Алты алаштың ардағы неден жаза басты?
Биылғы қаңтарда туғанына 145 жыл болған, көрнекті Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың тағдыр-тәлейіне жеңіс пен жеңіліске, үмітке толы күрделі ғұмыр бұйырды. Абылай мен Кенесары аталарының даңқты жолын лайықты жалғастырған ол, ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту идеясы мен оны жүзеге асырудың жолдарын, әдіс-тәсілдерін негіздей отырып, ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының көшбасынан табылды.
Шығу тегі жөнінен әйгілі Шыңғыс ханнан таралатын дала аристократиясына жататын Әлихан бастауыш білімді медреседен және үш сыныптық орыс-қазақ мектебінен алады. Одан кейін Қарқаралыдағы, кейіннен Омбыдағы техникалық училищеде оқиды. Әрі қарайғы білімін Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтында жалғастырады. Негізгі пәндерді үздік меңгерумен қатар, Әлихан құқықтануды, Батыс философиясы мен орыс әдебиетін де мұқият оқып-үйренеді. Мұның сыртында студенттердің саяси үйірмелеріне қатысып, сол кездің өзінде-ақ «саяси сенімсіз» адам ретінде полиция назарын өзіне аударады.
Оқуын тамамдап, Омбыға орманшы-ғалым ретінде оралған Әлихан әуелде со- циал-демократиялық бағыттағы «Степной край» газетіне қызметке тұрады. Одан кейін орыстың бюджеттік статистикасының негізін қалаушы Федор Щербининнің жетекшілігіндегі экспедицияларда сегіз жыл жұмыс істейді. Экспедицияға Далалық өлкенің ұлан-ғайыр аймағын және ең бастысы, қазақтардың мал шаруашылығының жай-күйін зерттеу міндеті жүктеледі. Кейінірек Әлиханның экспедиция жұмысы барысында жинаған білім-тәжірибесі Омбы көші-қон басқармасының санақ маманы қызметімен толыға түседі. Әлихан Бөкейханов өмірін жете зерттеген тарихшы Мәмбет Қойгелдінің пікірінше, осы екі қызметі оның жер және көші-қон мәселелерінің керемет білгірі ретінде қалыптасуына, сондай-ақ саяси дүниетанымының негізделуіне көп ықпал етті. Кәсіби экономист ретінде ол патша өкіметінің көші-қон саясатын мұқият зерттейді. Қазақ облыстары мен уездерінде құрылған көші-қон басқармалары қазақ халқын отырықшыландыру саясатын ұдайы және табанды түрде жүргізе бастайды. Мұндай ауқымды мәселені шешуге қажетті экономикалық, психологиялық және басқа да алғышарттардың жоқтығы қаперге алынбайды. Патша өкіметінің аграрлық саясаты, бұқара халықтың азып-тоза бастауының артуы Әлихан Бөкейханов тәрізді оқыған, білімді ұлт азаматтарын саяси қайраткерлік жолға түсіп, ұлт-азаттық қозғалысымен айналысуға, саяси партияға бірігуге мәжбүрлейді. 1905 жылғы саяси манифестер, митингілер, құрылтайлар мен съездер толқыны қазақ даласын да шарпиды. Қазақ халқының патшалық отарлау жылдарында қордаланған мұң-мұқтажы, талап-тілегі тоғысқан Қарқаралы петициясы сияқты тұңғыш тарихи құжаттар пайда бола бастайды.
Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі өмір үрдісін күрт өзгертуге үзілді-кесілді қарсы болды. Қазақтардың жартылай көшпенді болуы объективті шарттарға, яғни табиғи орта жағдайларына байланысты екендігін баса айтты. Сондықтан да «отырықшылық өмірге көшу кешенді түрдегі әлеуметтік-экономикалық шаралардың көмегімен біртіндеп, кезең-кезеңімен жүргізілуі тиіс» деген ұстанымда болды. Әлихан сондай-ақ көші-қон басқармасының «жерді үлестіру» саясатын сынға алды.
Ең бастысы, Әлихан Бөкейханов Ресей империясына қарасты халықтардың өмірін бірегейлендіруге қарсы шықты. Ұлттарға автономия беру идеясын қолдап, қуаттады. I Мемлекеттік думаға мүше болған кезінде де, Кадет партиясының съездерінде сөйлеген сөзінде де, басылым беттерінде жарияланған мақалаларында да осы бағытты ұстанды.
Әрине, Әлихан Бөкейхановтай көрнекті тұлғаның қайраткерлік болмысын, ұлт Тәуелсіздігі жолындағы жанқиярлық еңбегін бір мақала аясында жан-жақты ашып көрсету қиын. Алаш арысының күрескерлік жолы, өзіндік ұстанымы, жеңісі мен жеңілісі тұрғысынан алғанда бірқатар сауалдар туындайды. Соларды алға тарта отырып, біз тарихшылар мен алаштанушы азаматтардың пікірін білгенді жөн көрдік. Мәселен...
1. Біз әдетте М.Шоқайдың «Түбі түркі, түгел бол!» деген сөзін ұлағатты ұран есебінде қабылдаймыз. Осы орайда «Кезінде Әлихан Бөкейханов түркішілдік әңгімелерге утопиялық тұрғыда қарайтындарды ұнатпаған» деген әңгіме бар. Бұл ретте Әлихан ағамыз неден қауіптенді, неден сақтанды? Және онысы қаншалықты негізді еді?
2. Алаш қайраткерлерінің бірқатары Ресей Федерациясына кірмейтін ұлттық автономияны жақтағанда Әлихан Бөкейхановтың бұл идеяны қолдамауы неліктен?
3. Әлихан Бөкейханов Түркістан құрамына кіретін, онда да діни фанатизм жайлаған халықтармен мемлекет құрудың мүмкін еместігін айтқан көрінеді. Бұлай дегенде ол нені меңзеді, нені қаперге алды?
4. Жалпы, Әлихан Бөкейханов мемлекет құрылымы жөнінде қандай көзқарасты ұстанды?
5. Қайраткер ретінде ол неден қателесті, қай тұрғыда жаза басты?
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымының докторы, профессор:
Әлихан Бөкейханов орыс демократиясына сенді
1. Әлихан Бөкейханов түркішілдікке сақтанып қараған емес. Бөкейханов қазақ халқының Тәуелсіздігі мен азаттығына қызмет ететін идеяның бәрін қолдады, соның жағында болды. Бұл – бір. Екіншіден, айта кететін бір нәрсе, XX ғасырдың басында қазақ халқы ұлт ретінде қалыптасу кезеңінде тұрды, ұлт болып ұю процесін басынан кешірді. Соған байланысты Бөкейханов ұлттық мемлекетті қалыптастыру ұстанымында тұрды. Бұл өте маңызды нәрсе еді. Өйткені қазақтың жерін, жерасты және жерүсті байлығын сақтау үшін мемлекеттілік қажет болатын. Соған байланысты, ол кісі басқа түркі мемлекеттерімен бірігу мәселесіне де осы тұрғыдан келді. Ал Мұстафа Шоқай бүкіл түркі халықтарының тұтастығы идеясын ұстанды. Шоқайдың ойынша, бүкіл түркі халықтары өз мүддесін, мемлекет Тәуелсіздігін өзара күш біріктіру арқылы ғана қорғай алады. Жалпы, Ә.Бөкейханов пен М.Шоқайдың идеясы – бір-бірін толықтыратын идея. Сондықтан оны қарсы қоюдың қажеті жоқ.
2. Қазақстан 1917 жылы Ресейден бөлініп, Тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып, дамуға даяр емес болатын. Бірден мемлекет құрып кетуге қазақ елі де дайын болмады. Сол себепті де, Бөкейханов: «Белгілі бір даярлық кезеңінен өткенге дейін Ресей Федерациясының құрамында бола тұрайық. Ал кейіннен сол даярлық мерзімінен өткеннен кейін жеке мемлекет ретінде бөлініп кете аламыз», – деді.
3. Әлекең дінге қарсы болған емес. «Қоғамдық дамуда кейін қалған елдермен бірігу қиын» деген. Бұл жерде ол кісі экономикалық дамуды айтып отыр.
4. Әлекең, біріншіден, қазақ жерінде мемлекеттілікті жаңғырту ісінің басында тұрды және мемлекеттілік идеясын жан-жақты сериялық тұрғыда негіздеді. Былайынша, Әлихан Бөкейханов қазақ топырағындағы мемлекеттілік идеясының теоретигі еді. Ол кісінің түсінігінше, мемлекет ұлттық идеяны қорғай алатын әрі демократиялық ұстанымдағы мемлекет болуы тиіс.
5. Бөкейханов пен оның серіктерінің бір кемшілігі мынаған байланысты. Ол кісілер орыс демократиясының соңына ерді, соған сенді. «Орыс демократиясын қолдау арқылы қазақтар өз мемлекеттік дербестігіне, Тәуелсіздігіне қол жеткізе алады» деп ойлады. Шын мәнісінде, орыс демократиясы қазақ халқының мемлекеттік Тәуелсіздігін мойындауға даяр емес болатын. Бірақ мұны Бөкейхановтардың кемшілігі деп айтуға бола ма? Мәселе сонда. Ал енді ол кісінің қателесуі неге байланысты дегенге келсек, мен мұны қазақ халқы ұлттық санасының әлі де болса төмендігінен дер едім. Егер де қазақтың азаттық қозғалысы тегеурінді, қуатты, күшті болғанда, оның экономикалық базасы болғанда, әрине, Бөкейхановтар басқаша әрекет жасаған болар еді. Олардың сол кездегі әрекеті, қызметі қазақ азаттық қозғалысының даярлығына, тегеурініне тәуелді болды деп айтуға болады.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы, «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері:
«Түркістан өзінің діндарлығымен көшті кері тартады» деген сенімде болды
1. Әлекең батысшыл болған. Орыс демократиясына сенген. Сондықтан да Балқан соғысы кезінде империя астанасында оқитын жастардың түрікшіл патриоттық сезімге елітіп, Түркия намысын жырту шараларына қатысуын қаламаған. Ресейдің саяси өмірін бес саусағындай білгендіктен, пантүркизм таңбасын жапсыруға желеу беретін әрекеттерге революция жылдары да ұдайы сақтықпен қарады.
2. «Алаш қайраткерлерінің бірқатары Ресей Федерациясына кірмейтін ұлттық автономияны жақтаған» деген әңгіме маған беймәлім. Ол тұста, меніңше, алаштықтардың мұндай ұстанымда болуы мүмкін емес. Ал Әлихан Бөкейхановтың көзқарасына келсек, монархия тарих сахнасынан кеткен алғашқы айларда ол өзі мүшесі болып табылатын кадет партиясының билікке жеткен сәттегі ұстаным-бағдарына сай, патша өкіметінің орнына демократиялық унитарлық республика орнату жағында болды. Саяси оқиғалардың өрістеп дамуы барысында оның бұл мәселеге көзқарасы да ұлт мүддесіне қарай өзгерді. Күзде қазақ елін Сібір автономиясына қосуды көздеп, бірер облыс делегаттарын Том съезіне бастап барды. Оның ойынша, сол шақта қазақтың өз алдына автономия алуы мүмкін емес еді. Сібірліктермен бірігу арқылы болашақ автономияның қажет тетіктерін реттеп алған соң ғана олардан бөлініп шығуға болады деп санады. Ұлттық кадрлардың саны да, деңгейі де автономия құруға жеткіліксіз, әрі оған сол кезгі ахуал да қолайсыз деп білді. Сондықтан күн тәртібіндегі күрделі мәселені тек қазақпен аралас отырған өзге халықтармен бірге, өзара келісіп шешуге болады деген пайымнан ажыраған жоқ. Тарихи желтоқсан съезінде көтерілген шұғыл дербес автономия жариялау идеясына сол себепті қиғаш қарады. Делегаттардың көпшілігі оның жағына шықты.
3. Бұған оның, жоғарыда айтқанымдай, батысшылдығы себеп болды. Ол «Шығыста қазақ үйренерліктей мәдениет жоқ, Түркістан өзінің діндарлығымен ілгері беттеген көшті кері тартады» деген сенімде еді.
4. Оның мемлекеттік құрылым жайындағы ұстанымы өзінің жетекшілігімен дайындалып, 1917 жылғы күзде «Қазақ» газетінде жарияланған Алаш саяси партиясының бағдарламасында тұжырымдалған болатын. Ресей халықтарының Құрылтайшы жиналысы қазақтың жер-су және елдік мәселесін шешіп береді деген сенімі зор еді. Сондықтан да Әлихан Бөкейханов сол Құрылтайшы жиналысқа (Учредительное собраниеге) Алаш партиясы тізімімен делегаттар сайлануына үлкен мән берді. Алайда Қазан төңкерісіне байланысты, Құрылтайшы жиналысты күту жоспарына өзгеріс енгізуге мәжбүр болды. Екінші жалпықазақ съезі парламенттік Ресей федерациясына кіретін Алаш автономиясын құрып, үкіметін – Алаштың Ордасын сайлады. Кеңес өкіметі жеңген соң, автономияның жаңа билік ауқымында өмір сүруі жөнінде большевизм басшыларымен келіссөз жүргізуге Жанша Досмұхамедов бастаған делегацияның Мәскеуге баруын қолдады.
5. Экономист, жер-су мәселелерінің ірі маманы болғандықтан, Әлекеңнің білім-білігімен патша әкімдері де, кеңес билігі де белгілі дәрежеде санасқан еді. «Қайраткер ретінде ол неден қателесті, қай тұрғыда жаза басты» дегенде, бұл ұлы тұлғаның өз қолында шешуші билік тұтқасы болмағанын ескерген жөн. Ал баспасөзде жарияланған пікірлеріне орай ой түйсек, ол ХІХ ғасырдың аяғында мал шаруашылығы өнімдерін өңдеумен шұғылдануға бел буған қазақ кәсіпкерлерінің пайда болуын құптамады. Бұл фактінің жаңа құбылыс ретіндегі мәніне бармай, алғашқы талпыныс иелерін газет бетінде қатты сынап, бастаманы тұншықтырды. ХХ ғасырдың басында қазақ қайраткерлерінің Мемлекеттік думаға жер-су жайында заң жобасын ұсынбақ әрекетіне немқұрайды қарады. Көшпенді жұртты патша өкіметінің қолданыстағы заңдары аясында отырықшыландыруға қарсы болды. Патшалық тұсында эволюциялық жолмен атқарылмаған істі большевиктер билікке келген соң революциялық тәсілмен жүзеге асырып, елді алапат ашаршылыққа, ұлттық апатқа ұшыратқаны мәлім. Және бұл орайда олар өз қылмыстарын ақтау үшін мәселенің тонын айналдырып, ірі ұлт қайраткері Әлекеңнің атын қаралаумен шұғылданды. «Бөкейханов қазақ халқының болашағына сенімсіздік білдіріп, Сталинге «қазақтар отырықшы бола алмайды» деген еді, социализм жетістіктері оның қателескенін көрсетті», – деп мәлімдеген-ді 1935 жылы республика басшысы Левон Мирзоян...
Болат МҮРСӘЛІМ, журналист, «Алашорда» деректі фильмі сценарийінің авторы:
Жалаң ұлтшыл, шаласауат демократтарды аса ұнатпаған
1. Біз бұл шетін мәселені айту үшін тарихи жағдаяттарды бір-бірімен шатастырмай, дифференциация жасап қарауға тиіспіз. Әлихан Бөкейханов 1912 жылғы Балқан соғысы кезінде Түркия елшілігіне елден жиналған қап-қап, дорба-дорба ақшаны арқалап апарып жүрген Петербургтің мұсылман студенттерінің ісіне «утопия» деп қараған. Студенттерге «өздеріңді сағыммен алдамаңдар» депті. «Түрікшіл болсаңдар, ұлтшыл болсаңдар, Ресейдің отарлаушылық саясатының астарына үңіліңдер, сол отарлық езгіден құтылу жолында еңбек етіңдер» деп, М.Шоқай, З.Уәлиди сынды жастарға жөн сілтепті. Бұл – бір. Екіншіден, 1917 жылдың күзінде Ә.Бөкейханов Г.Потанин басқарған Сібір үкіметімен одақ болуға уағдаласты. Оның басты себебін Әлихан: «Сібірмен одақ болсақ, қазақтың автономия алуы жеңілірек шешіледі», – деп түсіндірді. Ал Түркістандағы халықтармен бірлесе автономия құруға ашық қарсы шықты. С.Торайғыровтың, М.Дулатовтың жазуынша, Әлихан Түркістан халықтарының әсіредіншілдігін, ғылым-білімге ұмтылмайтындығын мысалға келтіріп, «Әлсізбен одақ болу арқылы жас қазақ автономиясын құртып аламыз» деп қауіптенген. ІІ жалпықазақ съезінде бұл мәселеде Ә.Бөкейхановқа ондаған қазақ зиялысы ашық қарсылық білдірсе де, соңғы шешім бойынша, Әлихан Түркістандағы тек қазақ қоныстанған жерлерді Алаш автономиясына қосу туралы мәмілеге қол жеткізеді.
Әлихан жалаң ұлтшыл, шалағай түрікшіл, шаласауат демократтарды аса ұнатпаған. Ол – саясаткер.
2. 1917 жылы Ресейдің мемлекеттік құрылымы туралы екі-ақ идея болды. Біріншісі – «Ресей унитарлық мемлекет болуға тиіс» деді. Екіншісі – «Ресей автономиялардың федерациясы болсын» деді. Тәуелсіздік тұрмақ, «автономия» сөзін ауызға алғандардың өзін «сеператистер» деп қабылдады. М.Шоқай шетелде жазған естеліктерінде Тәуелсіздік ол кездің өңі түгіл, түсіне кірмегенін ашық жазады. Ал І жалпықазақ съезінде «Қазақ автономиясы мәселесін талқылауда М.Дулатов, А.Байтұрсынов және т.б. федерацияға кірмейтін «тәуелсіз ұлттық автономияны» жақтады. Алайда бұл идеяны Ә.Бөкейханов қолдамағаны белгілі болды» дегенді алаштанушы К.Ілиясова өз монографиясында С.Зиманов еңбегіне сілтеме жасап жазған екен.
Ал Әлиханның «Автономиядан соң Тәуелсіз ел боламыз» деген үміті болғаны анық. 1917 жылы «Қазақ» газетіндегі мақаласында: «Осы жолы болмаса да, келесі жолы қазақ баласы өз алдына тәуелсіз ел болар» деп жазған еді. Біздіңше, Әлихан «осы жолы» деп, Бүкілресейлік Құрылтайды айтып отыр. Бұл Құрылтайда Ресей Федерация түрінде құрылса, Алаш автономиясы өз мәртебесін заңдастырмақ еді. Ал Әлихан айтқан «келесі жолы» деген уақыт тек 1991 жылы бір-ақ жетті. Соған қарағанда, Ә.Бөкейханов саясаткер ретінде «тәуелсіз ұлттық автономияны» орындалмас дүние болған соң, қолдамаған сияқты.
3. С.Торайғыров «Әлиханның Семейге келуі» атты мақаласында Әлиханның: «Түркістанмен бірге автономия алу – қойны-қонышыңа тас толтырып, Ертіске сүңгумен бір есеп. Ташкент городской управасында сарттың гласныйлары, «обаға қарсы ем қылу Құдайдың құдіретіне қарсылық күнә болады, ем керегі жоқ» деп жасаған қаулылары автономия арбасына есек пен түйе жегіліп, оңбайтындықты көрсетеді» деп баяндама жасағанын жазады. Жаңа айтқандай, М.Дулатовтың тергеу жауаптарында да Ә.Бөкейхановтың Түркістан халықтарының қараңғылығы туралы осы пікірде болғаны айтылады.
4. Ә.Бөкейхан Бірінші француз революциясынан бері Еуропада қалыптасқан мемлекеттілік дәстүрлерге сүйене отырып, халық билігіндегі демократиялық, парламенттік басқарудағы, Президенті мен министрлері Парламент алдында жауапты болатын, зайырлы, тең құқықты мемлекетті ыңғай көрді. Оның бұл тұрғыда арнайы жазған еңбегі кезікпейді, мұны «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасына, Әлиханның мақалалары мен сөздеріне қарай аңдауға болады.
5. «Әлихан қателесті, жаза басты» деген ой бізде болған емес...
• Қорыта айтқанда...
Қазақ халқының терезесін өзгелермен тең етуді көксеп, ұлы мұрат жолында жан аямай тер төккен ұлт зиялыларының үлесіне тиген тағдырдың ащы сабағы Әлихан Бөкейханов өмірінен де көрініс тапты. Тап күресін мейлінше ушықтырып жіберген сталиндік қызыл қырғын ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің өмірін тозаққа айналдырды. Саяси қайраткерлігі үшін патшалық билік жүйесі басынан сипай қоймаған Бөкейханов кеңестік дәуірде де талай қуғын-сүргінге ұшырады. 1922 жылдан бастап қашан ату жазасына кесілгенге дейін атамекеніне келу құқығынан біржола айырылды. Ал КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасында үкім шығарылып, өзіне соңғы рет сөз берілгенде, 72 жастағы Әлихан Бөкейханов: «Мен Кеңестік билікті жақсы көрген емеспін, бірақ мойындадым», – деп қысқа да нұсқа, жалғыз ауыз сөз айтқан көрінеді...