Әлемдік классика Алматыда шырқалуда
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Опера және балет өнерінің ІІІ халықаралық фестивалі өтіп жатыр.
Фестивальға Италиядан, Ұлыбритания мен Оңтүстік Кореядан әлемдік жұлдыздар қатысуда. Ауқымды шараның ұйымдастырылуына ұйытқы болған – Қазкоммерцбанк. Классикалық музыка фестивалінде дүниежүзінің үздік сопрано және тенорлары Алматы жұртшылығын әдемі әсерге бөлеуде. Халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваның айтуынша, мұндай фестивальдар өте маңызды. Әншілер мен дирижерлер, режиссерлер осындай халықаралық шаралар арқылы шеберліктерін шыңдайды. Сондықтан да бұл – өте қажетті байланыс.
Әлем өнерпаздарының ынтымағын жарастырған фестиваль бағдарламасында әйгілі Джакома Пуччинидің «Богема» және «Тұрандот ханшайым» опералары, Петр Чайковскийдің «Аққу көлі», Борис Эйфманның «Анна Каренина» балеттері бар. Шетелдік қас шеберлермен бірге отандық әртістер де өнер көрсетеді.
– Биыл өткізіліп отырған өнер фестивалінің өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, фестивальға шақырылған әлемдік деңгейдегі опера мен балет жұлдыздары бұрын-соңды Қазақстанда болмаған. Яғни біздің мақсатымыз – өнер мерекесінің сипатын дүниежүзілік мәдениетпен байланыстыру, – дейді Қазақстан музыка қайраткерлері одағының атқарушы директоры Валерий Күзембаев.
Алматы жұртшылығының 24 маусымға дейін классикалық музыка өнерімен сусындауға мүмкіндігі мол. Мәдени шара келер жылы да өнерсүйер қауыммен қайта қауышады деп жоспарлануда.