Алтын адамның түпнұсқасы қайда?
«Алтын адам,
Алтын адам...
Адам жоқ!
Алтын қалған жарқыраған» деп Мұқағали ақын жырға қосқан Алтын адам туралы айтылған ақиқат та, аңыз да көп. Сонау 1970 жылдары тек Қазақстан үшін емес, төрткүл әлем үшін үлкен жаңалық болған Алтын адамның жұмбағы күні бүгінге дейін толық шешілмей келеді. Тарихшы ғалымдар, антропологтар мен археологтар Алтын адамды жан-жақты зерттеп жатқанымен, әлі де көпшіліктің көкейінде сұрақ жетерлік. «Алтын адам кім еді, қыз ба, жігіт пе, жауынгер ме, ханзада ма, сақ тайпасынан ба, үйсіннен бе, қазір оның сүйегі қайда?» осы сияқты сұрақтарға қатысты дау көп. «Алаш айнасы» осы Алтын адам төңірегіндегі сұрақтарға жауап іздеп көрген еді?
Алтын адам қашан, қайдан табылды?
Алтын адам 1967-69 жылдары археолог-ғалым Кемал Ақышев басқарған экспедиция жұмысының нәтижесінде Алматы маңындағы Есік қорғанынан табылғаны белгілі. Бұл нақты тарихи дерек. Алайда кейбір ғалымдарымыз Алтын адамды Есік қорғанының маңында ойнап жүрген балалар тауып алған деседі, кейбіреулер бұл тарихи құнды жәдігерді ұлты башқұрт қарапайым жүргізуші тауып алған деген деректерді де келтіреді. Дегенмен Есік қорғанынан табылған Алтын адамды өз қолымен аршып алған экспедиция мүшесі археолог-ғалым Бекмұханбет Нұрмұхамбетұлы баспасөз беттеріне берген сұқбаттарында обаның қалай табылғанын, экспедиция жұмысының қалай жүргенін бүге-шүгесіне дейін айтып жүр.
Бекмұханбет НҰРМҰХАМБЕТҰЛЫ, археолог-ғалым:
– Кеңес одағы кезінде кез келген құрылыс нысанын жүргізбес бұрын, ол жерге археологиялық барлау жасалатын. 1963 жылы Есік көлі тасып, маңындағы ауылды шайып кеткен кезде сол жердегі автобекет те тасқын астында қалған екен. Осы автобекетті қайта салу үшін құрылыс орнына барлау жасалды. Сол жерде 4-5 оба бар екен. Көп ұзамай 1969 жылы Кемал Ақышевтің тапсырмасымен Айтбек Амандықов екеуміз зерттеу жұмыстарын бастадық. Алғашында қорғанның тұтас аумағын қоршап, тең жартысын қаздық, онымыздан түк шықпады. Бір жылдан кейін қазба жұмыстарын қайта жалғастырдық. Айлар бойы айтарлықтай ештеңе таппағанымызға қынжылдым. Бірақ түйсігімнің түбінде бір ой мені осы жерден жібермей тұрғандай сезімде болдым. Әбден кетуге айналғанымызда бульдозермен тағы бір түрткіздік. Осы заматта бульдозердің тұмсығы бөренеге тірелді. Бұл оба екі құдықтан сәл қиыс шетте, үлкен қорғанның бір жақ жанында жатыр екен. Ары қарай күрекпен арши бастадық. Алдымен ағашпен қапталған обаның сыртын түгел тазаладық, кейін бөренелердің төбесін аштық. Обаны жасағанда бөренелерді жымдастырып, қиюластырып бекіткен екен. Биіктігі 1,5 метр. Алдымен сол ағашпен қапталған табытты тазалап шықтық. Обаны ашпас бұрын мән-жайды Кемал Ақышевке айтып, ол кісі бастаған археологиялық топ жұмысты ары қарай жалғасытрды. Топ құрамында археолог Александр Степанович, ең алғашқы көшірмесін жасаған реставраторлар, Владимир Садамсков, фотограф Олег Медведов, суретші Тамара Воробьева мен ҚазҰУ студенті Әлішер Ақышев болған еді . Содан кейінгі жұмысты Кемал Ақышев қолына алды. Ол Шығыс Германиядан Есік қорғаны жайлы альбом шығарып, әлем жұртшылығының назарын Қазақстанға аударды. Үш жыл бойы еңбектеніп, Алтын адамның алғашқы макетін макетін жасатты.
Алтын адам кім?
Алтын адам – ескерткіш-мүсін емес, алтын киімді адам. Ғалымдардың айтуынша, обаның салыну нобайына қарағанда бұл жай адам емес патша, хан, қаған сынды лауазым иесі болған көрінеді. Еті ағып, тек сүйегі сол күйі ішінде қалған Алтын адамның киіміне 4000-нан аса ұсақ әшекейлер тағылған екен.
Осы қорғанда 1969-71 жылдары зерттеумен айналысқан археолог-тарихшы К.Ақышевтің болжамы бойынша, Есік қорғаны б.з.б. V–IV ғасырларға жатады. Антропологтың анықтауынша, мүрденің жасы 16-18. Байпақов оны б.з.б IV ғасырдың аяғы, ІІІ ғасырдың басына жатқызып, жерленушіге 17-18 жас береді. Тап басып айту қиын.
Оразақ СМАҒҰЛОВ, антрополог:
– Алтын адамды біреулер ер адам, біреулер әйел дейді. Кемал Ақышев менің қолыма Есіктегі Алтын адамның маңдай сүйегі мен төменгі жақ сүйегінің қалдықтарын берген еді. Оның төменгі жақ сүйегі өте биік, маңдайындағы қабақ сүйектері жақсы жетілгендіктен оны ер адам деп болжам жасадым. Сондай морфологиялық ерекшеліктерін де ескере отырып, оны шамамен 20 жастағы жауынгер деп анықтама бердім. Ал нақты әйел не еркек екенін білу үшін хромосомалық анализ жасау керек. Өкінішке орай, қазір сүйектің қайда екенін білмеймін.
Ал алтын адамның әйел адам екеніне тарихшы Еділ Ноянов өзінше дәйек келтіреді. Оның айтуынша, алтын адамның бойы 165 см. Оның мойнында алтын алқасы, бір құлағында сырғасы болған. Басындағы бас киімінің биіктігі 70 см, сәукелеге ұқсайды.
Қазіргі таңда ғылым қанша дамыды десек те, алтын адамның ер немесе әйел екенін нақты ажырататын ДНК талдамасы әлі күнге жасалмаған.
Сақ па, үйсін бе?
Алтын адамды алғаш тауып, оны зерттеген ғалым К.Ақышев, қорғаннан табылған ханзаданың мүрдесін сақ тайпасының өкіліне жатқызды. Ғалым Алтын адамның киім үлгісіне, ондағы өрнектерге, жерлену жоралғысына қарап оны сақ тайпасына теліген болатын. Ал қытай деректеріне сүйенетін ғалымдардың біразы Алтын адамның үйсіннен шыққан ханзада екенін дәлелдеп бағуда.
Алтын адамның үйсін ханзадасы екенін алғаш жорамалдаған жазушы Тұрсын Жұртбаев болатын. Қытай жазбаларында үйсіндердің күшейген кезін былайша баяндайды: «Үйсіндер — батыс өңірдегі ең құдіретті мемлекет, олардың 120 мың түтін, 188, 8 мың сауытты әскері болған. Елжау бидің 10 ұлы болған, соның тақ мұрагері етіп белгілеген тұңғыш баласы жас шағында 22 жасында қайтыс болады. Кейіннен әкесі қайтыс болғанда осы ұлының жанына жерленген. Ал Ақышевтің зерттеулерінде Алтын адамның мүрдесінің жанында тағы бір көсемнің мүрдесі болғаны жайлы айтылады. Жалпы дәстүр бойынша әрбір тұлға дара көмілуі керек. Басындағы қорған да жеке болуы керек. Жас ханзаданың әуел басында тұрғызылған қорғаны жеке болған, кейін екінші тұлғаны жерлеуінен кейін біріктіріп, үлкен қорған тұрғызылған. Қорғанның ауданы 60 х 60, биіктігі 6 м., жалпы аумағы 8300 м3. Ақышев бұны екі мүрденің бір отбасынан шыққан жақын туыс екенімен түсіндіреді.
Тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев те алтын адамның үйсін екенін қолдаушылардың бір. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін біз сақ, оның ішінде сақ-тиграхауд деп келген Алтын адам қытайдың жылнамалық деректері мен ондағы ғалымдардың тарихи мәліметі оның үйсін қоғамының адамы екенін бұлтартпай дәлелдейді.
Алайда тарихтың тереңіне үңілер болсақ, қазақ даласын мекендеген сақ, ғұн, үйсін тайпларының әдет-ғұрпы да, салт-дәстүрі де бір-біріне ұқсап жатады. Сондықтан Алтын адамды сақ немесе үйсін тайпасының өкілі деп кесіп айтуға да болмайтын секілді. Сонымен Алтын адамға қатысты бұл мәселе әлі де талай тарихшыны тартысқа түсірері анық.
Музейлерде Алтын адамның көшірмелері қойылған
Есік қорғанынан Алтын адам табылғаннан бері оның бірнеше рет көшірмесі жасалған болатын. Ең бірінші Алтын адамның сүйектерін жинап, киімдерін, әшекей бұйымдарын қалпына келтіруге үш жылын сарп еткен ғалым Кемал Ақышевтің жасаған реконструкциясы көптеген шетелдердегі көрмелерге апарылған болатын. Ал қазіргі еліміздегі музейлерге Алтын адамның реставратор Қырым Алтынбеков жасаған көшірмелері қойылған. Түпнұсқаның алғашқы көшірмесі алюминий металынани жасалып, арнайы технологиямен сырты алтынға ұқсас етіліп жасалған. Ал Қырым Алтынбектің екінші көшірмесі түсті металдан жасалып, алтын жалатылған.
Қырым АЛТЫНБЕК, реставратор:
– Алтын адамның алғашқы реконструкциясын Кемал Ақышев өзі жасаған еді. Кейін мен Алтын адамның көшірмесін жасағанда бұрын ескерілмеген тұстарды ескеріп, Қазақстаннның басқа аймақтарынан табылған ескерткіштермен салыстыра отырып, біршама толықтыра түстім десем болады. Тарихты зерттеу барысында әрбір жыл сайын жаңалықтар ашылып, жаңа деректер табылып жатады. Сол жаңалықтарға сілтеме жасай отырып, біз де бұрын жасаған көшірмелерімізді толықтыра түсеміз. Алтын адамның көшірмесін алғаш жасап болғанда бұл аяқталған жұмыс секілді көрінгенімен, қазір қарап отырсам, әлі де талай толықтыратын тұстары бар екен. Кейінгі жылдары Ресейден, Орынбордан, еліміздің басқа да аймақтарынан табылып жатқан Алтын адамға ұқсас жәдігерлерді зерттей отырып, болашақта Алтын адамның тағы бір көшірмесін жасау туралы тың ойлар келуде. Жалпы Еуразия аумағын мекендеген ежелгі тайпалардың мәдениеті бір-біріне ұқсас қой. Меніңше, бізден кейінгі жастар да жаңа технологияларды пайдалана отырып, әлі де Алтын адамды тереңірек зерттейді, толық нұсқадағы көшірмесін жасайды деп ойлаймын. Менің білуімше Алтын адамның алғашқы түпнұсқасы Астана қаласындағы Алтын және бағалы металдар музейінде сақталған. Бұл жәдігер қайта-қайта оқылатын кітап секілді, ғылыми жүмыстардың қайнар көзі ретінде бағалы.
Алтын адамның саны қанша?
Ғалымдар қазақ жерінде алтын адамға ұқсас қорымдардың саны 40-тай болу керек деп болжайды. Бірақ қазақ даласындағы талай аласапыран уақыттарда олардың көбі тоналып, жойылып кеткен екен. Бүгінде Қазақстанның әр өңірінен, айталық, Шілікті, Аралтөбе секілді қорымадардан табылған Алтын адамға ұқсас жәдігерлердің саны алтыға жеткен екен. Алайда археолог ғалымдар, тарихшылар бұл жәдігерлерді екінші, үшінші Алтын адам деп айтуға болмайтынын ескертеді.
Досым ЗІКІРИЯ, тарихшы:
– Біздің елімізде тек бір ғана Алтын адам бар. Ол Есік қорғанына табылған ханзаданың мүрдесі. Ал қалған өңірлерден табылып жатқан осыған ұқсас жәдігерлерді Алтын адам деуге келмейді. Алтын Адам деп айту ең алдымен оба тоналмаған, қалай көмілді, солай табылғаны абзал. Екіншіден, табылған мүрденің әлеуметтік дәрежесі хан, қаған, патша дәрежесінде болуы шарт. Ең алғаш жерленген күннен бастап, археолог қазғанға дейін ешкім тиіспеген болуы міндет. Біздің кейінгі табылған обаларымызды Алтын адам деуге келмейді. Меніңше, әр өңірден табылған Алтын адам сынды мүрделер өзі табылған орынға қайта жерленуі керек. Осы жәдігерлерді көргісі келетіндер сол орындарға барып көргені жөн.
Алтын адамның түпнұсқасы қайда?
Алтын адамды зерттеп жүрген ғалымдардың біразы оның қаңқасы жоғалып кеткенін айтады. Кейбіреулер Алтын адамның қаңқасын зерттеу жасау үшін Ресейге апарып, сол жақтан қайтарылмады деген де болжамдар жасаған болатын. Бізге белгілісі Алтын адамның өз қолымен ұстаған ғалымдар Кемал Ақышев, археолог Бекмұхамбет Нұрмұхамбетов және антрополог Оразақ Смағұлов. Соңғы екі ғалым да Алтын адамның сүйегін К.Ақышевке қайтарып бергенін айтады. Біз осы Алтын адамның түпнұсқасы туралы сұрап Астанадағы Алтын және бағалы металдар музейіне хабарласқанымызда төмендегідей жауап алдық.
Бердібек ҚАБАЙ, Алтын және бағалы металдар музейінің қызметкері:
– Алтын адамның түпнұсқасы Алтын және бағалы металдар музейінде сақталған. Бірақ біздің музейде көрермендерге негізінен түпнұсқаның алғашқы көшірмесі көрсетіледі. Ал түпнұсқа министрліктің рұқсатымен зерттеуші ғалымдарға көрсетіледі. Болашақта Қазақстанның әр өңірінен табылып жатқан Алтын адамдарға ұқсас жәдігерлердің барлығының түпнұсқасын осы музейге әкелу жоспарланып отыр.
Сонда Алтын адамның қаңқасы жоғалып кетті деп даурыққанымыз бекер ме? Әлде расында, музей қызметкерлерінің Алтын адамның түпнұсқасы деп отырғаны оның сүйегі емес тек алтын киімдері ме? Егер алтын адамның сүйегі өз елімізде болса, осы уақытқа дейін нақты ғылыми, медициналық сараптамалар неліктен жасалмай отыр?
Түйін
Қалай десек те, Алтын адам – Қазақстанның ең құнды жәдігері, елдігіміздің символы. Біздің елімізде Алтын адам табылғанға дейін әлемде тек перғауындардың зираты тұтас күйінде аршылғаны болмаса, дүниежүзілік деңгейде патшалардың қабірі толықтай табылған жағдайлар кездеспеген. Мұндай қабірлер көбіне тоналған немесе екінші бөлігі жоқ, яки нақты қай уақытқа, қашан, кім қазып алғаны белгісіз болып келеді. Мұндайлардың аса ғылыми құндылығы бола бермейді. Қырымда, Эрмитажда, басқа да мұражайларда тұрған заттардың тұтасқа жуығының құны біздің Алтын аданың құнындай бағалы емес. Ендеше осы тарихи, мәдени құндылығымыз болып табылатын алтынмен апталған адамның құпиясын ашу болашақтың еншісінде.