Әлемдік музыкаға электр домбыраны әкелген топ
Әне-міне дегенше, «Алдаспан» тобының әуендері әлемдік чарттың алғашқы орындарына шықты. Қазақ даласының көне дәуірден бергі музыкасы дүниежүзіне тұңғыш рет ауыр рок стилімен астаса естіліп жатыр. Металл жанрында қазақ домбырасының қоңыр үні пайда болды!
Алдаспан» этно-рок тобының құрылғанына бір жыл болды. Бірақ рок-музыканы домбырамен орындау шындыққа оп-оңай айнала қойған жоқ. Топ жетекшісі Нұржан Тойшының айтуынша, оған домбыраны электр гитараға бәсекелес ету идеясы ең алғаш 80-жылдардың соңында келген. Орыс мектебінің оқушысы қатарластарымен бірге рок-музыкаға құмартатын. Metallica, Slayer, Sepultura сияқты трэш-металдың өкілдерін тыңдап, соларға еліктейтін. Нұржан бір күні өзі айрықша әсер-қуат алатын бұл әуендердің қазақтың төкпе күйлерінің қағысына ұқсастығын байқайды. Қарапайым домбырамен мұндай әуендер туғызу мүмкін емес. Бірақ электр гитара сияқты электр домбыра неге жасамасқа?! Нұржанның бұл ойын мектептегі достары құптай қоймайды, өйткені ол заманның балалары үшін домбыра жаңа заманға сай емес аспап көрінетін. Дегенмен музыкант үшін балалық қиял өлмеді. Арада аттай 21 жыл өткенде Нұржан Мәскеудің электр гитара сататын дүкендерінің бірінен өзінің болашақ жобасына қажетті бөлшектерді сатып алып, Алматыға келеді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясынан еліміздегі фортепианоның құлағын келтіретін жалғыз маман – Мұрат Көбековті тауып, идеясын айтады. Электр домбыраның алғашқы үлгілері жасалады, бірақ пішіні қисықтау болып, пернелері ноталармен сәйкес келмей шығады. Дегенмен сол аспап жобаларының өзі кәсіби шебер болса, электр домбыраны жасап шығу мүмкін екенін және оның өзіндік үні болатынын дәлелдеп берген еді. Нұржан Мәскеуге тағы келіп, Шығыс Еуропадағы музыкалық аспаптар жасайтын бірегей шеберхана – Шамрай орталығына тапсырыс береді. Жобаны біраз талқылаған шеберлер ақыры 2011 жылдың ақпанында бас, ритм және соло электр домбыраларын жасап шығарады. Іргелі музыкалық топ құру үшін Нұржан кәсіби білімі бар жастарды іздестіре бастайды. Топқа мүше болуға ниеттілер аз болмай шығады. Түптің түбінде соло домбыраға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының жетекші солист домбырашысы Мақсат Хасанов, ритм домбыраға жас та болса, шетелдерге шығып өнер көрсетіп үлгерген Бақытжан Желдербаев және бас домбыра мен вокалистікке консерваторияның жас домбырашысы Шамшаддин Омаров алынады. Нұржанның өзі әнші әрі барабан соғушы болады. Бір айдың ішінде алғашқы альбом жарыққа шығады. Ағылшын тіліндегі «Атилла» атты жинаққа «Күлтегін», «Едіге», «Жекпе-жек», «Ақсақ құлан туралы аңыз», «Көңілашар», «Алдаспан» сияқты ән-күйлер енді. Қазақ даласының әлімсақтан сынын жоғалтпай жеткен әуендерінен құралған альбом шетелдіктердің көңілінен шыққан. Әйгілі Земфирамен, «Мумий Тролль» тобымен жұмыс істейтін дыбыс инженері Владимир Овчинников электр домбыра аспабына таң-тамаша қалып, «ең бірегей жоба» деп, жоғары баға берді. Көп ұзамай топтың күйтабағы мен алғашқы бейнебаяны да жарық көрді. Қазір «Алдаспанның» әуендері әлемдік чарттарда жүр. Сәуірдің соңғы күндері Американың Roadrunner Records компаниясының салалық хит-шеруінде топтың шығармалары 2-орынға көтерілді.
Нұржан Тойшы, «Алдаспан» тобының жетекшісі әрі продюсері:
– Дүниежүзінің түрлі ұлттары өздерінің дәстүрлі музыкасынан айырылып жатыр. Батыстың, Американың, Еуропаның мәдениеттері басым болып жатыр. Жасыратын не бар, олардың музыканттарының шеберлігі әлдеқайда жоғары. Бірақ домбырашыларға келгенде, біз бәрінен артықпыз. Жоба осыны дәлелдеу үшін қолға алынған болатын. Бұл – бір, екінші бір көздегеніміз – қазақтың жастары гитараға сүйсіне бермей, домбыраның да электрлі нұсқасын қолданса екен деген ой. Бүгінде бізде рокты тыңдайтын аудитория аз, бірақ бұл – табиғи нәрсе. Мұндай жағдай Америкада да бар, онда да рокты 100 адамның 20-сы тыңдауы мүмкін. Рок-музыка өзі зиялы адамдарға арналған. Бұл көп шеберлікті талап етеді. Роктың аудиториясының өзі аз болса да шын берілген тыңдармандардан тұрады. Дегенмен біздің тыңдармандардың қатары көбейеді деп ойлаймыз. Өйткені бізде көне түркілік сарындар, ұлттық музыка, фольклор бар. Шетелдік сарапшылардың өзі бізге өте жоғары баға беріп отыр, тіпті олар біздің әуендеріміздің жанрын айқындау қиын екенін айтты. Америкалықтар «алдаспандық» жігіттердің аспапта ойнау шеберлігіне 10 балдық жүйе бойынша 9 балл берді.
Топ алдағы жылдары роктың алты жанрында альбом жазуды жоспарлап отыр. Жуырда музыканттар Тұңғыш Президент қорынан келесі күйтабақты шығаруға қажет грантты ұтып алды. Ол қыркүйекте жарыққа шығып қалуы тиіс. «Атилла» жинағы екі инструменталды шығармадан, ағылшын тіліндегі әндерден және екі қосымша бонус тректен тұрса, келесі күйтабаққа топ мүшесі Шамшаддин Омаровтың даусымен жазылған әндер енбек. Одан кейін шертпе күйлерден және төкпе күйлерден тұратын инструменталды шығармалар жинақтары да жарыққа шығатын болады. Келешекте топ ХV-ХVII ғасырлардағы жаугершілік жыр-дастандарды да ауыр рок түрінде қайта өмірге келтіруі мүмкін.
Рок – салмақты тақырыптардың музыкасы. «Алдаспан» өз өнеріне көне түркілік рух пен көшпенділер өмірін, батырлық пен отаншылдықты арқау етіп отыр. Топ роктың даңқымен домбыраның үнін, қазақылықты насихаттауды, электр гитараға әуес жастардың домбыраға қызығушылығын оятуды көздейді.