Әлеуметтік желіге әуес емес әртістер
Бұл күні әлеуметтік желіні пайдаланбайтын жұлдыздар кемде-кем. Әлбетте, әлеуметтік желі қандай да бір әншінің шығармашылығы жайлы халықтың пікірін білуге оңтайлы жол болса, екінші жағынан, жарнама үшін таптырмас құрал. Алайда әлеуметтік желіге қызықпайтын, оған уақыт жұмсамайтын жұлдыздар да жетерлік. Олар артық жарнаманы қажетсінбей ме, әлде техниканың тілін түсінбей ме?
Сейфуллин ЖОЛБАРЫС, әнші, композитор:
– Енді біздің жасымыз келді, бір жағынан, отбасының, жұмыстың бабымен әлеуметтік желілерде отыратын уақыт жоқ. Сонымен қатар қасымда інім, көмекшім бар, интернеттегі қандай да бір жаңалықтарды сол хабарлап отырады. Жақында өз ресми сайтымды ашпақшымын. Бәлкім, содан кейін кіріп тұратын шығармын. Әйтпесе интернет деген рақат қой. Өзім интернеттен кітаптар оқимын, фильмдер қараймын, атақты адамдардың өмірбаяндарын оқимын. Жалпы, тек ақпарат алу үшін пайдаланамын. Ал әлеуметтік желіге аса қызығушылығым жоқ. Бірақ қызым: «Папа, қорықпа, сен де бір күні тәуелді боласың, соған келе жатырсың», – деп күліп қояды.
Күнсұлу ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, актриса:
– Бұрын бір рет «Мой мир» әлеуметтік желісіне тіркеліп, қарап тұратынмын, кейін оны қарауға да уақыт болмай кетті. Басқаларын қолдана алмайды екенмін. Түнгі сағат 23:00-00:00-лерде үйге келген соң, сүре жаттап, хадис оқу одан гөрі пайдалырақ сияқты. Мен, жалпы, техникаға аса икемім жоқ адаммын. Тіпт көлігім бар болса да, өзім таксимен жүремін. Жақсылап бір отырып үйренсем, ары қарай алып кетермін. Ал былайынша аса қызығушылығым жоқ.
Жанар ДОҒАЛОВА, «Кешью» тобының әншісі:
– Менің әлеуметтік желілерге уақытым да, қызығушылығым да жоқ. Тобымыздағы әріптесім Айдана барлық қажет ақпаратты, топтың шығармашылығы жайлы халықтың пікірін айтып отырады. Арамызда компьютер, интернетке ең бейімі де – сол. Мен уақытымды кітап оқуға, ән жазуға, жалпы, шығармашылығыма арнағанды жөн көремін.
Серік СӘПИЕВ, боксшы, Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы:
– Facebook әлеуметтік желісінде тіркелгенмін. Бірақ оған кіруге көп уақыт бола бермейді. Twitter, «Вконтакте» желілерін мүлдем пайдаланбаймын. Оған уақыт та жоқ. Қажет хат-хабарламалар электронды поштамен келеді. Адамдармен сол арқылы байланыс жасаймын.
Қарақат ӘБІЛДИНА, дәстүрлі музыка және эстрада әншісі:
– Желілерге әуес емеспін. Менде интернетке кіріп, хат жазысып болмаса суреттерімді жариялап отыруға уақыт мүлдем тапшы. Қызығы сол, ғаламторда Қарақат Әбілдина болып жүргендер көп екен. Бірақ жаһандық желінің не екенін білемін. Қолым қалт еткенде қызықты жаңалықтар оқып, бейнекөріністерді тамашалап тұрамын.