Американың ең үздік сыйлығы Эммиді алған жалғыз қазақ
Американың телевизия саласындағы үздік сыйлығы (Оскармен салыстыруға болады) – Эммиді Хасан Шерифли 2003 жылы жеңіп алған екен. Ең үздік деп танылған жиырмадан астам аталымда телевизия саласы бойынша берілетін бұл сайыста қандасымызға «Зерттеу және деректі фильмдер» аталымында «Discovery Chanel» телеарнасына түсірілген «Темір тордың арғы жағындағы балалар» атты деректі фильмі үшін бас жүлде табыс етілген.
«Бұл фильмді түсіру туралы ұсынысты БиБиСи-де жұмыс істейтін танысым айтқан болатын, – дейді Хасан. – Бірнеше адам жиналып түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан балалар туралы деректі фильм түсірмекші екен (Хасан Шерифлимен бірге жұмыс істегендер: Леван Адами, Суприя Аваси, Кэйт Блоует, Кларинда Кэппейдж, Джон Майер, Джед Родштейн, Дебора Шипли, Брайан Вудс – А.А). Оларға зерттеу жасайтын адам керек екен. Қолымнан келетін іс болғандықтан бас тартпадым. Көптеген елдердің түзету мекемелерінде болып, балалар өмірімен таныстық. Алты ай бойы жүргізген зерттеуімізден кейін көптеген нәтижеге қол жеткіздік. Мысалы, жазасын өтеп жатқан әртүрлі жастағы үш баланың күнделікті өмірін бақыладық. Ұйқыдан оянып, қайта ұйқыға кеткенге дейінгі бір күнін қалай өткізетінін назарымызда ұстадық. Олардың тәрбиешілерімен, аспаздарымен, мұғалімдерімен сөйлестік. Бір сөзбен айтқанда, өмірге темір тордың ар жағындағы балалардың көзімен қарауға тырыстық».
Суретте Хасан Шерифлидің Эмми сыйлығын алған кезі.
Және Хасандардың ол жұмысы сәтті шығады. Фильмді түсірген кезде Филадельфия университетінде оқып жүрген студент Хасанға бір күні жүлдеден үміткер екені жазылған марапаттау салтанатына шақырту сертификаты келеді. «Темір тордың арғы жағындағы балалар» оның алғашқы жобасы болғандықтан, өзінің жүлде алатынына сене қоймаған екен со кезде. Ұйымдастырушыларға хабарласқаннан кейін, тіпті, жүлдені жеңіп алып тұрғаны айқын болған күннің өзінде, марапаттау салтанатына бармайтыны анық болған.
«Өйткені, ол шараға қатысу үшін смокингі бар, басқасы бар кемінде 600 доллар керек екен, – дейді, Хасан, – Сол кезде мен үшін бұл үлкен сома болды. Қолымда 600 доллар болған күннің өзінде оны «түзету үйіне» жіберетін едім…» Бірақ, біраз күн өткеннен соң, марапаттау рәсіміне қатыспаған Хасанға, шараны ұйымдастырушылар жүлдені қалай алып кететінін сұрап хабарласқан екен.
«Мен үйге әкеліп беріңдер дедім», – дейді, Хасан күліп алып.
Жолда туған бала
Бәлкім, Хасанның әп дегеннен жолы болып кеткенін, оның ізденімпаздығы мен еңбекқорлығын еш кемітпей-ақ, оның өміріндегі мына бір оқиғамен байланыстыруға болатын шығар. Ол – 1971 жылы Стамбул мен Анкараның арасында дүниеге келген екен. Тура мағынасында. Анасы сәбиді автобустың ішінде босанған.
«Ол кезде қазіргідей айын-күнін санап отырмайды. Босанатын уақыты жақындағанша мән бермейді, – дейді жолда туған жолы болғыш жігіт, – анам Жәмилә бір туысының құдалығына бара жатқан екен. Жолда мені босанып қалады. Содан бері үлкендер кімнің баласы екенімді естігенде «Ә, жолда босанып алған баласы сен бе?» деп айтушы еді».
Кәмила есімді жұбайымен Нью-Йоркте тұрып жатқан Хасанның Алтай есімді ұлы, София есімді қызы бар. Әлбетте, Жәмилә анасы да қолында.
Жалпы, Шерифли әулетінің ағайынды алты баласы, бүгінде, алты жақта жұмыс істеп жүр. Экономика мамандығын меңгерген Хасан, біраз жерде менеджер болып жұмыс істеген. Қазір Нью-Йоркте жеке бизнесі бар. Одан қалса, ара-тұра фильм түсіру туралы ақыл-кеңес те беріп тұрады. Кәмила болса, бір фирманың менеджері екен, негізі. Бүгінде бала күтімімен үйде отыр.
Кәмила, негізінен Қазақстанның тумасы. Хасан өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының аяқ шенінде бір жарым жылдай Қазақстанда тұрып кеткен. Алматыда «Туркуаз» фирмасында жұмыс істеген. Жұбайымен сонда танысқан екен.
«Оқуды бітірген соң ата-анамыз атажұртын көрсін, ана тілін үйреніп келсін деп Қазақстанға жіберген еді, – дейді Хасан. – Ел жаққа барғымыз келіп жүр. Бірақ, кішкентайымызбен жолға шығуға әлі ерте болғандықтан, бұл жоспарды кейінге шегердік. Алла жазса, жазға таман барып қалуымыз мүмкін».
Түрік сериалдарының қазақтарға зияны жоқ
Америка іскерлігінің символына айналып кеткен Нью-Йоркте «кино түсіру туралы кеңес беретін» қазақтың қазақ киноиндустриясы туралы ойын біле кеткенді де жөн санадық.
«Соңғы он жылда Қазақстанның киноиндустриясы жақсы дамып келеді, – дейді Хасан. – Голливудта жатып, қазақ кинолары туралы хабардар болып отырамыз. Кейінгі кезде режиссер Тимур Бекмамбетов көзге түсіп жүр. Оның түсірген фильмдерін америкалықтар жақсы бағалайды. Тіпті, бір фильмі бір аптаның ішінде АҚШ-тың барлық кинотеатрларында көрсетілді. Рас, қазіргі кезде ол Қазақстанда тұрмайды. Алайда, оның қаны қазақ екенін естен шығармауымыз керек. Қазақстандықтар түсірген фильмдер ішінен маған ұнағаны – «Көшпенділер». Актерлардың ойнау шеберлігі, қойылымның жалпы болмысы сәтті шыққан. Бұл – біздің тарихымыз. Атажұртымыз туралы осындай киноның түсірілуі қуантады».
Бұл орайда, сериал мәселесін де қаузап, Түркияда туған қазақтың түрік сериалдарына көзқарасын да біліп көрмек болдық. Сосын, телеарналарымыздан түспейтін кәріс сериалдарын да қоса салдық.
Хасан бұларға да, барынша, байыппен жауап берді. Оның айтуынша, Түркияның да, Кореяның да халқының саны 70 млн. адамнан асып кеткен. Бұл дегеніңіз, кәдімгі нарықтың заңы – тұтынушы көп болып, сұраныс артса, ұсыныс та артады. Яғни, бұл елдерде сериалға деген сұраныс жоғары. Мысалы, түріктер теледидар көру жөнінен әлемдегі бесінші мемлекет екен. Хасанның пікірінше бұл да сериалға сұраныстың өте үлкендігінің дәлелі. Сондықтан Түркия киноиндустриясы сериалды көптеп түсіреді. Өз кезегінде түрік арналарында күніне 4-5 сериалды емін-еркін көрсетуіне мүмкіндік бар.
Осы орайда, көгілдір экрандағы төл өнімдерімізге сұраныс неге аздығын да білгіміз келіп кетті Хасан мырзадан. Тым құрыса, осы мәселеге қатысты оның ойын. Ал, оның ойы: «Қазақ сериалдарының аз түсірілуін көрермен тарапынан сұраныстың аздығы деп ойлаймын. Меніңше, қазақ пен түріктердің салт-дәстүрі ұқсас болғандықтан түрік сериалдарының қазақтарға зияны жоқ»
Нью-Йоркте де бір қазақ отбасы бар. Өзін айналасына мойындатқан Хасан Шерифлидің отбасы. Ел-жұрттан алыс жүрсе де, бұл қандастарымыздың ана тілін, әдет-ғұрпын ұмытпай жүргені көкейге біраз қуаныш сезімін ұялатады екен.