«Алтын домбыраның» жаңа иесі – Жандарбек
Өткен жексенбіде Астана төріндегі Конгрес Холл сарайында айтыс десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылық үшін және бір думан өтті. Осымен екінші жыл қатарынан «Алтын домбыра» үшін арынды ақындар сайысқа түсіп, асау жыр Астана төрінде асқақтай төгілді. Дәстүрге айналған жыр додасына республиканың әр өңірінен 10 ақын қатысқан болатын. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Нұр Отан» партиясының қолдауымен түндігі түрілген айтыс тартысқа толы болды. Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасының құрамына Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл төрағалық етсе, Мақсат Тәж-Мұрат, Аманжол Әлтай, Мұхаметжан Тазабеков, Қалқаман Сарин айтыскерлердің әлеуетіне баға берді. Айтыс басталмас бұрын партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Жүрсін Ерман мен Мырзатай Жолдасбековке шапан жапты.
«Жырың болып төгілемін, елім!» деген атпен ақындар додасы басталмас бұрын көрермен қауым «Алтын домбыраның» былтырғы иегері, қызылордалық Мұхтар Ниязов тағы да алатын шығар деген ойда болған еді. Алайда алғашқы жұпқа түскен астаналық Жандарбек Бұлғақов пен Мұхтар Ниязовтың сөз сайысы ең тартысты сын болғанын айтуымыз керек. Дегенмен Жандарбектің жұлып әкететін жүрісін осы тұстан-ақ байқағандаймыз. «Қара құрт қауіпті емес қара қойға» деп сөз бастаған Мұхтар ақын Жандарбекті ә дегеннен-ақ қыспаққа алған-ды. Алайда әйгілі Айтақынның баласы да аянып қалған жоқ. Уытты жырларымен Сыр бойынан келген саңлақты сойып салды. Айта кететіні, екі азулы ақынның айтар ойы, сынға алған тақырыбы маңызды болғанымен, көрерменнің Бұлғақовқа деген ілтипаты ерекше болды.
Жалпы, бұл айтыс бұрынғы айтыстардан өзгерек өрілді. Сөз қағысқан ақындардың әдеттегі айтысынан бөлек, көгілдір экранда ұяшықтар көрсетіліп, айылын жимайтын сөзуарлар тақырыпты содан таңдауы тиіс еді. Сондықтан алғашқы жұп болып сөз қағыстырған Жандарбек пен Мұхтарға ұяшық бойынша өтірік-айтыс дөп келген еді. Тақырыпқа Байқоңырды тиек еткен Жандарбектің өтірік айтыстан да Мұхтардан басымдығын айқын байқатты. Сөйтіп, айтыс қорытындысы бойынша қазылар келесі кезеңге Жандарбекті өткізді.
Екінші жұп бойынша алматылық Қанат Мырзахан мен Дидар Қамиевтің айтысы да өз деңгейінде өрбіді. «Ақыры бұйырды ғой қалған-құтқан» деп қарсыласының жыр додасына енді қосылғанын мысалға алған Дидар Астана көшелерінде қаптаған жаңажылдық шыршаларға шүйлікті. Шымкенттік Бекарыс Шойбеков пен астаналық Жақсылық Орынбасар айтысына оралмандар туралы заңды тақырыпқа арқау болды. «Асылтұқымды сиырды алып келгенше, шетелдегі бауырларымызды ұшаққа тиеп алып келсек етті» деген жолдар Бекарыстың тереңнен сөз саптайтынын тағы бір рет айғақтағандай.
Ал қызылордалық Нұрмат Мансұров пен Алматы облысының ақыны Сара Тоқтамысқызының айтысы көрерменді серпілткен сайыс болды. Халыққа еркелей отырып сөз айтатын Сара мен мағыналы жырдың мәнін ашатын Нұрматқа талап бойынша «Біз үшін не қымбат, не арзан?» деген тақырып берілген болатын. Бұл жағынан қос ақын да барын аянып қалмады. «Ағайын, сенің берген бағаң қымбат» дегені де дөп келді ме, кім білсін, әйтеуір, осы жыр сайысында қазылар бағасы бойынша Сарадан Нұрмат озды.
Жиырма жылдан бері айтыс сахнасында жүрген Балғынбек пен Айнұрдың айтысы жұрт күткен дода болды. Халық жалықпай таңға тыңдайтын айтыстың түрі де осы. Қарсыласын айыр тілді жыланға балаған Балғынбек әдеттегіше әзіл айтыстың әдемі үлгісін жасай білді. Неше алуан мақамға оңай ойысып кететін Балғынбек Шорабектің «игигайын» жұрт есіне тағы түсірді. Қорытынды бойынша ақын сызылып отырып сөз арнайтын Айнұрдан оқ бойы озық шықты. Бұл жолы Айнұр бабында болмады ма, қоғамда кеңінен етек алған ғаламторды тиек еткен Балғынбектің басымдығы айқын сезіліп тұрды.
Сөйтіп, алғашқы кезеңдегі бес жұптан келесі кезеңге Дидар Қамиев, Жандарбек Бұлғақов, Балғынбек Имашев, Нұрмат Мансұров шыққан еді. Бір ерекшелігі – төрт ақын жұп болмай, төртеуі қатар айтысып, Құлманбет айтысын қайта тірілтті. Бірінің сөзін бірі іліп әкеткен олар тақырыптан гөрі өзара әңгімені жандандырғандай. Өзара әңгіме болғанда да қоғамның бүкіл жыры төртеудің аузынан шығып жатқандай еді. Биыл ғана шаңырақ көтерген Дидардың үйленгенін айтқан Жандарбекке, Нұрматқа Балғынбек «інілерім» деп сөз бастап, ағалығын көрсетті сахнада. Әдеттегіше сахнадағы төрт ақынның қатар отырып жыр арнауы көрерменге де ерекше әсер еткенін айтуымыз керек.
Сөйтіп, алты сағатқа созылған айтыс қорытындысы бойынша қазылар ақылдаса отырып шешімдерін шығарды. Былтырғы жылғы «Алтын домбыраның» иегері Мұхтар Ниязов жүлдеден тыс қалды. Бұл жолы жаңа иегер астаналық Жандарбек Бұлғақов атанып, 3 млн теңгені қанжығасына байлады. Жүлделі бірінші орын қарағандылық ақын Дидар Қамиевқа бұйырды, оған 2 млн теңге табысталса, қызылордалық Нұрмат Мансұров екінші орында (1 млн теңге), ал үшінші орын Балғынбек Имашевқа (750 мың теңге) тиді. Айтпақшы, kazaitys.kz сайты тағайындаған Есенқұл Жақыпбеков атындағы арнайы сыйлықты сайттың бас редакторы Ұларбек Нұрғалымұлы белгілі қызылордалық ақын Мұхтар Ниязовқа табыстап, 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық берді.
Бауыржан БАЙБЕК, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
–«Нұр Отан» партиясының қабылдаған саяси доктринасында ұлттық құндылықтарға мән берілді. Біз бірліктің арқасында осындай табысқа жетіп отырмыз. Алайда біздің елімізде шешілмей жатқан мәселелер жоқ емес. Біз қашанда соларды шешуге тырысамыз. Өткен айтыста көтерілген мәселелерді біздің партияның депутаттары ескеріп, соңы шешуге барын салып жатыр. Негізінен, айтыс пен саяси партияның табиғаты бір. Ақындар әр кезде халық сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап келді. Бірлік пен бейбітшілікті жырына арқау етуіміз қажет. Соның арқасында біз одан биік жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын.
Алдан СМАЙЫЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Сахнаны ән мен жырға бөлеген айтыскерлерге көрермендер атынан алғыс білдіргім келеді. Бүгін ақындар өздерінің бабында екенін көрсете білді. Қайым айтыста да, жұмбақ, өтірік айтыстарда қиналған жоқ. Жалпы, осыншама бай мұрамыздан халықты шөліркетпеуіміз керек, айтыс жыл сайын республикалық деңгейде өткізіліп тұруы қажет. Ол халықпен бірге болуы тиіс. Айтыстың арасы ұзап кетпесін. Соның ішінде айтыстың жаңаша мазмұнда қайта оралып, жаңғырып жатқанына ризамыз. Айтыс деген – халық өнері, асыға күтетін сөз сайысы. Ендеше, әрқашан сахнада ақындар айтыссын.