«Алтын қыран» алты кітап шығарды
Өткен жұма күні Халықаралық «Алтын қыран» қайырымдылық қоры Астанада тағы бір игі істің қасынан табылды. Осы қор мен «Жансусар» жас ақын-жазушылар клубы елорданың Ұлттық кітапханасында жас қаламгерлердің баспадан жаңа шыққан кітаптарының беташар рәсімін өткізді.
Оқырманнан сүйіншілей берейік, алты бірдей автордың оқыған адамды бейжай қалдырмайтын туындылар жинағы жеке-жеке кітап болып жарық көрді. Олардың қатарында есімі елге таныс ақын қыздар: Танакөз Толқынқызының «Айтқым келеді», Асылзат Арыстанбектің «Бесінші маусым»; жас ақындар: Ерлан Жүністің «Киелі түндердің дұғасы», Мирас Асанның «Соңғы раушан»; белгілі жазушы Құлтөлеу Мұқаштың «Боз жауын»; ақын, жазушы, «Алаш айнасы» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Серік Сағынтайдың «Қарға» атты әңгімелер жинақтары бар. Мұқабасымен-ақ көз тартатын «Профи-медиа» баспасының бұл кітаптары тек сыртқы безендірілуімен ғана емес, ішкі мазмұнымен де өзінше дараланып тұратынын айту керек. Мұны осы кітаптардың беташар рәсіміне қатысқан Мырзатай Жолдасбеков пен ақын Фариза Оңғарсынова да ерекше атап өтті.
Мырзатай Жолдасбеков, жазушы, қоғам қайраткері:
– Алты автордың алты кітабын да алып, оқып шықтым. Әрқайсысының жөні бөлек екен. Бір-біріне ұқсамайды, тұп-тұнық, мөлдір, тасты жарып шыққан бұлақ сияқты. Мені сол қуантты. Асыра мақтағаным емес, өзім оқып шыққан соң шынын айтып отырмын. Төрт автордың жыр жинағы, екеуінің прозасы жарық көріпті. Шығармашылығымен бұрыннан таныс Танакөз Толқынқызы, Асылзат Арыстанбек қарындастарым, Мирас Асандар елге белгілі болып қалды ғой. Бұлар жаңа жинақтарымен қуантты. Құтты болсын айтамын. Осы ретте бұрын өзім танымаған Ерлан Жүніс деген жас ақынды ерекше атағым келеді... Өмірге менің күтіп жүрген ақыным келген екен. Өлеңдері ірі... «Бір ұлы ақиқат барлығын сеземін, Бұл ғасыр – бұл менің кезегім..» – дейді. Қазақ поэзиясынан бермесін тартып алам деп отыр ғой. Лайым, солай болсын!
Осы жерде жарнама үшін емес, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген атам қазақтың нақылымен ел сүйінер іс тындырып жүрген «Алтын қыран» қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжановтың азаматтығын атап өткенді жөн көрдік. Сондай-ақ жарғақ құлағы жастыққа тимей, жас ақындарға шын жанашыр болып, кітаптарын шығаруға атсалысып жүрген ақын Дәурен Берікқажының да қызметін азаматтық іс деп білдік.
Фариза Оңғарсынова, ақын, Қазақстанның Халық жазушысы:
– Теледидар, компьютер секілді ғылым ғасырының туындылары адамды кітап оқудан алшақтатып барады... Оның үстіне кітап шығару қиындап кетті. Ылғи жекеменшік баспалар мыңдап, миллиондап ақша берсең болды, балдыр-батпақ бірдеңелерді әдемілеп шығарып береді... Байлар байи түссем деп, байлығын бауырына басып, бастарын көтермейді... Әдебиетшілер, суретшілер далада қалды. Ал мына алты бірдей автордың кітабын жарыққа шығарған «Алтын қыран» атты қоғамдық қор ерлікпен парапар іс жасап отыр екен. Мен оның басшысы Исламбек Салжановқа және осы игі іске мұрындық болып жүрген ақын Дәурен Берікқажыға ризашылығымды білдіремін.