Әлеуметтік желіде қазақ жастарының белсенділігі күшейді
Қазіргі таңда әлеуметтік желілер адам өмірінде елеулі орынға ие болды. Кейбіреулер тіпті күнделікті өмірімін әлеуметтік желісіз елестете алмайды. Өйткені әлеуметтік желі өмірімізді жеңілдетіп, алысты жақын етіп, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуімізге де әсерін тигізеді. Ғаламторды қолданушы әр адам кем дегенде бір немесе одан да көп әлеуметтік желілерге тіркелген. Қазіргі таңда біздің елімізде, жалпы ТМД елдеріндегі ең әйгілісі – Вконтакте әлеуметтік желісі. Вконтакте Ресейлік желі болса да, Қазақстанда жастар арасында өте танымал және қолданыстағы әлеуметтік желі. Осы орайда «Қазақ жастары ВК желісінен қаншалықты өз сұранысын қанағаттаныдара алады?» деген сұрақтың туындайтыны заңдылық. «Алаш айнасы» осы сұрақты Вконтакте әлеуметтік желісіндегі өзінің қазақтілді қауымдастығында ең көп оқырманы бар Дулат Қалиден сұрап көрген еді.
Дулат Қали, «Өмірлік мәні бар» тобының жетекшісі:
Вконтакте желісінде 4 млн-ға жуық қазақстандықтар тіркелген, Facebook-пен салыстырсақ 3,5 млн адамға көп. Ал біздің «Өмірлік мәні бар» қауымдастығымыз жарты миллион оқырманнан асты. Вконтакте әлеуметтік желісі қазақстандық желі емес екендігін ұмытпағанымыз жөн. Осы желі ішінде көптеген жастардың сана-сезімін улайтын, қазақ жастарына өгей тәрбие беретін парақшалар көп. Тағы да айта кетерлік мәселе, таза қазақ тіліндегі парақшалар саусақ санарлық, көбісі шала қазақ тілінде ақпарат таратуда. Осыдан үш жыл бұрын «Өмірлік мәні бар» парақшасын ашудағы басты мақсатым да осы еді. Бұл қауымдастықтың бастапқы қолдаушылары аз болды. Көпшілік «шала қазақшалыққа» қызығушылық танытты. Бірақ біршама еңбектің арқасында жастардың назарын өзімізге бұрып, парақшамыз ілгерілей түсті.
Күнделікті парақшамызда өмірлік бейнелі суреттер мен мән мағыналы жазбалар, тұжырымды ой, қазіргі өмір тынысы мен маңызды ақпараттар таратылады. Біздің бастамадан кейін қазақша қауымдастықтар көбейе түсті. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Көпшіліктің сұранысы бойынша тек «Вконтакте» желісімен шектеліп қана қоймай басқа да желілерде жұмыс істеудеміз. Алдыға қойған мақсатымыз да аз емес, «Өмірлік мәні бар» жобасына үлкен жоспарларымыз бар.
Дулат Қали Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде тарих мамандығы бойынша білім алуда. Дулаттың айтуынша, болашақта тек қана әлеуметтік желілермен шектеліп қоймай, ол өзінің жеке сайтын ашып, қазақ ғаламторындағы қазақ тілінің заманауи деңгейге көтерілуіне барынша тырысатынын айтады. Бүгінде «Өмірлік мәні бар» қауымдастығында шамамен он мыңға жуық күнделікті оқырман бар, бір ай ішінде кіретін оқырмандар саны жүз елу мыңға жуық.
Ия, Дулаттың мақсат-ниеттері өте құптарлық. Өйткені ағымы қатты ақпараттық заманда көштен қалмай, сөйте тұра өзгенің жетегінде кетпей, ғаламтордың мүмкіндіктерін өз мүддемізге қарай қолдана білгеніміз дұрыс. Әрине, бұл үшін үлкен еңбек пен ізденіс керек. Ең бастысы бізді қазақ жастарының ана тілімізге деген жанашырлығы, болашаққа деген ұмтылысы қуантады.