Алғыс айту кешінен – қоныс тойына!
«Мың алғыс» дәстүрлі қайырымдылық шарасы - көмекке зәру жандар мен Атымтай жомарттардың арасындағы алтын көпір. Бірінің баласына шұғыл ота қажет, бірі қалтасындағы қаржыны шын мұқтажға бергісі келеді. Екеуінің арасын дәнекерлеп жүрген «Мың алғыс» радиобағдарламасы арқылы осы күнге дейін 56 млн теңге көлемінде көмек көрсетілген.
«Қазақстан» РТРК» АҚ-ның құрамына кіретін «Қазақ радиолары» ЖШС биылғы қайырымдылық кешін Қазақстан Халқы Ассамблеясымен бірігіп өткізді. Радио ұжымы ақпараттық жағынан ғана қолдап қоймай, қайырымдылықты қызметкерлерінің біркүндік жалақысын беруден бастады. Кешке жиналған халықта қисап жоқ. Тағдыр сынына мойымай, өмір үшін күресіп жүрген кейіпкерлер тағдыры кімді болмасын толқытпай қоймады. Кешке жиналған қауымның көзіне жас алмағаны кемде-кем.
Әлеуметтік тақырыпқа эфирден ойып орын беретін «Қазақ радиосы» екі жылдан бері «Мың алғыспен» қатар «Бармысың, бауырым?» хабарын да беріп келеді. Бүгінгі таңға дейін 70 хабар эфирге шығып, 90 адамның анықталып, табылды. Бір-бірін 40 жыл көрмеген әскердегі достар, құжаттарын жоғалтып, 15 жылдан бері отбасынан көзжазып қалған ақсақал, жарты ғасыр ұлын көрмеген ана «Мың алғыс» концертінде жақындарымен қауышты.
Көпбалалы шаңырақтардың жанды тұсы үй мәселесі де қайрымдылықтан қалыс қалған жоқ. «1000 теңгеге баспана» ұранымен жалғызбасты көпбалалы аналарға үй соғып беруге себепкер болып жүрген «Харекет» қайырымдылық қоры «Қазақ радиолары» серіктестігінің ұсынысы бойынша, кешімізге атсалысып, сахнада көпбалалы үш отбасыға баспана кілттерін сыйлады. Дәл осы күні тағы бір пәтер кілті берілді. Әлеуметтік желі арқылы екі ай бұрын қайырымдылық шарасын ұйымдастырған – «Асыл адам» қайырымдылық қоры. 1000 теңгемен көмектесу арқылы баспаналы болған астаналық Марина Максименко – аз қамтылған отбасынан, жалғызбасты ананың қызы.
«Алғыс айту күніне орай өткен «Мың алғыс» діттеген мақсатына жетті, - дейді «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры Құрманбек Жұмағалиұлы, - себебі шараның басты кейіпкері тоқ ішек трансплантациясын күтіп жатқан Әділет Арыстан есімді балапанның отасына қажетті қаражат табылды». Сырқат жандардың тауқыметті тағдырынан қатты әсер алған «Уақып» корпоративтік қорының Президенті Қайрат Әзімов операция шығыны 2.5 млн теңгені өз мойнына алып, ел алдында уәде берді. Радио басшысының айтуынша, қайырымдылық шарасы жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрмақшы.