«Алтын жұлдызды» журналистер анықталды
Кеше Алматыда Журналистика академиясының жалпыұлттық жоғары «Алтын жұлдыз» жүлдесі иегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты рәсім жылдағыдай емес, еркін, қарапайым түрде жүргізілді. Бұрындары кең сарайдай сахна төріне шығып, қоғамның өзекті мәселелерін қозғап көзге түскен білікті журналистерді марапаттап жүрген ұлықтау шарасына бұл жолы демеушілік көрсететіндер табылмаған көрінеді.
Естеріңізге сала кетейік, «Алтын жұлдыз» жүлдесін Журналистика академиясы отандық журналистикаға елеулі үлес қосқан газеттер мен журналдар, радио және телеарна шығармашылық ұжымдарына, баспа мекемелеріне, сондай-ақ елдің журналистік корпусының көрнекті өкілдеріне береді.
Соңғы жылдары бұл жүлдені академия делегациясы елдің өзге де аймақтарында журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында табыстап жүр. Бұл жолғы салтанатты жиынды жүргізген Журналистика академиясының басшысы ең алдымен Халықаралық журналистика академиясының академигі, қазақ телевизиясының ардагері Ғаділбек Шалахметовті 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтаудан бастады. Сонымен қатар академияның 47-інші мүшесі ретінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің қазіргі деканы, филология ғылымының докторы, профессор Өмірхан Әбдимановты қатарға қосып, 60 жасқа толған туған күнімен құттықтап, Академияның дипломы мен медалі табысталды. Бүгінгі таңға дейін Журналистика академиясына мүше болған сегіз бірдей азамат өмірден өтіпті. Әрқайсысының журналистикаға сіңірген еңбегі мен кәсіби ерекшеліктерін атап өткен академия президенті Сағымбай Қозыбаев олардың мәңгі ел есінде жүруі тиіс екендігін еске салды.
Бұрын бір жылда 15-20 «Алтын жұлдыз» жүлдесі табысталатын. Биыл тек үш алтын мүсін ғана өз иелерін тапты. Оның бірі – 95 жылдық тарихы бар Өскеменнің «Рудный Алтай» облыстық газетіне бұйырса, екіншісі 400-ден аса оқулықты басып шығарған «Атамұра» корпорациясының ұжымына берілді. Ал «Еліміздің ең үздік журналисі» деп КТК арнасының тележүргізушісі Артур Платонов танылып, үшінші «Алтын жұлдызды» иеленді. Жүлдеге қол жеткізгендер өз кезегінде одан әрі ынталы түрде қызмет етіп, жүлдеге сай еңбектенуге серт берді.
Рахымғали Құл-Мұхаммед, «Атамұра» корпорациясының президенті:
– Қазақта «күш – білімде, білім – кітапта», «мұхит басы – бұлақ, білім басы – кітап» деген сөз бар. Әріптестердің біздің еңбекті ескеріп, тек бізді емес, белгілі журналистерді марапаттап жатуы қуантады. Біз өз деңгейімізде атымызға затымыз сай жұмыс істейміз деп ойлаймын.
Жиын соңында С.Қозыбаев биыл жариялаған үш жаңа кітабының тұсауын кесті. Ұлы Отан соғысы жайындағы екі тілде жазылған «Звезды в небе», ТМД құрамында болған 15 елдің журналистикасы жөніндегі «СМИ Евразии» және отандық журналистика туралы «Когда болит душа...» деген авторлық топтама таныстырылды. Бұл еңбектер автордың 35-інші, «Отандық журналистика» сериясының сегізінші кітабы болып табылады.