Ән мен күйді әуелеткен – «Алтын домбыра»

Ән мен күйді әуелеткен – «Алтын домбыра»

«Базарың құтты болсын, ардақты елім, Қоянды – ту көтерген думанды елім», – деп Біржан сал жырлағандай, бұрынғының сал-сері, балуан, шебер өнерпаздары бас қосатын ордалы ошақ – Қоянды жәрмеңкесі. Бүгінгінің арқалы әншілері мен балбармақ күйшілері жиналып, арқа-жарқа болатын бірден-бір «базары» – «Алтын домбыра» дәстүрлі өнерпаздар фестивалі.
Алматыдағы орталық концерт залының көрерменге лық толуы халықтың ән-күйге шөліркеп жүргендігін аңғартты. Әрине, оған себеп те жоқ емес. «Інжу-маржан», «Күй керуен» сынды фестивальдар бір-екі рет өтіп, ары қарай жаңғырмай қалды. Жанын жеп айтатын нағыз әншілерді еліміздің айтулы мерекелеріндегі үкімет концерттерінен көріп қалсақ, қуанатын болдық. Іздеушісі жоқ жетімдей күй кеш­кен өнерді дәріптеуді адами борыш деп білген Майра Ілиясова эстрадалық концертке қарағанда, ұлттық музыка ке­шін ұйымдастырудың қиындығын жа­сыр­­мады.
Майра ІЛИЯСОВА, әнші, «Майра» продюсерлік орталығының жетекшісі:
– Әрине, концерт ұйымдастырған соң, оның қызығы да, шыжығы да болады. Қыз бала болсам да, ауыр жүкті арқалап жүрмін. Жанды дауыспен талайды тамсандырған дәстүрлі ән­шілерімізге жанашыр осындай кештер керек. Былтыр алғашқы «Алтын дом­бы­раны» өткізген кезде, Республика са­райында 3000 адамды жинауға кел­генде қиналдық. Әншілерді тың­даған сайын, делебелеріңіз қозып, сах­надан жібергілеріңіз келмей, сон­дай бір құштарлықпен тыңдап отыр­сыз­дар. Ал билет алуға келгенде кө­рер­мендерімізді таппай қаламыз. Жа­сыратыны жоқ, ректорға, әкімге ба­рып, билет алдыртып, «халықты жинаңыздар» деп қолқа салатын кездеріміз болады.
Алғашқы «Алтын домбырада» қа­зақ­тың маңдайалды күйшісі Қаршыға Ах­ме­дия­ровтың өнер көрсеткенін білеміз. Төкпе күй­дің майталманын сол кезде соңғы рет сахнадан көруіміз деп кім ойлаған?! Келмес сапарға кеткен күйшіні еске алып, рухына ерекше құрмет көрсетілді. «Әдемі-ай» компаниясының президенті Баһаргүл Төлегенқызы демеушілік жасап, Қаршыға ағамыздың жары Нұрила апаға арнайы сыйлығын да алып келген екен.
Қазақтың арқалы әні десе арқа­ла­нып кететін тыңдаушы Қатимолла Бер­ді­ғалиев, Эльмира Жаңабергенова, Сәу­­ле Жанпейісова, Ерлан Рысқали, Мақ­­пал Жүнісова, Майра сынды сүйікті орындаушыларын екінші әнін айтқызбай жібермеді. «Арындап ән сала ма дары­ма­ған» деп Әсет атамыз тап басып айт­қандай, әншілік өнері Алладан берілген ерекше дарын иелері ән нөсерін төгіп, құйқылжыта салғанда, өре түрегелмеген адам қалмады. Заманында талайды тағылымды жырларымен «аһ» ұрғызған Набат Ойнаровадай жыршы апамыз да бұрынғының жырауларындай «Алтын домбыраға» арнайы термесін тарту етті.
Қара қазан, сары бала қамын жеп, дәйім көмекке зәру жерден табылатын дәуіріміздің атымтай жомарты Нұртай Сабильянов дәстүрлі ән-күйге де жанашыр екендігін көрсетті. Құдай қазақтың осындай «үлкен жүректі» ұлдарын тіл-көзден сақтасын.
Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Қазақ өнерін, дәстүрлі музыка­мызды әрқашан қолдауымыз қажет. Қазақ өзінің өнерін, мәдениетін, тілін, тарихын ұмытпауы керек. Елімізді, елдігімізді көрсететін – осы өнеріміз. Қазақтың даму деңгейін ұлттық музы­каға қарап байқауға болады. Дәстүрлі музыканы тыңдау – мен үшін керемет ғанибет. Әр қазақтың жүрегінде дәстүрлі ән-күйге деген сүйіспеншілік бо­лу керек деп білемін.
Арнайы шақыртумен еліміздің әр ай­ма­ғынан келген Қатимолла Бердіғалиев, Са­ғадат Рахметжан, Бисара Мәкенова, Арай­лым Рақымқызы, Сәуле Таудаевалар мұндай кештерге зәру. Айына-жылына бір бас қосатын мұндай думанды кештер құдды бір Қоянды жәрмеңкесіндей...
Мұрат ӘБУҒАЗЫ, күйші:
– Ән-күйге байланысты кештер бұрындары көп өткізілетін еді, соңғы уақытта сиреп бара жатыр. Осындай кештерді халық сағынып, аңсап оты­рады. Халықтың бүгінгі қошеметінен өнерге сусап қалғандығын байқадым. Қазақтың «сен тұр, мен атайын» деген бірегей өнерпаздары қатысқан тамаша кеш болды.
Қатимолла БЕРДІҒАЛИЕВ, әнші:
– «Алтын домбыра» – бас қосып, ше­рімізді тарқататын, халықпен кез­десетін жеріміз. Ұлттық өнерге мем­лекет тарапынан көңіл бөлу төмендеп ба­ра жатыр. Не болса соған еліктейміз. Қа­зір үлкен концерттерде шеру деген пайда болды. Режиссерлік шешіммен дәстүрлі әншілерді төрт-бесеуден қо­сарлап, бір-бір шумақтан ғана айт­қы­зу – өнерге обал, қиянат. Сол кон­церт­ке ең болмаса бір-екі әншіні жі­бер­се. Әншінің бір әнді толық айта ал­мауы алдына ас қойып, бір қасық іш­кеннен кейін тартып алып кеткенмен тең. Ұлттық өнерге осындай қиянат жа­самаса екен».

Түйін
Алланың нұры жауған талапты, талантты тұлғалардың киелі домбыраны тастамай, өнердің кері ағысына көнбей, ұлт мұрасын саф қалпында сақтап жүргенін ерлік дерсің. Қалтаның қалыңдығын емес, өнердің қамын жеп жүрген өнер иелеріне қай жағынан қолдау көрсетсе де, артықтық етпейді. Заманауи өңдеумен шыққан әнге әуес қауым, нағыз қазақы ән-күйіміз естілсе, есер әнді қойып, есті әнге мойын бұрғанын көзіміз көрді. Дәстүрлі ән-күйге арналған кеште таза домбырамен шығушыларды «тыңдалмай қалады-ау» деген ойым «Алтын домбыра» ән-күй фестивалінен кейін сейілді. Әлбетте, шын талант шынайы өнерімен баурап алса. Ұлттық музыканың шыңдалған тұсы ХІХ ғасырды тарихта «Алтын ғасыр» деп айдарласақ, «Алтын домбыра» да бұл дәуірдің жарық жұлдызы болып, өнерпаз бен тыңдарманның алғысын алар деген сенімдеміз...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста