Ән падишасы – Күләш
«Гәкку-гәкку, гәкку-га-га, гәкку-га, гәкку-га»... Осы бір әуен шырқалғанда кәрі мен жастың құлағына Күләштің әсем даусы естілгендей болады. Бүгінде көмейіне бұл-бұл ұялаған Күләштің көзін көргендердің қарасы сиресе де, ән падишасының дауысы әрбір қазақтың жүрегінде жазылып қалғандай. Қазақ классикалық операсының тұңғыш туындысы «Қыз Жібек» арқылы Күләш қазақ халқын дүниежүзіне танытса, Жібек ариясы қаршадай қазақ қызын шығармашылықтың шыңына көтерді. Е.Брусиловский қазақтың бірінші операсы «Қыз Жібекті» Күләшқа арнап жазған еді. Күләштің орындауында Жібектің гәккулеткен жоқтауын тыңдаған жұрттың көзі еріксіз жасқа толатын. Бар болғаны 45 жас ғұмырында өнердің өріне көтеріле білген Күләш Байсейітованың биыл – 100 жылдығы. Осы айтулы мерейтойға орай, таяуда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Күләш Байсейітованы еске алуға арналған салтанатты кеш өтті.
Көптеген энциклопедиялық анықтамаларда Күләш Байсейітованың туған күні 1912 жылдың 2 мамыры деп жазылады. Әсілінде, әнші 1912 жылдың 12 қаңтарында дүниеге келген екен. Күләш апа жыл мезгілдерінің ішінде көктемді ерекше жақсы көргендіктен болар, туған күнін мамыр айына өзгертіп алған деседі. Қазақ бұлбұлының туған жері туралы да деректер әртүрлі. К.Байсейітова өзінің өмірбаянында туған жерін Алматы деп көрсетсе, кей деректерде әнші Қарағанды облысының Ақтоғай деген жерінде дүниеге келген деп жазылады. Қалай десек те, қазақтың қай топырағында туса да, бір анығы – Күләш қазақ халқының аяулы перзенті. Күләш жайлы естеліктерде оның анасының есімі Зибажан, әкесінің аты Жасым екені айтылған. Етікшілікті кәсіп еткен Жасымның отбасы қалт-құлт тіршілік кешеді. Содан да болар, Күләш жоқшылықтың тауқыметін ерте тартып, балалар үйінде тәрбиеленді. Әнші мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өнерге деген құштарлығымен ерекшеленіп, драма үйірмесіне қатысты. 1929 жылы қазақ драма театры Қызылордадан Алматыға көшіп келгенде Күләш Байсейітова осы өнер ордасына баруды мақсат етеді. Өзінің бір естелігінде әнші: «Театрға барғым келіп еді кейбір қатарластарым мені байдың тұқымы, комсомол қатарынан шығару керек деп қауесет таратыпты. Ештеңеге қарамастан, мен өз дегеніме жеттім. Бірақ 1933 жылдан бастап қана басты рөлдерде ойнай бастадым», – деп жазады. Міне, қазақ қыз-келіншектерінің арасынан шыққан алғашқы опера әншісінің өнер жолы осылай басталған еді.
1934 жылы Алматыда опера театры құрылды. Күләш Байсейітова осы театрда қызмет етті. 1936 жылы Мәскеуде қазақ өнерінің бірінші онкүндігі өткізілді. Осы онкүндікте «Қыз Жібектегі» Жібек ариясын орындаған Күләштің лирикалық-колоратурлы сапрано дауысын тыңдаған Сталин оны «қазақ бұлбұлы» деп атады. Ал Күләштің сұлулығы мен ғажап дауысына теңеу таба алмаған Мәскеудің өнерсүйер қауымы оған «Чудо» деп таңғалысты. Сөйтіп, сахнаға шыққаннан-ақ тек қазақтың ғана емес, бүкіл Одақтың жарық жұлдызына айналған Күләш небәрі 24 жасында КСРО халық әртісі және Сталиндік сыйлықтың иегері атанды. Талантына тәнті болған халқы Күләшін төбесіне көтерді. Жоғары шенділердің есігі ол кісі үшін қашан да ашық болатын. Әдетте таңдаулылар тыңдайтын операны Күләш академикке де, қойшыға да түсінікті етіп жеткізе білді. Ол тек өз партиясын орындап қана қоймай, кейіпкерінің күйзелісін, қуанышын өзінікіндей қабылдап, сахнада шын көз жасын төгетін. Күләшті тыңдауға жан-жақтан арып-ашып жететін көрермен сүйікті әншілерінің әр орындауынан кейін толассыз шапалақ соғатын. Алайда әнші өзінің бір естеліктерінде әр спектакль оның ғұмырын бір жасқа азайтатынын айтқан екен. Бірде «Біржан Сара» операсы басталар алдында Күләштің денсаулығы сыр береді. Жедел-жәрдем шақыртылып, оған екпе салынады.Бірақ көрерменін құдайындай сыйлайтын Күләш бар күш-қуатын жинап, сахнаға шығады. Концерт біткенше дәрігер сахна сыртында тұрады. Әншінің сахнадағы жұлдызы ерте жарқырағанымен, ғұмыры өте қысқа болды. Күләш Байсейітова 1957 жылдың жазында көз жұмды.
Салтанатты кештің шымылдығын ашқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов аты аңызға айналған атақты әншіміз Күләш Байсейітованың 100 жылдығына арналған мәдени-қоғамдық шараның маңызы да мәртебесі де жоғары екенін тілге тиек етті. «Күләш апамыздың осы Алматы қаласында шығармашылық шыңдарға шыққанын мақтаныш етеміз. Халықтың шексіз махаббатына бөленген Күләш көпқырлы дарын иесі еді. Мәскеу, Париж сахналарында ән салған оның есімі өнерге ынтық жандардың жүректерінен өшпек емес. Алматыда жыл сайын К.Байсейітова атындағы вокалистердің республикалық байқауы өткізіліп тұрады. Орталық мемлекеттік мұражайда әншінің саусағы тиген қасиетті домбыра сақтаулы. Астана қаласындағы опера театрына, Алматының бір көшесіне және дарынды балаларға арналған мектепке Күләш Байсейітованың есімі берілген. Алматы қаласында Алматы қаласы әкімінің қолдауымен әншінің әсем ескерткіші бой көтерді», – деді С.Сейдуманов.
Сондай-ақ кеш барысында сөз алған Мәдениет және ақпарат министрлігінің вице-министрі Асқар Бөрібаев Күләш апамыздың өнерін насихаттау мақсатында біршама жұмыстар атқарылып жатқандығын айтты. Министрлік өкілінің айтуынша, биыл әйгілі әншінің 100 жылдық мерейтойы шеңберінде Астана қаласындағы К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрын жаңа ғимаратқа көшіру жоспарланып отыр. Бұл – еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиға.
Нұрғали НҮСІПЖАНОВ, Қазақстан Республикасының халық әртісі:
– Бұл мерейтой – тек Күләш апамыздың ғана мәртебесі емес, бүкіл қазақ халқының мәртебесі. Қазақтың кім екенін ешкім білмеген кезде өнерімен талайды есінен тандырған хас талант иесіне қандай құрмет көрсетсек те артықтық етпейді. Өкінішке қарай, мен апайды тірідей көре алмадым. 1957 жылы Алматыға келіп оқуға түскен кезімде ол кісі дүниеден озды. Бірақ Күләш апаның жары Қанабек көкеммен көп араластым. Ол кісімен жерлеспіз. Консерваторияны бітіргеннен кейін екі жылдай опера және балет театрында қызмет істедім. Күләш апайдың басқан ізімен жүру, ол кісі ән шырқаған сахнаға шығудың өзі біз үшін арман еді. Бұлбұл көмей әншінің өнеріне, еңбегіне тәнті болған, талантына ғашық болған адамдар ол кісі жайлы тамсана еске алады. Осындай баға жетпес асыл адамды тудырған қазақ халқына, Алаш еліне алғысымыз шексіз. Еліміз аман болса, талай талант туады деп сенемін. Бұлтты жарып шыққан күндей әсер қалдырған Күләш Байсейітова қазақ өнерінің перизаты. Өз басым өнердің ешқайсысын бөліп қарамаймын, Өйткені өнердің қай түрі болсын – құдірет. Кезінде қазақ операларын Е.Брусиловский өз жанынан шығарған жоқ. Бұл қазақ халқының жауһарлары болатын. Ләйім, қазақ жұртына Алла өмірде де, өнерде де шапағатын шаша берсін дегім келеді.
Сәбит ОРАЗБАЕВ, Қазақстанның Халық әртісі:
Күләш апамыз ғұмыры келте болса да, соңынан өшпес із қалдырды. Ол кісінің заманында Станиславкий, Нежданова секілді орыстың құдайдай табынатын жұлдыздарымен қатар, КСРО халық әртісі деген атақты алу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ еді. Алғаш драма театры құрылғанда Күләш апа Серағаң, Қаллеки, Құрманбек ақсақалдармен бірге қазақ театрының іргесін қаласты. Әлі есімде біздің студент кезімізде Асқар Тоқпанов: «Күләштің Ақжүнісіндей бейне жасау әлі ешкімнің қолынан келген жоқ, ондай жан енді туар ма екен» деуші еді. Расында да, Күләш Байсейітова үлбіреп тұрған әсем, сұлу кісі еді. Ол кісі дүниеден озғанда опера және балет театрының алдына жиналған халық көшеге сыймай кетті. Алма тастайтын жер болмады. Еңіреп Күләшін жоқтап жүрген елде есеп болған жоқ. Бүгін міне, апамыздың 100 жылдығында ол кісінің ізін жалғастырып келе жатқан сіңлілерін көріп, тыңдадық. Кезінде Күләш апа орындаған әндерді тыңдап, менің жастық шағым есіме түсіп, ерекше тебірендім. Мұндай халыққа рухани азық боларлық шараларды жиі ұйымдастыру керек. Жалпы, біздің қазақ халқы өзіміздің тұлғаларымызды еске алу, жиі-жиі халыққа насихаттауда кемшін түсіп жатамыз. Күлді-көмеш бірдеңе қып айту бөлек, іс жүзіне асыру бөлек.
Күләш – өнер кеңістігіндегі ұлы құбылыс. Күләш өмірге құстай ұшып келіп, құстай ұшып кеткен адам. Оның өмірі, өнері – тарих, аңыз, құпия, тылсым. Күләш Байсейітованың репертуарынан орын алған рухани құндылықтарымызға үлес болып қосылған талай туындылар салтанатты кеште Нұржамал Үсенбаева, Гүлзат Дәуірбаева, Балапан Жұбаева, Дина Хамзина, Жәмилә Баспақова, Зарина Алтынбаева сынды бүгінгі өнер иелерінің орындауында паш етілді.