«Әлия гүлі» достарын қарсы алды
Қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың туған өңірі Ақтөбеде «Әлия гүлі достарын қарсы алады» атты ІІІ Халықаралық фестиваль басталды. Дәстүрлі өнер мерекесі биыл қос бірдей мерейтоймен тұспа-тұс келіп отыр. Олар – Ақтөбе қаласының 140 жылдығы мен «Әлия гүлі» би ансамблінің 30 жылдығы.
Ұлттық би өнері мен батыр Әлия рухын насихаттау мақсатымен 1979 жылы құрылған «Әлия гүлі» ансамблін бүгінде батыс пен шығыс түгел таниды. Талай халықаралық байқаудан жүлде алып жүрген ақтөбелік ұжым әр фестиваль сайын әріптестерін көбейтіп келеді. Олардың бәрі жыл сайын қазақтың қаршадай қаһарманы туған өңірде бас қосады. Биыл ерлік пен өнерге қатар табынушы жеткіншектер Ақтөбедегі орталық мәдениет және демалыс саябағында және Ғазиза Жұбанова атындағы Облыстық филармонияда концерт берді. Әлемнің өнерпаз балаларының ортақ мерекесі бүгін гала-концертпен салтанатты жағдайда жабылады.