«Алашұлы» тобы: «Бір атаның емес, барша Алаштың ұлы болайық» дедік
Олар қара шаңырақ Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері. Тұңғышбай Жаманқұлов және Оразхан Кенебаев сынды белгілі өнер қайраткерлерінің шеберханасында шыңдалуда. Олар Ұлы Абайдың «атаның баласы болма, адамның баласы бол» қағидасымен Алаш жұртының атын айдай әлемге танытуды көздейді. Қазақ эстрадасына жаңаша леппен келген бұл топтың аты – «Алашұлы». Ұшқын, Мақсат, Әзімбек есімді үш жігіттен тұратын топты сұхбатқа тарттық.
– «Қаражорға» мен «Жарапазан» атты әндеріңізді естіген сәтте, «бұл қандай топ болды екен?» деп елең еттік. Кейін білдік, атауларымыз үндеседі екен, ендеше, «Алашұлы» «Алаш айнасына» қош келдіңіздер! Өздеріңіз жайлы айта отырсаңыздар...
– Біз ең алғаш «Алашұлы» болып 2009 жылы Наурызда қазақтың ұлттық киімін киіп, «Қаражорға» деген әнімізді айтып әрі билеп шықтық. Эстрадада жүрген әншілер де, топтар да көп, бірақ, біздіңше, солардың қазақы исі аңқитыны аз боп көрінді. Топтағы үш жігіт те қазақтың ұлттық аспаптарын шертіп, ұлттық салт-дәстүрін бала күнімізден бойымызға сіңіріп өскенбіз, сондықтан да қазақты шын сүйетін перзенттеріміз дей аламыз. Сондай-ақ тобымызға ешқандай руға, жүзге бөлінбейтін, тұтас ұлтты жұмылдыратын бір атау алғымыз келді, сол себепті бір атаның емес, барша алаштың ұлы болайық деп «Алашұлы» болдық. Ең алғаш сахнаға шыққанда ән салмас бұрын Міржақып Дулатов ағамыздың «Алыстан Алаш десе, аттанамын» деген өлеңін оқыдық. Сонан соң «Қаражорғаны» салдық. Кейін «Жарапазан» дүниеге келді.
– Бүгінгідей урбандалған қоғамда осы «Жарапазанның» жұрнағы ғана қалғаны жасырын емес. Тіпті ораза кезінде жарапазан айтушыларды қайыр тілеушілер секілді көріп, есігін ашпай не қуып жіберетіндер де жоқ емес. Сөйткен жарапазанды жаңаша формада ұсыну идеясы қайдан келді және жұрт қалай қабылдауда?
– Барша мұсылманның қуанышпен қарсы алып, қимастықпен шығарып салатын ең ұлық айы – Рамазан. «Сол айға біз не сыйлаймыз?» – дедік. Содан кейін бірде «Ана тілі» газетінің журналисі Біләл Қуаныш деген азамат: «Сендер осы қазақтың қалып бара жатқан жарапазанын неге жаңғыртпайсыңдар?» – деген ой тастады. Көкейімізге қона кетті. Ал оның алдында газетте жарапазанның ауыз әдебиетінде қалып қойған, ел онша білмейтін мәтіні жарияланған. Соны негізге алып, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінде, тіпті Қытай қазақтары айтатын нұсқаларын жинап, «Жарапазанды» шығардық. Ең алғаш жетімдер үйінде болған ауызашарда орындадық. Сонда орыс балаларының «Ассалаумағалейкүм, аға, оразаңыз қабыл болсын!» дегенін естіп, көзімізге жас, тамағымызға өксік тығылды. Тіпті бір орыс бала өзі мылқау болса да, ораза ұстап, намаз оқиды екен, соны көргенде, жүрегіміз елжіреп, жылап жібердік.
– Репертуар таңдауда неге мән бересіздер?
– Бұрын бабаларымыз білектің күші, найзаның ұшымен елін-жерін қорғаса, қазір шүкір, ондай жаугершілік заман емес, дегенмен бізге сол рух, сол намысты жоғалтып алмау керек қой. Сол намыстың буымен бұрынғы біздің Бұқар жырау, Шалкиіз, Ақтамберді т.б жырларын жаңғыртуды ойладық. Неге? Себебі ұрпаққа өсиет осы бір сөздерде біздің өткен тарихымыз, қазақтың ұлттық коды жатыр, бірақ, өкінішке қарай, ол тек жыр ретінде кітап бетінде ғана болмаса, бүгінгі қазақтың назарында, тілінде, ділінде жоқ. Керісінше, Майкл Джексонды америкалықтарды былай қойғанда, қазақтардың да ішінде пір тұтатындары аз емес. Жастардың тіпті көшеде, көлікте құлаққап киіп тыңдайтыны, шыны керек, батыс әуендері. Қашанғы қазақ баласы өзге әуенге төңкерілмек? Бәлкім, біздің өз бойымыздағы қан мен жанымызбен үндесетін әндерді, жыраулар поэзиясын білмегеннен шығар? Сол себепті біз сол міндетті өз мойнымызға алдық. Осынау жауһарларымыздың мазмұнын сақтай отырып, қазіргі қоғамның сұранысына сай стильде шығармақпыз. Егер жақсы насихаттай алсақ, кім білсін, қазақ баласы жырауларды әндетіп, соған бірге билейтін де болар.
– Әннің жұртшылық тарапынан жақсы қабылдануында аранжировканың рөлі үлкен ғой. Нағыз қазақы бояуы қанық әрлеу жасау екінің бірінің қолынан келе бермейтіні де рас. Сіздер кімге жүгінесіздер?
– Ең алғаш «Қаражорғаны» жазарда, оның батырлық жігерін, ұлттық рухын дұрыс әрлей алатын кім бар деп қатты ойландық. Дәл сол тұста ойымызға бірден «Мен қазақпынды» шығарған Ерболат Құдайбергенов ағамыз келді. Барып, өзімізді таныстырып, ойымызды айтып едік, бір сөзге келместен, ұлт музыкасы үшін бізге аранжировка жасап берді. Ерболат Құдайбергеновті қазақ әніне шын берілген, ол жолда ештеңесін аямайтын жомарт жігіт десе әбден жарасады. Енді қазір өз студиямызды құрып жатырмыз.
– Әлі бейнеклип түсіріп үлгермеген секілдісіздер, бірінші қай әнге түсірер едіңіздер?
– Әрине, «Қаражорғаға».
– Сәттілік тілейміз, ендеше!