Алматыны «Арт-алаң» аралап жүр
Маусымның 14-і күні Алматыда «Арт-алаң – 2013» атты әлеуметтік-мәдени жоба басталған болатын. Алматы қаласы Мәдениет басқармасы мен «Еуразия мәдени альянсы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған бұл жобаның басты мақсаты – қала тұрғындарын мәдени, рухани жағынан байыту, оларды бірлікке шақыру, жаздың кешкі күндерін көңілді өткізуге септігін тигізу.
«Арт-алаң» өзінің жазғы шеруін жалғастыруда. Концерттік бағдарламалары, ғажайып көрмелері және басқа да жылжымалы өнерлерімен Алматы қаласының төменгі бөлігіне ойысты.
Жалпы жобаның ең басты артықшылығы да сол – елді мекен ортасында жылжып отыру мүмкіндігі. Таяуда тағы да қаланың үш ауданында болып өткен «Арт-алаңда» Алматы жұртшылығы бір-біріне ұқсамайтын, мүлде әртүрлі шоу-бағдарламаларды көрді. Мәселен, сенбі күні «Maxima» сауда кешені жанында өткен арт-жобада Coppocabana Dance School ғажайып би билесе, С.Сейфуллин атындағы саябақта «Apples» тобы Алматы жайлы әндердің тиегін ағытты. Ал ең қызығы, Алатау ауданында цирк әртістері отпен, ғажайып каучукпен және акробатикалық қимылдар арқылы бүлдіршіндердің қуанышына бөленді. Онда біздің әртістерді тамашалауға өте көп бүлдіршіндер жиналыпты.
Ал бірқатар көрермен «хенд-мейд», яғни, қазақша айтқанда, қолөнер көрмесін тамсана аралады. Онда киізден жасалған бұйымдар, кез келген талғамға сәйкес әшекейлер мен ілгектен тоқылған заттар, «түс аулайтын» бойтұмарлар және тағы басқалары көздің жауын алардай самсап тұрған еді. Айта кетерлігі, жаз бойы арт-алаңдарда «Қажетті бұйымдар» атты қайырымдылық көрмесі жұмыс істейтін болды.
– Мұнда бізге әсем әшекейлер, түрлі дискі, кітаптар, балалар ойыншықтарын, кейде, тіпті үстелдер алып келіп жатады. Барлық заттарды тегін береді. Өйткені біз ешқандай затқа баға қоймаймыз, «тауарларды» қайырымдылық ретінде береміз. Біз тек ортадағы дәнекерміз. Арт-алаңда жиналған барлық қаржы қайырымдылық үшін жұмсалады, – деді көрме туралы «Үшінші мыңжылдық психологиясы» атты халықаралық ағартушылық жобасының және осы әлеуметтік-қайырымдылық шарасының үйлестірушісі Екатерина Деркач.
Досхан ЖАЛНИЯЗОВ, Алатау ауданында өткен арт-алаңның жүргізушісі:
– Арт-алаң жобасының идеясы – өте керемет. Бұл жоба өткен жылы басталған еді, келер жылдары да жалғасын табады деп ойлаймын. Алатау сияқты аудандардың халқы үшін демалыс күндері тегін концерттер қажет. Мұндағы көпшіліктің 80-90 пайызы жас бүлдіршіндерден құралыпты. Сондықтан олардың көңіл күйі жайдарлы мерекенің атмосферасын қалыптастырды.
Йоко ҚОҢЫРБАЕВ, Қазақ мемлекеттік циркінің әртісі:
– Маған осындай іс-шараларда өнер көрсеткен ұнайды. Себебі ол бізді халықпен барынша жақындастыра түседі. Мұндағы көрермен өнердің әр түрін ықыласпен қабылдап отыр. Маған қаланың ортасынан гөрі, шалғайда жатқан жерлерде өнер көрсеткен ұнайды. Өйткені бұл жақтағы кей баланың циркке баруға мүмкіндігі де бола бермейді. Сондықтан мұнда балалар бізді үнемі жақсы қарсы алады, біз соған ризамыз.
Алдағы уақытта арт-алаңдар шілденің 12-13-і күндері Алматы қаласының жоғары бөлігінде өтеді.