«Алдаспан» тобы: The Spirit of Tengri-ге асқан қызығушылықпен дайындалып жатырмыз
СТВ телеарнасы мен Tengri FM радиосы эфирлерінде келер жылдың айтулы мәдени оқиғасы болатын The Spirit of Tengri фестивалінің іріктеу кезеңдері өтіп жатыр. Түркі халықтарының музыкалық мұрасын насихаттайтын жобаға қазақ өнеріндегі ең бірегей ұжым – рок-музыкаға домбыраның қоңыр үнін қосқан «Алдаспан» тобы да қатысады. Электрдомбырашылар жобаға айрықша жауапкершілікпен қамданып жатыр. Бұл туралы бізге топтың жетекшісі әрі продюсері Нұржан Тойшы айтып берді.
– Нұржан, The Spirit of Tengri-де заманауи этникалық музыканың «сен тұр, мен атайындары» арасынан «Алдаспан» өзіндік болмысымен ерекшелене ала ма?
– Біздің репертуарымызда бар әдістер, дыбыстар The Spirit of Tengri фестивалінің өзге де қатысушыларының шығармаларымен үндес. Айталық, көмей әуені, шаңқобыз, ерекше домбырамыздың үні бар, домбыраны ойнаудың тың әдістері бар, түркі тіліндегі әніміз бар. Сол себепті біз бұл жобаға артықтық етпейміз деп ойладық. Фестивальдан жүлде алмасақ та, әйтеуір, бір көзге түсеміз бе деген үмітіміз бар. Біздің топ ешқандай ерекшелігі жоқ ұжым дей алмаймын. The Spirit of Tengri-дің арқасында бізді көпшілік тани бастады, еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары жиі назар аударып жатыр. Халықтың қызығушылығы байқалып отыр.
– The Spirit of Tengri этникалық музыкаға деген айрықша бетбұрыс туғыза алады деп ойлайсыз ба?
– Әрине. Бұл – бұрынғы Кеңес өкіметі елдері көлемінде өткізіліп жатқан тұңғыш ірі фестиваль. Ұйымдастырушылар барлық түркі елдері музыканттарын шақырғанымен, негізінен, Еуразия құрлығындағы посткеңестік кеңістік орындаушылары ғана қатысуға ниет білдіріпті. Мұндай фестиваль өте керек. Бұл – біздің түркі халықтары мәдениетінің жаһандануға тәуелсіздігінің белгісі. Ұлттық тәуелсіздік – шекараның айқындалуы мен қаржылық байлық қана емес, ол – ең алдымен, мәдениеттен, дәстүрден басталатын құбылыс. The Spirit of Tengri түркі елдерінің өзіндік болмысын сақтайтын шара болмақ. Оған заманауи этникалық бағытта қызмет етіп жүрген барлық орындаушының қатысқаны дұрыс. Біз бұл фестивальға асқан қызығушылықпен дайындалып жатырмыз.
– Біздің басылым «Алдаспанның» шығармашылықтағы жаңалықтарын әрдайым хабарлап отырады. Соңғы рет жаңа жинақтарыңыздың жарық көргенін айттық. Осы туралы толығырақ әңгімелесеңіз...
– Жаңа альбом шығарғанымызды білесіздер. Бұл жинақ алдыңғыға қарағанда тыңдауға жеңіл туындылардан тұрады. Сондықтан болар, біздің шығармашылығымызды насихаттауға ниет білдірген бұқаралық ақпарат құралдары да көбейді. Телебағдарламаларға шақырып, түсіріп алып жатыр. Сұраныс жоғары. Жеті әніміздің төртеуі телеарналардан көрсетілуде. Біз өзімізді мультижанрлы топ деп есептейміз, яғни бір жанрмен шектелмей, әртүрлі музыкалармен тәжірибе жасап жүрміз. Соңғы күйтабақтарымыз бір-біріне мүлдем ұқсамайтын композициялардан тұрады. Ән орындағанда халық әндерінің қазақи нақышын сақтаймыз. Рок стиліндегі туындылар болса да, бәрінің қазақы иісі бар. Төкпе күйлерден тұратын жинағымызды америкалық сарапшыларға жіберген болатынбыз. Олар 100%-дық өлшемнің ішінде 70%-дық баға берді. Сапасы мен әлеуеті жоғары деп тапты. Демек, бұл шығармаларымызды шетелдерде насихаттай аламыз.
– The Spirit of Tengri фестивалінде танымал орындаушылармен бірлесіп өнер көрсетесіздер ме?
– Иә, мұнда өз шығармаларымызбен бірге жаңа композициялар да орындалады. Бізге The Spirit of Tengri ұйымдастырушылары Саха елінен келген әнші Юлианамен бірігіп, бір ән жазу туралы ұсыныс білдірді. Сөйтіп, Құдайдың қалауымен екі шығарма жазылды. Біріншісі – саханың халық әні. Әнді орындауда түрлі импровизацияларға бардық. Юлиана біздің топ жігіттерінің аспаптарда ойнау шеберлігін жоғары бағалады. Оның айтуынша, Якутияда кәсіби деңгейдегі суырыпсалма музыканттар аз. Екінші шығарма – күй, оны орындауға «Роксонакидің» мүшесі, белгілі қобызшы Ерлан Сәбитов те қосылды. СТВ телеарнасынан көрген жұртшылық осы туындыны көбірек мақтап жатқан көрінеді.
– Сәттілік тілеймін, рақмет!