Алтын құрсақ ана еді...
«Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дейтін қазақ дүниеден өткен кісі туралы айтарда естелік-әңгімесін әуелден «Жарықтық, жақсы адам еді» деп бастайды. Ізгілік пен иманның қосындысындай естілетін осы бір «жақсылық» сөзі көпті көрген аяулы жар, батыр ана, қадірлі жан Рахима Қабылхаққызының бар болмысына сай келетіндей көрінеді маған.
Бір өзі бүтін бір әулеттің берекесін кіргізіп, ағайынның ұйытқысы болып отырған Рахима кейуана осыдан бірер күн бұрын, 83 жасқа қараған шағында фәниден бақиға аттанып, жарық дүниемен қош айтысып кетті. Ұлтымыздың басына төнген небір зұлмат кезеңдердің куәсі болып, қаншама қиындықты өткеріп, құрсағынан өрген он баланы «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» тәрбиелеп, өсірген жан бейнетінің зейнетін көріп, омырауына «Алтын алқа» тағынды. Қашанда жақсылық атаулының жақтаушысы бола жүріп, айналасына адалдық пен қайсарлықтың дәнін себе жүрді.
Рахиманың әкесі Қабылхақ ақсақал 30-жылдардағы зобалаң кезінде көршілес Қытай жеріне үдере көшкен көптеген тағдырлы қандастарымыздың бірі еді. Шәкәрім қажының ұлы Зият, Абайдың інісі Әзімбай болыстың баласы Берлеш, Аяпбергендермен бірге шекара асып, Шәуешек атырабынан қоныс тапқан. Рахима сол бір қатерлі кезеңдерде, 1930 жылы 5 қаңтарда дүниеге келген. Кейіннен отбасы жақындарымен бірге атамекенге оралып, елдің тұрмыс-тіршілігіне белсене араласқан. Өмірлік жары, отағасы Шәуен Мәсәлім қайтыс болғанда да, Рәкең тағдырға мойынсұнбай, ұл-қыздарын өзі жетелеп жеткізді.
Шәуен ақсақал көзі тірісінде Құдай қосқан қосағы жайында «Толықсыған жиырма бес жасымда, талайдың ішінен таңдап жүріп, жаным қалап, Әнуар ағамның көмегімен қалыңмалын төлеп, осы Рахиманы айттырып алып едім. Ата-ананың тәрбиесі арқасында бұлаң өскен, өзі бар-жоғы он жеті-ақ жаста еді. Өмірдің ыстық-суығын бірге көрдік. Менің мінезім қаталдау болғандықтан ба, ұл-қыздарымыз бен немерелеріміз де әсіресе Рахимаға етене жақын болды. Өзінің қолы ашық, жүрегі жұмсақ адам. Мейірімділігімен бәрін өзіне баурап алатын қасиеті бар», – деп отыратын.
Шаңырағының түтінін түтетіп, ұзақ жылдар сауда саласында адал қызмет атқарған Рахима, шынында да, ауыл-аймақ пен туыстардың арасында өте сыйлы болған. Оның есімін ел-жұрт еркелетіп, Ақбас, Ақабас деп атайтын.
Бүгінде Шәуен мен Рахимадан тараған ұрпақ өркен жайып, өз алдарына бір-бір шаңырақ құрып, өсіп-өніп отыр.
«Алтын құрсақ ана» атанып, өмірін өзгелерге үлгі ете білген Рахима Қабылхаққызының жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дейміз. Бар мағынасында өмірден жақсы адам болып өткен осы бір ақ-адал, таза жанның шапағаты кейінгі ұрпағына дарысын.