«Алтын қалам» кімге бұйрады?
Өткен жылы бастау алған «Алтын қалам» әдеби жүлдесі үшін болатын шығармашылық тартыс биыл да жалғасын тауып отыр.
Тәуелсіздік кезеңіндегі ұлттық әдебиеттің терең тамыр жаюына септігін тигізетін бұл байқаудың басты мақсаты – Қазақ елінің түкпір-түкпіріндегі талантты авторларды тауып, олардың жаңа туындыларын қалың жұртшылыққа паш ету. «Алтын қалам» байқауға ұсынылған шығармалар «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың үздік прозасы», «Жылдың үздік балалар шығармасы», «Драматургия», «Жылдың үздік іскерлік және ғылыми еңбегі» сынды аталымдар бойынша қабылданады. Сонымен қатар «Қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі үшін» арнайы сыйлық тағайындалмақ. Жүлдеден үміткер қалам иелері өз шығармаларын немесе сауалдарын Ұйымдастыру комитетіне info@arzu.kz немесе kenze2002@mail.ru электрондық мекенжайына жолдай алады. Байқау барысымен www.arzu.kz деп аталатын жобаның ресми сайты арқылы танысып отыруға болады.
Кенже Жұманұлы, «Эксклюзив» журналының редакторы:
– Биыл екінші рет өткелі отырған байқаудың ерекшелігі – оған тек қазақтілді авторлар ғана емес, орыс тілінде жазатын қаламгерлер де қатыса алады. Сонымен қатар байқауда белгілі қаламгерлермен қоса, оқырмандар да дауыс беріп, атсалысатын болады. Сондықтан жеңімпаздарды анықтайтын да, негізінен, оқырманның өзі.
Өз кезегінде сайт оқырмандары әдеби жүлдеге қатысып жатқан барлық шығарманы оқып қана қоймай, өз пікірлерін де білдіре алады. Үздік туындыларды іріктегенде оқырман дауысы өте маңызды. Бәйгеге қатысатын үміткерлердің мамандығына, жасына, мекенжайына ешқандай шектеу қойылмайды. Тек Қазақстан азаматы немесе қазақ әдебиетіне қатысы болса, жеткілікті. Сондай-ақ жеңімпаз атанған шығармалар «Алтын қалам» кітабының екінші жинағына енетін болады. Байқаудың басты шарты бойынша үміткерлердің шығармалары арнайы интернет-сайтта жарияланып, онда авторы көрсетілмейтін болады. Демек, талантты тану барысында әдеттегідей авторға емес, тек белгілі бір шығармаға ғана дауыс беріледі. Ұйымдастырушылар тарапы жүлдегерлерді осы әдіс арқылы анықтау байқаудың әділ өтуіне жағдай жасамақ деп сендіруде.