгiнгi ас,
Қуыр-қуыр-қуырмаш!
Қуыр-қуыр-қуырмаш,
Алақанды жұмып, аш!

Қалмаханбет Мұқанбетқали

Жалқау

Көтеріліп Күн белден,
Нұрын төкті далаға.
Қызыл-сары гүлдерден,
Бал жинап жүр ара да.

Ерте тұру қиын ба?!
Біле ме әркім өз ісін?!
Мөңіреген сиыр да
Кетті іздеп өрісін.

Бәрі ұйқыдан оянған,
Жұмысына асығып.
Орындалмас ой-арман,
Жүрсек ұйықтап, басылып.

Ісі жоқтай бір кісі,
Жатыр әлі төсекте.
Қимайды ол ұйқысын,
Оян енді десек те.

Ернұр Сейдахмет

Анам екеуміз

Қолға қалам аламыз,
Бірге жазу жазамыз.
Сұрақтарға берілген,
Бірге жауап табамыз.

Бірге сурет саламыз,
Соған мәз боп қаламыз.
Бірге ойланып есепке,
Қосып, бөліп, аламыз.

Бірге өсіп, толамыз,
Биіктерге қонамыз.
Мектепке де күн сайын,
Қол ұстасып барамыз.

Оқитұғын баланың,
Қадағалап сабағын.
Ойынын да ойнатып,
Дайындайтын тамағын.

Менің анам – жаны ізгі,
Әрбір сөзі маңызды.
Меніменен оқитын,
Сыныптасым тәрізді.

Алақаның аялы,
Бесігімді тербеткен.
Дәл осындай ананы,
Таба алмаспын жер-көктен.

Алмат Исәділ


қаперге!
Қадірлі оқырман, халқымыздың талантты өрендері, жас қалам иелері! «Алаштың жас тұлпары»  қосымшасы өздеріңнен хат-хабар күтеді. Бүгінгі әдебиет, руханият жөніндегі тосын пікірлеріңіз бен шағын ойтүрткі мақалаларыңыз, шағын шығармашылық дүниелеріңіз болса бізге жолдаңыздар.
«Жас тұлпар» қосымшасының электронды нұсқасын оқу үшін газетіміздің сайтын ашып (www.alashainasy.kz),  «Өркениет» бөлімінің пернесін басу қажет.
Байланыс үшін: almat-76@mail.ru

Бетті дайындаған «Өркениет» бөлімі

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста