Ән-аманат

Ән-аманат

Қазақ өнерінің іргетасын қалап, ұлттық мәдениетімізді көтеруге өзіндік үлес қосқан халқымыздың жезтаңдай әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебеков аңызға айналған Қарқаралы өңірінің тумасы еді.
Жүсекең бала кезінде ағасы Жа­қып­бек­тен көп үйренді. Ол «мен ағамның қасында ән­шімін бе? – деп, өзіне сын көзбен қа­райтын. Жақыпбек жас кезінде өмірден өтті.
Танымал әншілер Қали Байжанов, Әмі­ре Қашаубаев және ақиық ақын Иса Бай­за­қовпен етене араласқан Жүсекең жас­тайынан өнерге бетбұрыс жасады.
 1920 жылдары Семейдегі «Ес-аймақ» дра­ма ұжымы спектакль қойып, артынан Әміре бастаған әншілер қауымы кө­рер­мендерге концерт қоятын.
Ән атасы Әміреден көп үйреніп, әр айт­қан әнін қағып алып, қайта өзіндей ғып ай­тып беру – Жүсекең сынды зерек адам­ның ғана қолынан келсе керек.
Осы тұста өнер жолындағы ұстазы Әміре жайлы Жүсіпбек Елебековтің ойын ортаға салсақ. Бұл ой Қазақ радиосының алтын қорынан алынды.
Әміренің аты маған бала кезімнен таныс еді
1920 жылы атақты әншіні өз көзіммен көріп, әнін тыңдадым. Содан бастап Әмі­рені ұстаз тұтып, Әміреден сабақ алдым. Әміренің дауысы өте жоғары болатын. «Әлі есімде, жеті-сегіз шақырым жүрген жыл­қышылар Әміренің дауысын естіп, жиналып келіп қолқалап отырып тағы да ән салғызатын» деп әнші ұстазын әрдайым осылайша еске алып жүретін.
Кейін Жүсекең Майра Уәлиқызынан халық композиторларының әнін, Әл­ма­ғам­беттен Абай әндерін үйреніп, өзінің ән қорын байытты, тәжірибе жинақтады.
1930 жылдары Қазақ драма театрында Жү­сіпбек Елебеков «Айман-Шолпанда» Әлібектің, «Қыз Жібекте» Төлегеннің, «Ең­лік-Кебекте» Жапалдың рөлдерін шебер ойнап, әндерін орындайтын.
Қазақ халқының ұлттық өнеріне өз қол­таң­басын қалдырған белгілі композитор Ла­тиф Хамиди:
«Мен Қазақстанға 1933 жылы кел­ген­мін. Ең алғаш танысқан әншім Жүсіпбек Елебеков еді. Жүсекең «Қанапия», «Ғалия», «Көк көбелек» әндерін ерекше сезіммен шырқайтын. Ал әнші «Қанатталды» әнін орындаған кезде әсерлілігі сонша, көзіме жас алғанмын. Кейін филармонияда бірге қызмет еттік. Менің шығарған әндерімді Жүсекең ерекше бағалап, пікір айтатын. Ол кісінің ән салудағы кейбір ырғақтарын өз шығармамда қолданып отырдым», – деген еді.
«Аса шебер ұста бар, артына қалар нұсқа бар» демекші, Жүсіпбек ән өнерін Әміреден тыңдап, бойына дарытқан әнші. Кезінде академик Ахмет Жұбанов өзінің «Өскен өркен» атты жинағында Жүсіпбек Елебековтің өнері жайлы арнайы мақала жазған. Онда: «1931 жылдың жазы. Драма ­­театр­да концерт жүріп жатыр. Сах­на­ға отыздың шамасындағы жас жігіт шықты. Аяғында тұмсығы үшкір өкшелі етік, үстінде пүліш шапан, басында құндыз бөркі бар. Орта бойлыдан биіктеу, көрікті жүзіне күлкі үйіріледі. Жүріс-тұрысында ерекшелік байқалады.
– Жүсіпбек «Сұржекей» әнін орын­дай­ды, – деп хабарлады. Ән басталды. Төменгі регистрден баяу қалқыта көтеріп алғанда, әншінің алған тынысын байқау мүмкін емес. Дауысы бірте-бірте қалықтай өрлеп, шырқау биікке көтерілді. Бірде баяулай, бірде серпіле жөнелетін бұл ән біте Жү­се­кең орнынан тұрып, кішіпейілділікпен сәл басын иіп, сахнадан шығып кетті, – деп Ахаң өз әсерін қағазға түсірген-ді.
Жүсіпбек Елебеков концерттік сапармен ел аралады. Осы бір қимас сәттердің бірін әншінің жұбайы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова былайша еске алады:
«Менің әкем әнші болатын. Құсбегі, сері адам еді. Біздің тұрған жеріміз Қар­қа­ра­лыдан 60 шақырымдай жер. Әкем алыс та болса ауданнан газет-журналдарды жаз­ғызып алып оқып отыратын. Мен бала кезімде газеттен бір актілі пьесаларды оқи­тынмын. Әкем қай жерде ән, Абайдың сөз­дері болатын болса, әншіні алғызып, ауыл балаларына ән үйретіп отыратын.
Тұзащы дейтін жер бар еді. Тұздың бойына Жүсекеңдер бай ағайындарының жылқысын тоғытуға алып келген ғой. Сол жерге келіп Әміреден үйренген «Ағаш­ая­ғын» айтады. Дәлила тәтем «мына жігіт ән айтады, соны біз үйреніп алуымыз керек» де­ген соң, әнші екі рет «Ағашаяқты» сах­нада айтқанда біз тез үйреніп алдық.
Мен Жүсекеңді 1935 жылы көргенде 16 жастағы кезім. «Ағашаяқты» сахнада айтқанда бала күнгі естігенім есіме түсті. Жүсекең екеуміз сол жолы көңіл қосып, Алматыға бірге кеттік. Содан жұбымыз жазылған жоқ».
Жүсекең филармонияда қызмет еткен кезінде сырнайға қосылып та ән шырқаған. Әсіресе Жамал Омарова екеуінің қос дауыс­пен айтқан әндерінің әсері ерекше еді. Қазақ өнерінің майталмандары 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, Жүсекең Кремль сахнасында өнер көрсетті. Сол сапар­дан соң Жүсіпбек Елебековке Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі атағы бе­рілді.
Кешегі Ұлы Отан соғысында Жүсекең де концерттік топпен майдандағы жауын­гер­лерге концерт береді. Осы сапарында Рамазан Елебаевқа жолығып, «Жас қазақ» әнін елге алып қайтады. Бұл ән кейін Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Төлеген Тоқтаров» операсындағы Төлегеннің ария­сы­на арқау болды.
Майдан даласында көрсеткен ерен еңбегі әділ бағаланып, Жүсіпбек Елебеков сол жолы Қазақстанның Халық әртісі деген атаққа ие болады.
Әншінің жібектей есіліп, бұлақтай сың­ғыр­лаған үні жайлы «қазіргі заманның Ақа­ны да, Біржаны да Жүсіпбек қой» деп Мұх­тар Әуезов өз кезінде әділ баға бер­ген.
Халқымыздың мәдениетіне қамқор бол­ған қоғам қайраткері, сол кездегі мә­де­ниет қайраткері Ілияс Омаров Жүсекең 60 жасқа толғанда өз лебізін былайша білдірген еді:
«Қазақ халқын сүйген адам сізді сүймей қоймайды. Асыл мұрамыз ән болса, сол мұраны меруерттей жарқыратып, заман­дас­тарыңыздың көңіл сезіміне құйған шоқтығы биік өнер иесісіз. Арқа әндерін нәзік сезімге сырлы мән бере орындауда аса шеберлікпен алдыңызға жан сал­май­сыз. Сонымен қатар сізде адам сүйсінерлік адамгершілік қасиет бар. Сіз өнерді де, аза­маттық қасиетті де халық рухының тереңінен тапқан тәріздісіз. Сізге ұзақ өмір, зор бақыт тілеймін!» десе, сол мерейтой үстінде Жазушылар одағының атынан жазылған мына бір шумақтарда Жүсекең жайлы былай делініпті:
Бұлақтай сұлу әнге таза тұнық,
Қалатын сыр ұққандай дала тұнып,
Сыймайтын киіз үйге кемпір мен шал,
Тыңдайтын босағада бала тұрып.
Есітіп әсем әнді тым алыстан,
Жылайтын қариялар қуаныштан.
Асқақ ән ел көгінде қалықтайтын,
Қырандай шың басынан түлеп ұшқан.
Жүрегі жаралмаған мұң-зар үшін,
Ерекше елден шыққан
                                           шын дарынсың.
Арыны алпыста да басылмаған,
Қазақтың сен бүгінгі Біржанысың.
Іздеген адам едің жыр өмірден,
Өнердің өзенінде жүзе білген.
Қабыл ал, достарыңның ақ тілегін,
Өзіңнің махаббатты жүрегіңмен, –
деген еді.
Жүсекең эстрада-цирк студиясында ар­найы мектеп ашып, шәкірт тәрбиеледі. Жү­секеңнің алдынан Мәдениет Ешекеев, Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Мұратбек  Жүнісбеков, Ғалым Мұхамедин, Амангелді Жікенов, Тұрсынғазы Рахымов, Мара Есмұханова, Санақ Әбеуов, Кел­ден­бай Өлмесеков, Мәкен Мұқышева, Райхан Тергеубаева, Клархан Жаналиева, Мыр­зах­мет Мұқаманов, Алмахан Кенжебекова, Хасен Төпеев, Әнуза Нүксінханова, Дүйсеке Дайы­ров және Кенжеғалы Тәшкенов сын­ды шәкірттер дәріс алса, солардың ең кен­же шәкірті де, іздеуші, өнерін наси­хат­таушы да менмін.
Жүсекең халық композиторларының әнімен қоса, Қазақстан компо­зи­тор­ла­рының да әндерін шебер орындайтын. Ол кісінің орындауындағы жүздеген ән үлгілері эт­но­гра­фиялық жыр жинақтарына еніп, ғы­лыми-зерттеулерге ие болды. Жүсекең ән сапарымен Қытай, Моңғолия және Үн­дістан жерінде болып, ұлттық өнерімізді насихаттады. Халқымыздың ән дәстүрін қаймағын бұзбай ұрпағына жет­кізіп, екі ғасырдың алтын көпіріне ай­нал­ған ұла­ғат­ты ұстаз, асқақ әнші Жүсіпбек Елебековтің өнері мен өмірі жайлы Хабиба апамыздың «Ән-аманат», «Үні кетпес құлақтан», «Қай­ран, Жүсекем!» атты жинақтарында баян­да­лады.
Әміреден үйренген әндерін өміріне азық етіп, шәкірттеріне үйреткен біртуар дарын иесі Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Жарылғапберді ән­де­рімен қоса, ұлы Абай әндерінің бірден-бір насихаттаушысы еді. Ұрпағына бабалар үнін жеткізген, әншілігімен қоса им­про­ви­за­торлық қабілетімен көптеген халық композиторларының әндеріне әр беріп, кәсіби деңгейге көтерген өнер жанашыры да Жүсіпбек Елебеков еді.
Халық композиторларының әндерін өз бояуымен тыңдаушысына жеткізіп, көп­ші­ліктің жүрегіне жол тапқан, әсерлі үнімен жан тебіренткен асқақ әншінің артында ше­бер орындаған 300-ден астам әні қал­ды. Бұл шығармалар Қазақ радиосының алтын қорынан берік орын алған.

Алтын Иманбаева, Жүсіпбек Елебековтің шәкірті

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста